Алматылық Марат Бексұлтанов үшін жұмыс тек кәсіп емес, жаңа заманға орай жаңғырған ұлттық құндылық. Оның әр күнгі мағыналы сәттері өзінің жылдар бойы армандап тұрғызған шеберханасында өтеді. Ал шеберхана – қолөнершінің шығармашылық қиялының қайнаған ортасы.
Марат-шебердің негізгі мамандығы – байланыс саласының инженері. Алматыдағы К-сеll компаниясында ұзақ жылдар еңбек еткен ол, 2015 жылы өз кәсібін ашуға бел буады. Содан бері ұсталыққа бет бұрып, қолөнермен айналысып келеді. Қазір ол ұлттық мәдениетті насихаттайтын ерекше жобаны қолға алып, айналасы 20 минут ішінде құрылатын жаңа үлгідегі инновациялық киіз үйлер жасап жатыр. Заманауи технологияларды ұтымды пайдалана білген қолөнерші киіз үйдің ішіне жылу мен жарық қосыпты. Ою-өрнектерінің өзі ерекше.
Марат алғашында есік алдындағы шағын гаражын шеберхана етіп өз кәсібін бастаған. Қазір сол шеберхана 25 cотық жерді алатын жаңа цехқа айналыпты. «Мен үшін бұл тек кәсіп қана емес, жүрек қалауымен жасалған іс» дейді ол әңгіме барысында.
Иә, киіз үй – көшпенді өмір салтының символы, қазақ халқының мәдени мұрасы. Бірақ заман өзгерді, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне де жаңа талаптар қойылуда. Осыны ескерген Марат Нұрмұхамедұлы киіз үйдің тез жиналып, оңай құрылуына да мән берген.
– Менің мақсатым – ата-бабаларымыздан қалған құндылықты заманауи өмірге бейімдеу. Біздің үйлер небәрі 20 минутта құрылады. Ішінде барлық жағдай жасалған. Диодты жарық енгіздік, жылу ұстайтын есік-терезелер орнатылды. Киіздің иісін ұнатпайтындар үшін сыртқы жабдығын ылғалға төзімді материалдардан жасадық. Барлығына экологиялық таза материалдар қолданамыз, – дейді шебер.
Мараттың арманы – киіз үйді тек мереке-мейрамдарда ғана пайдаланатын символдық нышан етпей, қолданыстағы бұйымға айналдыру.
Қазақ мұрасы – заманауи сұраныста
Бүгінде бұл ерекше баспана Қазақстаннан тыс жерлерде де жоғары бағалануда. Марат Бексұлтановтың қолынан шыққан киіз үйлер шетелде үлкен сұранысқа ие болып, әлемнің әр түкпіріне жеткізіліп жатыр.
Марат Бексұлтанов жасаған киіз үйлерді Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі арнайы тапсырыспен алды. Бұл қазақ мәдениетінің бауырлас елдер арасында насихатталуына үлкен үлес қосуда. Сонымен қатар, Сингапур, Испания, Ресей сияқты алыс-жақын шет елдерде де бұл үйлерге қызығушылық жоғары. Қазақтың дәстүрлі баспанасын экологиялық таза, жайлы және ерекше архитектуралық шешім ретінде танитындар көбейіп келеді.
Шебердің киіз үйлері тек этнотуризм немесе мәдени нысан ретінде ғана емес, төтенше жағдайларда да тиімді баспана бола алатынын дәлелдеді. Түркиядағы жер сілкінісі кезінде зардап шеккендерге көмек ретінде бірнеше киіз үй жөнелтіпті. Бұл олардың төзімділігі мен жайлылығы төтенше жағдайларда да маңызды екенін көрсетті. Киіз үй – бұл тек баспана ғана емес, қазақ халқының мәдениеті мен тарихының бейнесі. Бүгінде оның халықаралық сұранысқа ие болуы – ұлттық мұрамыздың жаңғыруының жарқын дәлелі.
Ұлттық мұраны жинақтау
Темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған азаматтың қазіргі бар ықыласы ұлттық мұраларға ауған. Өйткені, біздің кейіпкеріміз киіз үй жасаудан бөлек, қазақтың ежелден бері қолданылып келе жатқан жиһазы – сандық жинағанды жақсы көреді екен. Қазір оның жинағында әр қаладан арнайы барып, сатып әкелінген 60-қа жуық сандық бар. Әрқайсысының өз тарихы, жасалу ерекшелігі мен құндылығы бар.
