Байырғы қазақ жас ананы балапандай мәпелеп күткен, оның денсаулығына, ас-суына айрықша мән берген. Босанған келіншек пен дүниеге жаңа келген нәрестенің құрметіне мал сойып, қалжа еншілеген, демек қалжа – жас ана мен сәбидің сыбағасы. Қалжа – 9 ай, 9 күн жүкті болып, өмірге адам алып келген әйелдің денсаулығын қалпына келтіретін, күш-қуатын арттыратын тағам.
Қазіргі қазақтың да қалжа туралы білетіні бір тоғыз, дегенмен осы дәстүрмен дәріптелген қамқорлыққа мән бермейтіндер де баршылық. Қалжа дегенді тек сұйық тамақ ішу деп түсінетіндер де бар. Бір өліп, бір тірілген толғақтан жаны аман қалып, өмірге сәби әкелген анаға деген осы құрмет пен қамқорлық неден пайда болған, қалжаның шығу тегі қайдан дегенді кей адамның біле бермейтіні де белгілі.
Қалжаның төркіні – қалжырау
Соңғы кезде қалжаны келіннің төркіні әкелу керек деген де пікір айтылып жүр, бұл қаншалықты дұрыс деген сұрағымызды этнограф Досымбек Қатранұлына қойған едік, ол кісі былай дейді:
«Келін төркінінде емес, келген жерінде босанады, сондықтан дүниеге келген адам мен босанған әйелдің құрметіне мал сойылып, қалжа дайындалады. Ал келіннің төркіні қосымша мал сойып әкелуіне болады, бірақ ол қалжа емес, қалжаны келіннің келген жері беруі керек. Жалпы, қалжа деген не өзі? Қалжаның төркіні – қалжыраудан шыққан. Толғағы ауырлау болып, қиналып босанған, әлсіреп, қалжыраған әйелге сойылған малдың бауыздалғаннан кейінгі тазарған қанын майға қуырып беретін болған. Қан – калориясы көп, кенеулі тағам, тез ширасын, белі бекісін деп қанды қуырып берген, қанды харам деп жатады ғой, негізі қан түгелімен харам емес. Халифа Алтай аударған Құранда да бауыздау қанды харам деген, соны анықтап сұрағанымда ол кісі кітапта не жазылған болса соны ғана аударып бердім деді. Өзіміз де малдың бауыздалғандағы қанын 3-4 секундтай ағызып жібергеннен кейінгісін алып, күріш, май қосып пісірген әсіп, қимай тәрізді тағамды жеп өстік. Қалжаланудағы маңызды тағам – сорпа, ет жеп әлсіреген ағзаны күшейту керек. Тағы бір айта кетерлік тұсы – кей түркі халықтарында әлі де бар күтімнің түрі – 40 күнге дейін жас ананың қолын суға салғызбайды, суыққа тигізбейді, яғни оның қасында күтушісі бар деген сөз. Халықтың өмірлік тәжірибесінен туындаған мұндай шараларды сақтамаса болмайды, қазір бұған мән бермейтіндер көбейді. Осы мән бермеудің кесірінен жас ұлғая келе бойын түрлі ауру билейді. Сондықтан тісіне дейін босап тұратын жаңа босанған әйелдің саулығына жас кезден күтім жасалуы керек, ол үшін қалжаның маңызы зор.»
Дорамадан туындаған бизнес
Бүгінгі заман жаныңа қажетті ақшаға сатып алуға болатын мүмкіндігі мол уақыт. Кез келген қалауыңа ақшаң болса қол жеткізу қиын емес. Адам баласына қажет түрлі тауармен қатар қызмет түрі де сатылады. Бұрынғы асхана, шаштараз, емхана сияқты адамға қызмет ететін орындарға қазір заман талабы тудырған Қалжа орталығы да қосылды. Соңғы жылдары елімізде пайда болған бұл қызмет түрі халық арасында енді таныла бастады. Бұл орталықта қандай қызмет көрсетіледі, бағасы қанша, бұл орталықтың ашылуына не себеп болды деген сұрақтарымызға Қалжа орталығының директоры Меруерт Нұрланқызы жауап берді:
«Өзім егіз бала туған анамын, сол кезде маған атам мен енем өте жақсы күтім жасады. Екеуі де мұғалім, сабақтың арасында кезектесіп үй шаруасының бәрін өздері істеді, кір машинадағы киімді жаюға да қолымды тигізген жоқ, ыдыс та жуғызған жоқ. Маған арнайы тамақ пісіріп, бөлмеме әкеліп беретін, мен осылай 40 емес, 80 күн күтіндім. Ата-енемнің өзіме жасаған қамқорлығын құрбыларыма айтып берсем, «ата-ене келінді қызындай көрмейді, бұл мүмкін емес» деп ешқайсы сенбейтін. Босанып болып бөлмемнен шықпай жатқан кезімде «Центр послеродового ухода» деген дорама көргенбіз, содан кейін күйеуім қазақ әйелдеріне күтім жасайтын орталықты біз ашайық деген ой тастады да, 2022 жылы алғаш рет Таразда Қалжа орталығын ашып, жұмыс істедік.
