Бір өзі бар халықтың тағдырын арқалаған тұлғалар болады. Ол қазақтың азаттығы, бостандығы, жайбарақат күн кешуі үшін отаршылдармен тайталасты. Қайтпады. Қарсы тұрды. Ерге тән рухын сақтады. Дүниеден хас баһадүр болып өтті. Халқы оған «Хан Кене» деген титул берді.
Шежірелі тарих
Қазақстан аумағында көптеген тарихи оқиғалар болды. Тұран даланы ат тұяғымен дүбірлетіп, сан мыңдаған жылдардан бері мекен еткен халықтар болған. Бертін келе ата-бабаларымыздың басына сындарлы кездер туды. Бұл – XIX ғасырдағы патшалық Ресей империясына қарсы көтерілістер. Бұл көтерілістердің түпкі негізгі себебі бар.
Қазақ даласының солтүстік-батысынан бекіністер салып, көшпенділердің малының жайылымдық жерлерін тарылта бастады. Соның нәтижесінде ел ашуға мінді. Кенесары–Наурызбай қазақ халқының басына біткен ең ірі ұлт азаттық көтеріліс басшысы болған. Ресей әскери тарихының ірі маманы А.И. Иванин қазақ басшысының атына мынадай мақтау білдіреді: «Әділдіктің орнауын талап еткен, Кенесары өлгенше Ресейдің жауы болды. Сондықтан да оны «даланың соңғы батыры» деп атасам, өз Отанымның алдында күнәлі емеспін» деген.
Көтерілістер ұлы даланың әрбір өңірінде болып жатты. Тынышы кеткен жұрт осы тұста халық арасынан шыққан тұлғаларға иек артты. Олай етпеске амалы да таусылған еді. Десек те, қазақ даласы арда ұлдарға кемшін емес-тұғын. Солардың бірі – 1836–1838 жылдары Кіші жүздегі Исатай–Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі.
Көне әфсана
XIX ғасырда жұрт үшін жанын беріп, қасық қаны қалғанша шайқасқан батырларды қазақ халқы әсте жадынан шығарған емес. Сондай аты аңызға айналған дарабоздардың ерлігі атадан балаға, ауыздан-ауызға тарай берген. Мұның өзіндік сыры бар. Өйткені, сол оқиғаларды көзімен көріп, ішінде болған адам өзінің ұрпағына жыр ғып айтып жеткізіп отырған. Бастапқыда әңгіме, аңыз, жыр боп айтыла бастаған.
Мәселен, бір Кенесары хан жайында ел арасында қаншама аңыз- әфсаналық дүниелер көптеп кезігеді. Тіпті, әр өңір оны өз бетінше айтады. Айталық, «Наурызбай– Қаншайым» жырында көне эпостардағыдай ерлік пен елдік, батырлардың хас сұлуға үйленуі секілді оқиғалар баяндала Қасым ханның билік еткен тұсы, келесі ханның Кенесары болғаны жайлы айтылған.
Тарихи деректерге көз жібертіп оқысаңыз, Хан Кене тұсында, қазаққа тыныштық бермей бір бүйірден шапқыншылық жасаған ол оңтүстіктегі көршілер еді. Ауылдарды шауып, мал-мүлікті айдап әкетіп, қиыншылық көрсеткенін тарихтан білеміз.
Міне, сондай озбырлыққа төзбеген ел өз бетінше қарсыласып бақты. Ол заманда жан-жақтан қыспақ көп еді. Бір шетінен, патшалық Ре с ей от арлау с аяс атын жүргізіп жатты. Біздің батыс-солтүстік аймақтарымызға ауыз сала бастады. Ішкі жағымыздан, өз- өзімізді жеп, билік пен мансапқа таласқандар көбейді. Би болуға, старшын, аға сұлтан болмаққа жанталасты. Осының бәрін көріп-біліп отырған Кенесары жастайынан атқа қонды.
Негізгі тарихи кезеңге қарасақ, Кенесары 1841 жылдан бастан ресми таққа отырды деседі. Бар қазақтың рулары жиылып, Ұлытаудың бөктерінде ақ киізге отырғызып хан көтерген. Бірақ ел аузындағы тарихи әңгімелерге назар аударсақ, онда ол ағасын өлтіріп, туыстарына зәбір көрсеткен, қала берді, қазақтарды қыспаққа алған патша өкіметіне наразы болған екен. Қарап тұрсаңыз, ол хан көтеруге дейін де бірнеше қарсылықтар жасап жүрген.
