Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті.
Тұсаукесер қойылымға келген жұрттың қарасы қалың. Театр фойесінде сахналық қойылымға сағына жеткен, қуана жиылған көрермен қауым операның ұжымдық шығармашылық жетекшілерімен суретке түсіп жатты. Көңіл күйі көтеріңкі көрерменнің бел ортасында аталған операның опера либреттосының авторы, опера режиссері, қоюшы дирижері де бар.
Шыңғыс қағанды айтпағанда, Жошы хан – әрбірден соң, қазақтың атасындай болған тарихи тұлға. Мына ұлттық қойылым Алтын Орданың іргетасын қалаған сол данышпан көсемнің отбасынан басталған елдікті сақтап қалудың биік деңгейін бедерлейді. Опера Шыңғыс ханның Хорезм шаһын жаулап алу кезеңімен басталып, Алтын Орданың қалыптасу кезімен аяқталады.
Аталған опера Жошы ұлысының 800 жылдығына орай, алғаш рет сахналанды. Операның басты кейіпкері – Хан Сұлтан, Жошы ханның үшінші әйелі. Бұл – Алтын Орда билеушілерінің бірі де бірегейі – Берке ханның анасы. Операның өнебойынан жауынгерлік ұлттық рух сезіліп, ананың балаға деген мейірімі мен махаббаты, қысылтаяң шақта елдің болашағына деген көзқарас анық аңғарылады. Хан Сұлтан – ақылымен, қайсар мінезімен әрі саяси көрегендігімен Алтын Орда тарихындағы тұрпатты тұлғаға айналып, өзін де, ұлдарын да Жошы ұлысындағы басты қайраткерлердің қатарына қосқан ұлы адам.
Идея авторы – Айнұр Көпбасарова. Қос бөлімнен құралған тарихи драманың композиторы – Хамит Шанғалиев. Драматург Алмас Нүсіптің шығармасы негізінде «Хан Сұлтан» операсының либреттосын адуынды ақын Маралтай Ыбыраев жазып шықты. Операның режиссері – әйгілі итальяндық қоюшы Давиде Ливермор. Бұл режиссердің спектакльдері Италияның талай опера театрында қойылып жүр. Операны қоюшы дирижер Нұржан Байбосынов.
– Хансұлтан тұтқынға түскен Хорезм шаһтың қызы. Әмбеге аян Шыңғыс қағанның тұңғыш ұлы Жошыға жар болып, Алтын Орда империясының іргесін қалаушы алып тұлғаның бірі Беркені дүниеге әкелген ана. Айбынды да абыройлы ана – баласы, перзенті жолында жан аямаған. Ана сүтін ардақтаған сол бала Берке – бүгінгі күні біз мекен етіп отырған Ұлы Даланы сақтау жолында көреген көсемдігімен алысты болжаған, қаһарымен жаудың құтын қашырған, елдікке ерлікті жалғаған дана Берке. Берке хан Алтын Орданың қазығын қақты. Бабалар аңсаған болашаққа шырағын жақты. Ананың ұлылығы деген осы емес пе, – дейді операның либретто авторы Маралтай Ыбыраев.
Театр артистері өздеріне бекітілген рөлдерді саяси-әлеуметтік салмағына сай, жауапкершілікпен орындады. Әлемнің талантты шығармашылық тұлғаларының бірлескен еңбегінің нәтижесінде дүниеге келген жаңа ұлттық операны көрермен ынтызарлықпен көрді. Алматылық көрермен мен қала қонақтары үш күн бойы ортағасырлық алып мемлекет – Алтын Орданың құрылуына куә болып, ғасырлар қойнауына жетелейтін, ұлы сезімге толы естен кетпес оқиғаларды ой елегінен өткізіп, оқиғаның дәл ортасында болғандай көңілдері көтеріңкі күйде қолпаштап отыратынына сеніміміз мол.
Әлбетте, осының бәрі театр артистері мен балет бишілерінің, хор мен симфониялық оркестрдің жанды орындауының арқасында жүзеге асатын болады. Сахнаның трансформациялық декорациясы, жарық эффектісі мен бейнепроекцияның нәтижесінде іске аспақ. Ұжымдық шығармашылық деген осы. Басқаны айтпағанда, технологиялық шешім әр көрерменді қойылымның басты кейіпкеріндей сезіндіретіні тағы бар.
