Ермахан Ыбрайымов – еліміздегі ең титулды боксшылардың бірі. Ол 1996 және 2000 жылдары жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстанның Туын екі рет көтерді. Екі ретінде де үйге олжалы оралды. Атлантада қола жүлдегер атанса, Сиднейде алтын жүлдеге ие болды. Жуырда боксшының құрметіне Алматы облысындағы олимпиадалық дайындық орталығының базасында қыздар арасында жасөспірімдер турнирі (7-ші) ашылды. Айта кету керек, ол сол жерде директордың орынбасары қызметін атқарады. Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан Ермахан Сағиұлы сұрақтарымызға шынайы ықыласпен жауап берді.
«Қазақстанның атынан шыққан кім деп бүкіл әлем көз тігеді»
– Олимпиада ойындарында ел байрағын көтеріп шығу үлкен абырой ғана емес, жауапкершілігі зор ауыр міндет те шығар, иә?!
– Әлбетте, солай. Ту ұстап шығу үлкен жауапкершілік. Ту – жеңіске жетелейтін символ іспеттес. Сондықтан болар, байрақ ұстап шыққан спортшы кез келген стартта жеңімпаз атануы тиіс деп бекер айтылмаса керек. Меніңше, бұл жөн айтылған сөз. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз Ұлы Отан соғысы майданында қан төкті. Біреудің қолынан қызыл жалауды көргендер өзін емес, өзгені ойлауға тырысты. Олар жеңіске жету үшін, Отан үшін шабуылға шығып күресті. Атланта қаласының олимпиадалық ауылында маған жаңа егеменді мемлекеттің туын көтеріп шығатынымды айтқан кезде тұла бойым шымыр ете түсті. Ерекше толқыдым. Өйткені, Қазақстанның атынан шыққан кім деп бүкіл әлем көз тігетіні анық? Ол кезде аса танымал емес спортшы едім. Бұл міндет Дәулет Тұрлыхановқа тиесілі еді. Оны бұрынырақта ҚР ҰОК Ту ұстаушы ретінде белгілеп қойған-ды. Ол сол кезде Сеулдің жүлдегері болған (1988). Дәулет Болатұлы республиканың олимпиадашыларымен бірге АҚШ-қа кетпес бұрын ел Президентінің қолынан еліміздің туын алды. Келген жерімізге орналасқан бойда атақты балуанның таңертең жекпе-жегі бар екенін білеміз. Сондықтан қазақстандық делегацияның шешімімен ту маған сеніп тапсырылды.
Айтпақшы, Дәулет Болатұлы мені еліміздің спорт басшылығына ұсынған еді. Бұл мәселені ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Аманша Сейсенұлы Ақпаев және сол кездегі Қазақстан Жастар және туризм министрі Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетовпен келісті. Мен жарыстың ашылу салтанатында Көк байрағымызды алып жүрдім. Ал Қазақстанға оралғанда оны ел Президентінің қолына табыстадым. Айтпақшы, осыдан кейін елдің тұрақты ту ұстаушысы болдым десем де болады. Біздің Көк байрағымызды Шығыс Азия Ойындарында, Азия ойындары мен Орталық Азия ойындарында да алып шықтым.
Екі маңызды жеңіс
– Сіз Атлантаға жас боксшы болып бардыңыз. Олжалы оралатыныңызға сенімді болдыңыз ба?
– Әр спортшының жүрегінде сәтті өнер көрсетемін деген үміт оты болады. Ол уақыт менің ел ішіндегі біраз жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтап алған кезім. Менің қоржынымда екі маңызды жеңіс болды – Римде өткен әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атандым. Сол жылы (1995) Ташкентте өткен Азия чемпионатында жеңіске жеттім. Әбдісалан Нұрмаханов мені ҚР Олимпиада құрамасына шақырды. Менің салмағымда (71 кг-ға дейін) басқа да лайықты боксшылар болды. Шыны керек, Атлантаға медаль алу үшін бардым. Бірақ алтын үшін емес. Менің салмағымда Альфредо Дуверхель есімді өте мықты кубалық боксшы болды. Егер онымен алдын ала кездессек, медаль алу арман боп қалар еді. Бірақ онымен жартылай финалда кездестім. Тең жекпе-жек болды. Бірақ төрешілер шешім шығарып, жеңісті кубалыққа берді. Содан кейін ақтық мәреде ол американдық Дэвид Ридтен жеңіліп қалды. Ал мен көрші Өзбекстаннан келген Кәрім Туляғанов сияқты қола жүлдегер атандым.
– Білуімізше, сіз Дуверхельден сол күйі реванш алмадыңыз. 1997 жылғы әлем чемпионатында реванш алуға әбден жақын қалып едіңіз...
– Біз онымен төрт жекпе-жек өткіздік. Соның бәрінде кубалық жеңіске жетті. Дұрыс айтасыз, Будапештте өткен әлем чемпионатының ақтық сынында атақты қарсыласымды жеңуге жақын қалып едім. Бірақ ерте қуанып қойыппын. Соңғы секундтарда қарсыласым бірнеше соққы жасап, ең аз ұпаймен жеңіп кетті. Әлі кездесетінімізге сенімді болып едім. Жеңіп те алар едім. Өйткені, біраз тәжірибе жинап алдым. Бірақ содан кейін өз салмағымда оның басқа отандасынан басым түсіп, жеңіп алдым. Соның ішінде Сиднейде өткен Олимпиадада да құрмет тұғырының бірінші сатысына көтерілдім.
«Үмітіңізді ақтаймын» дедім
– Расында да, қарсыластарыңызға мұрша бермей, ерекше айла-тәсіл қолдандыңыз...
