Мейіржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ: Жасанды интеллект мүмкіндікті де,  тәуекелді де қатар алып келеді

Мейіржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ: Жасанды интеллект мүмкіндікті де,  тәуекелді де қатар алып келеді almaty-akshamy.kz

Жақында Алматыда «Жасанды интел­лект әліппесі» атты жаңа кітаптың тұ­сауы кесілген болатын. Көпшілік оқырманның резонансын тудырған бұл еңбектің авторы басылымымызға бөтен емес. ІТ саласының са­рапшысы, журналист Мейіржан Әуелханұлы бұған дейін де «Алматы ақшамы» газетінде ЖИ тақырыбы бойынша оқырман сұранысын қанағаттандырып келген. Кітаптың тұсауке­серінен кейін авторды кеңірек әңгімеге тартып, оқырманға ой бөлісуге шақырған едік.

 

«Қазақ тілі технология тіліне айналса...»

– Мейіржан, алдымен еңбегіңіздің жарыққа шығуымен құттықтаймыз! Осы орайда мынадай сұрақ туындайтыны заңды. Бұл еңбекті жазуға не түрткі болды? Елімізде алғашқы қадамды өзіңіз бастыңыз. Қорқыныш болмады ма?

– Рахмет, жылы лебізіңізге алғысым шексіз! Бұл кі­тапты жазуға ең басты түрткі болған дүние – жасанды интеллекттің бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да қарқынды дамуы, бірақ осы саладағы қазақ тілін­дегі ақпараттың тапшылығы еді. Әсіресе, жастарымыз, студенттеріміз, зерттеушілеріміз үшін бұл технология­ларды өз ана тілімізде меңгеруге мүмкіндік жасауға тырыстым. Себебі, ақпарат қолжетімді болмайынша, біз осы саланың тұтынушысы ғана болып қала береміз. Қазақ тілі технология тіліне айналсын деген үлкен мақ­сатым болды.

Ал қорқыныш туралы айтсақ, әрине, алғашқы қа­дамды жасаудың жауапкершілігі жоғары. Бірақ еліміз­ге, жастарға деген сенімім ол қорқынышты жеңуге көмектесті. «Біреу бастамаса, кім бастайды?» деген сұрақ мені осы іске шабыттандырды. Сондықтан бұл қадамға қорқынышпен емес, үлкен сеніммен бардым. Әрі қарай бұл бастаманың кең қанат жаятынына күмәнім жоқ.

– Еңбекті жазу барысында қандай қиындық­тарға тап болдыңыз?

– Кітапты жазу барысында бірқатар қиындықтар кездесті. Соның ішіндегі ең негізгісі – жасанды интел­лект саласындағы терминдердің қазақша баламала­рын жасау болды. Көптеген ұғымдар мен терминдер әлі қазақ тілінде қалыптаспағандықтан, олардың ау­дармасын табу, түсінікті әрі қолдануға ыңғайлы ету оңайға соқпады.

Сонымен қатар, жасанды интеллект технологияла­ры күн сайын өзгеріп, дамып отырады. Сондықтан соңғы жаңалықтар мен өзгерістерді жүйелі түрде ба­қылап, кітапты уақыт ағымынан қалдырмау да ерекше күш-жігерді талап етті.

Тағы бір қиындық – қазақ тіліндегі сапалы әрі ау­қымды деректердің аздығы. Қазіргі таңда қазақша жасанды интеллект модельдері әлі жоқ.

Осы қиындықтарға қарамастан, кітапты жазу үдерісі маған үлкен тәжірибе берді, әрі қазақ жастары­на арналған пайдалы ресурсты жарыққа шығару мүмкіндігін сыйлады. Осы себепті кездескен қиындық­тардың барлығы еңсеруге тұрарлық деп есептеймін.

 

Қазақ тілі бай әрі икемді тіл

– Бұл қазақ тіліндегі алғашқы кітап екенін атап өттік. Тілдік кедергі болмады ма? Қазақ тілі техно­логияның тіліне икемді ме?

– Рас айтасыз, бұл салада қазақ тілінде алғашқы еңбектердің бірі болғандықтан, тілдік тұрғыдан белгілі бір кедергілер болды. Атап айтқанда, халықаралық деңгейде қалыптасқан жасанды интеллект термин­дерінің қазақ тіліндегі дәл әрі түсінікті баламаларын табу бастапқыда оңай болмады. Дегенмен, осы жұмыс барысында қазақ тілінің икемділігіне, мүмкіндіктерінің кеңдігіне көзім анық жетті.

Қазақ тілі – өте бай әрі икемді тіл. Ол жаңа техно­логияларды қабылдауға және солардың ұғымдарын дәл беруге қабілетті екенін көрсетіп отыр. Бастысы, қазақ тілінде жазылған сапалы контент көбірек болса, тілдің де мүмкіндігі кеңейе береді. Сондықтан тілдік кедергі уақытша құбылыс деп білемін. Осы кітап арқы­лы қазақ тілін жасанды интеллект, IT, цифрлық техно­логиялардың тілі ретінде де қалыптастыра алатыны­мызға сенемін. Бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастыра берсек, қазақ тілінің жаңа технологиялар әлемінде өз орнын алатыны сөзсіз.