Алматы мен Астана қаласында 2 орталығымыз бар, қараша айында Шымкенттен орталық ашамыз. Жолдасым екеуміз де қарапайым мұғалім болғандықтан, қомақты қаражатымыз жоқ, 2022 жылы алғашқы орталықты көлігімізді сатып 5 миллион теңгеге аштық та, қолдау таппай, 2 айда банкрот болдық. Сосын мемлекеттен қайтарымсыз грант алуға құжат тапсырып едік, олар біздің 2 ай жүргізген парақшамызға қарап, жүріп кеткен бизнеске грант берілмейді деп қайтарды. Сөйтіп Тараздағы орталықты жауып, Алматыға келдік, мамыр айынан бастап осы қаладағы орталықтың жұмысын бастадық. Осы күнге дейін 600-ден астам ананың денсаулығын дұрыстауға көмегіміз тиді, оның ішінде 10 шақты әйелге тегін қарастық. Аналардың арасында кәріс, түрік, дүнген ұлтының әйелдері де болды, көп бөлігі өзіміздің қаракөздер.
Орталықтың қызметіне сәбиді шомылдырудан бастап, билирубинін азайтуға дейінгі процедура кірсе, аналарға шілде терін шығарып, массаж жасап, лактация бойынша кеңес беріп, психологиялық тұрғыдан көмектесіп, 5 мезгіл тамақтандырамыз. Босанған келіншектерді тамақтандыруға өзіміздің ұлттық ерекшеліктеріміз ескеріледі, үстелімізден құрт пен май сияқты ұлттық тағам ажыраған емес, ең негізгісі жас анаға жаңа сойылған қойдың етінен қалжа сорпасын дайындап ішкіземіз. Бұған қоса дәруменді жемістер мен көкөністерден тағам жасап, ананың дұрыс тамақтануына жағдай жасаймыз.
Қызметтің құны уақытына, қызмет түріне қарай 100 мың теңге мен 350 мың теңге аралығында. Біздің орталықта әйел денсаулығына пайдалы қызмет түрінің көбі қамтылған, сондықтан тек жас босанған ғана емес, бұрын босанса да күтінбеген, соның кесірінен аяқ-қолы қақсап ауыратын әйелдер келіп күтініп, ем алуына болады, оларға арнайы «Бой тіктеу» деген пакет қарастырылған. Өйткені шілде тері денеден шықпаған кезде, әйелдің ағзасындағы қалып қойған суық пен токсин кейіннен артрит, артроз сияқты ауруға шалдықтырады, соны білген ата-бабамыз шілде тердің шығуы, босанған әйелдің қалжалануы дегенге бей-жай қарамаған.»
Қалжаның берілмеуі ер-азамат үшін үлкен мін болған
Қалжа – қазақтың ата салты. Сондықтан оны сақтау – исі қазаққа міндет. Бұрынғы қазақтың кедейінің өзі баласы мен әйеліне бір қалжа арнауды парыз санағанын жазушы Зейнеп Ахметова өзінің «Күретамыр» атты кітабында жазған.
«Қазақ ғұрпында аса қадірлі әрі міндетті түрде орындалатын салттың бірі, бірі емес-ау бірегейі – жаңа босанған әйелге бағыштап, оның ана болу құрметіне арнап мал сойып, қалжа жегізу. Анаға қалжаның берілмеуі ер-азамат үшін үлкен мін болумен бірге күнә саналған.
Кейбір өңірлерде қалжаны келін төркіндері әкелген. Сол секілді ағайын-туыс, дос-жарандар да қарап қалмаған. «Қалжасы үзілмесін» деп қуанышқа қойын өңгеріп келеді екен. Өйткені, бір әулетке ұрпақ сүйгізіп, айналасын қуантып отырған анаға арналған бұл дәстүрді жасау сауабы зор әрі абыройлы іс делінген. Ана мен баланың былайғы жерде дені сау, көзі қара болуы қалжаға тікелей байланысты болған. Бүкіл мүше-мүшесі салдырап жатқан әйел күнде күйлі қойдың жас сорпасын ішіп, етін жеген сайын күш-қуаты қалпына келіп, белі бекиді. Кездейсоқ кезігетін түрлі ауру-сырқауға қарсылық қуаты артады, сүті нәрленіп, құнарланып балаға жұғымды әсерін береді. Сәби күн санап ет алып, ширай түседі. Әйелдің денесіндегі ұйыған, қатқан қан, артық тұз секілділер термен шығып, бойы тазарады, көңілі сергиді, өңі ашылып, ажарланады».