Қуаныш жылы: биыл қай жұлдыздар шаңырақ көтеріп, сәби күтеді?

  • 11:03, 16 шілде 2025
Қуаныш жылы: биыл қай жұлдыздар шаңырақ көтеріп, сәби күтеді? коллаж: aqshamnews.kz

2025 жыл қуанышты жаңалықтарға толы жыл болды. Көптеген танымал жұлдызды жұп шаңырақ көтеріп, сәби бақытын аңсап жүрген отбасылар жақсы жаңалықтарын бөлісіп жатыр. Биыл кімдер сәби күтеді, кімдер отбасын құрды? Аqshamnews.kz тілшісі жинақтап шықты.

Актер Жахан Отарғалиев үшінші рет шаңырақ көтерді

Танымал актер Жахан Отарғалиев әнші Балжан Бидашпен ажырасқан соң араға бір жарым жылға жуық уақыт салып, биыл қаңтарда үшінші мәрте шаңырақ көтерді.  Актер жаңа қалыңдығымен неке қию рәсімінен түсірілген видеосын желіде жариялаған еді. 

«Бұл – жаңа өмірдің бастамасы», - деп жазды Жахан Отарғалиев Instagram парақшасында.

сурет: видеодан кадры

Блогер Жанабілов 12 жылдан кейін дүркіретіп той жасады

Қазақстандық танымал блогерлер Ерболат Жанабілов пен Эльмира Төлегенова 12 жыл отбасылық өмірден кейін үйлену тойларын жасады. Олар отбасын құрған уақытта блогерлердің той жасауға жағдайлары болмаған екен. Әйелінің ақ көйлек кисем деген арманын 12 жылдан кейін орындаған Ерболат Жанабілов, наурыз айында үш баласының қатысуымен Алматыдағы ең қымбат мейрамханалардың бірінде ұлан асыр тойын атап өтті.

сурет: instagram.com/zhanabylov_e

Жанар Айжанованың "бұйрабас күйеубаласы" 

Қазақстандық актриса әрі дизайнер Айжұлдыз Адайбекова мен экстрим-блогер Сәкен Қағаров та сәуір айында заңды некелерін қиды. Жас жұбайлар некелерін рәсімдегені туралы куәліктің суретін Instagram парақшасында жариялады. 

сурет: instagram.com/aizhuldyz_adaibekova

Қаңтар айында Сәкен мен Айжұлдыз мұсылманша некеге тұрған болатын. Сәуірде заңды некеге тұрған қос ғашық, мамыр айында ерекше стильде үйлену тойларын жасады. 

Көптің қалауы болған жұп

Биыл жұрт Диана Скатова үшін ерекше қуанды. Танымал "Қалаулым" тележобасының жүргізушісі, журналист Диана Скатова әріптесі, өзі "досым" деп атап жүретін Сұлтан Нұрбековпен көңіл жарастырғаны жайлы жариялаған күннен бастап әлеуметтік желі шулап кетті.

Жұрт осы екі жанның қосылуын көптен тілейтін еді. Халықтың арманы орындалып, елдің "сүйікті жұбы" мамыр айында мұсылманша некелерін қиғанын желіде жариялады. Кейіннен Диана "сырғалым" атанып, қуаныш үстіне қуаныш сыйлады. 

"Өмір – өздігінен ғажап! Сол кереметті бөлісетін адамың болса, оны кездестірсең, ол керемет екі еселенбей ме?! Алла тек жақсы күндерді бұйырсын! Баршамызға! Біз ерлі-зайыптымыз" деп жазды Скатова парақшасында. 

сурет: іnstagram.com/diana_skatova

Еспановтар әулетіндегі қуаныш

Жаз айлары да қуанышты жаңалықтармен жалғасып жатыр. Белгілі әнші Нұрлан Еспановтың ұлы Олжас Еспанов үйленді. Дүбірлі той Алматыда мамырдың аяғында болды. Орда бұзар жасқа жеткен Олжастың таңдауы 23 жастағы тараздық Айнұр есімді аруға түскен. Қазір Айнұр магистратураны аяқтап жатыр. 

сурет: instagram.com/espanov_olzhas

Майғазиев әулетінің "жыл тойы"

Тікелей эфир, 10 жүргізуші, 70 мобилограф қызмет еткен дүбірлі тойы. Әнші Сәкен Майғазиевтің ұлы Әділеттің үйлену тойы дүйім жұртты шулатты. Маусымда өткен тойдың тікелей эфирі 1380 теңгеден сатылып, елді бір дүрліктірген еді. 

