Алматыда Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ базасында Республикалық эндокринология және қант диабеті орталығы ашылды.
Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов, Алматы қ. ҚДСБ басшысы Марат Пашимов және т.б. қатысты.
Бүгінгі таңда қант диабеті ең маңызды медициналық және әлеуметтік мәселелердің бірі болып қалып отыр. Халықаралық қант диабеті федерациясының Диабеттік атласында (11-ші басылым) жарияланған соңғы мәліметтерге сәйкес, 589 млн. ересек адам (20 мен 79 жас аралығында) қант диабетімен өмір сүреді. Бұл сан 2050 жылға қарай 853 млн. дейін өседі деп болжануда. Ресми тіркелімнің деректері бойынша, 2025 жылғы 31 шілдеге Қазақстанда қант диабетімен ауыратын 544 684 пациент тіркелген: оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар – 6210, ересектер – 538 474 адам. 2 типті қант диабеті пациенттердің жалпы санының 95% құрайды.
«Қазақстанда эндокринологиялық қызметті нығайту - денсаулық сақтаудың стратегиялық бағыты. Республикалық эндокринология орталығын ашудың мақсаты - эндокринологиялық қызметті дамыту және пациенттерге жоғары мамандандырылған көмек көрсету. Орталықта қолданылатын диагностика мен терапияның заманауи әдістері емдеудің тиімділігін арттыруға, асқыну деңгейін төмендетуге және эндокриндік аурулары бар науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Министр «эндокринология» саласындағы құзырет орталықтарын көпсалалы облыстық ауруханалардың базасында ғана емес, сонымен қатар медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде, асқынулардың дамуын болдырмау үшін диабеттік табан кабинеттерін ашу қажеттігін атап өтті. КІАҒЗИ өңірлерге ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсететін үйлестіруші орталыққа айналуы тиіс. Медициналық көмектің тиімділігін, сапасын және қолжетімділігін арттыру үшін халықтың көрсетілетін қызметтерге қолжетімділігін арттыруға, жан-жақты көмек көрсетуге, халықтың көрсетілетін көмекке қанағаттануына және білікті кадрлармен қамтамасыз етуге назар аудару қажет.
«Орталықтың ашылуы - еліміздің эндокринологиялық қызметін дамытудағы маңызды қадам. Ақмарал Шәріпбайқызы біздің институттың базасында Эндокринология және қант диабеті орталығын құру міндетін қойған болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өткен жылдың желтоқсан айында біздің дәрігерлер Солтүстік Еуропадағы ең ірі қант диабеті орталығында – Копенгагендегі Стено диабет орталығында тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды, онда диабетология саласындағы жетекші мамандармен ерте диагностикалау мәселелері және асқынуларды емдеудің заманауи тәсілдері, сондай-ақ медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері талқыланған болатын», - деп, атап өтті Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.
«Орталық командасының құрамына қант диабеті мен басқа да эндокриндік патологиялардың асқынуларын диагностикалауды, емдеуді және алдын алуды жүзеге асыратын эндокринолог, офтальмолог, подолог - хирург дәрігерлер кіреді. Орталық КІАҒЗИ орналасқандықтан, пациенттер кардиолог, гастроэнтеролог, нефролог және невропатолог мамандардың кеңесін ала алады. Бұл пәнаралық тәсіл пациенттерді жан-жақты бақылауға және ауыр асқынулардың дамуын болдырмауға мүмкіндік береді. Орталықта қант диабетін бақылауға арналған заманауи құрылғылар бар. Дәрігерлер қант диабеті мектептерін жүргізеді, оның ішінде пациенттер инсулин терапиясы әдістемесіне үйретіледі. Пациенттер ауру туралы жүйелі білім алады және өзін - өзі бақылау дағдыларын алады», - деді орталық басшысы Лаура Даньярова.
«Диабеттік табан кабинетінде біз заманауи технологияларды пайдалана отырып, кешенді диагностика мен тиімді емдеу әдістерін ұсынамыз. Аурудың ерте кезеңдерін анықтауға және емдеуді уақтылы тағайындауға, аяқты сақтап қалуға және ең тиімді оңалту шараларын таңдауға көмектесетін диагностикаға ерекше назар аударылады», - деп бөлісті хирург- подиатр дәрігер Тимур Екібаев.
Бұған дейін КІАҒЗИ және Steno қант диабеті орталығының басшылығы өзара түсіністік туралы меморандум жасасты. Сонымен қатар, халықаралық қатысуымен гибридті форматтағы «Диабетологиядағы заманауи технологиялар» ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференцияға эндокринолог, терапевт, кардиолог, қан тамырлары хирург дәрігерлері, жалпы тәжірибелік дәрігерлер және басқа да мамандар қатысты.