Бәсіре - мал емес, аманат. Қалжа - той емес, жанашырлық

Бәсіре - мал емес, аманат. Қалжа - той емес, жанашырлық Сурет: автор

Ұмыт бола бастаған ұлт құндылықтары: дәстүрдің түп мәнін түсінеміз бе?

Қазіргі заманда тұрмыс-тіршілігіміз түбегейлі өзгеріп, ата-баба ұстанған жөн-жоралғылар өмірімізден алыстап бара жатқандай. Кезінде қазақы болмыстың өзегіне айналған кейбір салт-дәстүрлер қолданыстан шығып, ұрпақ санасынан көмескілене бастады. Мұндайда халқымыздың бай мұрасын жаңғырту, ұмыт қалған әдет-ғұрыптардың түпкі мағынасына үңілу — рухани жаңғырудың бір бағыты болмақ.

Интернет желісінде қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрлері жайлы түрлі ақпараттар тарағанымен, олардың барлығы бірдей ғылыми негізделе бермейді. Осы орайда, ұлт мәдениетін зерттеп жүрген этнографтармен сұхбаттасып, кейбір ұмыт бола бастаған, мәні бұрмаланған салт-дәстүрлерге тоқталуды жөн көрдік.

 

Тоқымқағар – жолға шыққан жанға тілек

Қазақта бала алғаш рет алыс жолға шыққанда, оған тоқымқағар жасайтын болған. Бұл той емес, жай ғана салт. Бір сөзбен айтқанда, балаға деген тілек.

«Бала алғаш рет ашамайға мініп, өз бетімен жеке атқа мініп, көрші ауылға немесе нағашыларына, жақын бір туыстарына барса, бұны ең алғашқы сапары деп оның анасы, анасының абысындары тоқымқағар жасаған. Яғни баланың осындай алғашқы қадамын сол жердегі туыс-туғандар, негізінен, әйелдер шағын ортада атап өтеді.  Осыны тоқымқағар деп атайды», - дейді этнограф Марат Тоқашбаев.

Бұл — үлкендердің батасын алып, ақ тілекпен жолға шығу дәстүрі. Бұл дәстүрдің терең мәні — жас баланың сапары сәтті болсын, тоқымы жерде қалмасын, ат-көлігі аман келсін деген тілектен туған.

Ал бүгінгі күні баланың өз бетінше жолға шығуы сирек жағдай. Көбінесе ата-аналарымен бірге көлікпен, автобуспен жүреді. Баратын жерлеріне барып жатады.  Қазір де балалар алыста тұратын нағашыларына немесе ұзақ уақыт көрмеген туыстарына барып, көрсетіп жатса, соған арнап кішігірім шай береді ағайын-туысқа арнап. Той емес бұл. Жай ғана отбасылық қуаныш. 

 

Бәсіре – баланың өз малы

Қазақтың көп салты баламен, дүниеге ұл келуімен байланысты. Бүгінде ұмыт бола бастаған сондай салт-дәстүрдің бірі – бәсіре.

Бәсіре деген дүниеге келген ұл балаға оның өзінің жақын туыстары, әкесінің ағасы не інісі, жақындары немесе нағашылары қыдырып келген кезінде бір тоқтыны немесе бір бұзауды, тайды, көп жағдайда тайды бәсіреге байлайды.

Сурет: bilim-all.kz

Этнограф Марат Тоқашбаевтың айтуынша, «Бәсіреге берілген малды сатпайды, соймайды, айырбастамайды. Ол малдың иелігі түгелдей баланың еншісінде. Оны бала не істейтінін өзі шешеді».  Яғни, ол  - аманат.

Ғаламтор желісінде бәсіре баланы сүндеттегенде аталатын мал деген сыңайдағы ақпарат көп екен. Сондықтан бұл сауалды да этнографтан нақтылауды жөн көрдік.

«Осындай шатасулар көп. Бәсіре сүндеттеген кезде берілмейді. Әдетте кішкентай ұл балаларды 4-5 жасында, ары кетсе 6-7 жасында сүндеттейді. Ал бәсіре кез келген жаста байланатын мал. Бәсіреге көбінше тай байланады. Оның мәні берілген тайымен ертең бала өсіп, елін-жерін қорғау жолында азамат болсын деген ойдан туындаған», - дейді Марат Тоқашбай.

 

Қалжа – ана мен баланың сыбағасы

Қалжа — қазақ халқының жас босанған әйелге  арнап мал сойып, етін, сорпасын ішкізетін салты. Бұл — әйелдің сауығуына, сүтінің мол болуына, баланың денсаулығына тікелей әсер етеді. Қалжа жегізіп, сорпа ішкізу дәстүрі қанша заман өтсе, халқымызға жақсы таныс.

Зейнеп Ахметова апамыз қалжа туралы:

«Кедейдің кедейі де әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған шамасы келмегендерге ауқатты адамдар қалжа әкеп берген. Бұл – тек салт емес, үлкен сауапты іс», – деп жазады.

Қалжа деген ол жас босанған әйелдің белі, сүйегі бекісін деп босанған бойда арнайылап өзінің келген жері, көп жағдайда төркіні арнайы мал алып келеді. Қой етінен баланың анасына арнап шетінен асып, күнде сорпалап беріп отырады. Қалжа жеген әйел шамамен 6-7 күнде аяғынан тұрып, үй шаруасына жайлап араласа бастайды. Ал қалжасы дұрыс болмаса, ол әйелдің сауығуы, буындарының бекуі, оның бәрінің қатаюы ұзаққа созылып кетеді. Сондықтан халқымыз қалжа дегенге өте қатаң қарайды және жас босанған әйелген ешқандай ауыр жұмыстарды істетпейді.

