Жұмыстағы шамадан тыс жүктеме мен бірсарынды тіршілік – адамдардың күйзеліп, эмоциялық шаршауға ұшырауына себеп болатын басты факторлардың бірі. Бұл жағдайдың алғашқы белгілері – үнемі шаршау, ұйқысыздық, мазасыздық пен алаңдаушылық.
Осындай күйден шығудың тиімді жолдарының бірі – хобби. Психологтардың пікірінше, хобби – махаббатты, еңбекті және ойынды бір арнаға тоғыстыра отырып, адамға рухани тепе-теңдік сыйлайды. Бұл туралы Aqshamnews.kz тілшісі кеңірек тарқатып көрді.
Сурет: sportishka.com, maxmassage.ru, арит.рф
Хобби менталды саулыққа қалай әсер етеді?
Nature Medicine журналында жарияланған зерттеу нәтижесі бойынша, хоббиі бар адамдар депрессияға сирек ұшырайды және өмірден ләззат алуға бейім келеді. Ғалымдар 65 жастан асқан 93 мыңнан астам адамның өмірін бірнеше жыл бойы бақылап, хобби мидың белсенділігін арттырып, тұрақты психикалық денсаулық пен жоғары өнімділікке ықпал ететінін анықтаған.
Тағы бір зерттеуде (Discovery Inc.) хобби адамдарға белгісіздік алдындағы қорқынышты жеңуге көмектесетіні айтылған. Хобби мынадай оң әсер береді:
1. Өмірді бақылауда ұстау
Хоббиі жоқ адамдардың тек 17%-ы ғана өз өмірін бақылауда ұстап отырғанын айтса, хоббиі барлардың бұл көрсеткіші – 23%, ал қызығушылығы өте жоғары жандарда – 26%. Бұл көбіне адамның бір салада жақсы дамыған дағдылары мен біліміне байланысты.
2. Өз-өзіне деген сенімділік
Хоббиі бар адамдардың 43%-ы өз шешіміне сенімді. Бұл сенім уақытты тиімді басқарумен де тікелей байланысты. Хоббиі бар адам уақытын жоспарлауға да бейім.
3. Мотивация мен өмір мәні
Сауалнамаға қатысқан адамдардың 90%-дан астамы хобби оларға шабыт пен өмірге деген құштарлық сыйлайтынын айтқан.
4. Қоғаммен байланыс
Респонденттердің 60%-ы хобби арқылы жаңа достар тапқанын және әлеуметтік шеңберінің кеңейгенін жеткізген.
5. Бақыт пен оптимизм
Хоббиі бар адамдар өмірге оң көзқараспен қарап, өзін бақыттырақ сезінеді.
Хобби таңдағанда неге мән беру керек?
Хоббиді белсенді және пассивті деп екі топқа бөлуге болады.
Белсенді хобби: спорт, фитнес, би, йога, саяхат, фото-видео түсіру, балық аулау.
Пассивті хобби: кітап оқу, кулинария, тігіншілік, үй жануарларына күтім, үй өсімдіктері, тіл үйрену, дизайн, қолөнер.
Бұл орайда айта кететін бір кеңес, егер жұмысыңыз бірсарынды болса, қозғалысты қажет ететін хобби таңдаған жөн. Ал күнделікті белсенді жұмыс істесеңіз, керісінше, тыныш, шығармашылықпен айналысатын хобби көмектеседі.
Стереотиптерге бағынбаған жөн
Көпшілік хоббиді «ерлерге» және «әйелдерге» тән деп бөліп жатады. Психологтар бұл қате көзқарас екенін айтады. Хоббидің жынысы болмайды – бастысы, адамның өзіне ұнауы. Өз қызығушылығыңызды еркін таңдау – бұл ішкі еркіндік пен сенімділіктің белгісі.
Қайда баруға болады?
Хоббиге арналған үйірмелер мен курстар жайлы ақпаратты интернеттен, әлеуметтік желілерден, жергілікті мәдениет орталықтарының сайттарынан табуға болады.
Достарыңыз немесе таныстарыңыздан сұрап көруге болады – олардың арасында сізге бағыт-бағдар бере алатындар табылып қалуы мүмкін.
Бастаған істі тастап кетпеген дұрыс
Жаңа нәрсе үйрену – миға жүктеме түсіретіндіктен, адамда бәрін тастап кеткісі келетін сәттер болады. Бұған жол бермес үшін:
• Кішкентай қадамдардан бастау қажет;
• «2 минут ережесі»: жаңа ермекті бастағыңыз келмесе де, өзіңізге «тек 2 минут айналысамын» деп уәде беру;
• Күнтізбеге уақыт белгілеп қою;
• Қолдау білдіретін орта табу;
• Прогресті трекермен белгілеп отыру;
• Нәтиже үшін емес, процестен ләззат алу үшін айналысу;
• Қымбат құрал-жабдықты бірден алмай, бастапқыда тегін ресурстармен бастау.
Егер екі-үш апта өткеннен кейін де хобби қызықсыз болып көрінсе — жаңа нәрсе байқап көруге болады. Бұл — қалыпты процесс.
Хоббиді тағы бір «жұмысқа» айналдырмаңыз
Хобби еркіндік сыйлауға тиіс.
Оны нақты жоспар, мақсат, табыс көзіне айналдырған кезде ми оны жұмыс ретінде қабылдай бастайды. Содан кейін күйзеліс қайта оралуы мүмкін.
Хобби — адамның өзіне арналған кеңістігі. Сол үшін оны кесте бойынша емес, көңілмен жасаған жөн.
Хобби көмектеспей жатса, маманға жүгініңіз
Егер хобби жұмыстан бас алуға көмектеспесе, жанға рахат сыйламаса, бұл адамның күйзеліс деңгейінің жоғары болуы мүмкін екенін аңғартады. Мұндай жағдайда:
– Дәрумен тапшылығы;
– Ұйқының бұзылуы;
– Психологиялық қиындықтар болуы ықтимал.
Бұл мәселелерді анықтап, шешу үшін маманның көмегіне жүгінген жөн.
Хобби — бұл жай ермек қана емес. Ол — өмірдің реңін арттырып, жұмыс пен тұрмыстың күйзелісінен арылуға көмектесетін мықты құрал. Бастысы — өзіңізге ұнайтын істі табу және оны сүйсіне орындау.