– Болашақта қазақ тіліндегі терминдер сөздігін құрастыру жоспарыңызда бар ма?

– Өте орынды сұрақ. Иә, терминология – бұл жа­санды интеллектті қазақ тілінде дамытудағы басты кедергілердің бірі. Сондықтан да осы кітапты жазу барысында терминдердің түсінікті әрі қолданысқа икемді болуына ерекше назар аудардым.

Болашақта қазақ тіліндегі жасанды интеллект тер­миндерінің толық сөздігін құрастыру жоспарда бар. Қазірдің өзінде кітап жазу барысында жинақталған терминдердің алғашқы қоры қалыптасты. Бұл бастама алдағы уақытта мамандардың, лингвистердің, IT сала­сы мамандарының қатысуымен кеңейтіліп, бекітіледі деген үмітім бар.

Бұл сөздік тек мамандар үшін ғана емес, жалпы көпшілікке, әсіресе, жастарға, студенттерге, мектеп оқушыларына осы саланы меңгеру жолындағы нақты құрал болады деп сенемін. Осылайша қазақ тіліндегі терминдер қорын жүйелеп, болашақта оны барлық білім мекемелері мен IT орталықтарына қолжетімді етсек, үлкен бір мақсаттың орындалғаны деп білемін.

ЖИ әкелкен мүмкіндіктер мен  тәуекелдер

– ЖИ қазақ қоғамына, жалпы адамзатқа қалай әсер етеді?

– Бұл – өте өзекті мәселе. Шынымен де, әрбір жаңа технология сияқты, жасанды интеллект те қоғамға әрі үлкен мүмкіндіктер, әрі тәуекелдер әкеледі.

Мүмкіндіктер тұрғысынан айтсақ, жасанды интел­лект еңбек өнімділігін арттырып, экономиканың да­муына септігін тигізеді. Әсіресе, медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы, қаржы салаларында тың шешім­дер әкеліп, өмір сапасын жақсарта алады. Мысалы, ауыл шаруашылығында өнімділікті болжау, медици­нада ауруларды ерте диагностикалау, білім беру жү­йесін жекелендіру, тілдерді автоматты аудару сияқты мәселелерде үлкен ілгерілеу байқалады.

Сонымен қатар, жасанды интеллекттің дамуы жаңа мамандықтар мен жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, жастарымыздың заманауи әрі бәсекеге қабі­летті болып өсуіне жағдай жасайды.

Ал тәуекелдер жағына келсек, ЖИ еңбек нарығын­да кейбір мамандықтардың қысқаруына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты жұмыс күшінің қайта бейімделуі мен жаңа білімді меңгеруі өзекті болады. Сонымен бірге, деректердің құпиялылығы, ақпарат­тық қауіпсіздік, этикалық нормаларды сақтау мәселе­лері туындайды. Бұл ретте қоғам мен мемлекеттің жіті назары, бақылауы өте маңызды.

Қазақ қоғамына әсеріне тоқталсақ:

Қазақ тілі мен мәдениеті үшін жасанды интел­лект – бұл жаңа мүмкіндіктер алаңы. Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданыс аясын кеңейтуге, ұлт­тық мәдениетімізді технология арқылы насихаттауға, ең бастысы, жастарымыздың технологиялық ойлау жүйесін қалыптастыруға жол ашады.

Жалпы, ЖИ технологиясын дұрыс әрі тиімді пайда­лана білсек, қоғамымыздың интеллектуалды әлеуетін арттырып, болашағымызды жарқын ете алатынымыз­ға сенімдімін. Осы бағытта қоғам, мемлекет, ғалым­дар мен жастардың бірлескен жұмысы аса маңызды.

Тілдік деректер – ұлттық қауіпсіздік кепілі

– Отандық ЖИ жүйесі мәселесін талқылап көр­сек. Жалпы, ол қажет пе? Қажет болса, өзге ел­дермен бәсекелесе аламыз ба? Себебі, бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі екені бәрімізге белгілі.

– Бұл сұрақ – бүгінгі күннің ең маңызды мәсе­лесінің бірі дер едім. Менің пікірімше, отандық жа­санды интеллект жүйесін құру міндетті түрде қажет. Бұл тек технологиялық немесе экономикалық мәселе емес, расында ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Өзіміздің ЖИ жүйемі з болмаса, бі з технологиялық тәуелсіздігімізді жоғалтып, басқа елдерге ақпараттық тұрғыдан тәуелді болып қалуымыз мүмкін. Себебі, жасанды интеллект – бұл тек құрал ғана емес, ол ақ­парат пен білімді басқару тетігі. Қазіргі уақытта АҚШ, Қытай, Еуропа, Жапония сияқты елдер бұл салаға үлкен инвестиция құйып, ұлттық ЖИ стратегияларын іске асырып жатыр. Біз де бұл көштен қалмауымыз керек.