Кенесарының бейнесі
Қазақ әдебиеті тарихы «фольклорлық кезеңі», I томында «Кенесары туралы тарихи шығармалар» деген бөлім бар. Мәтінге назар аударалық: «Кенесары – идеалды қаһарман, билік тізгінін мықтап ұстаған әмірші, күллі қазақты өзіне қаратқан хан. Оның қоластына атақты батырлар жиналған. Олар ханның ордасын мемлекет орталығына айналдырған», – деп айтып келеді де, одан соң: «Кенесары жай ғана хан емес. Ол ел қамын жеген хан. Қазақ елінің еркіндігін, елдігін сақтауға күш салған әмірші. Жұртқа өз ойын ашық айтып, бостандыққа шақырған көшбасшы» дейді. Екі мәтіннің арасында ешқандай бір айырмашылық немесе тарихи оқиға көрініс бермейді. Бұл арада ұлт қозғалысының басшысы бірегей көсем жайында айтады.
Нақтырақ баяндар болсақ, Кенесары ханның образын жұртқа мықты етіп көрсету. Мұнда халық тұл жетім емес екенін және елім, жерім деп ұрандататын арда ұлдарға кенде еместігі жайында мәлімет беріп тұр. Жоғарыда айтылған мысалдардың ішінде Кенесарының тағы бір қыры жайында айттық. Оның батырлығы, тапқырлығы, айлакерлігі, көрегенділігі бір төбе. Сонымен қатар, онда үлкен фольклорлық қасиет болған. Онда: «Кенесары – идеалды кейіпкер болғандықтан, оның бойында тағы бір ерекше қасиет бар. Ол – оның кереметтігі, көзінің магиясы.
Ол сұқтанып, қатты мән бере қараса, көз тиеді, сөйтіп, оның назарына ұшыраған адам жарық дүниемен қоштасады. Осы халге Қаншайым сұлу ұшырайды». Бұл жерде назар салып қарасаңыз, фольклордағы «көз тию», яғни магия көрініс береді. Демек, «Кенесары тегін адам емес» деген сөз.
Жыраулық пен батырлық – қанға сіңген қасиет
Сыр бойы – жыраулық өнердің үлкен тамыр жайған өңірі. Бірнеше күн бойы жыраулардың өнерін тамашалаған Кене хан олардың арасынан жырын қобызымен айтқан арқалы Нысанбай жырауды ұнатып, өз қолымен бірге ала кетеді.
Біздің түсінігімізше, жырау хан қосынына оның Жетісуға бет алған кезеңінде қосылған болу керек. Өйткені, оның шығармашылығы да басым түрде Кене хан тарихының осы кезеңін ғана баяндайды». Міне, бұл тарихи деректерге қарағанда, Нысанбай жыраудың Кенесарыны дәріптеуі осындай таныстықтан достыққа ұласқан деп қарауға болады. Жыраудың түсінігінде Кенесары сияқты мемлекетшіл тұлға ел қорғаны, ал оның қызметі – ұлттық мемлекеттілікке ұмтылыстың көрінісі. Кене хан халыққа ие билеушілер қатарында, сондықтан да қамқоршы болар ханы жоқ елді жырау «шегірткеге таланған қырғауылға» немесе «жапалақтан сескенген жалғыз қазға» теңейді».
Тарихшы ғалым, М.Қойгелдиев осы мақаласында жырды тарихи шындық тұрғысынан дәлелдеуге тырысты. Тарихи деректерден Сыр бойы қазақтарының да қазақтың соңғы ханына барынша қолдан келгенінше көмегін жасағанын білеміз. Зерттеуші Р.С.Кареновтың «Нысанбай жырау – «Кенесары–Наурызбай» дастанының туындыгері, қазақ тарихының аса көрнекті тұлғаларының бірі» атты мақаласында мынандай мәлімет бар: «Нысанбай жырау Кенесары әскері жеңіліске ұшыраған тұста Кенесары Наурызбаймен бірге жау қолына түседі. Бұл оқиға туралы орыс зерттеушісі Я.Палферов былай деп баяндаған: «Кенет шатқал тыныштығын домбыра үні бұзды, оған қоса «е..е..Алла...» деп алып басталған қайғылы, жантүршіктірер, Нысанбайдың сол жерде шығарған жоқтау өлеңі басталды: Еркін жел бүгін тынықсын, Ақындар əнін ұмытсын. Ерке ұлын іздеп жоқтаған, Туған жер зары естілсін. От тиген қалың ағаштай, Жалындап кетті-ау, Кенекем. Жоқтау ұзақ, қайғылы түрде айтылып, шатқал-шатқалды, сай-сайды қуалап, кең далаға Кенесары батырдың өлімін естіртіп кете барады. Зар жылаған домбыра үні барлық дүниені булықтырады. Тыңдаушылардың қара торы жүзін жас жуды, кейде олар өксіп-өксіп қояды. Бүкіл табиғат осы жұбатуға болмайтын әнмен бірге жылап тұрған сияқты». Мәтіннің сюжеті бойынша, Нысанбай жырау Кенесары мен Наурызбайдың жау қолына түсіп қалғандығын жырлап бастайды. Жырдың соңында фольклор ғылымындағы «жоқтау» жанры көрініс табады. Мұнда Нысанбай жыраудың «Кенесары–Наурызбай» жырындағы жоқтауы ең әйгілі һәм осы күнге дейін ел есінде сақталған ескі нұсқасы деуге болатындай.