Cурет: tatlerasia.kz

Қалжа халқымызға сіңіскен салт болса да, кей өңірлерде біраз өзгеріске ұшыраған сыңайлы. Тіпті қалжа-той деген ұғым бар көрінеді. Елдің солтүстігінде бала бір жасқа келгенде той жасап, оны бүгінде қалжа-той деп атап жүр. Бұның дұрыс-бұрысын да этнографтан анықтап-білдік.

«Қалжа той деген жоқ. Ол қате түсінік. Өзі жас босанып жатқан әйелге топырлап адам келіп,оның бәрін күту керек, қабағына қарау керек дегендей. Жас босанып жатқан әйелген қалжа той жасау әбестік, білместік. Әйел босанып жатқанда оның бүкіл туған-туысқандары күйеуі  жағынан болсын, төркіні жағынан болсын қолдарынан келгенше оның жағдайын жасап,  жеңілдету керек. Соның тезірек орнынан тұрып кетуіне көмектесетіндей әрекеттер жасауға міндетті. Ағайын-туыстық деген міне осындайдан көрінеді», - дейді Марат Тоқашбай.

Қазақтың кез келген әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бүгінгі заманға байланысты өзіндік дәстүрлік трансформациядан өтеді, яғни өзгеріске ұшырайды.

Оның қарапайым мысалдары: тілашар мен тұсаукесер. О баста жай ғана ырымнан басталған осы күні той етіп тойлайтындай деңгейге жеткен.

Марат Тоқашбаев тілашарға мынандай анықтама береді:

«Қазақтар 6-7 жасқа дейін сөйлей алмай, тұтыға беретін, «р»-ды айта алмайтын, кекештенетін балалардың тілі тез шығып кетсін деп, жаңағы баланың тілін шүберекпен ұстап, үш рет ақырын-ақырын тартып, дұға оқып, жақсы сөйлеп кетсін деген ырым жасаған. Бұны тілашар дейді».

Ал сол дәстүріміз біздің бүгінгі таңда мектеп табалдырығын аттағалы отырған баланың бәріне жасалатын болып кетті.

«Енді тілашар той беретіндерге бұл кемшілігі бар, сөйлей алмайтын балаларға жасалатын деп айтайын десең, ол елдің қуанышы болғаннан кейін, дәстүрдің трансформациясы ретінде қараймыз да қоямыз», - дейді Марат Тоқашбаев.

Салт-дәстүрдің шығу тарихын зерттеп жүрген этнографтың айтуынша, тұсаукесердің түп-тамыры да ырымнан шыққан екен

«Физиологиялық дамуындағы кемшіліктері бар балаларға жасалатын бұрын тұсаукесер. Сөйлеп кеткен балаға тілашар жасамайды, жүгіріп кеткен балаға кішкентайынан тұсаукесер жасамайды. 7-8 жасқа келгенше жүре алмайтын, қиралаңдап, бұрын балалар көп рахитпен ауыратын бастары қазандай болып, өз денесін өзі көтере алмай, құлап қала беретін, аяқтары да әлсіз сондай балаларға тұсаукесер жасаған. Тезірек жүгіріп кетсін деген ырыммен. Ал әсілінде дені сау, 2 жасқа дейін жүгіріп кеткен балаларға тұсаукесер жасалмаған», - деді ол.

Сурет: Abai.kz

Марат ағаның айтуынша, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер деген ұлтымыздың жаны шын мәнінде. Егер де ұлттық дәстүрлеріміздің бәрін алып тастасақ, өзгелерден ешқандай айырмашылығымыз болмас еді. Қазақты қазақ етіп ерекшелеп тұрған оның тілі, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі.

«Қазіргі мынау жаһандану дәуірі бүкіләлемдік жағдай белгілі бір стандарттарға негізделіп жатыр. Бүкіл әлемдегі барлық елдердің қолында қазір телефон. Бәріміз сол бір стандартта, цифрлық әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ соған қарамай, біз қазақ халқы өзіміздің ұлттық дәстүрлерімізді сақтап отырмыз. Дегенмен оның астары неде, мәні қайда екенін біліп, ізденіп жүрген жөн», - деп түйіндеді М.Тоқашбаев.

Қазақта көп әдет-ғұрыптар екі дүниенің төңірегіне шоғырланған. Бірі – адамның дүниеге келуінен бастап, той-томалағының төңірегінде. Екіншісі – өлім-жітімнің төңірегінде. Әлмисақтан мұсылман болғаннан кейін, мұсылмандық талаптармен бірге қазақтың әдет-ғұрыптары біріне-бірі жымдай жанасып, қабысып кеткен. Солардың бәрін орындап отырса құба-құп.

Марат Тоқашбаев айтқандай, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр — қазақ халқының жан-дүниесінің айнасы. Егер ұлттық құндылықтарымыздан қол үзсек, бізді өзге ұлттардан айырып тұратын ерекшелігіміз қалмайды. Қазақты даралап тұрған — ана тілі, рухани дүниесі мен ғасырлар сүзгісінен өткен салт-дәстүрі.

Бүгінгі жаһандану заманында бүкіл әлем цифрлық жүйеге бет бұрғанымен, әр халықтың өзіндік болмысын сақтауы маңызды. Біз де осы үдерістен шет қалмай, заманға бейімделе отырып, өзіміздің дәстүрімізді ұмытпай, оның түп мағынасын түсініп, ұрпаққа дұрыс жеткізуге тиіспіз.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:47

18:14

17:57

17:42

17:35

17:28

17:02

16:36

16:31

16:28

16:16

15:57

15:41

15:08

15:03

14:36

14:20

13:58

13:04

12:40

12:06

12:02

12:00

11:58

11:48