Жаңа белесті бағындырып келеміз

Жаңа белесті бағындырып келеміз Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті сайтынан

 

ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің дәуірі. Жаһан жаңалыққа толы. Жасанды интеллект шығып, ғылым қарқынды дамып барады. Сол себепті заманға бейімделіп, өз құндылықтарымызды сақтай отырып, алға ілгерілеу – басты міндет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Әділетті Қазақстан» идеясы қарқынды жүзеге асып келеді. Соның нәтижесінде рухани ордаларымыз айқындалып, Ұлттық құрылтайда ұлт мүддесі қозғала бастады. Ғылым мен білімге баса назар аударылып, жастарға қолдау арта түсті. Бұл игі істер – Қазақ елінің мерейін асыра түсетіні анық. Ең бастысы – осы жолда ұлт болып ұйысып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» бірлесе қимылдау абзал.

Осы орайда келелі ойларды тарқата түсу үшін Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Жанар ТЕМІРБЕКОВАМЕН сұхбат құрған едік.

 

Түркі жұртының қарашаңырағы

 

– Мемлекет басшысы «Түркістанға ерекше мәртебе беру» туралы заңға қол қойды. Қандай игі өзгерістер күтеміз?

– Осы маңызды заңның дайындық процесі әуелі Президентіміздің бастамасымен қолға алынып, қысқа уақыт ішінде Түркістан облысының әкімдігі, Түркістан қаласының әкімдігі, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, Ақсақалдар кеңесі, ғалымдар және барша Түркістан халқы болып еңбек еттік. Осы тарихи сәтте Түркістанда еңбек етіп жүргенімді үлкен бақыт деп санаймын.

Алдағы уақытта осы заңның орындалуына, Түркістанымыздың өсіп-өркендеуіне әрі еліміздің қарапайым азаматы ретінде де, ел басқарып отырған көшбасшылар ретінде де бар күшімізді салуымыз қажет. Негізгі процесс енді басталды. Бұл жолда әрбіріміз қоғам мен мемлекет өмірінің қай саласында еңбек етіп жүрсек те, сол саланы дамыта отырып, Түркістанға үлкен үлес қоса аламыз деп сенемін.

Менің ойымша, соңғы 30 жылда Түркістан қаласының әлеуметтік, мәдени және экономикалық трансформациясына университетіміздей зор үлес қосқан мекеме аз. Жалпы, университет дегеніміз – қалалық мекеме. Тарихта да осындай мәртебеге ие болды, әрі солай болып қала береді. Тіпті, университет қаласыз, ал қала университетсіз өмір сүре алмайды десек, артық айтқандық емес.

Өйткені университеттің негізгі миссиясы – ғылым өндіру, кәсіби мамандар даярлау, қарапайым адамды тұлға ретінде дамыту және адамдардың интеллектуалдық өміріне үлес қосу. Сонымен қатар ол жанама түрде қоғамдағы өнімділіктің артуына, жұмыссыздықтың азаюына, жеке табыстың өсуіне, осы арқылы ел экономикасының жақсаруына да ықпал ететін ерекше мекеме. Әлеуметтік-мәдени жаңғыруларға да көшбасшы болатындықтан, университеттің жеке тұлға мен қоғам үшін орны ерекше. Бұл ерекшеліктердің барлығы Ахмет Ясауи университетінің тарихи маңызы мен бүгінгі қызметінде көрініс табады.

Университетіміз осы негізгі және жанама миссияларын абыроймен жүзеге асырып келеді. Әсіресе Түркістанның ерекше мәртебеге ие екенін айқындайтын осы заңның арқасында университетіміз бұрынғыдан да үлкен үлес қоса алады. Әсіресе ғылыми қызметтері арқылы елімізге, Түркі әлеміне және жалпы әлемге екі маңызды сала бойынша үлес қосады деп ойлаймын. Бұл екі сала көк туымыздағы қыран құстың екі қанаты іспетті: бір қанаты – Ясауи бабамыз бен Түркі халықтарының рухани және материалдық байлығын зерттеп, зерделеу және келешек ұрпаққа паш ету болса, екінші қанаты – инженерия, биология, медицина, ауыл шаруашылығы сынды техникалық және жаратылыстану ғылымдары.

Бұл екі сала – қыран құстың екі қанатындай шымыр, мықты, алып әрі ешқашан талмайтын болуы үшін бар күшімізді саламыз.

