ffin.kz

Ғылым үйрену – мұсылманның мұраты

Ғылым үйрену – мұсылманның мұраты Сурет ЖИ көмегімен салынды

Бүгінде діни білім алуға ден қойып, діни салада қызмет еткісі келетін жастар қатары артып келе жатқаны мәлім. Сол жастардың дұрыс діни білім алуына жағдай жасау – негізгі жайттың бірі.

Осындай мақсатта құрылған «Әбу-Ханифа» медресе-колледжінің іргетасы 2009 жылы қаланды. Білім ордасының негізгі мақсаты – инновациялық жетістіктерді тиімді қолдана отырып исламтану саласы бойынша білікті маман дайындау, қоғамның ғылыми және рухани діни әлеуетін арттыруға үлес қосу.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет мүшелерімен өткен басқосуда: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін» деген болатын.

«Әбу-Ханифа» медресе-колледжінде исламтану мамандығы оқытылады. 11 сыныпты бітірген оқушылар сұхбат-сұрақ негізінде қабылданады. Ұстаздар сол арқылы олардың кәсіби біліктілігін, діни салаға деген ынта-ықыласын, өмірлік ұстанымын анықтайды. Дін маманына өте үлкен жауапкершілік жүктелетіндіктен талапкерлердің сөзі мен мінез-құлқы, әдебі мен адамгершілігі де сынға түседі. Бірнеше ұстаздың сынынан өткен оқушы ғана оқуға қабылданады.

Медреседен осы уақытқа дейін 355 шәкірт түлеп ұшты. Олар білімін ары қарай Түркияның «Хасеки» академиясында, Астанадағы Хусамуддин ас-Сығанақи ислам институтында, Алматыдағы Нұр-Мүбәрак ислам университетінде жетілдіріп, мешіттерде, ғылыми-зерттеу орталықтарында, оқу орындарында қызмет етуде. Тіпті кейбір шәкірттер ғылым жолына түсіп, өнімді еңбек етіп жүр.

Экстремизм, жат ағымдар, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстармен күресте діни білімнің маңызы зор. Президентіміз Ұлттық құрылтай отырысында: «Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет. Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты» деп атап өтті.

Қазір, өкінішке қарай, жастарымыздың рухани санасын басқа арнаға бұруға идеологиялық тұрғыдан талас жүріп жатыр. Осы ретте баршамыз бірігіп, өскелең ұрпақты бай рухани мұрамыздың негіздері аясында тәрбиелеу жолында бір-бірімізге көмекші болуымыз керек. Дұрыс діни білім алған адам ешқашан Отанына озбырлық жасамайды. Керісінше, ғұламалар айтқандай, «Отанды сүю – иманнан» деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырады.

Орталық Азиядағы түркі халықтары ислам дінін қабылдау арқылы әлемдік өркениет пен ғылымға мол үлес қосты. Соның арқасында қазақ даласына ислам өркениеті келді. Ұлы дала төрінде медреселер мен ғылым ошақтары бой көтеріп, ғылым, білім жаңғырды. Ислам қай жерге жетсе, сол жерді гүлдендірді.

Қазақ халқы Исламды қабылдап қана қоймай, Ислам өркениетінің дамуына үлкен үлес қосты. Қазақ топырағынан шыққан фарабилер, исфиджабилер, сығанақилар ислам ғылымы мен білімін әлемдік деңгейге көтерді. Бабаларымыз салған сара жолды жалғастырып, жаңғырта түсу – бүгінгі ұрпақтың, яғни сіз бен біздің асыл мұратымыз болуға тиіс деп санаймын.

Өкінішке қарай, кейінгі кездері дін мен білім-ғылымды бір-біріне қарсы қоятын жағдайларға куә болып жүрміз. Алайда дінді ғылымға қайшы деп түсіну – қате пікір. Дін – ғылымды құлдыратушы емес, керісінше биіктетуші. Себебі Құранның мақсаты – ғылым.

Құран мұсылмандарды білімге ұмтылуға, ойлануға, зерделеуге шақырады. Адам қаншалықты Құдайды тануға ұмтылған сайын, соншалықты оның жаратылыстарының сырын біле түседі. Ардақты Пайғамбарымыз да: «Білім алу – мұсылман әйелге де, ерге де парыз», – деу арқылы сауатты болу, білім үйренудің мұсылман үшін үлкен міндет екенін үмбетіне өсиет етті. Біздің бабаларымыз да «Мың малың болғанша, бір балаң ғалым болсын» деген өсиет қалдырған. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы: «Әуелі үйренетін бір ғылымың, өзіңнің мұсылманша дін ғылымың», – деген болатын. Демек ғылым үйрену – мұсылманның мұраты.

Тарихымызды қарап отырсақ, қазақты кезінде руға да, жүзге де, жерге де бөліп, билеп-төстеуге тырысқан. Енді дінге бөлуге тырысып бағуда. Абай айтқандай, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Қарап отырсақ, расымен де, осы бір өлең жолында дұрыс өмір сүрудің, тіршілікте табысқа толы болудың формуласы жатқандай. Мейірімділік пен кешірімділік – барша адамға ортақ қасиет. Жер бетінде осындай адамгершілік құндылықтардың салтанат құруын қалаған адам ең әуелі ізгілікті өзінен бастауы ләзім. Ендеше, айналамызға мейірім көзімен қарайық. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55