Бауыржан Момышұлы: «Соғыс – адамзат өмірінің ұлы трагедиясы, өмір мен өлім арасындағы қыл көпір», – демекші Ұлы Отан соғысының қанды тырнағына қазақтың қара көздері де ілігіп, ресми деректерге сенсек, бір миллион екі жүз мыңнан астам қазақстандық әскерге шақырылып, оның 600 мыңнан астамы елді қорғау ісінде қан төгіп, ер жүрек батырларымыз қаза тапты, арасында із-түзсіз жоғалғандары қаншама. Елім деп кеудесін оққа тосқан батырларымыз қан кешіп жүріп, ерлік істерін үлгі етіп қалдырды, құрбан болған қыршын ертеңгі жастарға бақыт әперу үшін ар-намысын ту ғып ұстап, абыроймен ел алдындағы борышын өтеді, бізге – болашақ ұрпағына бейбіт өмірді қалдырды, Ұлы Жеңісті алып келді.
Қазіргі таңда осы батырлардың ерлігін жазып, ұрпақтары мақтаныш сезіммен айтып жүретіндей, тәрбие, үлгі-өнеге алатындай сөз қалдырған дұрыс. Патриотизм, отбасын қадірлеу, үлкенді сыйлау, жақсыдан үлгі алу, бауырмалдық сияқты құндылықтарды жастардың бойына сіңіру қажеттілігі туындауда. Өйткені заман ағымына қарай жастардың бойындағы құндылықтар өзгеріп, ненің дұрыс-бұрысын ұғыну қиын болып барады.
Бала кезімде (өткен ғасырдың сексенінші жылдары) Ұлы Жеңіс мерекесін керемет тойладық: мереке алдында ұстаздарымыз ауылдағы ерлердің ерлігі туралы әңгіме сағатын өткізіп, ардагерлер шеруінде соғыс батырларына гүл шоқтарын ұсынатынбыз. Әрбір батырдың соғыс, онда жасаған ерлігі, шайқастағы оқиғалары, Ұлы Жеңіске жету жолы туралы қызықты әңгімелерді өз ауыздарынан естіп, сырттай болса да қанды балақ шайқастың куәгері болып, ауылдастарымыздың ерлік ісін мақтан етіп айтып жүрдік. Осылай бала кезімнен қалам мен қаруды қатар ұстаған Қасым атамыздың «Жау тылындағы бала» шығармасындағы жалынды сөз суреттері мені соғыс тақырыбына тартатын, ерлік тақырыбы қатты қызықтырды.
Өзімнің атам – Мамаев Қасымбайдың соғыс ардагері, екінші топтағы соғыс мүгедегі екенін де білетінмін. Қасымбай атам ерекше тұлға еді: пейілі кең, жомарт, сөзге сараң, мінезі тұйық, ішкі сезімін ешқашан сыртқа шығармайтын, балажан, мейірімді. Таңертең ерте тұрып самауырынды қайнатады да тапшанның үстінде бір нүктеге көзін алмай қарап отырып, терең ойға шоматын. Ол ой кейде сағатқа, кейде жарты күнге созылатын. Қасына келіп, сыр шерткісі келген адамдарға тек қысқа «Шүкір, қарағым, бәрі жақсы», – деп жауап қайыратын. Ары қарай сөзді жалғастырмай, қайтадан іштей ойға батып отыра беретін. Соғыс тақырыбын қозғағым келіп балалықпен: «Ата, соғыста қанша немісті өлтірдің?» деп сұрағанымда: «Сендер ондайды көрмеңдер, «соғыс» деген бәленің атын атама. Шайқас даласында соғысқа кеткендердің 33 пайызы қалды, мен сияқты талай жас жау оғынан мерт болды. Солардың арасында жүріп сендердей ұрпақ сүйемін деп ойламадым. Шүкір», – деп жауап қайтаратын еді.
Кейін уақыт өте келе соғыстан алған контузиясы мен жарақатының салдарынан атамның денсаулығы нашарлап, төсек тартып жатып қалды. Кішкентай немерелері атамды мазақтап үйге кіре сала; «Сержант Мамаев», –деп айқай салғанында атам ауырып жатқан жерінен: «Сержант Мамаев по вашему приказу прибыл», – деп атып тұра қалатын. Осылай соғыс жайлы еш сыр тарқатпастан атам 2005 жылы көз жұмды.
