"Жігіттер жыламайды" деген қағида неге қате?

  • 11:58, 19 маусым 2025
"Жігіттер жыламайды" деген қағида неге қате? сурет: ЖИ

Маусым – ерлердің психологиялық денсаулығына назар аударатын ерекше ай. Бұл бастама алғаш 1994 жылы АҚШ-та көтеріліп, кейін басқа елдерге де тарады. Мақсаты - ер азаматтардың ішкі күйін, психологиялық күйзелісін ашық айтуға мүмкіндік беру, қоғамда бұл мәселені көрінбей қалған шеткі тақырып ретінде қалдырмау. Аqshamnews.kz тілшісі қазақстандық ер-азаматтардың психологиялық күйін назардан тыс қалдырмай, осы тақырып төңірегінде психологпен тілдесті.

Ұлмекен Сәндібекқызы

психолог, гештальт-терапевт

Ерлер психологиясына арналған ай қайдан шыққан?

Ерлердің психологиялық денсаулығына арнайылап көңіл бөлу статистикалық тұрғыдан антирейтинг көрсетуден басталған. Психологтың сөзінше, мұның негізгі себебі - суицид мәселесі. 

"Ер адамдардың әйелдерге қарағанда өз-өзіне 3-4 есе жиі қол жұмсауы, тәуелділікке бейімділігі, агрессия мен оқшаулануға жақын болуы – бұл тақырыпқа ашық қарап, қоғамның назарын аударуды талап етеді. Маусым айының символы ретінде аспан түстес көк түс таңдалған. Бұл – ер адамның осал тұсын мойындауы мен қолдаудың белгісі", – дейді психолог.

Ерлер неге эмоцияны жиі жасырып қалады?

Қоғамда ер адамға қатысты талап пен стереотип өте көп. "Еркек деген жыламайды", "көз жасыңды көрсетпе", "сабырлы бол" деген ұстанымдар балалық шақтан санаға сіңіріледі. Психолог Ұлмекен Сәндібекқызы мұндай шектеулер баланың психологиялық дамуына кері әсер ететінін айтады.

"Екі жасар баласына “жылама, сен еркексің” деп жатқандарды жиі көреміз. Әкесі әрине баласының "ез емес, ер болуын" қалайды. Бірақ осының бәрі баланың ішкі күйімен санаспауға әкеледі. Нәтижесінде ол өскенде өз эмоциясын сезе алмайтын, білдіре алмайтын адамға айналады", – дейді маман.

Эмоцияның сыртқа шықпауы ашу-ыза, реніштің жиналуына, ішкі қынжылудың бәрі сырқатқа айналуына себеп болады. Бұл – денсаулық пен психиканың бұзылуына апаратын алғашқы қадам.

"Әке болу – үлкен психологиялық жауапкершілік"

Ер адамның психологиясы отбасы құрғанда да үлкен сынақтан өтеді. Әсіресе әке атану - кез келген ер азамат үшін ішкі трансформация кезеңі. Психологтың айтуынша, кей ер адамдар жасына қарамастан өзін әке емес, бала ретінде сезінуі мүмкін. Бұл оның психологиялық жетілмегенін білдіреді.

"Нағыз әке болу үшін ер адам алдымен тұлға ретінде қалыптасуы қажет. Жетілген, жауапкершілік алуға қабілетті, тұрақты ер азамат қана әкелік рөлді дұрыс атқара алады", – дейді Ұлмекен Сәндібекқызы.

Жаңа рөл, үлкен жауапкершілік, алғашқы сәттердегі қорқыныш – мұның бәрі ер адамның психологиялық ішкі тепе-теңдігін шайқалтып жібереді. Сондықтан бұл кезеңде ер адамдарға қолдау мен түсіністік ауадай қажет.

Суицидке баратындардың көбі – ер адамдар. Неге?

Статистика бойынша, суицидке баратындардың көбі – ер адамдар. Бұл олардың эмоциясын ішке жасырып, ешкіммен бөлісе алмауының салдары. Ұлмекен Сәндібекқызы бұл жағдайды "үнсіздік пен оқшауланудың трагедиясы" деп сипаттайды.

"Эмоциясын бөлісе алмайтын ер адам өзін жалғыз сезінеді. Түсініспеушілік, мәнсіздік сезімі күшейеді. Қолдау таппаған адам тығырыққа тіреліп, өмірден баз кешуге бейім болады", – дейді психолог.

Алайда маман кейінгі жылдары қазақстандық ер-азаматтар өздерінің психологиялық күйіне мән бере бастағанын айтты. Оның сөзінше, кейінгі үш жылда ер адамдардың психотерапияға жүгінуі жиілеген. Бірі – өз қалауымен, бірі – жарымен бірге келіп, сау қарым-қатынас орнатуға ұмтылады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:28

16:16

15:57

15:41

15:08

15:03

14:36

14:20

13:58

13:33

13:04

12:40

12:06

12:02

12:00

11:58

11:48

11:41

11:38

10:52

10:29

10:17

10:12

09:06

18:14