ffin.kz

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ

ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖОЛЫ: ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ ОТЫЗ СӘТІ almaty-akshamy.kz

Жаңа қоғамға өтудің, қуатты мемлекет құрудың негізгі тетігі – саяси тұрақтылық.


Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.



 


2002 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен құрылысы басталып, Елбасының сызба-нұсқасымен салынған, бүгінде Елорданың символына айналған «Астана – Бәйтерек» монументі ашылды. Алып «Бәйтерек» тәуелсіз Қазақстанның нышаны, қазақ халқының қайта өрлеуінің, менмлекеттілігінің  символы. Осынау бірегей сәулет құрылысының биіктігі – 105 метр, салмағы 1000 тонна. Металл конструкцияға 500 қада тірек болып тұр. Диаметрі 22 метр және салмағы 300 тонна болатын, күн сәулесіне қарай түсін өзгертетін «құбылмалы» шар 97 метр биіктікте орналастырылған. Ал, «Бәйтеректің» ең төменгі қабаты   4,5 метр тереңдікте. Панорамалық лифт арқылы  әйнек «шарға», яғни ең биік шыңы жұмыртқаға қарай көтеріліп, «құс ұшатын» биіктіктен тәуелсіз Қазақстанның заманауи жаңа астанасындағы толайым  өзгерістерді бағамдауға болады. «Аялы алақан» композицияға қол тигізсеңіз  Қазақстанның Мемлекеттік Әнұран орындалады.



2002 ЖЫЛДЫҢ  БАСТЫ  ОҚИҒАЛАРЫ


 



  1. І  Еуразиялық  медиа-форум

  2. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

  3. Тараз қаласының 2000 жылдығы

  4. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК)  І   Саммиті.

  5. Дүние жүзі қазақтарының ІІ Құрылтайы.


 


Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаевтың  2001 жылғы 30 желтоқсандағы № 751 Жарлығымен Қазақстан халқының денсаулық жай-күйін жақсарту, денсаулық сақтау жүйесін қолдау және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 2002 жыл – Денсаулық жылы болып жарияланған болатын. Бұл республикада медициналық қызмет көрсету сапасын  жақсартуға, халықтың денсаулық сақтау мәдениетін арттыруға  бағытталған маңызды шешім еді. Денсаулық сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру саласында, аграрлық секторды, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және т.б. бағыттарда кезек күттірмес шаралар қолға алынды. 


Еліміз Тәуелсіздігінің алғашқы он жылында  экономикалық бағытта  сапалы дамуға қол жеткізгеніне  АҚШ пен Еуропа Одағы елдері  осы жылдың басында Қазақстанды нарықтық экономикаға енген ел ретінде мойындағаны дәлел бола алады.


Сыртқы саясатта  Қазақстан мен Ресей Каспий теңізінің солтүстік бөлігін межелеу жөніндегі келісімге қол қойды. Осы кезеңді халықаралық экономикалық ынтымақтастықты, елішілік экономикалық дамудың тиімділігі мен сапалық деңгейін арттыруға бағытталған  тың үрдістер жылы болды деп те тұжырымдайды сарапшылар. Сондай нық қадамдардың бірі  ретінде  Елбасы Жарлығымен мұнай-газ саласында  мемлекеттік саясатты жүргізудің стратегиялық тиімді құралы  – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрылуын айтсақ та болар. «Саяси партиялар туралы» Заң қабылданды. Елдегі демократиялық бағдардың көрінісі ретінде оппозициялық бағыттағы «Ақ Жол» демократиялық партиясы дүниеге келді. Спорт әлеміне келсек, Азия футбол конфедерациясынан өз еркімен шыққан Қазақстан бұл жылы  УЕФА құрамына өтті. Ал, еліміздің ішкі тыныс-тіршілігінде Алматы – Нұр-Сұлтан және Алматы – Шымкент бағыттарында тұңғыш  жүрдек темір тұлпарлар – «Тұлпар-Тальго» пойыздары қатынай бастады. Жаңадан құрылған Үкімет басына И.Тасмағамбетовтың  келуімен  үш жылдық жоспарлау жүйесі  енгізілді. 2002-2004 жылдарға Үкімет бағдарламасы қабылданды. Мемлекет басшысының тіке тапсырмасымен  әлеуметтік-экономикалық салаларда  нақты  кешенді жобаларға басымдық берілді. Алғашқы үш жылдық межеде  ауыл-селоларды  қолдау мақсатында   бюджеттен 24 млрд.теңге  бөлінді. Мұның өзі ауыл шаруашылығында, жалпы экономикада ықпалды реформалар жүргізуге мүмкіндік берді.


22  қаңтар


Мемлекет басшысы   Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы Г.А. Рапотаны қабылдап,онда ЕурАзЭҚ мүше елдердің қарым-қатынасындағы  өзекті  мәселелер  талқыланды.