 

Тарихқа толы өлке

 

– Алаштың айбынды ақыны М. Жұмабаев: «Түркістан екі дүние есігі ғой, Түркістан ер түріктің бесігі ғой» деп жырлапты. Қасиетті өлкенің өсіп-өну жолында қандай үлес қосуымыз керек?

– Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі – тек біздің қаламыз үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан, тіпті Түркі әлемі үшін аса маңызды шешім болды. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесі – Түркістанның символы саналады. Түркістанның соңғы 30 жылдық тарихында осы символдар қатарына бабамыздың атымен аталатын Халықаралық қазақ-түрік университеті де қосылды.

Университетіміз құрылған күннен бастап Түркістан мен Түркі әлемінің ортақ мақтанышына айналды. Әуелі әртүрлі Түркі хандықтарына, кейін Ұлы дала елі – Қазақ хандығына астана болып, ұлтымыздың тамаша кезеңдеріне де, зар заман дәуіріне де куә болған Түркістан қаласының «екінші тынысын ашты» десек, артық айтқандық емес.

Тарихи шаһарымыз соңғы 1–1,5 ғасыр ішінде ұмыт бола бастаған шақта, тәуелсіздігіміздің сүйіншісіндей құрылған университетіміз алғашқы күнінен бастап білім мен ғылымда, өнер мен мәдениетте, спорт пен туризмде барша әлемге Түркістанымызды әйгілі етіп, ұлы бабамыздың атын асқақтатып келеді.

Биылға жоспарланған және орындалып жатқан өзгерістер де аз емес. Қазіргі уақытта университетімізде қайта ұйымдастыру (реорганизация) жұмыстары жүргізіліп жатыр. Техникалық және жаратылыстану ғылымдары саласында тың жаңалықтар бар.

Бірнеше жыл бұрын Ясауи бабамыздың ұлы мұрасын зерттеп, ғылым мен қоғам өміріне үлес қосуды мақсат еткен «Теология» факультетін құрған едік. Ал биыл елімізде аса көп назар аударылып жатқан креативті индустрияға сапалы мамандар даярлайтын «Өнер, Медиа және Дизайн» атты жаңа үлкен факультет құрамыз.

Сонымен қатар бір кездері кішкентай ғана кафедраға айналып кеткен «Құқық» факультетін қайта құрдық. Осылайша еліміздің құқық пен заң саласына нағыз майталман мамандарды дайындаймыз.

Инклюзия орталығымыз да – жақсы жұмыс істеп келе жатқан маңызды құрылым. Бұл ерекше орталықтың қызметі қалаға берілген ерекше мәртебемен қатар, одан әрі қарқынды дами түсетініне сенеміз.

 

Қазақ елінің мәдени елшісі

 

– Ахмет Ясауи университеті түркі жастарын білім нәрімен сусындатып келеді. Жетістіктер жайында ой қозғасаңыз...

– Университетімізде Түркі әлемінің әр түкпірінен келген студенттер білім алып, өз еліне Қазақ елінің мәдени елшісі, soft power-ы ретінде оралып жатыр. Әлемнің көптеген елінен келген ғалым-ұстаздарымыз да студенттерге білім берумен қатар, ғажап Түркістанымыздың қонақжай мәдениетінен нәр алып, Түркістан халқын сағынышпен еске алады. Бұл – университетіміздің Түркістанды әлемге танытуда жасап жатқан орасан зор еңбегі.

Тағы бір айта кетерлік жетістік – ғалымдарымыздың ірі грант иегері атануы. Университетіміздің ғалымдары дайындаған, жалпы бюджеті 4 млрд теңгені құрайтын бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру мега-жобасы былтыр барлық бағалау үдерістерінен сәтті өтіп, Ұлттық ғылыми кеңестің шешімімен жеңімпаздар тізіміне енді.

Айта кетейін, бұл бағдарламаның мақсаты – медицина, биотехнология және экология салалары бойынша кешенді зерттеулер жүргізу. Арал-Сырдария өңірінің интеграцияланған және орнықты инновациялық дамуын қамтамасыз ету үшін биологиялық ресурстарды тиімді басқарудың ғылыми-практикалық жолдарын әзірлеу көзделген. Сонымен қатар, өңірлік тұрақты даму мен қайта өңдеу өндірістерін бақылау мақсатында экологиялық мониторинг, жасыл технология және қолданбалы микробиология саласында консалтинг пен инжиниринг инфрақұрылымын құру да қарастырылған.

