ffin.kz

Арық желілері Алматының инфрақұрылымында маңызды рөл атқарады

Арық желілері Алматының инфрақұрылымында маңызды рөл атқарады

Су арналарының жағдайын үнемі назарда ұстау қала көркі үшін ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін де маңызды. Арық желілерінің жасыл желектерді суаруда, жайлы микроахуал құруда да пайдасы көп.


 


Жақында Алматы қаласы Экология және қорша­ған орта басқармасы Алматының батыс бөлігіндегі (Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандары) арық желісі құрылысының жобасына талқылау жүргізді. Кездесуде жобаны жүзеге асыруға кірісу туралы тап­сырма берілді.


Мамандардың айтуынша, «Алматы қаласының батыс бөлігіндегі арық желілері мен нөсер кәріздерін салу және қайта жөндеу» жобалық сметалық құжат­тамасы аясында құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылдың 24 мамырында басталған. Бүгінде құрылыс жұмыстары ашық конкурстың нәтижесі бойынша Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы мен «SHEBERBUILD» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі мердігер ұйымы ара­сында жасалған келісім-шарт аясында жүріп жатыр. Жоба бо­йынша жалпы ұзындығы 119 шақырым арық желісіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажет жеріне жаңадан арықтар тарты­лады. Айта кетейік, екі жылдық мерзімге жоспарланған жоба аясында қала бойынша 376 шақырым арық желілерін салу және қайта құру көзделген. Нақтырақ айтқанда, 276 шақырым қайта жөндеуден өтіп, 100 шақырым жаңа су арналары салынады.


Қазіргі таңда Алматының арық желісінің жалпы ұзын­дығы 1525 шақырымды құрайды. 2020 жылғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінде аудандарға қарасты 1138 шақырым, аулалар аумағында – 245 шақырым, саябақ аймақтарында – 60 шақы­рым ұзындықты құрайтын арық бар.


Экология және қоршаған орта басқармасы мамандарының сөзіне құлақ түрсек, бұл бағытта заманауи технологиялар пай­далану қолға алынған. Айтуларынша, төтенше жағдайлар орын алған жағдайда, мәселен су басу учаскелерін жою қажет болған кезде, апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына дайындық ке­зеңінде коллекторлардың, жабық каналдардың жағдайын тексе­ру үшін робот құрылғылары қолданылады. Мәселен, жоғарыда айтылған коллекторлар мен каналдардың құрылыс жұмыстары аяқталған соң, оларды тексеру жұмыстарында да осы роботтар­ды қолдану жоспарлануда.


Бүгінде Алматыда барлығы 16 коллектор бар. Бірақ олар­дың 12-сі істен шыққан, апаттық жағдайда болатын. Басқарма мамандары жоғарыда аталған жоба аясында ұзындығы 16,2 шақырым болатын 12 коллекторды қайта қалпына келтіру жұ­мыстарын жүргізгенін айтып отыр. Жалпы, арық желілерінің негізгі мақсаты – жаңбыр мен еріген қар суын қолданыстағы өзендерге бұру немесе коллекторлық дренаждық желілерге қосу екені белгілі.


Жасыратыны жоқ, көктемде еріген қар мен жаңбыр суы арнасынан асып, көшелерді көлге айналдырып жататын жағ­дайлар, өкінішке қарай кейде орын алып жатады. Сондықтан қала аймағындағы арық жүйелеріне толыққанды жөндеу жүргізіп, су арналарының санын көбейтуді кезек күттірмейтін мәселе деп айтуға болады. Ал егер бұл жұмыстар нәтижелі болып, айтып келмейтін апаттардың алдын алуда пайдасын тигізіп жатса, ешкім қуанбаса, ренжімейтіні анық.



ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ


Көше бойымен сылдырап ағып жататын арықтар қала тарихының бір бөлігі іспеттес. Бірақ біз сол арықтарға мән беріп қарамаймыз. Ал аға буын өкілдері Алматы арықтарынан ағып жататын су сыбды­рының өзі ерекше күйге бөлейтінін айтып, сағына еске алады. Кіші Алматы өзенінен бастау алып, Абай даңғылымен төмен қарай зулай ағатын арықтар жайында алматылықтар өздерінің әсерлі естеліктерімен бөлісіп, біз білмейтін деректер айтты.



Сыпайы ЖОЛСЕЙІТОВА,  зейнеткер:


Арықпен ағып келген алмаларды  жей беретінбіз


1968-1972 жылдары шет тілдері институтында оқыдым. Біздің студент кезімізде, Алматының арықтары кере­мет еді ғой, шіркін! Шаршаған кезде құрбыларымызбен арықтың жағасына отыра қалып, әңгіме-дүкен құратынбыз. Мөлдіреп ағып жататын судан құдды бір әннің әуені естілетіндей болатын. Ол кезде жастар да өте мәдениетті еді. Үлкендердің ескертуіне ешқашан ренжімейтін. Кейде тіпті, арықпен бірге ағып келген алма, өріктерді алып еш ойланбай жей беретінбіз. Арықтағы сулар тұп-тұнық болатын. Қазіргі арық желілеріне онша күтім жоқ. Әсіресе, жеке секторларда, жол бойындағы арықтарда тұрмыстық қалдықтардың жататынын жиі байқаймын.


 


Аман НҮСІП, қала тұрғыны:


Жастығымның куәсі


Біздің студент кезімізде көше бойындағы арықтарда мөлдір су еркелей сылдырап ағып жататын. Қазір қала заманға сай дамып жа­тыр. Дегенмен, сол кездегі арық­тар секілді үздіксіз су ағып жата­тын су арналары қазір аз. Бұл енді мүлде бұл бағытта жұмыс жүр­мейді деген сөз емес. Мәселен, мен күнде жұмысқа барарда Ма­саншы көшесінің бойымен жаяу жүремін. Арық толы болмаса да, суы тап-таза ағып жатыр... Бұл арықтар менің жастығымның куәсі. Осы тұста арнайы маман­дарға айтар өтінішім, жеке сектор­дағы көшелердің бойына арық желілерін міндетті түрде жүргізі­луін қадағаласаңыздар екен. Қала билігі бұған бей-жай қарамайды деп сенеміз.


 


Бағдат МАҚСАТҰЛЫ, жеке кәсіпкер:


Көшеге сән береді


Арық желілерін тек жаңбыр суын ағызатын нысан ретінде ғана қарастыруға болмайды деп ойлаймын. Алматының арықта­ры көше бедерінің айрықша бөл­шегі. Олар көшеге сән беріп қана қоймай, халықтың қолайлы өмір сүруі үшін қызмет етіп тұр. Үл­кен ағаштар жерасты суымен қоректенетінін ескерсек, арық­тардың жасыл желекті суаруда да маңызы зор. Арық желілері біріншіден, ауаны ылғалданды­руға септiгiн тигiзсе, екiншiден, қала көшелерiн су басудан сақ­тайды. Сонымен қатар, жасыл- желек суарып, ауа құрамын дұ­рыстауға жәрдемдеседі. Сондықтан қала көшелерінің барлығында су арналарының бо­луы тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:47

17:15

16:46

16:16

15:45

15:15

14:44

14:14

13:02

12:45

12:22

11:49

11:11

10:50

10:09

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43