Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты ойын білдіргендердің пікірін Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап ұсынып отыр.
Жолдаудағы Қ.Тоқаевтың Президент сайлауы туралы шешімі орынды болғанын атап өткім келеді. «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен жоғары. Сондықтан мен өкілеттік мерзімін қысқартып, кезектен тыс президенттік сайлауға баруға дайынмын. Мен де көп ойланып, президенттік мерзімдердің саны мен ұзақтығын қайта қарау керек деген қорытындыға келдім», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысы экономикалық құлдырау ықтималдығының алдын алуға негіздеген, бәрі алдын ала ескерген, екшелген дұрыс шешім екені анық. Егер Қазақстанда президенттік сайлау 2024 жылы өтетін болса, қазіргі билеуші партияның бұл жағдайдан лайықты түрде шыға алатынына сенім аз. Ал қазір мемлекетімізде мақсат та, бағдар да айқын.
Елімізде бірнеше жылдан бері төлем балансының теріс сальдосы байқалып жүр. Бұл Қазақстанның өз мүмкіндігінен тыс қарыз ала бастағанын көрсетеді. Соңғы бірер аптада мұнай бағасы төмендей бастағанын көріп отырмыз. «2023 жылы шикізат бағасы төмендейді» деген әлемдік сарапшылардың болжамдары дөп келіп тұр. Мұндай жағдайда төлем балансының теріс сальдосымен қоса, бізде сауда балансының теріс сальдосы да болуы мүмкін. Ал қолға алған әлеуметтік бағдарламаларымыз орындалмаса, әлеуметтік қақтығыстар туындау қаупі бар. Сондықтан Мемлекет басшысының кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастамасын жаңа реформаларды жүзеге асыруға бағытталған қадам деп қабылдаған жөн.
Президенттің 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балалардың жинақ шоттарына аудару туралы ұсынысы да көптің көңілінен шықты. Экономистердің де бұл шешім туралы көзқарасы оң. Бұл қадамды Мемлекет басшысының сайлауалды уәдесі деп емес, осы күнге дейін орындалуға тиіс мәселенің қолға алынуы деп қабылдауымыз керек.
Мемлекет басшысы «Қазақстанның қазба байлықтарында халықтың үлесі бар» дегенді жиі айтады. Мұндай ұсыныстар тәуелсіз сарапшылар тарапынан жиі айтылғанымен осы уақытқа дейін орындалмай келгенін бәріміз білеміз. Егер бұл ұсынысты мұнай дәурені жүріп тұрған 2000-жылдардан бастап қолға алғанда, қазір балалардың үлесі туралы анағұрлым жетілдірілген ұсыныстарды талқылап отыратын едік.
Бұл жолы текке айтылған жоқ, оның орындалу тетіктеріне дейін талданды. Алдағы уақытта 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін төлем мемлекеттің кірісіне қарай өсе береді деп үміттенемін. Шын мәнінде, бұл бастама – Ресейдегі аналық капиталдың аналогі. Қаражатты дұрыс бөлсе, кез келген жас жиналған қаржыны өз елінде білім алуға жұмсап, кәсіп ашуға мүмкіндік алады.
Елде мүлдем тиімсіз болып қалған мемлекеттік капитализмнің үстемдік етіп келгенін білеміз. Бұл ішкі нарықтағы заңдылықтардың сақталуына кері әсерін тигізді. Соның салдарынан шенеуніктер де, халық та мемлекеттік патернализмге үйреніп қалды, өйткені шын мәнінде соңғы жылдары елімізде бәсекелестік болған жоқ. Нақты бір топтар 2008 жылдан бері кейбір нарықтарды монополиялап алды.
Мемлекет қант, жанар-жағармай сияқты тауарлардың бағасын реттеуге тырысып жатыр. Бірақ халық үшін өте маңызды болып саналатын осындай мәселелерде биліктің қаншалықты жетістікке жеткені маңызды. Сол себепті бұл мәселені популизмге айналдырмай, нақты іске асырған дұрыс. Қазіргі таңда тауарлардың қымбаттауы белгілі бір деңгейге жетті. Оның ендігі жерде көтеріле беруі мемлекеттің имиджіне кері әсерін тигізеді. Алдағы уақытта тек мемлекеттің мүмкіндігі мен үкіметтің біліктілігі сынға түседі.
Мемлекет басшысының «Самұрық-Қазына» қорын инвесторға айналдыру керек деген пікірі де салмақты. Бірақ жеке басым «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ты трансформациялаудың пайдасы жоқ, қорды таратқан дұрыс деп санаймын. Қордың 2010 жылға дейін алға қойған мақсаттары орындалды, 2010 жылдан бергі мезгілде жақсы нәтижеге жетті деп айта алмаймын. Ел ішінде қор активтерін халықтық IPO-ға салып, қоғаммен байланысын қайта жаңғыртқысы келеді деген пікір бар. Бірақ бұл да мезгілінен ерте айтылған ұсыныс.
Қазақстанда бірде-бір халықтық IPO сапалы деңгейде жүзеге асырылған жоқ. Өйткені акциялардың бір бөлігін инвесторлардың белгілі бір тобы сатып алған. Оған қоса қазір халық қаржы нарығына сенбейді, өйткені бұрын тым көп нысандар монополияда болған. Ал оларды кері қайтару қиын жағдайда жүріп жатқанын білеміз. Сондай-ақ халықтың қаржылық сауаты төмен, халықтық IPO акцияларын сатып алуға қаражаты да жоқ.
Президент Жолдауында «мүмкіндігіне қарай өмір сүруді үйрену керек» деп атап өтті. Бюджеттік саясат моделі «бюджеттік басқарудан» «нәтижелерді басқаруға» көшу арқылы реформаланады. Сондай-ақ жаңа Бюджет кодексін қабылдау қажеттігі туындайды. Бұл ретте мына жайттарға назар аудару керек.
Аймақтар ережелер бойынша өмір сүруі керек: қанша табыс тапсаң, соны жұмсайсың. Қазір бізде 17 облыс, республикалық маңызы бар үш қала бар. Алматы, Астана, сондай-ақ Маңғыстау және Атырау облыстары сияқты қалалар кейбір өңірлер үшін донор болса, басқа өңірлер мемлекеттік бюджеттен субсидия алады. Бұл жағдайды Салық және Бюджет кодекстерін түзету арқылы өзгерту керек. Әйтпесе, өңірлер салық түсімдерін арттыруға және бәсекеге қабілетті бизнесті дамытуға мүдделі болмайды.