Ерте замандардан жалғасып келе жатқан күй өнерін келешек ұрпаққа жеткізу, бояуын солғындатпай, бағасын түсірмей, ертеңге жалғау – бүгінгі буынның бірден-бір борышы.
«Күй – тәңірдің күбірі» деген жалғыз тұжырымнан-ақ ата-бабаларымыздың аталмыш өнерге қаншалықты мән бергенін аңғаруға болады.
Өкінішке қарай, қазір осынау қасиетті өнердің қадіріне жете алып жүргеніміз шамалы. Рас, танымал күйшілеріміздің соңғы үлгідегі дискілері шығып, талантты орындаушыларымыз күй өнерін дүниенің төрт бұрышына түгелдей танытуға мейлінше күш салып та жатыр. Дегенмен, «Сазды айырар – құлақ, сұлулықты айырар – көз» демекші, жалпы, қазақ қауымы бүгінде күйді түсінуден, қабылдаудан қалып бара жатқан сияқты. Мұның сыры – көпшіліктің эфирден де, күнделікті өмірден де жеңіл-желпі әуендерді көп тыңдап, соған әбден еті өліп кеткендігінде. Бір жағынан, кешегі Әбікен Хасенов, Қали Жантілеуов, Мағауия Хамзин, Төлеген Момбеков, Нұрғиса Тілендиев тәрізді табиғи тума таланттар тапшы. Шындығында, орындаушылық техникасы мықты жақсы домбырашылар бар. Бірақ Секен Тұрысбеков айтпақшы, «кереметтей үн жоқ. Дыбыс іздеуге талпыныс байқалмайды. Жастардың көпшілігі естігені бойынша, зырылдатып, бір сыдырғы ойнап шығады. Бәрі бір тектес, тура ро¬бот секілді». Міне, күйдің тыңдарман көңіліне қонбайтыны, көптің жанын баурамайтыны сондықтан.
Негізі, күйді де жү¬рекке салу керек. Бұл ретте, ұлы Абай: «Ойлы күйді тыңдағанда ақылдының сөзіндей» десе, дана халқымыз: «Ән айта алмаған абалайды, домбыра тарта алмаған сабалайды» дейді. Секен Тұрысбеков: «Күйге жақсы клиптер түсірілсе, жастар күйді бірден алып кетер еді. Онда да атпен ары шауып, бері шауып емес... Күйдің ішкі иіріміне, бояуына, жалпы, болмысына қарап отырып, «мына жерінде не айтқысы келген?» деген сұрақтарға жауап іздеп, тактілеріне үндестіре, сәйкестіре отырып тыңдатса, тыңдарман тарапынан «күйді түсінбейміз» деген әңгіме айтылмас еді» деген пікірде.
Жастардың бетін күйге бұру үшін кезінде ол «Көңіл толқынына» клип жасаған екен. Бірақ бұл жерде де мәселе қаржы-қаражатқа келіп тіреледі. Яғни «Әлгі клипті эфирден күнде жіберіп отыру үшін ай сайын пәленбай мың доллар төлеп отыруым керек екен. Ал менің өз дүниемді өйтіп насихаттағым жоқ. «Халыққа керек» дейтін болса, әрі-беріден кейін оны менен теледидардың өзі сатып алып, көрсетуі керек» дейді күйші-композитор.
Күй өнері тұрғысындағы тағы бір түйткіл партитура мәселесіне қатысты. Қазір облыс, аудандарды былай қойғанда, ауыл-ауылдың өзінде оркестрлер бар. «Жоқ» дегенде ансамбльдер құрылуда. Бірақ әндер мен күйлердің партитурасы тапшы. Үлкен оркестрлеріміздің өзі әлі күнге дейін қолмен жазылған қағазға қарап ойнайды. Осы жағдайдың өзі – намысқа тиетін-ақ нәрсе.
Секен Тұрысбековтің айтуынша, бұл жердегі мәселе мынада, яғни «Әрбір күйді оркестрге түсірудің өзіндік құны болады. Сонымен айналысқан адамның еңбегі бағалануы керек. Бізде таспаға түсірілмей жатқан дүниелер қаншама! Бір концерттің өзінде орындау үшін кемінде 20-25 шығарма қажет. Бұл мәселеде кез келген облыс, кез келген аудан көлеміндегі оркестрлер қатты қиналып жатады. Осы жағынан алғанда, жалпақ жұрт тегіс сусындайтын рухани азық болуы керек. Сондықтан біз өзімізде бар дүниені жарыққа шығарып, ортаға салуға тиіспіз».
Күйді жинау мен жарыққа шығару барысында ескерер бір жайт – көне мұраларымызды дұрыс елеп-екшеу мәселесі. Секен Тұрысбековтің бұл реттегі уәжі: «Тыңқылдаған дүниенің бәрі күй емес. «Көне сарын» екен деп, не нәрсені болсын, талғамай қабылдай беруге болмайды. Қай-қайсысын да формасына келтіріп, мүмкіндік болса, жаныңнан қосып, байытқаның абзал. Қатып қалған дүние жоқ. Күйдің бойынан сұлулық ізде. Ол адамның жанын жылытатын болсын. Белгілі бір нүктесіне әсер етсін. Күйдің құдіреттілігінің өзі осында».