Еліміздің әр азаматы – мемлекетшіл, отаншыл болса барлық қиындықты еңсереміз

Еліміздің әр азаматы – мемлекетшіл, отаншыл  болса   барлық қиындықты еңсереміз Сурет: qazaqstan.tv

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда әлеуметтік, экономикалық әрі саяси бағыттағы қордаланған мәселелер қаузалып, нақты шешу жолдары ұсынылды.

Біріншіден, стратегиялық маңызы бар су реформасы мәселесі көтерілді. Қазақстанда суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Тіпті суды бөліп тарататын орындарда бүгінгі заман талабына сай құрылғылар жоқтың қасы. Сондықтан Президент бұл саланы ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Тоқаевтың сөзінше, еліміздегі су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасап, жасанды интеллект негізінде гидрогеология мониторингіне қатысты мәселе толық шешімін табады. 

Екінші мәселе – салықтан түскен қаражаттың халық игілігіне жұмсалуы. Жолдауда мемлекеттің адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайтыны айтылды. Яғни, адамдардың адал еңбегінен түскен салық еліміздің дамуына жұмсалуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында болады деген сөз. Үшіншіден, экономиканы әртараптандыру мәселесі жолға қойылды. Ішкі, сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру аса маңызды. Мәселен, жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Жолдау барысында Президент өзінің Сенатқа он жыл басшылық еткенін айта отырып, елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді. Бұл – қазақ жұрты үшін күтпеген ұсыныс болғаны анық. «Депутаттар нағыз мемлекетшіл азамат ретінде бұл мәселеге зор жауапкершілікпен әрі түсіністікпен қарайды деп ойлаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, қазіргі таңда 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыруды мектеп қабырғасынан бастап қолға алу қажет. 

Ғылым-білімге ұмтылған жастарды қолдау да назардан тыс қалмады. Қазақстанның әр азаматы – мемлекетшіл, отаншыл, халқы – тату, ішкі ахуалы – тұрақты болса ғана біз барлық қиындықты еңсеріп өтеміз. «Өркениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ». Біз Әділетті және Қуатты Қазақстанды құру жолында тағы бір маңызды қадам жасауға бет бұрдық. Жолдауда айтылғандай, алдағы 3 жылда цифрлы елге айналатын Қазақстанның бейбітшілігі мен егемендігі мәңгі болғай! 

 Қанат ӘУЕСБАЙ, журналист,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің деканы: 

Әлемдік үрдістермен қатар қадам басу – дұрыс бағыт

–        Жолдауда Президент өте ауқымды міндет қойды: 3 жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл – жәй ғана дабыра мақсат емес, ел дамуының жаңа деңгейін

айқындаған нақты бағдар. Бүгінде цифрлық технологиялар экономикада да, күнделікті тұрмыстық үдеріске де дендеп енді.  Сондықтан дұрыс бағыт – артта қалмау, керісінше, әлемдік үрдістермен қатар қадам басу. Өте маңызды әрі символикалық ұсыныс та айтылды – жасанды интеллект пен цифрлық дамуға арналған жеке министрлік құру. Мұндай орган күшті бір арнаға тоғыстыру, мамандарды біріктіру және нақты жұмыс жүйесін құру үшін қажет. Өйткені цифрландыру дегеніміз – тек электронды мемлекеттік қызметтер мен онлайн-сервис қана емес, бұл – медицинадағы жасанды интеллект, өнеркәсіптегі автоматтандыру, білім берудегі жаңа тәсілдер. Егер осының бәрі орталықтандырылып үйлестірілсе, нәтиже әлдеқайда айқын болады.

        Қазірдің өзінде біз цифрлық трансформацияның алғашқы жемісін сезініп отырмыз. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн қолжетімді, артық кезек пен қағазбастылық азайып отыр. Жаңа жүйелердің арқасында миллиардтаған теңге көлеңкеден шығарылды, яғни бұл қаражат ел игілігіне жұмыс істей бастады. Бұл жай ғана абстрактілі сандар емес, бюджет пен қоғам үшін нақты пайда.