«Фольклордағы Кенесары – халықтың «әділ де, мінсіз патша» туралы образы. Оның бойында ханда болуға тиісті ізгілікті қасиеттің бәрі жинақталған, халық қиялындағы, ел арманындағы ханның бейнесі көрініс тапқан». Осы «Тәуелсіздік және фольклор» кітабында Хан Кененің батырлық пен елжандылық бейнесін ашып көрсетеді.
Тарих қатпарлары болашақпен үндеседі
Жоғарыда Кенесарыны арқау етіп, біраз тарихты көрсетуге тырыстық. Онда батырлардың ерлігі мен оны халыққа паш ете білген жырауларды да мақаламызға тұздық еттік. Өйткені, сол жыраулар арқасында бүгінгі ұрпақ өз ата-бабаларының туған ел үшін аянбай ерлік көрсеткенін білуде. Міне, мақаланың негізгі айтпақ ойы да, қорытындыламақ тұжырымы да жырдың шынайы өмірде болғанын айтып жеткізу болатын. Біз тарихи шындықтың бір парасын ғана айттық. Қалғаны болашақтың еншісінде.
Жюль Верн мен Кенесары хан
Хан Кененің қайғылы қазасы мен соғыспен өткен өмірі көптеген өлеңдер мен романдарға арқау болды. Ол халық батыры, қазақтың соңғы ханы, тәуелсіздікті арман еткен тұлға. Ресей империясы мен Кеңес өкіметі тұсында Хан Кене туралы жазғандар қатаң жазаланып, халық жауы деп жарияланды. Соңғы ханды жұрт оның туған даласында ғана емес, басқа мемлекеттерде де танып-біліп жатты. Әлемге әйгілі жазушы Жюль Верн өзінің кейіпкерлерінің бірін Хан Кенеге ұқсатып жазған. Татар ханы Феофар – Кенесары Қасымов Батыс оқырмандарына осындай атаумен белгілі болды. Неліктен татар? Өйткені, Жюль Верннің жас кезінде Шыңғыс ханның «татар» ұрпағы Ресей империясына қарсы шықты деген әңгіме Еуропаны дүр сілкіндірді.
Шытырман оқиғалы романдардың классигі «Михаил Строгов» шығармасында Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресін бейнеледі. Жюль Верн Қазақстанда ешқашан болған емес, бірақ бұл оның көшпелі халық туралы шытырман оқиғалы романын жазуына кедергі болмады. 1876 жылы жарық көрген «Михаил Строгов» (немесе «Патшаның курьері») саяси себептермен Ресей империясында да, Кеңес Одағында да танымал болмады. Сюжет бойынша Ресейге бағынған Түркістан өлкесінің көшпелілері бүкіл Сібірді шарпу қаупін тудырған көтеріліс бастады. Патша бұйрығымен шабарман Михаил Строгов Сібірге баруы керек. Ол Иркутскіге барып, жергілікті губернаторға татар отрядтарын басқаратын сатқын Иван Огарев дайындап жатқан қастандық туралы ескерту керек. Сібір ауылында Строгов Надя есімді қызды кездестіріп, оған бірден ғашық болады. Патшаның шабарманы мен жас қызды татарлар тұтқынға алады. Михаил Феофар ханның үкіміне сәйкес, татар заңдары бойынша, қызған қылышты көз алдынан өткізгеннен кейін соқыр болады.
«Хан шатырының алдында асыл тастармен әшекейленген ағаш үстел болды. Үстел үстінде алтын парақтары жұқа қасиетті Құран Кәрім ашық жатыр. Әмірдің қолдарымен төрт өріске бөлінген шатырдың үстінде ту желбіреді», – деп Жюль Верн Феофар ханның штаб-пәтерін сипаттаған.
Шыққаннан кейін бір жылда роман 10 тілге аударылды. Романның танымал болғаны сонша, француздар арасында тіпті «Строгов сияқты керемет» деген сөз пайда болды. Роман бойынша 20-ға жуық фильм түсірілді, бірақ тек Батыста. Ресейде алғаш рет роман 1900 жылы жарық көрді. Оның алғашқы редакторы Иван Тургенев болды. Алайда, бірінші басылым қатты қысқартылып, бұрмаланған. Таңқаларлық емес, өйткені Феофар ханның прототипі Ресей жек көретін «бүлікші» болды. Феофар да Кенесары сияқты жау алдында тізе бүкпеген, жеңілмеген жауынгер болып қала берді. Ал оның болмысы еуропалықтарға беймәлім Азияның бейнесі еді. Сондықтан «Михаил Строгов» кітабы жарық көргеннен кейін де көп жылдар бойы өзінің танымалдылығын жоғалтқан жоқ.
Наргиз РАХИМЖАН