Кейін ес кіре әкемнен сұрағанымда маған атам туралы қызықты бір әңгімесін айтып берген: «Ұлы Отан соғысына Мамай атам мен ұлдар әжем үш ұлын аттандырып, үшеуі де елге аман-есен оралған. Кейбіреуі жалғыз тұяғынан хабар келмей зар жылап хабар күткенде Мамайдың үш ұлы (үлкені – Рахымбай, ортаншысы – Сырғабай, үшіншісі – Қасымбай) елге Жеңіс туын көтеріп келген. Сонда үш ағайынды бас қосып отырғанда ең қатты жараланған (атамның жүрек тұсына оқ тиіп, жарықшағы денесінде қалған) кішісі Қасымбайды ортаға алып: «Қасеке, осы сен ұйықтағанды жақсы көруші едің. Соғыста бір бұтаның түбінде қорылдап ұйықтап жатқаныңда немістер келіп атып кеткен шығар?!», – деп қалжыңдайтын. Сонда Қасымбайдың берген жауабы: «Әй, Сырғабай, сен артиллерияда катюшаның артында тұрып: «Атыңдар», – деп қолыңды көтергенде сұқ саусағыңа ғана оқ тиген, өзің немістің төбесін де көрмедің ғой. Біздің мотоатқыштар ротасында қолда қару да жоқ, штык-ножды қолға алып, бір кружка спиртті сылқытып, неміспен қоян-қолтық ұрысқа түскен сәтіміз болған». Әкемнің осы әңгімесінен кейін атамның не үшін соғыс туралы әңгімені қозғамай, көп ойға шоматынын, салдары денсаулығына ғана кері әсерін беріп қоймай, сол кездегі жас бозбаланың бүкіл ғұмыры бойы соғыс зардабы жүрегінде қара тас болып қатқанын түсіндім. Табиғатынан жауына қиянат жасамақ түгілі, жаман сөз айтпайтын, кешірімшіл, мейірімді атам соғыста өз қолынан құрбан болған жауды да ойлай ма екен? Баласына «тәйт» деп көрмеген кең пейілді атам жауға қаруды қалай көтерді екен?! Кім білсін?!
Кейін уақыт өте келе туған-туыстардан аталарым туралы келесі деректерді анықтадым:
Мамаев Рақымбай (1908-1983) 1943 жылы соғысқа аттанып, үш рет жараланған. 1945 жылы Урбах маңында дұшпанның шабуылын тойтару кезінде жаудың артиллериялық атысына қарсы атыс жүргізіп, жаудың 1 станогті пулеметі мен бөлім солдаттарын жойғаны үшін 4-батарея минометшісі ретінде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін», «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Кеңес әскері құрамында неміс басқыншыларынан Украина, Шығыс Еуропа халықтарын азат етуге ат салысып, Ұлы Жеңісті Берлин қаласында қарсы алған.
Мамаев Сырғабай (1915-1979) 1939 жылы әскерге офицер атағымен шақырылып, 16-артиллериялық миномет полкінде оқып, Украин майданында атқыштар полкінде рота командирінің көмекшісі қызметін атқарады. Жауды тықсыра жеңе отырып Берлинге дейін барып, Жеңісті майдандастарымен бірге қарсы алады. Штабтың бұйрығымен Берлинде почтамтты басқарған. Қазақ ССР педагогикалық қоғамының мүшесі болған.
Мамаев Қасымбай (1920-2005) соғыстан бұрын Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп жүріп соғысқа кеткен, 1942 жылы шынтағынан жараланып елге оралады да, 1943 жылы соғысқа қайта сұранып екінші рет соғысқа аттанған. Екінші рет барғанында Сталининград майданында 47-атқыштар полкінің құрамында пулеметші болған. І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады.
Нағашы атам, Төленов Ынтықбай (1923-1975), 1941 жылы соғысқа аттанар алдында офицерлер дайындайтын курсты бітіріп, Курскіде офицерлік қызмет, соғыстан кейінгі жылдары НКВД (Народный контроль внутренних дел) қызмет атқарған, Луговой ауданының депутаты болған. Соғыста алған жарақатының салдарынан ұзақ жылдар бойы зардап шегіп, дәрігерлер денесінен оқтың жарықшағын ала алмай қайтыс болған. «Ерлігі үшін», «Еңбек үздігі» ордендерімен марапатталған.
Осылай сұрапыл соғыста қолына қару алып, отты майданға аттанып, жаудың бетін қайтарған аталарымның соғыс кезіндегі ерлігі, соғыстан кейін елді қалпына келтіру ісіндегі адал еңбегі және тек сурет бетінде қалған жарқын бейнелері ұрпақтарымен бірге жасайды. Ұрпақтарына жүз жылдық азық болатын жақсы атын қалдырып қана қоймай, бейбіт ғұмырды сыйлаған, ұрпақ үшін қан төккен аталарымыздың жандары мәңгілік Жәннатта болсын, аманаттарын бұлжытпай орындайтын ұрпағына иман берсін!!!
ҚР ҰҚК Шекара академиясының профессоры,
подполковник Г. Мамаева