ffin.kz

«Көбелек эффектісі»

«Көбелек эффектісі» mentoday.ru

Пияз дағдарысы тағы болуы мүмкін


Бір қарағанда, былтырғы Нидерландыдағы құрғақшылық, Пәкістандағы су тасқыны, Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыс және биыл Өзбекстандағы қыстың суық болуы секілді оқиғалар арасында байланыс жоқ секілді. Олардың пиязға мүлдем қатысы жоқ деп ойлауымыз мүмкін. Ал шындап келгенде, олардың арасында байланыс бар.


Биыл жылдың басында Қазақстанда күтпеген жерден пияз дағдарысы пайда болды. Кенеттен пиязға ішкі және сыртқы сұраныс артты. Ол тек бізді емес, Орталық Азия, Ресей, Иран және Пәкістан секілді елдерді де қамтыды. Сұраныс артқан соң баға да өсті.


Бірақ әлі күнге дейін пияз дағдарысының себебін ешкім ашық айтпай отыр. Ендеше, осы сұраққа жауап іздеп көрелік.



Біздің Үкімет қол қусырып отырмады


Биыл қаңтарда пияздың бағасын дереу реттеу керек болды. 18 қаңтарда «Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия» отырысы өтті. Онда ел аумағындағы пиязды өзге елге сатуды шектеу туралы шешімге келді.


Негізі пияз бағасы өткен жылы шілдеде өсе бастаған. Баға қысқа уақытта шарықтап 2 есе өскен. Сол кездің өзінде Ауыл шаруашылығы министрлігі пиязды сыртқа сатуды шектеу туралы ойлана бастаған. Бірақ шешім қабылданбады. Сол кезде Үкімет нарық өзін-өзі реттейді деп ойлаған болу керек.



Біз ғана қамданбадық


Пияз тапшылығынан туындаған дағдарыс көрші елдерде де байқалды. Бізбен ілесе Өзбекстан 20 қаңтарда пияз экспортын тоқтатты. Кейін Тәжікстан мен Қырғыз елі де көшке ілесті.


Дағдарыс Орталық Азия елдерімен бірге Иранды да шарпыды. Алайда, Иран экспортты тоқтатпаған болатын. Керісінше, пиязды сатқаннан түсетін табысқа салықты көбейтіп жіберді. Ирандағы дағдарыс экспорттың күрт өсуінен туындаған еді. Пияздың басым бөлігі Пәкістанға экспортталды. Бірақ Пәкістанның өзі пияз сатуда алдыңғы қатарлы ел болса, тапшылық қалай пайда болған?



Апат айтып келмейді


Былтыр маусымда жаңбырдан Пәкістан жерінің біраз бөлігін су шайып кетті. Одан 1600-ден аса адам мерт болып, пияз өсетін егістік алқаптар жарамсыз күйге түскен. Осыдан пияз өнімінің көлемі түсіп кетті. Пәкістан пиязды экспорттау түгілі, халқын қамтамасыз ете алмайтындай жағдайға жетті. Сондықтан сырттан сатып алуға тура келді.


Ираннан басқа, Өзбекстаннан да пияз импортталды. Бір қызығы, Өзбекстаннан пияз импорты қаңтар мен шілде айларында мардымсыз болған. Тамызда 2,3 мың тонна импортталса, қазан айында бұл көрсеткіш 9,7 мың тоннаға жеткен.


Биылғы Өзбекстандағы қатал қыс пияз нарығындағы жағдайды одан сайын нашарлатты. Қоймада сақталған өнім үсіп қалды.


Бұл оқиғаларды, Нассим Талебтің тілімен айтқанда «Қара аққу» деуге болады. «Қара аққу» деп он ұйықтаса да түсіңе кірмейтін, болжау мүмкін емес оқиғаларды айтады. Осындай қара аққулар бірлесіп «Көбелек эффектісін» жасауы мүмкін. «Көбелек эффектісі» Қытайдың бір жерінде көбелек қанатын қақса, Америкада тайфун болуы мүмкін дейді. Пияз дағдарысының себебі осында.



Пияз нарығына саясаттың да әсері бар


Өткен жылы Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс басталды. Қақтығыс Украинадағы пияз өсіретін алқаптарды тарылтты. Мұның әсерінен оны экспорттайтын елде тапшылық пайда болды. Оны үкіметі Нидерландыдан пиязды импорттау арқылы шешуге тырысты.


Алайда, жағдайды ұзақ уақыт реттеуге мүмкіндік болмады. Себебі, жазда Нидерландының өзінде пияз өсімі ақсаған. Онда егіс алқабын суаратын су көлемі азайған. Су тапшылығы пияз өсіміне әсер еткен.


Бұдан шығатын қорытынды – үкімет пияз нарығын үнемі бақылап отыруы қажет. Себебі, биылғы жағдай қайталануы мүмкін. Сондықтан пияз өнімділігіне әсер етуші табиғи факторлармен бірге, халықаралық жағдай мен сауда соғысы секілді дүниелерге де сақ болу керек.



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32