Бұл тек университетіміз үшін ғана емес, бүкіл Түркістан облысының дамуына бағытталған ауқымды жоба. Жалпы, соңғы төрт жылда университетімізде ғылыми жобалардың даму қарқыны өте жоғары деңгейге көтерілді. 2021–2024 жылдары аралығында Ұлттық ғылыми кеңестің мақұлдауымен 44 гранттық жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл жобаларға бөлінген қаржы көлемі 20 есеге артып, 7,5 млрд теңгеге жетті.

Бұдан бөлек, университетіміз жаһандық зерттеулерге негізделген Азия елдері университеттерінің Quacquarelli Symonds (QS): Asia University Rankings рейтингінде ТОП-200 оқу орны қатарына енді. Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында біз алғашқы ондыққа кіреміз. Бұл – бір күнде келген жетістік емес екені анық.

Сондай-ақ соңғы екі жыл көлемінде TURKTIME жобасы аясында 10 ірі халықаралық конференция өткіздік. Оған 30 елден 2500-ге жуық ғалым қатысты. Осылайша, Түркістан қаласының ғылыми іс-шаралар туризмін дамытуға да үлкен үлес қостық.

 

Түркістанда күнде өзгеріс – күнде жаңалық

 

– Кемеңгер Қожа Ахмет Ясауи бабамыз орта ғасырда «сопылық ілімнің» негізін салды. Сіздерде ғылымды дамытудың қандай тың тетіктері бар?

– Ең алдымен, біздің университет алғаш рет Ясауи бабамыздың іліміне арналған «Ясауитану негіздері» пәнін оқу бағдарламасына енгізгенін атап өткім келеді. Бұл пәннің негізін қалаған көрнекті ғалым – профессор Мекемтас Мырзахметұлы. Бүгінде университетіміздің табалдырығын аттаған әрбір студент осы пән арқылы Ясауи мұрасын терең меңгеруге мүмкіндік алады.

Кемеңгер Қожа Ахмет Ясауи бабамыз орта ғасырларда «сопылық ілімнің» негізін қалады. Оның рухани ілімі – адамгершілік, тазалық, сабырлылық және ізгілік қағидаларына негізделген. Бұл ілім жастарға рухани құндылықтарды сіңіріп, адамгершілік биігінен көрінуге бағыттайды. Университетімізде бұл ілімнің оқытылуы – болашақ мамандардың тұлғалық дамуына, ұлттық және мәдени бірегейлігін нығайтуға ықпал ететін маңызды қадам.

Біздің оқу орнымыз отандық ғылымды ғана емес, бүкіл Түркі әлемінің ғылыми әлеуетін дамытуға ден қойып келеді. Ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті дамыту үшін, ең алдымен, ғалымдарды, оқытушылар мен студенттерді шабыттандыру қажет. Соңғы жылдары ынталандырудың көптеген теориялары қалыптасты. Мен солардың ішінде ең маңыздысы ретінде «Әділет» теориясын атар едім. Яғни оқытушылар мен студенттерді ынталандырғыңыз келсе, бірінші кезекте, әділетті жүйе құру қажет. Содан кейін ғана негізгі жұмысқа көшуге болады.

Біз университетте ғылым саласын дамыту үшін барлық мүмкіндіктерді жан-жақты қарастырып келеміз. Соның бірі – импакт-факторлы журналдарда жарияланған ғылыми мақалалар мен патент авторларын ынталандыру бойынша қаражат көлемін арттырдық. Бұған қоса, Clarivate Analytics (Web of Science), Scopus базалары бойынша жыл бойы 25 оқыту-түсіндіру семинары ұйымдастырылып, профессор-оқытушылар құрамына халықаралық журналдарда мақала жариялау әдістемесі үйретілді.

Өткен жылы «Қысқы мектеп» аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024–2026 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалары бойынша гранттық қаржыландыру конкурсына қатысты семинар өткізілді. Онда ғалымдарымызға ғылыми жоба конкурстарында жеңіске жетудің тиімді жолдары түсіндірілді. Бұл тәжірибе биыл Yasawi Winter School атты қысқы мектеппен жалғасын тапты. Көптеген білікті, жиі грант ұтып жүрген ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісті.

