Жыл сайын 25 қазанда елімізде ұлттық мерекеміз – Республика күні тойланады. Биыл бұл мәртебелі мейрамымыз Мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бұл екі мереке де негізгі құндылықтар тұрғысынан бір-бірімен үндес. Екі оқиға да азаматтардың өз елін басқаруға қатысу идеясын, олардың дауыс беру құқығын және болашаққа әсер ету мүмкіндігін көрсетеді. Демократия жергілікті жерлерден басталатынын және Мәслихаттар – адамдарға өз құқықтарын іске асырып, өз пікірлерін еркін білдіруге мүмкіндік беретін құрылымдар екенін есте ұстау маңызды. Осы орайда «Ақшамның» қонақжай шаңырағында Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы Мейіржан ОТЫНШИЕВ сөз алады.
Мәслихат – мегаполисті дамытудың негізгі қозғаушы күші
Алматы қаласы Мәслихаты жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілетті органы ретінде Қазақстанның ең ірі қаласын басқаруда маңызды орын алады. Оның рөлі қарапайым әкімшілік құрылымнан әлдеқайда кең, бұл – депутаттар өз сайлаушыларының мүдделерін білдіретін, тұрғындармен, билік органдарымен және бизнес өкілдерімен өзара әрекеттесетін көпір іспетті. Осы өзара әрекеттесу арқылы қаланың дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын айқындайтын шешімдер қабылданады.
Мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару органдары ретінде тәуелсіз Қазақстанда 1994 жылы құрылды. Содан бері олардың рөлі едәуір кеңейді. Биыл біз Мәслихаттардың 30 жылдығын атап өтудеміз және осы үш онжылдықта олар кеңесші органдардан жергілікті қауымдастықтарды дамытуға белсенді қатысатын ықпалды институттарға айналды. Алматы қаласы Мәслихаты еліміздегі ең ықпалды Мәслихаттардың бірі ретінде осы үдерісте маңызды рөл атқарады. Ол атқарушы биліктің стратегиялық серіктесі әрі мегаполистегі өкілдік ретінде қызмет етеді.
Депутаттар құрамы әртүрлі
Үш онжылдық бойы Мәслихат депутаттарының құрамы өзгеріп, халықтың мүдделері мен пікірлерінің алуан түрлілігін көрсетіп келеді. Мәслихаттарда әртүрлі мамандықтар мен әлеуметтік топтардың өкілдері жұмыс істейді, бұл азаматтардың қажеттіліктері мен мәселелерінің кең ауқымын ескеруге мүмкіндік береді. Мысалы, депутаттар арасында дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпкерлер және белсенділер бар, бұл әлеуметтік мәселелерді толығырақ түсінуге ықпал етеді.
Соңғы жылдары Мәслихаттар жаңа сын-қатерлерге бейімделіп, заманауи технологиялар мен жаңа жұмыс әдістерін енгізді. Ашық отырыстар, азаматтармен кері байланыс орнату үшін әлеуметтік желілерді пайдалану және қоғамдық бастамаларды қолдау депутаттардың жұмысының маңызды құралына айналды. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдарына деген ашықтық пен сенім деңгейін арттырды.
Мәслихат депутаттарының негізгі міндеті – өз сайлаушыларының мүдделерін қорғау. Бұл тұрғыда олар демократиялық функциялардың бірі – халық пен мемлекеттік билік органдары арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Бұл көптеген өзара әрекеттесу нысандары арқылы жүзеге асады: тұрғындармен тұрақты кездесулер, қоғамдық тыңдаулар, қалалық жобаларды және бастамаларды талқылауға қатысу.
Бюджетті бақылау: тұрақты даму механизмі
Қаланың бюджетін бекіту – Мәслихаттың басты функцияларының бірі. Қазақстанның ең ірі экономикалық орталықтарының бірі ретінде Алматы жыл сайын инфрақұрылым, көлік, денсаулық сақтау, экология және мәдениет салаларындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін қомақты бюджеттік қаражат алады. Депутаттар бюджетті қалыптастыруға белсенді қатысып, қаржыландырудың басым бағыттарын айқындайды және оның орындалуын бақылайды.
Бюджеттеу процесі қаланың барлық әлеуметтік және экономикалық топтарының мүдделерін ескере отырып, мұқият жоспарлауды және қажеттіліктерді талқылауды қамтиды. Өткен жылғы сессияда депутаттар 2024 жылға арналған бюджетті 1 трлн 624,1 млрд теңге көлемінде қарастырып, бекітті. Бюджет нақтыланғаннан кейін ол тағы 202,4 млрд теңгеге ұлғайтылып, жалпы рекордтық 1 трлн 826,5 млрд теңгені құрады.
