Күн ыстық. Осынау аптапта аңқамыз кеуіп, шөл қысатыны заңдылық. Байқасаңыз, әсіресе ерлер жағы тоңазытқышқа күні-түні су қойып жатады. Салқындап тұрсын деп. Аптап ыстықта сырттан кіре сала бірінші сол суға ұмтылады. Сіміріп салып, «шөлімнің қанбай тұрғаны-ай» деп ыдысты тағы төңкере ішеді. Бұл мүлдем дұрыс емес дейді мамандар.
Дәрігерлер ыстық 40°C-қа жеткенде өте салқын суды ішпеу керек екенін айтады. Өйткені кішкентай қан тамырларымыз тарылып, жарылып кетуі мүмкін. Содан адам инсульт алады. Сырттан келгенде бірден суық суға жүгірмей, отырып сәл тыныстап алған абзал. Сосын барып, суық емес, жылы су ішу керек. Оның өзін сіміріп салмай, баяу ішкен дұрыс екен.
Салқын су дене температурасын түсіріп қана қоймай, көмекей, жұтқыншақты тітіркендіреді. Салдарынан өкпе, тыныс жолдарына суық тиіп, қабындыруы мүмкін. Көп мөлшердегі салқын су асқазанға түскеннен кейін асқазан шырышты қабатындағы қан тамырларын жиырады. Бұл асқазандағы ферменттердің әрекеттесуін әлсіретіп, ас қорыту барысын қиындатады. Асқазанды оттегі мен қан жетіспеушілігіне шалдықтырып, қабындырады.
Сырттан терлеп-тепшіп келген адамның ентігін де баспастан бірден душқа жүгіретіні немесе аяғын жууға ұмтылатыны бар. Жуынар алдында кем дегенде 30 минут күткен абзал.
Күн ыстық болған соң, көшеден су толы құты ұстаған адамдарды жиі көретініміз заңдылық. Бірақ түрегеліп тұрып, жүріп бара жатып су ішу де зиян екендігі ғылыми тұрғыда дәледенген. Яғни біздің отырған не тұрған, болмаса басқа бір әрекеттегі қалпымызда асқазан да денемен бірдей өзгерісте болады. Сонда асқазан адамның қозғалысына қарай жиырылып, созылып тұрады деген сөз. Демек түрегеліп тұрып ішкен су асқазанда қорытылмастан төтелей ішек жолдарына өтеді. Ал қорытылмаған судан ағзамыз еш құнар ала алмайтыны белгілі. Сондықтан асқазанда аялдап, қорытылған, микробтары жойылған су ғана ағза үшін пайдалы. Ол үшін суды отырып ішуге тура келеді.
Тік тұрып су ішудің тағы бір теріс жағы – тұрған қалыпта біздің бұлшық еттеріміз бен жүйке жүйеміз отырғандағыдай еркін, босаңсыған күйде болмайды екен. Осындай сәтте су ішу (яғни тұрып тұрғанда) бұлшық еттеріміз бен жүйке жүйеміз өзіне қажетті суды толыққанды ала алмайды. Оның салдары буындар қабынады. Тұрып тұрғанда суды тез ішетіндігімізден ол денеміздің сүзгіші – бүйрекке де артық салмақ болатыны тағы бар.
Адам аштыққа төзгенімен, шөлге 3 күннен артық шыдай алмайды. Жер шарының 70 пайызын су алып жатқаны сияқты, адам салмағының да 60-70 пайызын су құрайды екен.
Жайшылықта ересектерден күніне 1,5 литр зәр шығады екен. Одан бөлек терлеу арқылы және теріден тіке шығатын су мөлшерін қоссақ, шамамен сыртқа күнделікті 2-3 литр су бөлеміз. Демек осы көлемдегі су мөлшерін уақытылы толықтырып отыру аса маңызды. Мамандардың күніне кем дегенде 2 литр су ішу керек дейтіні сол.
Гүлзат ҚАНАТҚЫЗЫ,
№30 қалалық емхананың дәрігері:
– Су – қоректік заттарды, дәрумендер мен минералдарды дене жасушаларына тасымалдауға көмектесетін орта. Ол ағзадағы токсиндер мен қалдықтарды зәр мен тер арқылы тазартуға көмектеседі, бұл органдар мен тіндерді шаюға көмектеседі.Су ағзаның барлық метаболикалық процесіне, соның ішінде тағамның ыдырауына, ақуыздар мен көмірсулардың синтезіне және қандағы глюкоза деңгейін реттеуге қатысады.
Теріні ылғалдандыруға, тағамды жұмсартуға көмектеседі және ас қорыту процесін жеңілдетеді, іштің қатуына жол бермейді.
Ыстық күнде дене тер арқылы сұйықтықты тез жоғалтуы мүмкін, сондықтан жоғалған орынды толтыру үшін жеткілікті мөлшерде су ішу маңызды. Күніне кем дегенде 8 стакан су ішу қажет. Термен бірге ағзада натрий мен калий сияқты электролиттер жоғалады.
Ыстық күнде ағзаңызға мұқият болыңыз. Егер ауыз құрғап, бойыңызды әлсіздік билеп, бас айналып, зәріңіз күңгірт тартып, мөлшері де әдеттегіден азайғанын байқасаңыз, су ішуді дереу арттырыңыз.
Әр ағза әртүрлі екенін ескерген жөн, сондықтан бұл ұсыныстар нақты жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін. Егер сізде қандай да бір медициналық проблемалар немесе денсаулық жағынан ерекшеліктеріңіз бар болса, жеке ұсыныстар алу үшін дәрігермен немесе тамақтану жөніндегі маманмен кеңесуіңіз қажет.