Ертеде баланы не үшін қылғындырған?

Ертеде баланы не үшін қылғындырған? Сурет: pro-mozg.com

Баланың тілін «ішекпен қылғындырып» шығару ырымын білесіз бе? Одан қандай қауіп бар? Аqshamnews.kz тілшісі анықтап көрді. 

Әлеуметтік желіде баланың мойнын ту сыртынан келіп ішекпен орап, оны бірнеше рет қылқындырып жатқан видеоны көзіміз шалып қалды. Бейнежазбада ересек адам жылап жатқан 3–4 жастағы баланың мойнына қой ішегін орап, «ырым» жасағаны анық көрінеді. Сөйтсек, көрер көзге оғаш көрінетін бұл әрекет баланың тілін шығару мақсатында жасалған делінеді.

Бұл видеоға қатысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінген.  Бірі бұл әрекетті «қараңғылық», «жабайылық» деп сөгіп жатса, екінші тараптағылар «Бұл – ескі ырым, біз де жасадық, баламыз сөйлеп кетті» деген пікірлер де бар.  Дегенмен көптеген сарапшы мұндай рәсімнің еш ғылыми негізі жоқ екенін айтып, баланың психикасына зиян келуі мүмкін екенін ескертеді.

Нейропсихолог: «Бұл әрекеттің баланың сөйлеп кетуіне еш қатысы жоқ»

Айнұр Алдаш, балалар нейропсихологы:

«Мұндай ырымдардың қайдан шыққаны белгісіз. Мен бұл туралы нақты ғылыми зерттеу не дерек кездестірмедім. Бірақ анық айта алатыным – баланың сөйлеуі ми қызметіне тікелей байланысты. Сөйлеу — психиканың жоғары функциясы. Оны ішекпен қылқындыру арқылы сөйлету ғылыми тұрғыдан түсіндірілмейді», – дейді маман.

Айнұр ханым ата-аналарға баланың сөйлеуінде кешеуілдеу байқалса, біреудің «біздің бала да кеш сөйледі» дегеніне сеніп, уақыт жоғалтпауға кеңес береді:

«Уақыт емдейді деп ойламаңыздар. Керісінше, бала өскен сайын түзету қиынға соғады. Бүгінде әрбір 6-шы отбасында ЗПР (психикалық дамудың тежелуі) немесе ЗРР (сөйлеудің дамуы тежелуі) диагнозы бар бала өсіп келеді. Бұл күрделі проблемаға айналуда».

«Ырыммен сөйлеп кетеді деп ойлау» – жаңсақ түсінік

Гүлдана Нұрбаққызы, дефектолог-логопед, 7 жылдық тәжірибесі бар маман:

«Маған осындай ырым жасап келдік, көмектеспеді» деп келген ата-ана болған емес. Бірақ өз туыстарымнан естідім. Бұл ырымда міндетті түрде мал сойылып, ішегімен нағашылары баланың мойнын байлауы керек екен. Әрі бұл рәсімді ер адам жасауы керек дейді. Бірақ сол рәсім бала үшін психологиялық жан-жара салуы мүмкін екенін ата-аналар ойламайды», – дейді маман.

Маманның айтуынша, кейбір жағдайларда баланың сөйлемеуі физиологиялық, неврологиялық себептерден болады. Ондайда оны зерттеп, кешенді диагноз қойылуы қажет. Ырым арқылы баланы қорқыту — керісінше, оның сөйлеу қабілетін нашарлатуы мүмкін.

«Ырымы сондай деп ішекпен баланың мойнын бірнеше рет байлап, күшпен ұстап тұру – баланың эмоциясына, сеніміне, психикасына үлкен соққы. Мұндай жағдайда бала қорқып қалып, бұрын айтып жүрген  5-6 сөзін де айтпай қойып, моторлы сөйлемеу дамып кетуі мүмкін».

Дефектолог-логопед: «Сөйлемейтін бала болмайды, сөйлете алмайтын орта болады»

Баланың сөйлеуі – ұзақ әрі күрделі процесс. Сөз шығаруы, дыбыс айтуы, сөйлеуді түсінуі – бәрі ми мен моторикаға байланысты дамиды. Бұл ретте анасының рөлі аса маңызды.

«Сөйлемейтін бала болмайды. Сөйлете алмайтын орта болады. Сәби туған күннен бастап уілдесе, анасы онымен сөйлесіп, дыбысқа жауап беруін қадағалап отыруы керек. 6 айдан бастап эмоциясы байқалмаса, міндетті түрде маманға қарату қажет», – дейді маман.

Баланы тек 5–6 жасқа келгенде маманға апарып, «сөйлетіп жібереді» деп үміттену – қателік. Сөйлеу машығын қалыптастыру үшін ең алдымен:

         •        Жалпы моторика

         •        Ұсақ моторика

         •        Координация

         •        Көру және есту қабілеті

         •        Психоэмоциялық байланыс ретінде кешенді түрде дамыту қажет.

«Көзі көретін, құлағы еститін бала қасықты екі рет бір-біріне ұр деген қарапайым тапсырманы орындай алмаса, бұл – ми жұмысындағы кідірістің белгісі. Сол себепті мұндай балаларға ырым емес, жүйелі нейрокоррекциялық жұмыс қажет», – дейді мамандар.

Мамандар дамуында кедергі жоқ дені сау бала бір жасында 10-15, екі жасында 300 сөзді анық айтуы керек екенін ескертеді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
1
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

22:28

21:42

18:04

17:44

17:19

17:17

17:14

17:12

16:33

15:06

15:01

14:32

13:03

12:44

12:04

11:32

11:00

10:49

10:48

10:27

10:05

10:00

09:43

16:36

16:15