 11-14 ақпан


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанға ресми сапары аясында  Үндістан Республикасының Президенті Кочерил Раман Нараянмен, Премьер-министр А.Б.Ваджпаимен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарлдың бұл жаңа кезеңі Нью-Делиде Абай Құнанбаев атындағы көшенің ашылу салтанатымен жалғасты. Көше «Абай Мардж» деп аталады. «Мардж» сөзі  жол немесе көше дегенді білдіреді. Сол елде  қолданылатын тілдік ережелерге сәйкес көше атауы  хинди, ағылшын, пенджаби және урду тілдерінде жазылған.


      


20 ақпан


Қазақстан Республикасы Президентінің  өкімімен «ҚазМұнайГаз» компаниясы құрылды. Компанияның 100% иесі "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ.  


28 ақпан


Қазақстан,Өзбекстан,Қырғызстан,Тәжікстан  мемлекеттері басшылары  Алматыда бас қосты. Саммитке қатысушылар   Орталық Азия ынтымақтастық ұйымын құру  туралы  Шартқа қол қойды. 


- 28 ақпан - Алматыда Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары «Орталық-Азиялық ынтымақтастық» ұйымының құрылуы туралы шартқа қол қойды;


 13 наурыз


Нұр-Сұлтанда (Астана) Қазақстан жур­на­лис­тері­нің бірінші конгресі болып өтті. Онда  Президент   БАҚ-тағы мемлекеттік тіл жөнінде  ой қозғады. Елбасының ақпараттық тілді мемлекеттік тұрғыдан қолдау жөнін­дегі тап­сырмасының тарихи мәні зор  болды. Қазақ тіліндегі ха­бар­лардың үлесі барлық бағдарламалардың елу пайызын құрауы тиістігі  жөнінде талап қойылуы  тәуелсіз мемлекеттің рухани өмірі­ндегі маңызды жеңіс болды.


26 наурыз


Америка Құрама Штаттары  Қазақстанға нарықтық экономикалық бағдарлы  мемлекет мәртебесін беру туралы мәлімет жариялады. Бұл  мәртебе бір жағынан елге инвесторларды тартуға жол ашатын  мүмкіндік берсе, екінші жағынан,  Қазақ Елінің халықаралық имиджін көтерген бағалау еді.


8 – 9 сәуір


   Елбасы Алматыда өткен ІІ  Еуразиялық экономикалық саммит жұмысына қатысты. Давос форумының қолдауымен өткізілген алқалы жиында  әлемнің 40 мемлекетінен саясаткерлер мен бизнес өкілдері бас қосып, аймақтық стратегия айналасында ойларын ортаға салды.Форумға қатысушылар  Қазақстан ортаазиялық аймақта инвестиция құюға ең тиімді де қолайлы ел екендігін атап өтті. 


13 мамыр


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Ресей Президенті  Владимир Путинмен  кездесті.  Мәскеудегі бұл кездесу мен келіссөз аясында  екі елдің экономикалық әлеуеттерінің  өзара тиімді бағдарлары бойынша маңызды  шешімдер қабылданды. Каспийдің Ресей мен Қазақстанға қатысты солтүстік бөлігінің табанындағы екі елдің арасындағы өзекті мәселеге айналған көмірсутегі шикізатын пайдалану мәселесінде мемлекеттер басшылары екі жаққа да тиімді шешім қабылдады. 


4  маусым


Мемлекет басшысы Алматыда ашылған   Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ( АӨСШК)  І саммитінің  ашылуына қатысып,сөз сөйледі. Бұл  АӨСШК саммиті оған қатысушы 16 елдің, БҰҰ, Араб мемлекеттері лигасы және т.б халықаралық ұйымдардың  басын біріктірген  Қазақ Елі дипломатиясының әлемдік деңгейдегі тамаша жетістігі  болды.Саммит қорытындысында АӨСШК декларациясы мен Алматы акті қабылданып, жалпы өркениеттілер әлемінің өзара диалогына, Азия континентіндегі халықаралық қарым-қатынастың жаңа дәуіріне жол ашты.  


7 маусым


Санкт-Петербург қаласында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер басшыларының  саммиті өтті. Алқалы басқосуда  Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хартиясына, Аймақтық терроризмге қарсы құрылым жөніндегі Келісімге және Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер басшыларының Декларациясына қол қойылды.


 3 қыркүйек


Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Оңтүстік Африка Республикасында өткен Тұрақты даму жөніндегі саммитінің жұмысына қатысты.


9 қыркүйек


Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімовты қабылдады. Басты  тақырып – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы болды. Екіжақты кездесу қорытындысына сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік шекараны заңды тұрғыдан межелеудің аяқталуын аса маңызды тарихи оқиға деп бағалап,  «даулы телімдер» туралы мәселеге толықтай және нақты нүкте қойылғанын мәлімдеді.


25 –  26  қыркүйек


Қазақ мәдениеті мен руханиятының  дүбірлі мерекесі – ЮНЕСКО аясында Тараз қаласының  2000 жылдық мерейтойы тойланды.  Мерекеге   қатысқан Елбасы  оның ашылуында сөз сөйледі.


 


5-6 қазан


 Тәжікстанда Орталық Азия ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшыларының төртінші кездесуі  аясында өткен Аралды құтқару халықаралық қорының отырысында  Арал экологиясына қатысты мемлекеттераралық маңызды мәселелер қаралды.  