– Мен үшін сандық – тарихтың, ұлттық мұраның айнасы. Әр сандықтың өз тарихы мен мәні бар. Сондықтан бұл тек жеке қызығушылық емес, менің қазақ мәдениетін сақтауға қосқан үлесім деп білемін. Уақыт өте келе бұл баға жетпес коллекцияның құндылығы арта түсері сөзсіз. Ерекше коллекция қазақ мәдениетінің байлығын сақтауға және насихаттауға бағытталған, – дейді Марат.
«Әке көрген оқ жонар»
Мараттың ұлы Дарын техникаға бейім, қазір 9-сыныпта оқиды. Мектептен бос уақытында шеберханадан шықпай, әр бұйымның сырына үңіледі. Өзі көп сөйлемейді, бірақ жасаған ісінен оның қандай қабілетті екенін көруге болады. Алғашында көрші балалардың көліктерін жасап беретін Дарын, қазір тапсырыспен түрлі техникаларды жасаудан қолы босамайды екен.
– Әкем маған әрбір детальдың өз орны бар екенін және әр істі тиянақты жасау керектігін үйретті. Қарапайым бұрандадан бастап күрделі механизмдерге дейін барлығы үйлесімді жұмыс істеуі керек, – дейді шебер бала өзінің ойына түйгенімен бөлісіп. Ал інісі болса ағасына қолғабыс етіп, оның жұмысына ғаламтор арқылы тапсырыс жинап беріп отыр. Осылайша шеберлер отбасы дәстүр мен заманауи қоғам арасында үйлесімін тауып, отбасылық дәстүрін қалыптастырып келеді.
Көп жылғы еңбектің жемісі
Марат – өз ісінің шебері, жаңашылдыққа жаны құмар жан. Оның жасаған инновациялық киіз үйлері тек Қазақстанда ғана емес, бүгінде шетелде де жоғары сұранысқа ие. Заманауи өмір салтына бейімделген, бірақ ұлттық нақышын жоғалтпаған бұл үйлер – оның көпжылғы еңбегінің жемісі. Алайда, ол бұл жетістігімен тоқтап қалмады, оның әлі де жаңа форматта халыққа ұсынар идеялары көп. Солардың бірі – мектептер мен балабақшаларға арналған жеңіл киіз үйлер. Мұндай идеологиялық мағынасы зор бұйымдарға сұраныс көп болатыны сөзсіз дейді ол.
Шебердің мақсаты – әр қазақ баласына киіз үйдің құрылымын, шаңырақ, уық, кереге, есіктің маңызын ұқтырып, киіздің не екенін, оның ата-бабамыздың құнды мұрасы екенін көрсету. Ұлттың ұлылығын жанымен сезінетін Марат мектептерге арнайы пән енгізуді ұсынып, ұлттық құндылықтарды дәріптесек дейді.
Болат БОПАЙҰЛЫ, энтограф жазушы, академик:
Ұлттық ерекшеліктерін сақтау маңызды
Киіз үй – қазақ халқының көшпенді өмір салтына бейімделген, ыңғайлы әрі тез құрып, қайта жинауға болатын дәстүрлі баспанасы. Ата-бабамыздың өсіп-өнген ыстық ұясы. Заманауи киіз үй жасағанда оның дәстүрлі қазақы үлгісі, функционалдығы һәм негізгі құрылымы – уық, шаңырақ, кереге, есік және киіз секілді элементтері сақталуы тиіс. Егер негізгі пішіні өзгерсе, оның дәстүрлі мағынасы мен тиімділігі жоғалуы мүмкін. Сондықтан киіз үйді жаңғыртқанда, ұлттық ерекшеліктерін сақтау маңызды.
Шеберлер дәстүр мен инновацияны үйлестіре отырып, ішіне жарық, жылу орнатып, киіз үйдің қазақы ерекшеліктерін бұзбай жасап жатса, мұндай жаңашылдықты құптауға әбден болады. Тіпті оларды халықаралық нарыққа шығарудың мүмкіндігі артады. Мәселен, туристік нарыққа енгізу үшін оны тек тұрғын үй ретінде ғана емес, сонымен қатар туристердің демалатын, мәдени тәжірибе алмасатын орын ретінде де ұсынуға болады. Жалпы айтқанда, киіз үйді этнографиялық, мәдени, сондай-ақ экологиялық тұрғыдан да тартымды ету керек. Мұндай бастама қазақтың ұлттық мәдениетін әлемге таныту үшін үлкен мүмкіндік болар еді.