Қаражаттың едәуір бөлігі – 1 трлн 245 млрд теңге (68,2%) ағымдағы шығындарды өтеуге бағытталды. Оған қалалық қызметтерді күтіп-ұстау, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымның жұмыс істеуін қамтамасыз ету кіреді. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және экология салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға 332,8 млрд теңге бағытталды.
Сондай-ақ, Қоғамдық даму, мәдениет, спорт, дін және жастар саясаты жөніндегі комиссия мәдениет қызметкерлерінің және Алматы қаласының Дін басқармасына қарасты ұйымдардың жалақысын көтеру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Мысалы, комиссияның көшпелі отырыстарында қалалық кітапханалар, театрлар және музыка мекемелері қызметкерлерінің орташа жалақысы 138 мың теңге екені анықталды. Комиссияның ұсынысы бойынша және қала әкімі қолдауының арқасында 2 мың мәдениет қызметкерінің жалақысы 30%-ға арттырылды.
Депутаттардың бюджет жобасын қарау барысындағы рөлі тек қаржыны бөлуді ресми түрде бекітумен ғана шектелмейді. Олар бюджетті қарау процесіне белсене қатысып, өз бастамалары мен түзетулерін ұсынады. Сарапшылармен, қоғамдық ұйымдармен және қала тұрғындарымен көптеген талқылаулар мен кеңесулер барысында Мәслихат депутаттары Алматының даму басымдықтарына сәйкес бюджеттік қаражатты барынша ұтымды бөлуді қамтамасыз етеді.
Әлеуметтік саланы қолдау маңызды
Алматы қаласының Мәслихаты әкімдікпен бірлесе отырып, әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөледі. 2024 жылы әлеуметтік салаға 759,2 млрд теңге бөлінді, бұл жалпы бюджет көлемінің 59%-ын құрайды. Бұл қаржы алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өскенін және депутаттардың денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау мәселелеріне ерекше мән беретіндігін көрсетеді.
Бюджетті бекіту барысында Мәслихат әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жобаларды белсенді қолдады. Атап айтқанда, 2024 жылы 13 мектептің құрылысы жоспарланған, бұл 23 100 жаңа оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазіргі оқу орындарын қайта жаңарту жұмыстары жалғасады. Бұл, әсіресе, халық тығыз орналасқан аудандардағы оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешуде маңызды қадам болып табылады.
Депутаттар сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған жобаларды қолдады. 2024 жылы бірнеше медициналық орталықтың құрылысы аяқталды, сондай-ақ қолданыстағы мекемелердің жабдықтары жаңартылды. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға жаңа жабдықтар мен жедел жәрдем көліктерін сатып алу бағдарламалары үлкен рөл атқарады, бұл шұғыл қызмет көрсетудің жылдамдығын және медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Мәслихат Алматы қаласының алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) ұйымдарында жайлы және инклюзивті орта құруға бағытталған «Алматы қаласындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің бірыңғай стандарты 2030 жылға дейін» бағдарламасын мақұлдады. Бағдарлама АМСК мекемелерінің фасадтары мен кабинеттерінің бірыңғай стилі мен дизайнын әзірлеуді, күту уақытын азайту үшін электронды кезек жүйесін енгізуді және медициналық көмекке қолжетімділікті жақсартуды қамтиды.
Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғаса береді
Депутаттар корпусының тағы бір маңызды міндеті – көлік жүйесін, коммуналдық қызметтерді және көгалдандыруды қамтитын қалалық инфрақұрылымды дамыту. 2024 жылы 70 км жаңа жолдың құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, сондай-ақ қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар бекітілді. Олардың қатарында экологиялық таза қоғамдық көліктер сатып алу жоспары бар – 600 автобус, 100 троллейбус және 100 электробус алу көзделген.