Әңгімеміз Ясауи бабамыздың ілімінен басталды ғой – былтыр көктемде «Қазақ тілі – ғылым тілі» симпозиумы аясында оқу орнымыздың өнерпаздары «Ясауи жолы» спектаклін көрермен назарына ұсынды. Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолына негізделген бұл драмалық қойылымда әділеттілік пен зұлымдық, білім мен надандық, мейірім мен қатыгездік арасындағы күрес арқылы ұлы ойшылдың тарихи бейнесі айшықталды.

Сондай-ақ, «Диуани хикметтің» жазылу тарихы, ақынның ауыр тағдыры мен хан-билердің әділетсіз шешімдерін өткір сынға алуы сахнада шынайы бейнеленді. Қойылымда Қожа Ахмет Ясауидің Ислам әлемін тек араб тілінде емес, түркі тілінде де тануға болатынын дәлелдеп, өз ілімін таратып, шәкірт тәрбиелеген ұстаз бейнесі терең көрсетілді. Спектакльдің соңғы сахнасында бабамыздың ғасырлар бұрын айтқан «Яссы топырағы білім мен ғылымның, мәдениеттің отанына айналса екен» деген асыл арманы көрерменге жеткізілді. Қойылым жыл бойы аншлагпен өтті.

Ал «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» республикалық симпозиумы қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаған ашық пікір алаңына айналды. Симпозиум аясында арнайы резолюция қабылданып, ол бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Осы орайда, биыл «Қазақ тілі – ғылым тілі» симпозиумы екінші мәрте ұйымдастырылып жатқанын атап өткім келеді. Сәуір айының басында өтетін бұл шараның басты тақырыбы – терминология және жасанды интеллект. Симпозиум қонақтары мен студенттер үшін ғылыми контентпен қатар керемет мәдени бағдарлама да дайындалуда: «Мустафа Шоқай» фильмі көрсетіліп, басты рөлдегі актер Азиз Бейшеналиев пен түркі идеясының зерттеушісі, ғалым Дархан Қыдырәлімен арнайы сұхбат ұйымдастырылады. Сонымен қатар Түркістанның сан ғасырлық тарихын жасанды интеллект көмегімен сахналанған қойылым арқылы тамашалайтын боласыздар.

 

Басты бағыт – «Әділетті Қазақстан»

 

– Сіз мықты кадр таңдай білетін әрі жас мамандардың жанашыры екеніңізден хабардармыз. Осы бағыттағы ілкімді істер жалғасын тауып келе ме?

– Университет – жастарға мүмкіндік беретін орта. Ол тек білім беретін мекеме ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақтың өзін-өзі дамытуына, жаңа идеяларды жүзеге асыруына, қоғамның маңызды мүшесі ретінде қалыптасуына ықпал ететін кеңістік. Сондықтан университеттің негізгі мақсаты – тек кадрлар даярлау ғана емес, әділеттілік, зайырлылық, меритократия қағидаттарына сүйене отырып, жастарға тең мүмкіндік беру.

Біз университеттегі қызметті бір адамның жақсы кадр таңдай алу қабілетіне емес, тұрақты жүйенің қалыптасуына негіздейміз. Себебі дамыған елдерде білім беру саласы жеке тұлғаларға емес, жүйелі саясат пен әділдікке сүйенеді. Университетте осы ұстаныммен академиялық дәстүр қалыптасқан кезде ғана ол шынайы ғылыми орталыққа айналып, білім мен жаңашылдықтың ошағы бола алады. Осы ретте меритократия принципі ерекше маңызды. Яғни адамдар тек жеке таныстықпен немесе субъективті факторларға сүйеніп емес, өздерінің білімі, біліктілігі мен еңбегінің арқасында белгілі бір орынға ие болуы керек.

Өзім Түркістан қаласына, осы университетке дәл осы меритократия принципімен тағайындалып, үлкен жауапкершілікпен келдім. Бұл мекеме – тек бір адамның емес, тұтас университет ұжымының және ондағы мыңдаған жастың болашағы. Сондықтан жұмысқа орналасқысы келетін жастарға да дәл осы ұстаныммен қараймыз.

Біздің университетте «Әділетті Қазақстан» ұстанымын жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз тек сапалы білім беруді ғана емес, сонымен қатар студенттердің, оқытушылардың және қызметкерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуді басты мақсат деп санаймыз. Сол себепті Ахмет Ясауи университетінің негізгі құндылықтарының біріне «әділеттілік» қағидасын қосып қойдық. Бұл – біз үшін жай ғана ұстаным емес, бүкіл оқу орны қызметінің негізіне айналған қағида.