17  қазан


Мемлекет басшысы  Қазақстанға ресми сапармен келген  БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннанды  қабылдады. Бұл  жалпы  БҰҰ  Бас хатшысының  Орталық Азия мемлекетіне жасаған тарихи тұңғыш сапары еді. К.Аннан өз сапарын қорытындылай келе: «Қазақстан нарықтық экономикаға өтпелі кезеңде  зор нәтижелерге қол жеткізгенін, көп этносты елдегі  ішкі тұрақтылықты  сақтай алғанын, ядролық қарусыздануды  батыл  қолдайтын, аймақтық қақтығыстарды болдырмаудың жолы мен жөнін  білетін көшбасшылық қабілеттілігі бар мемлекет ретінде танылғанын» ерекше атап өтті.


23 – 24 қазан


Дүниежүзі  қазақтары қауымдастығының Төрағасы  Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының ІІ Құрылтайының  ашылуына қатысты.  Құрылтайға  әлемнің 40-қа жуық елінен 400-ден астам делегат  келді. Елбасы тұжырымдағандай, «бұл құрылтай қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқандығының белгісі» еді. Жиында «2003-2007 жылдары шетелдердегі отандастарды қолдау туралы» мемлекеттік бағдарлама жобасы талқыланды.


24 – 26 қараша


Алматыда  бірінші  Еуразиялық медиафорум өтті. Оған әлемнің отызға жуық  елдерінен тіркелген  жетекші ақпараттық агенттіктерден 200-дей журналист қатысты. Сондай-ақ  форумда белгілі саясаткерлер, экономистер мен сарапшылар да бас қосты. Алқалы жиында  бұқаралық ақпарат құралдарының замана үрдісіндегі саяси, мәдени және әлеуметтік маңызы мен рөлі пысықталып, айқындалды.  


23 желтоқсан


Елбасы  Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Екіжақты келіссөздер нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзэминь Қытай мен Қазақстан арасындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа  және басқа да  бірқатар маңызды  құжаттарға қол қойды.


27  желтоқсан


Нұр-Сұлтанда (Астана) «Орталық Азия ынтымақтастығы» (ОАЫ) ұйымына мүше мемлекеттер  Президенттерінің    саммиті  ашылды. Оған  Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Өзбекстан Республикасының Президенттері ОАЫ алдында тұрған міндеттердің және, бірінші кезекте, өңірдегі қауіпсіздік, Орталық Азияда көп қырлы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ ОАЫ елдерінің халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша халықаралық ұйымдарда өзара ықпалдастығының мәселелері секілді өңірлік өткір проблемалар бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын егжей-тегжейлі талқылап, бірлескен Коммюнике қабылдады.


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 50 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМАЛАРЫНАН:


 


2002 жылы  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан  Назарбаевтың  төмендегі маңызды  ұсыныс-бастамалары халықаралық деңгейде қолдау тапты:



  • РФ және ҚР шекаралас аймақтар басшыларының форумын өткізу туралы бастама;

  • Алматы актісіне 4-маусымда АӨСШК-тің алғашқы саммиті барысында қол қойылды.  ҚР-ның АӨСШК-ке төрағалық етуі. Елбасының 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында АӨСШК құру туралы идеясын жариялауына байланысты 5 қазан АӨСШК күні болып жарияланды; 

  • 26 тамыз-4 қыркүйек аралығында БҰҰ аясында Әлемдік экологиялық проблемалар тізбесін жасау және Халықаралық Аралды құтқару қорына БҰҰ институтының мәртебесін беру –Тұрақты даму жөніндегі Йоханнесбург саммитінде (ЮАР) ҚР жасаған ұсынысы;

  • Еуразиялық конфессияаралық бейбітшілік пен келісім хартиясы туралы ұсыныс – ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының IX сессиясында сөйлеген сөзі.


 


СТАТИСТИКА:


2002  жылы Президент республика өңірлеріне 18  рет, шет елдерге  17  рет ресми  сапарға шықты.  Бір жыл ішінде барлығы  92  Заң қабылданып,  251  Жарлыққа қол қойылды.




ЖЫЛ ТҮЙІНІ:


2002  жылды  қорытындылаған сарапшылар  тұжырымдарына сүйенсек, ағымдағы жылы  экономикалық өсім  қарқыны  бойынша Қазақ Елі  әлемнің тұрақты да тиянақты дамушы елдерінің  санатына  енді.  Жалпы, жыл бойы  жүргізілген жүйелі реформалардың нәтижесінде елдің  әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі  өрлеу үстінде болғанын айту керек. Қазақстан  үш жыл қатарынан  ТМД  мен  орталық және  оңтүстік-шығыс Еуропа    елдерінің   арасында   көшбасшы ретінде танылды. Ал, Америка Құрама Штаттары 2002 жыл қорытындысы бойынша Қазақстанға  «нарықтық экономикасы дамыған  ел»  мәртебесін берді. 




                                


 


 





 


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04