Алтын Орда мұрасы – түркі халықтарын біріктіретін рухани қазына. Опера оңайлықпен өмірге келген жоқ. Оның қойылуына түркітілдес елдердің ғылыми орталықтары мен ғалымдарының қосқан үлесі сүбелі. Опера жазу барысында Алтын Орда және татар хандарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалеев, Ыстамбұл, Мәрмәра университетінің профессоры Ілияс Кемалоглу мен тарих ғылымының кандидаты Нұрлан Атығаев ғылыми кеңесші ретінде қатысқанын білеміз.
«Қыран құстың қанаты мен тұмсығы Хан Сұлтанның жүзін бас киім тәрізді жартылай жасырып тұр. Бұл қауіп-қатердің әрі қорғаныстың символындай. Жанып жатқан шаһар – шайқасты, жеңіс мен жеңілістерді мәлім етіп, сол оқиғаның белортасындағы Сұлтанның тағдыры – жауынгерлердің әйелі мен анасы ретінде көрініс табады», – деп өз жұмысын былай сипаттады афиша авторы, иллюстратор-суретші Ассоль Сас.
Тақырыпқа орай
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері:
Біз күткен рухты, музыкалық шырайлы шығарма
Үлкен қаламгерлер қатарында келе жатқан, бір топтың көшбасшысы, бәріміз жақсы көретін Маралтай ақынның мынадай ұлттық операға либретто жазуы – біраздан бері біз күткен жаңалық. Театрға, операға либретто жазуды соңғы кезде қаламгер қауым ұмытқан. Оны қояды деп те ойламаған. Ұсақталып, әркім өз күнін өзі көріп, ұсақталып кетті. Поэзия, соның ішінде айтыс та бизнеске айналып кеткен кезеңде мынадай жаңалық руханиятқа, мәдениетке қозғалыс әкеледі деп ойлаймын. Бұл – біз күткен, армандаған шындықпен суарылған музыкалық шырайлы шығарма. Өйткені, бұл – өзгенің емес, өз тарихымыз.
Шыны керек, операны көрдік те сүйсіндік. Ғажап талантты әншілер, жастар барына көз жетті. Шүкір, бейнені сомдайтын орындаушы да, көңіл көкжиегі кең көрермен де бар екен. Жұрттың бәрі «әллаулаймен» тойшыл боп кетпеген екен. Ертеңіме сеніммен қарайтыным сондықтан. Біздің ұлт – ұлы ұлт. Сол себептен, әлемге аты мәлім өнер түрлерінен шет қалмауы керек. Бұл тұрғыда операсы көкке көтерілген итальян, испан, француздың, австриялықтардың несі артық. Ойланыс, ұмтылыс қажет. Бізде дауыс та жетеді. Әлемдік деңгейді бағындыру үшін бізге классика керек.
Өткен ғасырда Әміре Парижді дүр сілкінтті. Бізге Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиевтерді Вагнер, Шопендердің қатарына қою үшін де бүгінгі таланттарды тәрбиелеп, шыңдау қажет. Құрманғазы әлемдік деңгейге шықса, Моцарттың көкесіндей болмақ. Венгердің Брансына теңесер тұлға аз ба бізде?.. Кешегі Сембинді айтпағанда, бүгін Димашымыздың даусы әлемді тамсантып отырған шақта Қазақтың операсы болмауы – бізге сын. Рухани өмірімізге, мәдениетімізге керемет жаңалық келіп жатыр деп ойлаймын. Жастар әлі де әлемді таңғалтатын дүниелерді жазады. Жастарды әлемдік деңгейде көтере білуіміз керек. Мына талпыныс – соның бастамасы. Бізге операдан бөлек, балет те керек. Алматыдан алыс аймақтарда бұл өрелі өнер түрлері кенже қалуда. Операға біздің сүйікті ақынымыз, кентаврымыз Маралтайдың хандар тақырыбына қалам тартып, ұлттық нақышта келуіне өте қуаныштымыз.