Әділеттілік пен зайырлылық – қоғамның басты құндылықтары. Бұл қағидаларды университет қабырғасында орнықтыру арқылы біз болашақта әділетті қоғамның негізін қалаймыз. Себебі оқу ордасында қалыптасқан көзқарастар мен дағдылар адамның бүкіл өміріне әсер етеді. Сондықтан университеттерде жастарға әділеттілік қағидаларын ұстануды, сыбайлас жемқорлықтан аулақ болуды, меритократия мен тең мүмкіндіктерді сақтау маңызын үйрету – аса өзекті міндет.

Біздің мақсатымыз – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын «Халық үніне құлақ асатын университет» деңгейінде жүзеге асыру. Бұл дегеніміз – барлық шешімді тек ректор немесе жеке тұлғалар қабылдамай, оларды комиссиялар, комитеттер, кеңестер арқылы ортақ талқылаумен шешу. Білім беру саласында ашықтық пен әділеттілік қамтамасыз етілгенде ғана университет өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады.

Қазақ халқында «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген дана сөз бар. Біз осы ұстанымды басшылыққа ала отырып еңбек етсек, елде жүріп жатқан реформаларға да өз үлесімізді қоса аламыз. Өйткені әділеттілік – тек заңдар мен құжаттарда емес, күнделікті тәжірибеде, жұмыс барысында және қабылданатын шешімдерде нақты көрініс табуы тиіс.

Президентіміздің сөзімен айтсақ, егер дамыған ел, мықты қоғам құрғымыз келсе, әділ қоғамда өмір сүргіміз келсе, біз бір-бірімізді тыңдауды, ашық пікір алмасуды, дұрыс коммуникация орнатуды үйренуіміз керек. Университет – осы маңызды өзгерістер басталатын алғашқы алаңдардың бірі. Сондықтан біз білім ордасында әділеттілік пен меритократия қағидаларын берік сақтай отырып, жастарға тең мүмкіндік беруге, олардың дамуына жан-жақты қолдау көрсетуге тиіспіз. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыра отырып, еліміздің болашағына ықпал ететін әділетті қоғамның негізін қалаймыз.

 

 

Әлеуметтік қолдау – мамандарға серпін береді

 

– Қазір Түркістан көркейіп келеді. Тұрғын үйлер көптеп салынуда. Осыған орай университетте қызмет етуші жандар пәтер алуға қолдау көрсетіле ме?

– Білім мен ғылымды дамыту үшін тек сапалы инфрақұрылым ғана емес, осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету де аса маңызды. Бұл тұрғыда университетіміз өз қызметкерлеріне барынша қолайлы жағдай жасауға тырысып келеді. Соның ішінде баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.

Қызметтік пәтерлердің жеткілікті болуы – университеттің маңызды артықшылықтарының бірі. Еліміздің түкпір-түкпірінен, түрлі қалаларынан және шетелдерден келіп, оқу ордамызда еңбек етіп жүрген мамандар баспана мәселесінде қиындық көрмейді деп сеніммен айта аламыз. Университет аумағында арнайы қызметтік пәтерлер қарастырылған. Бұл – олардың жұмысына толық көңіл бөліп, ғылым мен білім саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары Түркістан қарқынды дамып, ерекше мәртебеге ие болды. Қалада жаңа ғимараттар бой көтеріп, заманауи инфрақұрылым қалыптасып келеді. Бұл жағдай университет қызметкерлерінің өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, қаланың ғылым мен білім орталығына айналуына да ықпал етеді.

Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болып жатқан әріптестеріміз де аз емес. Қазақстанда соңғы жылдары тұрғын үй бағдарламалары жүйелі түрде жүзеге асырылып, оқытушылар мен ғалымдарға жеңілдетілген шарттармен баспана алу мүмкіндігі беріліп жатыр. Бұл – еліміздің ғылым мен білім саласына деген шынайы қолдауының айқын көрінісі.