800 адам шақырылған тойды арнайы ұйымдастыру орталығы басынан аяғына дейін атқарып шыққан болатын. Тойға қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары келіп, той емес құдды бір концерт өткендей болып, елді таңғалдырған еді. 

Артур да енді бойдақ емес

Биыл танымал блогер Артур Асқарұлы (аrchibaaalt - еск.) да шаңырақ көтерді. Оның таңдауы актриса Замира Саидоваға түскен. Олардың тойы тікелей эфирде тегін көрсетілді. Жас жұбайлардың некелесу салтанатын 50 мыңнан аса көрермен тамашалады. Үйлену тойында Роза Рымбаева сынды эстрада жұлдыздары, "Дос Мұқасан", "МузАрт" топтары өнер көрсетті.

Блогер Instagram әлеуметтік желісіндегі парағына беташарда түсірілген видео жариялап, тойға кімнің қанша ақша әкелгенін де жазды. Сыйлық 22 мыңнан басталып 1 млн теңгеге дейін жетті.

Артур Асқарұлы – белгілі жүргізуші Гүлмира Дайрабайдың үлкен ұлы. Ол былтыр қалыңдығымен мұсылманша некесін қиған еді.

сурет: іnstagram.com/archibaaalt/

Сәби күтетін жұлдыздар

Ал биыл сәби күтетін жұлдыздар тізімін әуелі күллі қазақ 9 жыл бойы күткен қуаныштан бастайық. 9 жыл бойы күткен ғажап күнде барша қазақ қуаныштан көз жастарын тыя алмады. Белгілі блогер Елдос Қадырханов (Елдос "Колобок" есімімен таныс - еск.) жұбайымен бірге тоғыз жыл бойы армандаған сәтке жетіп, ұлды болатындарын жариялады. 

Блогер бұған дейін бірнеше медициналық операциядан өткенін, сәбилі болу үшін үлкен сынақтарды еңсергенін жасырмай айтып келген. Бүгінде сол арманы орындалып, перзент сүйетін күнге жеткенін көпшілікке сүйіншілеп жеткізді.

"Сүйінші, қазақ елі! Аллаға шүкір, жеттік осы күнге. Балапан, біз сені күтеміз", - деп жазған ол гендер патиден видео жүктеді.

сурет: видеодан скрин

Былтыр екінші рет тұрмысқа шыққан танымал блогер Айым Алтынбекова (aeka.posh - еск.) биыл сәбилі болатынын жасырмады. Ол әлеуметтік желіде қуанышты жаңалығын бөлісті. 

сурет: instagram.com/aeka.posh

Әнші Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғали де ата-ана атанбақ. Жұлдызды жұп жаңалықтарын жақында жариялады. 

"Жаратқанның ерекше сыйы. Мен тағы да әке атанғалы жатырмын. Бұйырса, бесінші сәбиіміз дүниеге келеді. Таңғы ұйқыны ұмытып,кішкентайдың иісімен мас боламыз" деп жазды Айқын Төлепберген. 

сурет: instagram.com/aikyn

Көпті таңғалдырған жаңалық - Жұлдыз Абдукаримованың жүктілігі. Актриса әлеуметтік желіде өзінің "жетінші жүктілігі" жайлы бөлісіп, елді бір шулатқан еді. 

"2025 жылға менің жоспарым болған. Алайда…. ОНЫҢ маған деген жоспары одан да ғажап әрі қайырлы!" деп жазды ол желіде. 

сурет: instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial

Жоғарыда шаңырақ көтергендердің тізіміне қосқан Айжұлдыз Адайбекова мен Сәкен Қағаров та сәби күтеді. Жас отбасы қуаныштарын жақында желіде бөліскен болатын. 

сурет: instagram.com/аizhuldyz_adaibekova

Қазақстандық блогер Аиша Әділхан мен әнші Akha да жақында ата-ана болмақ. Бұл туралы болашақ ана Instagram парақшасында хабарлады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
1
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:57

17:50

17:26

16:55

16:49

16:33

15:15

14:41

14:31

14:28

14:26

14:25

14:23

14:16

13:34

12:45

12:04

11:35

11:33

11:03

10:51

10:21

09:55

09:28

09:09