Бәсекеге қабілеттілікке келсек, әрине, бұл оңай міндет емес, бірақ қолымыздан келеді. Қазақстанда дарынды жастарымыз, мықты ғалымдарымыз бар. Мемлекеттік деңгейде нақты қолдау болса, стартаптар мен зерттеушілерге тиісті жағдай жасалса, отандық ЖИ жүйесін дамытуға мүмкіндік мол.

Ең бастысы – қазақ тілді деректер қоры мен қазақ тіліндегі жасанды интеллект жүйелерін дамыта алсақ, өзіміздің ұлттық мүддемізді қорғайтын сенімді техно­логиялық инфрақұрылымды қалыптастыра аламыз деп ойлаймын. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жаса­лып та жатыр. Енді бұл жұмысты одан әрі кеңейтіп, қолдау көрсету – бәріміздің ортақ міндетіміз.

– Қазір Парламентте ЖИ бойынша заң жобасы талқылануда. Сіз заң жобасы бойынша жұмыс тобында екенсіз. Заңға қандай ұсыныс енгіздіңіз? Депутаттар мамандардың сөзіне құлақ асуға да­йын ба?

– Өзім ұсынған басты ұсыныстардың бірі – жасан­ды интеллекттің этикалық қағидаттарын нақты айқын­дау және азаматтардың жеке деректерін қорғау нор­маларын күшейту болды. Сонымен бірге, ЖИ алгоритмдерінің әділеттілігі мен ашықтығын қамтама­сыз ететін механизмдерді енгізу қажеттігін атап көр­сеттім. Сондай-ақ, ұлттық деңгейде қазақ тіліндегі деректер базасын қалыптастыруды заңмен бекітуді ұсындым. Себебі, тілдік деректер – бұл технологиялық тәуелсіздік пен ұлттық қауіпсіздіктің бір кепілі.

Депутаттар жайына келсек, шындығында бастап­қыда технологиялық нюанстар мен терминдерді түсіндіру оңай болмады. Бірақ соңғы уақытта депутат­тардың бұл салаға деген қызығушылығы мен ынтасы айтарлықтай артқанын байқаймын. Олар мамандар­дың пікірін тыңдауға және ұсыныстарын қабылдауға дайын екендіктерін көрсетуде. Бұл заң – болашағымыз үшін аса маңызды. Сондықтан депутаттар мен сарап­шылар арасындағы диалог нәтижелі жүріп жатыр деп айтуға толық негіз бар.

– Батыстық ғалымдар қазір екіге бөлінді. Бірі ЖИ дамуы адамзатқа мол мүмкіндік береді десе, екіншілері тәуекел мен қауіп көп дейді. Бұл мәсе­леде сіздің ойыңыз қандай?

– Иә, шынында да, бұл тақырыпқа қатысты алаң­даушылықтың бары заңдылық. Менің ойымша, жа­санды интеллекттің дамуы адамзатқа мүмкіндіктерді де, тәуекелдерді де қатар алып келеді. Қандай да бір технологияның табиғаты сондай. Электр қуаты, интер­нет, атом энергиясы сияқты технологиялар да алғаш пайда болған кезде үлкен алаңдаушылық туғызған. Қазір олардың барлығы күнделікті өміріміздің ажыра­мас бөлігіне айналды.

Ал қауіп туралы айтсақ, тәуекелдерді жоққа шыға­руға болмайды. Бірақ қауіп технологияның өзінде емес, оны қолдану мен бақылауда жатыр. «Термина­тор» фильміндегі «Скайнет» сияқты жүйелердің пайда болуы әзірше фантастикалық сценарий болып қала береді, өйткені қазіргі ЖИ адамзат қойған нақты мін­деттерді орындауға ғана бағытталған. Әрбір ЖИ-нің артында оның жұмысын реттейтін адам тұрады.

Бірақ біз технологиялық даму этикалық нормалар­мен, қатаң реттеу мен ашық бақылаумен қатар жүруі тиіс екенін түсінуіміз керек. Яғни қауіпсіздік, жауап­кершілік және ашықтық мәселелерін реттейтін меха­низмдерді уақытылы қалыптастырып отыру – аса ма­ңызды.

Сондықтан ЖИ-ден қорықпауымыз керек, керісін­ше, оны дұрыс игеріп, сауатты басқаруды үйренуіміз қажет. Бұл үшін қоғамның технологиялық сауаттылы­ғын көтеру де басты назарда болуы тиіс. Осылайша біз «Скайнеттен» емес, өзіміздің жауапсыздығымыз бен немқұрайдылығымыздан қорқуымыз керек дер едім.

–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Пердехан ШӘМШИЕВ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:42

11:48

11:45

11:39

11:30

11:19

11:13

10:38

10:32

10:31

10:20

10:10

22:56

21:44

15:41

15:13

14:53

14:13

13:18

12:53

12:06

11:56

11:11

10:39

10:16