Министрлік тарапынан да ғылым саласындағы қызметкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Ғылыми зерттеулерді қаржыландырудан бастап, ғалымдарға гранттық және тұрғын үй мәселелері бойынша көмек көрсетуге дейінгі кешенді шаралар қолға алынған. Мұндай қолдау нәтижесінде ғалымдар мен оқытушылар өз жұмысын алаңсыз атқарып, жастарға сапалы білім беруге және тың зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алады.

Білім мен ғылымға жасалған инвестиция – болашаққа салынған инвестиция. Университетке жасалған әрбір қолдау түптеп келгенде бүкіл елдің дамуына әсер етеді. Өйткені ғылымы мен білімі дамыған мемлекет қашанда әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан университет қызметкерлеріне көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдау – болашақта еселеніп қайтатын тиімді инвестиция.

Біз алдағы уақытта да университетіміздің дамуына, соның ішінде кадрлардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыра отырып, еліміздің ғылым мен білім саласына өз үлесімізді қоса береміз.

 

Әйел мен ердің тең мүмкіндігі – ұлт дамуының кепілі

 

– Қазақта «Әйел бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлемді тербейді» деген ұлағатты сөз бар. Өзіңіз қазақ қыздарына үлгі болып, қызметтің шырайын келтіріп, отбасы құндылығын сақтап келесіз. Мұның құпиясы неде?

– Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Ең бастысы – отбасындағы өзара түсіністік, теңдік және қолдау. Ерлі-зайыптылар бір-біріне құрметпен қарап, әрқайсысы өз арманы мен мақсатына жетуге мүмкіндік беруі керек. Кез келген отбасында біреу ғана алға шығып, екіншісі өзін құрбан етуі дұрыс емес. Барлығы ортақ келісіммен, өзара қолдау арқылы жүзеге асқаны жөн деп есептеймін.

Өкінішке қарай, біздің қоғамда үй шаруасының барлық жауапкершілігі әйелдің мойнына артылып, ер адам тек түздің адамы болуы керек деген түсінік әлі де бар. Бірақ қазіргі заманның әйелдері тек үй шаруасымен шектеліп қалғысы келмейді. Олар да кәсіби тұрғыда дамып, қоғамға өз үлесін қосуды қалайды. Сондықтан біз әйелдерге барынша мүмкіндік беруіміз қажет.

Мемлекет басшысы да бұл тақырыпқа ерекше мән беріп, гендерлік теңдік мәселесін үнемі көтеріп жүр. Соның нәтижесінде бүгінде қоғам өміріне белсенді араласып, ел басқару ісіне қатысып жүрген әйелдердің саны артып келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен, кейде осы тақырыпты бұрмалап, өзге мақсаттарға пайдаланғысы келетіндер де кездеседі. Әйел құқығын қорғау мен отбасылық құндылықтарды сақтау – бір-біріне қайшы келетін ұғымдар емес. Керісінше, бұл екі ұғым үйлесім тапқанда ғана қоғам үйлесімді дамиды.

Негізі, әйелді құрметтеу – қазақ халқында ежелден бар дәстүр. Бұл – халқымыздың мәдениетінің, салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың өзі қыз балаларға да, ұл балаларға да бірдей білім беріп, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасаған. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбие, ұлт болашағына әсер ететін үлкен фактор.

Қазір кейбіреулер әйел мен еркек теңдігі – Батыстан келген ұғым деп жатады. «Батыстың құндылығына еліктесек, өз дәстүрімізден айырылып қаламыз» деп алаңдайтындар да бар. Бірақ, шын мәнінде, әйелді құрметтеуді, оған тең мүмкіндік беруді алғаш көрсеткен – өз ата-бабаларымыз. Қазақ қоғамында әйелдің орны қашанда жоғары болған. Көшпелі дәуірдің өзінде әйелдің еркіндігі шектелмеген, олардың сөзі мен пікірі ескерілген. Ел басқарған, ұрпақ тәрбиелеген, қоғамның маңызды шешімдеріне араласқан әйелдер аз болмаған.

Сондықтан бұл ұғым бізге жат емес. Әйелдер мен ерлердің тең мүмкіндігі – ұлт дамуының басты кепілі.

– Үлкен рақмет!

Сұхбаттасқан Олжас ЖОЛДЫБАЙ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
6
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

10:10

22:56

21:44

15:41

15:13

14:53

14:13

13:18

12:53

12:06

11:56

11:11

10:39

10:16

10:10

09:30

08:00

07:24

21:41

21:39

15:46

15:15

15:11

14:50

14:11