Депутаттар корпусы осы жобалардың орын далуын белсенді түрде қадағалап, жұмыстардың сапасы мен тиімділігін бақылауда ұстайды. Біздің мақсатымыз – Алматыны дамыған көлік жүйесі бар, жайлы жолдарымен және заманауи экологиялық көлігімен ерекшеленетін қалаға айналдыру. Бұл миллиондаған қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлікті қолдау – экономика үдерісі
Мәслихат қаланың экономикалық дамуын қолдауда да маңызды рөл атқарады. 2024 жылға шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдауға 19,9 млрд теңге бөлінді. Депутаттар кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр, оған жеңілдетілген несиелерді субсидиялау, қарыздарды кепілдендіру және гранттар беру шаралары кіреді. Бұл шаралар қаланың экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Мәслихаттың бастамаларының бірі – шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту. Бұл парктер инвестицияларды тартуға және заманауи өндірістік алаңдар құруға мүмкіндік береді. 2024 жылы 18 шағын өнеркәсіптік парктің құрылысы жалғасып жатыр, бұл қосымша жұмыс орындарын ашып, инновациялық өндірістерді қолдауға ықпал етеді.
Алматы туристік орталық ретінде де белсенді дамып келеді. 2023 жылы қалаға келген туристер саны 17,5%-ға өсті, ал 2024 жылы Мәслихат депутаттары туристік ағынды одан әрі арттыру жоспарларын қолдады. Бұл мақсатта бюджетте 4,7 млрд теңге қарастырылған, ол туристік инфрақұрылымды дамытуға және қаланы халықаралық туристік бағыт ретінде ілгерілетуге жұмсалады.
Депутаттар Алматының халықаралық байланыстарын нығайтуда маңызды рөл атқарады. Қала халықаралық форумдар мен тәжірибе алмасу бағдарламаларына белсене қатысады, бұл бізге урбанистика, экология және басқару салаларындағы озық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді. Жақында біздің делегация Қытайда өткен Алматы туризмі күндері аясында Сиань және Пекин қалаларында болды. Бұл сапарда біз қаламыздың мәдени және гастрономиялық мұрасын таныстырып, туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайттық.
Алайда, бұл сапар тек туризммен шектелген жоқ. Біз сондай-ақ, жасылдандыру, экологиялық тұрақтылық және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша алдыңғы қатарлы жобалармен таныстық. Ерекше назар қоғамдық кеңістіктерді құрудағы заманауи шешімдерге аударылды, бұл шешімдер қалалықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Сиань мен Пекинде біз қалалық ортаға жасыл аймақтарды біріктірудің үлгілерін көрдік, бұл Алматыны одан әрі дамытуда пайдалы тәжірибе болуы мүмкін. Бұл үлгілер қалалық ортаны жақсартуға, оны жайлы және экологиялық тұрақты етуге арналған тәжірибелерді енгізуге шабыт береді.
Экология, көлік және урбанистика салаларындағы халықаралық ынтымақтастық Мәслихат депутаттарының қызметінің маңызды бөлігінің бірі болып қала береді.
Әлеуметтік жауапкершілік
Алматы қаласының Мәслихаты әрдайым азаматтармен және қоғамдық ұйымдармен белсенді түрде ынтымақтасады. Депутаттар қала тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізіп, өзекті мәселелерді талқылайды және өмір сүру сапасын жақсарту бойынша нақты шешімдер ұсынады. Бұл шешім қабылдау кезінде түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді.
Бюджетті қабылдау – бұл әрдайым күрделі әрі көп деңгейлі процесс, мұқият қарауды талап етеді. Алматы қаласының Мәслихаты ашықтық пен есептілік принциптерін ұстанады. Бюджеттің орындалуын бақылау – тек нәтижелерді бағалау ғана емес, сондай-ақ қаражаттың тиімді пайдаланылуын үнемі қадағалау болып табылады. Депутаттар жол құрылысы немесе медициналық көмек көрсету болсын, көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалау үшін тұрақты тыңдаулар мен отырыстар өткізеді. Мұндай тәсіл қаражатты мақсатсыз пайдаланудың алдын алып, қалалық бағдарлама ларды орындаушылардың есептілік деңгейін арттыруға көмектеседі.