    Цифрландыру тақырыбы, әсіресе, жастар үшін аса маңызды. Бүгінгі жасөспірімдер мен студенттер жаңа дүниені тез қабылдайды, IT саласында еңбек еткісі келеді, өз жобаларын іске қосуға ұмтылады. Ал мемлекет оларға осыған қажетті құралдарды беруі тиіс. Бұл тұрғыда стартап экожүйесін дамыту, мектептерге жасанды интеллект бойынша сабақ енгізу, жас мамандарды қолдау бағдарламаларын іске асыру – артықшылық емес, шынайы қажеттілік. Алайда технологиялар өздігінен барлық мәселені шеше алмайды. Ең бастысы – цифрлық сауаттылық. Жаңа сервистер пайдалы болу үшін адамдар оларды қолдана білуі керек. Бұл тек жастарға ғана емес, ересек буынға да, мемлекеттік қызметшілерге де, мұғалімдер мен дәрігерлерге де қатысты. Егер әркім заманауи құралдарды еркін меңгерсе, цифрландыру шын мәнінде жалпыға ортақ сипатқа ие болады.

        Президенттің Жолдауы – айқын, нақты бағдар берді: біз жылдам қимылдауымыз керек. Үш жыл – аса ұзақ уақыт емес, сондықтан әрбір министрлік, әрбір құрылым және бүкіл қоғам бұл міндетті шын мәнінде маңызды деп қабылдауы қажет. Әйтпесе жаһандық үдерістерден шет қалуымыз мүмкін. Президент тұжырымдағандай,  дұрыс ұйымдастырудың арқасында  мақсатқа жетеміз. Бұл орайда Қазақстан инновацияларды жылдам игеріп, енгізе алатынын әлдеқашан дәлелдеді. Ендігі мақсат – қарқыннан таймау және алға батыл қадам жасау.

Әдемі СЕМБИНОВА,

 әлеуметтанушы: 

Стратегиялық  маңызы зор құжат

–        Мемлекет басшысының Жолдауы – ел дамуының жаңа бағытын айқындайтын стратегиялық маңызы зор құжат. Жаңа технологияларды игеру, саяси жүйені жетілдіру және қалыптастыру, экономиканы, әлеуметтік саланы, әрі білім беруді жаңғырту мәселелері қамтылды. Жолдауда мынадай бағыттар айқындалды:

1. Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан. Президент жаңа технологиялардың қоғам өміріне еніп келе жатқанын және бұдан қалыс қалмау керек екенін айтты. Отандық кәсіпкерлер жасанды интеллектіні тиімді пайдаланбаса, табысты бизнес серіктестігін құра алмайтынын да тілге тиек етті.

2. Саяси жүйені жаңғырту. Парламенттің құрылымын қайта қарау. Бір палаталы жүйеге өту туралы ұсыныс жасалды. Мұндай қадам саяси жүйені ықшамдап, тиімділігін арттыруға бағытталған.

3. Экономикалық жаңғырту және инвестиция тарту. Инвестициялық ахуалды жақсартуды, артық бюрократияны қысқартуды тапсырды.

4. Қаржы және банк секторының жарнамасы. Білім беру және ғылымды дамыту. Президент үш ауысымды мектептердің мәселесін толық шешуді тапсырды. Елімізге кәсіби білікті жұмыскерлер қажет.

5. Жастар және кадр саясаты. Жас мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, 800 мың оқу орнының құрылуы жөнінде айтылды. Бұл шара еңбек нарығының қажеттілігін өтеп, кадр тапшылығын азайтады.

6. Әлеуметтік әділеттілік және қоғамның тұрақтылығы. Жолдауда халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік теңсіздікті азайту мәселелері де назардан тыс қалмады.

Президенттің бұл Жолдауы Қазақстанды жаңа тарихи кезеңге бастайтын, елдің стратегиялық басымдықтарын айқындаған құжат. Жаңа бастамалар елдің дамуына зор серпін берері сөзсіз.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:17

17:15

17:01

16:45

16:31

16:18

16:01

16:01

15:39

15:33

15:20

15:09

15:03

14:52

14:44

14:32

14:18

14:06

13:40

13:24

13:18

12:41

12:16

12:13

12:05