Ғарыштық технологиялар мен жабдықтардың ІІ Халықаралық байқауы өтті
Биыл Қазақстанның Ұлттық аэроғарыш агенттігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осынау мерейтой аясында жас өнертапқыштар Сәтбаев университетінде бас қосып, «Kazakhstan Smart Space» атты ғарыштық технологиялар мен жабдықтардың ІІ Халықаралық байқауына қатысты.
Бүгінде адам баласының қашықтағы ғарышқа қол созып, оның сан ғасырлық құпиясын білсем деген арманы толық орындалмаса да, зерттеу жұмыстары бір сәт те тоқтаған емес. Бүгінгі ақпараттық заманда өмір сүріп жатқан жас ұрпақтың аспан денелерінің, астрономияның құпиясын білсем деген талпынысы тым ерекше. Бір қуанарлығы, «ғарышқа ғашық» жастардың қатарының артып отырғаны. Аталмыш байқауға Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның 59 оқу орнынан студенттер мен мектеп оқушылары қатысып, өздерінің ғылыми жобаларын ұсынды. Байқаудың ашылу салтанатында «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ғылыми орталығының» Басқарма төрағасы Марат Нұрғожин, «Қазақстандық жобаларды басқару» институтының президенті Олег Парахин сөз сөйлеп, жас таланттар ашқан жаңалықтардың еліміздің келешегі үшін маңызы өте зор екеніне тоқталды.
– Жастардың шығармашылық дарыны мен олардың келешегі, зор идеялары бүкіл шараның өзегіне айналып отыр. Байқау шартына сай жас инженерлер жас шамаларына қарай 3 шығармашылық және бір конкурстық номинацияда сынға түсті. Әрбір жобаның өзіндік ерекшелігі бар. Тіпті, қиялдарының ұшқыр екендігіне, өте дарынды екеніне тәнті болып отырмын. Бұл елімізде мықты инженерлердің қатары артып, өнертапқыштардың жаңа легінің өсіп келе жатқанын көрсетеді, – деді Марат Нұрғожин.
Жас өнертапқыштардың қиялынан туындаған ғылыми жаңалықтар дәл бүгін болмаса да, келешекте ел игілігіне жарары сөзсіз. Мәселен, «Сумо» жекпе- жегін көрсеткен роботтардың өнері жиналғандарға тамаша әсер қалдырды.
Екі күнге созылған байқау бағдарламасы да қызықты болды. Бұл күні жарыс қонақтары мен мектеп оқушылары Сәтбаев университетінің кампусымен танысты. Ұ.Сыдықов атындағы коворкинг орталығын, Минералдар галереясын, Тарихи мұражайды, Қазақстан технологияларын дамыту мұражайын және университет кітапханасын аралады. Сонымен қатар, ғарыштық квест пен ғарыш индустриясында және басқа да жоғары технологиялық салаларда мектеп пен студенттік кәсіпкерлікті дамытуға арналған халықаралық семинарға қатысты.
Ұйымдастырушылар ғарышқа қанат қаққысы келетін жас ұрпақтың талпынысы мен қызығушылығына қолдау білдіріп, олардың жобаларының маңыздылығын бағалады. Жалпы, бізге құпиясы беймәлім спутниктік байланыс, навигация, метеорология, өнеркәсіп, тіпті медицина саласының өзі ғарыштық технологияларды қолданбаса, біздің мына өмірдегі тіршілігімізді елестету қиын. Аталмыш байқау биылғы аэроғарыш агенттігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгендіктен, «Ғарыш саласының динамикалық инновациялары мен базалық салалары. Проблемалар, әлеует және болашақ: Қазақстан – 2023–2030» атты тұңғыш халықаралық конференциямен қатар өтіп отыр.
Аталмыш конференцияға «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясы, Алматы қаласы білім басқармасы, ҚР ҰҒА Аэроғарыш комитетінің және «Kazakhstan Space Travel» компаниясының өкілдері қатысты. Конференция барысында Қазақстанның практикалық мәселелерін ғарыштық технологиялар көмегімен шешу, Қазақстанның ғарыш саласы үшін кадрлар даярлау мәселесі талқыланды.
Тақырыпқа орай
Ерлан ТАШТАЙ, техника ғылымының кандидаты:
– Жастарымыз үшін үлкен маңызды шара өткізіп жатырмыз. Біз ғарыш технологиясын енгізуде басқа мемлекеттер сияқты өз саламызды дамытуды көздеп отырмыз. Ол үшін осы салаға жастарымызды ынталандыруымыз керек. Осындай алаңдарда жастарымыздың жасаған макеттерін, ашқан жаңалықтарын ортаға салып талқылайтын болсақ, ертең олардан танымал ғалым шығары сөзсіз. Біздің елімізде ғарыш мамандарын даярлайтын 4 оқу орны бар. Соның бірі – біздің университетіміз. Байқауға 100 команда қатысса, олардың 52- сі ақтық сайысқа жолдама алды. Ғылыми жобалары үздік деп танылған жас өнертапқыштар қаржылай сыйлықпен марапатталып, оқушылар оқу грантына ие болады.