Қараағаштың, теректің, еменнің жапырақтары кей жерлерде әлі жайқалып тұр. Жап-жасыл шөбі баяу ырғалған алқаптар да аз емес. Ауа райында әлі тұрақтылық жоқ. Бүгін күн шуақты болса, ертесіне жауындатып, желдетіп шыға келеді. Күздің қаһарлы айларының бірінен саналатын қазан айы да біту қарсаңында. Соңғы аптасы жүріп жатыр.
Бабалар болжамына сүйене отырып өткен жолы Алматыда шуақты күндердің сақталатынын, алматылықтардың жеңіл киіммен желпініп жүретінін жазғанбыз. Солай болды да. Дегенмен, аптаның соңына қарай күн райы ептеп бұзылғаны байқалды. Енді ауа райының қайтадан жылылыққа бет бұра бастағаны аңғарылады.
Бұлайша болжам жасауымызға дәйек пен дерек те жоқ емес. Айталық, ауа райын, тіпті табиғатта сирек болатын әртүрлі төтенше жағдайларды алдын ала байқайтын жәндіктер мамыражай тіршілігін жасап жатыр. Көргендердің айтуына қарағанда, қала маңындағы жоталарда жыландар тіршілік қамымен әлі де жортып жүрген көрінеді. Індеріне кіріп, қысқы ұйқыға жатуға асықпайтын сыңайлы.
Мына қызықты қараңыз, жақында серуендеп жүрген бір тұрғын ойламаған жерден Алатаудың көп шатқалының бірінен қырғауылдың жұмыртқаларын кездестіріпті. Сол маңнан ізін көріп, жез таңдайынан сақ етіп шыққан дауысын да естіпті...
Қырғауыл демекші, дүние жүзінде қырғауылдың 175 түрі кездеседі. Сырт бейнесі сұлу бұл құстың тірі салмағы 45 грамм мен 5 келі арасында болады екен. Көбінесе жерде өмір сүреді, қауіпті жағдай туғанда ғана ағашқа шығады, не болмаса бұтақтың ұшар басында түнейді. Жер шұңқырынан ұя жасап, сонда (5–10) жұмыртқалайды. Еті жұмсақ, дәмді, тез қорытылады. Алматы маңында 3000-ға жуық қырғауыл бар көрінеді. Қырғауыл барынша сақ, ауа райын болжағыш құстардың бірі. Әлгі жұмыртқалар күздің шуақты болатынының айғағы болса керек.
Алматылықтар үшін қытымыр қыстың ауылы әлі алыс сияқты. Ертелі-кеш болатын салқынды жоққа шығаруға болмайды, әрине. Қолданыстағы күнтізбе бойынша бүгін қазан айының – 25-ші жұлдызы. Ай жүйесі – айдың 22-сін мегзеп тұр.
Ескіше (қазақша) айдың – 12-сі. Енді 8 күннен кейін жаңа ай туады. Демек, апта айдың ортасы мен соңын қамтып тұр. Бұл көрініс алдағы аптада – 25 қазан мен 1 қараша аралығында арагідік жаңбыр мен қардың көрініс беретінінен хабар беріп тұрғандай. Бұған қарап «күз бітті», «қыс келді» деуге әлі ерте.
Күздің тағы бір айы бар. Шуақты, ашық күндер де жоқ емес. «Кемпір шуақ» амалы да өз кезегін күтіп тұр. Бұрынғы кезді қазақтар үлкен қазан амалы жақындағанда кәрі, ақсақ-тоқсақ малдарды өріске жібермей, ауыл маңына ұстаған, олардың ішінен «қазан асын» сойып отырған.
Аталмыш амалдар ретімен өтіп жатыр. «Бұғының мойын жуары» амалы осы аптаның соңына қарай бой көрсетпек. Қазан айының 20–25 аралығында өтеді. Осы мезгілде бұғының түгі түсіп, мойны жуандап семіреді.
«Егер бұғылар үйірге ерте түссе, қырғауыл күзде жұмыртқаласа, жылан ініне уақытылы кірмесе, күз ұзаққа созылады» деген бұрынғылардан қалған болжам бар...