– Тәжірибе біртіндеп жиналады. Бәрі бірден бола қоймайды ғой. Біраз тер төктім. Жанымды салып шынықтым. Түсімде үнемі су ішем, шөлім қанбайды. Осылайша күнделікті тынбай шынықтым, еңбек еттім. Әр жаттығу сайын өзіме деген сенімділік арта берді. Бір білерім, тоқтауға болмайды. Жеңіске жету үшін бір нәрсені қию керек болса, мен өз уақытымды құрбан еттім. Жарты күнім залда жаттығумен өтетін. Сиднейге де алтын медаль алу үшін бардым. Ел Президенті маған Туды табыстаған кезде: «Үмітіңізді ақтаймын» деп едім. Сол сөзімде тұрдым.
– Сиднейдегі рингке қайта оралсақ…
– Сиднейде бес жекпе-жек өткіздім. Қарсыластарымды жеңу оңай болмады. Әр жеңістің артында үлкен еңбек пен күш жатыр. Өте сақ болуға тура келді. Шынында да, біздің 71 келі салмақ дәрежемізде өткізіп алған әр соққы жеңіс тұғырынан көріну мүмкіндігінен айырады. Қарсыластарымды кезекпен жеңдім: сириялық Юсуф Масса, венесуэлалық Хели Янис, кубалық Хуан Эрнандес, американдық Шерман Ли Тейлор мен румындық Мариан Симион.
– Әйтсе де, ең қиын жекпе-жек қайсысы болды?
– Соңғысы. Румын боксшысы өте күшті қарсылас екенін дәлелдеді. Біз онымен тең дәрежеде соңына дейін бардық. Үшінші раундта соққылар алмасып отырды. Мен мүмкіндікті пайдаланып, ашық жекпе-жекке шықтым. Өйткені, алтын үшін жоғалтар түгім жоқ. Үмітім ақталды. Соққыны көп беріп, 25:23 есебімен жеңіске жеттім. Олимпиада чемпионы атанғанымды үйге келгенде, әуежайда қарсы алғанда бір-ақ түйсініп, сезіндім. Бізбен кездесуге келген жанкүйерлердің нақты санын білмеймін. Олар көп еді. Кейін бір жерден оқысам, бес мыңнан астам адам келген екен.
Жүз жылда бір туатын жаңа Головкиндерді, Саттархановтарды тәрбиелеу керек
– Спорттық мансабыңызды аяқтағаннан кейін Сіз Қазақстан құрамасын басқардыңыз. 2004 жылғы Афина Олимпиадасына спортшыларды жаттықтырдыңыз...
– Оған дейін Ақтөбеде бокс мектебін аштым. 2002 жылы күтпеген жерден ҚР Туризм және спорт агенттігін басқарып келген Дәулет Болатұлы Тұрлыхановтан Қазақстан құрамасын басқару туралы ұсыныс түсті. Тұрлыханов: «Балуандарды Мельниченко қабылдады, боксшыларды сен қабылдайсың! Екеуіңнің де беделдерің, жақсы тәжірибелерің бар» деді. Келістім. Әдеттегідей, мықты өнер көрсету міндеті тұрды. Екі алтын алуға үмітті болдық. Оны Ақтөбеден әлем чемпионы Ғалип Джафаров (57 келіге дейін) және қарағандылық Геннадий Головкин (75 келіге дейін) жеңіп алуы керек еді. Қалай болғанда да, біз бәріміз оларға сенімді болдық. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады.
Ғалип алдын ала жекпе-жекте жеңіліп, болашақ чемпион Алексей Тищенкоға (Ресей) есе жіберді. Финалда Гена да солтүстіктегі көршіміз Гайдарбек Гайдарбековті жеңе алмай, күміс жүлдеге қанағаттанды. Ұлттық құраманың активінде қола медаль болды. Оны қарағандылық жігіт Серік Елеуов (60 келі) жеңіп алды. Ал жеңіс тұғырына Олимпиаданың соңғы сәтінде келген тараздық Бақтияр Артаев көтерілді. Ол тек чемпион ғана емес, Баркер кубогының иегері атанды.
Жалпы, Құдай үштікті жақсы көреді деп жиі айтушы едім. Олимпиада ойындарында үш медаль – алтын, күміс пен қола – кез келген команда үшін үлкен жетістік.
– Бүгінде Олимпиадаларда өзбек құрамасы түрлі салмақ дәрежесіндегі медальдардың жартысынан көбін алуда. Бұған не дейсіз?
– Қызығасың да қоясың. Біз де сондай жетістікке жету үшін бар күшімізді салуымыз керек. Жүз жылда бір рет туатын жаңа Головкиндерді, Саттархановтарды іздеу керек. Оларды тәрбиелеу бар. Бүгін бізде жаңа бас бапкер бар. Оған мүмкіндік бергеніміз жөн. Алда Әлем чемпионаттары, соның ішінде 2027 жылы Астанада өтетіні бар. Көп сұрақтың жауабын сол кезде аламыз. «Бұрынғы дәстүрді қайтара аламыз ба?» деген сұрақтың жауабын да сол кезде көреміз.
– Сіздің ойыңызша, әлемдегі бокс тарихында ең мықты, ең әккі боксшы кім?
– Көп ойланудың қажеті жоқ, әлбетте ол – Мұхаммед Әли.
– Ал Қазақстанда ше?
– Серік Қонақбаев. Менің пірім де, үлгі тұтатын адамым да сол. Мен одан асқан техникалық боксшыны көрген жоқпын.