Сонымен қатар, Мәслихат депутаттарының басқа деңгейдегі депутаттармен өзара әрекеттесуі қала мен өңірлердің дамуына қатысты басым мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Мәслихат депутаттары ҚР Сенаты мен Мәжілісіндегі әріптестерімен тығыз ынтымақтасып, заңнаманы жетілдіруге бағытталған жұмыс топтары мен бірлескен талқылауларға қатысады. Мұндай өзара әрекеттесу жергілікті жерлердегі мүдделерді ескеруге мүмкіндік береді және инфрақұрылымды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау, экологияны, туризмді дамыту және басқа да салалар бойынша бағдарламаларды тиімді іске асыруды қамтамасыз етеді. Депутаттар арасындағы тұрақты кездесулер мен кеңестер күш-жігерді үйлестіруге, аймақтық саясаттың өзекті мәселелерін талқылауға, сондай- ақ Алматының әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпал ететін бастамаларды ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қала әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен және Парламенттің екі Палатасы депутаттарының қолдауымен Алматы Мәслихатына ерекше мәртебе аясында көптеген функциялар берілді. Біз, жергілікті өкілді орган ретінде, атмосфералық ауаны қорғау және құрылыс ережелерін, қалдықтарды басқару ережелерін бекіту және тұрғын үйді жаңарту бағдарламасын мақұлдау бойынша өкілеттіктерге ие болдық. Бұл Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ІІ республикалық Мәслихат депутаттары форумында айтқан көзқарасына толық сәйкес келеді, онда ол мәслихаттар мен әкімдердің тығыз үйлестіруінің маңыздылығын атап өтті. Президент Мәслихаттар жаңа буын қоғамдық саясаткерлерді қалыптастыру алаңына айнала алатынын айтты. Сонымен бірге, депутаттар азаматтардың өтініштерімен белсенді жұмыс істеп, жергілікті атқарушы органдармен өзара әрекеттесу үшін өз өкілеттіктерін тиімді пайдалануы қажет.
Халықаралық ынтымақтастық
Алматы қаласының Мәслихаты халықаралық байланыстарды нығайту және озық әлемдік тәжірибелерді тарту бойынша да белсенді жұмыс істейді. Соңғы жылдары депутаттар халықаралық форумдар мен конференцияларға қатысып, тәжірибе алмасуда белсенділік танытуда, бұл қалаға қалалық басқару, экология, денсаулық сақтау және көлік салаларындағы озық тәжірибелерді игеруге мүмкіндік береді.
Мысалы, Финляндияға сапар аясында біз қалдықтарды өңдеу және қайта өңдеу жүйесін зерттеп, Алматыдағы қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту бойынша ұсыныстар жасадық. Финляндия тәжірибесі қалдықтарды басқару ережелерін бекіту кезінде ескерілетінін атап өткім келеді. Оңтүстік Кореяда біздің делегация «ақылды» қалалар және көлік жүйелерін басқаруға арналған IT-шешімдер саласындағы соңғы технологиялармен танысты. Бұл білім мен тәжірибе Алматыға енгізіліп, қаланың инновациялық әрі халықаралық аренада бәсекеге қабілетті болуына ықпал етуде.
Болашаққа үмітпен қараймыз
2024 жылы Алматы қаласының Мәслихаты өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл оқиға тек біздің өкілдік орган үшін ғана емес, сонымен қатар Алматының өркендеуі мен дамуына өз үлестерін қосқан барлық тұрғындар үшін маңызды. Үш онжылдық бойы Мәслихат қаланың игілігі үшін жұмыс істеп, азаматтардың мүдделерін қорғап, даму жобаларын іске асырып, демократиялық институттарды нығайтып келеді.
Әрбір депутат қаланың дамуына өзіндік үлесін қосты. Олардың әрбір шешімінің, әрбір бастамасының артында қала тұрғындарының мүдделері тұр. Олар қаланы абаттандырудан бастап, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жақсарту, мегаполистің экологиясы мен экономикасын дамыту сияқты әртүрлі мәселелерді шешумен айналысты. Осы жылдар ішінде іске асырылған көптеген бағдарламалар мен жобалар ұжымдық жұмыстың және әрбір депутаттың өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілігінің нәтижесі болды.
Бүгін, құрылғанына 30 жыл толғаннан кейін, депутаттар өздерінің маңызды миссияларын – азаматтармен тығыз диалог жүргізуді, қаланың негізгі мәселелерін шешуді және Алматының тұрақты өсу мен өркендеу жолымен дамуын қамтамасыз етуді жалғастыруда.
Республика күнін және Мәслихаттың 30 жылдығын атап өте отырып, біз қол жеткізген жетістіктерімізді ғана емес, болашаққа үмітпен қараймыз. Бұл оқиғалар бізді жаңа жетістіктерге шабыттандырып, қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті нығайтады. Қазақстан өзінің гүлдену жолын жалғастыруда, сондықтан әрбір азаматтың осы үдерістің бір бөлігі екенін сезінуі маңызды.