ffin.kz

Ғасыр дерті

Ғасыр дерті Коллажды жасаған Нұрбосын ӨРІСҰЛЫ

Есірткі тұтыну жастар арасында неге  әдетке айналып барады?

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында есірткі саудасы мен нашақорлыққа қарсы күрес мәселесін көтерген еді. Қоғам мен мемлекетті іштей шірітетін әлеуметтік кеселмен күресте ірі мегаполистердің орны бөлек. Құқықтық статистикаға көз жүгіртсек, еліміздің ірі қалаларында құқық бұзушылық тыйылмай отыр.

 

Ұлттың генетикалық қорын аман сақтау маңызды

 

Ел Президенті биылғы 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауында заң үстемдігін орнату мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Бұл істе, әсіресе, есірткі саудасымен күрес мәселесін қадап айтты. Ғасыр дертімен күресте құқық қорғау органдарының қызметіне ерекше назар аударылды: «Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады», – деді Мемлекет басшысы.

Есірткі қоғам мен мемлекетті іштей әлсіретеді, бұл – халықтың денсаулығы мен болашағына соғыссыз-ақ балта шабылады деген сөз.  Сондықтан  ғасыр дертіне айналған кесапатпен  жүйелі күрес жүргізу қажет. Осы бағытта соңғы жылдары біршама жұмыс атқарылды да. Алайда, бұл жеткіліксіз. Себебі, жастар арасында есірткі тұтыну сәнге және әдетке айналып барады. Қала берді, табыс табудың оңай жолына айналуда. Қазір еліміздің ақпараттық кеңістігінде «Закладка» деп аталатын деректі фильм талқылануда. Онда синтетикалық есірткі саудасы мәселесі жан-жақты қарастырылып зерттелген. Ондағы мәліметке сүйенсек, бүгінде қылмыстық атқару мекемелерінде 4,3 мыңнан астам адам есірткі саудасымен айналысқаны үшін жазасын өтеп жатқан көрінеді. Деректі фильмде жазасын өтеп жатқан адамдардан сұхбат алынған. Олар бұл жолға қалай түскенінен сыр ақтарып, өз ісі үшін өкінетінін айтқан.

Ел аузында жүрген деректі фильмге әлеуметтік желідегі пікірлерді талдай келе бұл мәселе бәрін толғандыратынын түсінуге болады. Үкіметтің осы бағытта қылмыстың алдын алу шараларын жүзеге асыруға дереу кірісу себебі де осында. Есірткі саудасымен күресте, әсіресе, ірі мегаполистердің орны бөлек.

 

Ресми статистика не дейді?

 

Урбанизация, яғни халықтың ауылдан қалаға көшу үдерісінің жағымды тұсынан бөлек тәуекелдері де жеткілікті. Халық көп, әрі тығыз орналасқан сайын қылмыстық жағдай да қиындай береді. Мұның себебі әртүрлі болуы мүмкін. Қалаға келген адамда әлеуметтену үдерісі баяу әлде мүлдем жүрмейді. Қалада өмір сүру үшін бәсекелестік жоғары. Қала берді, қалада туып-өскендермен тіл табысып кету де оңай үдеріс емес.

Қалалардағы қылмыстық жағдайдың күрделі екенін ресми статистика да айтады. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми сайты «qamqor.kz» деректеріне сүйене отырып, төмендегі екі кестені құрастырдық. Кестеде қылмыстық құқық бұзушылық статистикасы берілген. Соның ішіндегі есірткі заттар бойынша статистика бөлек көрсетілген. Көріп тұрғанымыздай, республикалық маңызы бар қалаларда қылмыс деңгейі жоғары. Есірткілік құқық бұзушылық бойынша Астана қаласы алда тұр. Алматыда жыл аяқталмаса да, өткен жылғы көрсеткіштен асып кеткен. Алайда, қылмыс санының өсуі үнемі жағдай қиын екенін білдірмейді. Бұл бір жағынан, құқық қорғау органдарының жұмысының нәтижесін көрсетеді.

 

Қылмыстық құқық бұзушылық, оның ішінде есірткі заттар бойынша

2021 ж.

2022 ж.

2023 ж.

2024 ж.

ҚР

138 мың (6,5 мың)

140 мың (6,5 мың)

121 мың (6,3 мың)

117 мың (7,3 мың)

Алматы

22 мың (618)

30 мың (562)

23 мың (641)

21 мың (699)

Астана

14 мың (895)

15 мың (671)

15 мың (870)

16 мың (1047)

Шымкент

9 мың (352)

8 мың (390)

5 мың (518)

4,9 мың (483)

 Әкімшілік құқық бұзушылық көрсеткіші бойынша да ірі қалалардағы жағдай мәз емес. Көш басында Алматы және Астана қалалары тұр. Республика бойынша да жыл сайын бұл санаттағы құқық бұзушылықтар артып келеді.

 

Әкімшілік құқық бұзушылық

2021 ж.

2022 ж.

2023 ж.

2024 ж.

ҚР

6,6 млн

6,8 млн

7,7 млн

11,1 млн

Алматы

1,4 млн

1,1 млн

1,2 млн

3,1 млн

Астана

1,1 млн

1,1 млн

1 млн

1,2 млн

Шымкент

271 мың

769 мың

713 мың

825 мың

 

Алматыда есірткі өндіретін 14 зертхана жойылған

 

Алматы қаласында биылғы Президент  Жолдауынан кейін есірткі саудасы мен нашақорлыққа қарсы күрес бағытында біршама нәтижелі жұмыс атқарылды. Дегенмен,  ғасыр дертімен күресте  жүйелі жұмыс керек. Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Арыстанғани Заппаров қалалық Қоғамдық кеңес отырысында есеп бергенде  жыл басынан бері қалада есірткінің заңсыз айналымына қатысты 530 құқық бұзушылық анықталғанын айтты.

Бұдан бөлек, мынадай статистикалық мәліметтер келтірілген:

·        Есірткі өндіретін 14 зертхана жойылған;

·        74 есірткі бетбелгісін қоюшы қолға түсірілген;

·        Есірткі құралдарының таралуы туралы мәліметтерді қамтитын 9 мың 186 граффити суреттері табылып, үстін бояп тастау арқылы жойылған;

·        Есірткіні таратумен және жарнамалаумен айналысатын 415 интернет-сайт анықталып бұғатталған.

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49

08:05

19:58

19:03

19:00

18:35

18:08

17:48

17:41