Бүгін Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті (ХИТУ) базасында «Жаһандану жағдайында білім беру бағдарламаларын жобалау және іске асыру сапасының индикаторы ретінде жұмыс берушінің кәсіби даярлықтағы рөлін арттыру» тақырыбында халықаралық форум өтті.
Іс-шараға кәсіпорындар мен жұмыс берушілердің өкілдері, METU University басшылығы, сондай-ақ Түркия, Қытай, Корея, Ресей және Қырғызстан жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды aqshamnews.kz
ХИТУ ректоры, қауымдастырылған профессор Г.А. Сарсенбекова өз сөзінде жұмыс берушілермен университеттің өзара әрекеттестігін арттырудың, білім беру бағдарламаларының сапасын көтеру мен студенттердің практикалық даярлығын күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Ол форумның жаңа технологияларды енгізу, кәсіби даярлықты ынталандыру және студенттерге микроквалификация беру мәселелері бойынша тиімді шешімдерді іздеу алаңы болғанын айтты.
Пленарлық отырыс
Форумның алғашқы бөлігі негізгі спикерлердің тәжірибесі мен көзқарастарымен бөліскен баяндамаларына арналды:
1.Білім беруді реформалау және біліктілікті арттырудағы көшбасшылық: инновациялық тәжірибелер мен білім беру тұжырымдамалары.
Huatec Information Technology Co., Ltd. компаниясының (Пекин, Қытай) халықаралық білім беру жоспарлау директоры Тони Сан білім берудегі инновациялық тәсілдер туралы баяндама жасады.
2.Еңбек нарығын қазіргі заманғы сын-қатерлерге бейімдеудегі шағын және орта бизнестің рөлі.
«Атамекен» ҰКП шағын кәсіпкерлікті дамыту және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директордың орынбасары м.а. Туребекова Жанар Мейрамқызы университеттер мен бизнес арасындағы белсенді ынтымақтастықтың қажеттілігін атап өтті.
3.Қазақстан жоғары оқу орындарында IT-арнайы пәндері бойынша өндірістік-практикалық базаны дамыту.
«Академсеть» ЖШС бас директоры Такабаев Тахир Маратович осы саладағы сәтті тәжірибелермен бөлісті.
4.Білім беру, ғылым және өнеркәсіпті біріктірудегі университет рөлі.
Сүлейман Демирел Университетінің (Испарта, Түркия) сыртқы байланыстар департаментінің басшысы доктор Ибрагим Кубилай университеттердің әртүрлі салаларды біріктірудегі маңыздылығын атап өтті.
5.Қазақстан өңдеу өнеркәсібіне арналған экожүйе құру және цифрлық индустрияны дамыту.
Global Korea Center орталығының директоры Хан Джин Сон озық технологияларды енгізу үшін ХИТУ-мен стратегиялық әріптестік туралы баяндама жасады.
6.Халықаралық стандарттарға сәйкес ХИТУ студенттерін кәсіби даярлау мен біліктілікке бағытталған тәсіл.
ACCA Қазақстан және Орталық Азия өкілдігінің басшысы Жанна Искенова ACCA халықаралық стандарттарына сәйкес ХИТУ студенттерінің кәсіби даярлығы туралы баяндады.
Баяндамалар аяқталғаннан кейін ХИТУ және бірқатар жетекші компаниялар арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қою рәсімі өтті:
•«Ақсай» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС;
•«Goji» ЖШС;
•«IFC COLOC» ЖШС;
•«АлматыЭнергоСбыт» ЖШС;
•«Byte Machine» ЖШС және басқалар.
Қол қойылған келісімдер оқу бағдарламаларын бірлесіп әзірлеуді, дуальді оқыту жобаларын іске асыруды, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді және студенттердің кәсіпорындардың практикалық қызметіне қатысуын қарастырады.
Форумда ерекше назар аударылған тақырыптар:
•Кәсіби құзыреттерді қалыптастыруда университеттер мен жұмыс берушілердің өзара іс-қимылы.
•Білім беру және кәсіби дамудағы көшбасшылық.
•Білім беру және бизнес секторындағы инновациялық тәжірибелерді дамыту.
Форум ХИТУ-да заманауи зертханалардың ашылуының маңызды кезеңі болды. Форум аясында бағдарламалық инженерия, биохимиялық инженерия, азық-түлік өндірісіндегі технологиялар және смарт-технологиялар саласындағы ғылыми-зерттеу зертханаларының салтанатты ашылуы өтті.
Бұл инновациялық кеңістіктер студенттер мен зерттеушілерге жаңа мүмкіндіктер ашып, нарықтың заманауи талаптарын ескере отырып, мамандардың практикалық даярлығын қамтамасыз етеді.
Іс-шара зертханалар мен зерттеу орталықтарын халықаралық стандарттарға және қазіргі заманғы индустрия талаптарына сәйкестендіру мәселелерін талқылауға арналған бағдарламамен жалғасты.
Бостандық ауданының жұмыс берушілері форум бастамаларын белсенді қолдап, студенттердің кәсіпорын базасында тағылымдамалар мен практикалық сабақтар өткізу үшін өз ресурстарын ұсынды. Олар сондай-ақ жұмыс сессияларына қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті және білікті кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Форум білім беру, ғылым және бизнесті интеграциялаудың қазіргі заманғы мамандарды даярлаудағы маңыздылығын растады және өзара тиімді ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер ашты.