Кейбір балалар мен жасөспірімдердің бетіне түрлі аңдардың маскасын киіп, құлақ, құйрық, тырнақ жапсырып түскен суреттерін әлеуметтік желілерден оқта-текте көріп қалатын едік.
Көзге ерсі болса да, басында жай ғана балалық ермек, ойын сияқты көрінетін. Бірақ соңғы уақытта бұл құбылыстың жиілегені былай тұрсын, әлеуметтік желі шеңберінен шығып, күнделікті өмірге кіріге бастағаны жұртты айтарлықтай алаңдата бастады.
Бақсақ, бүкіл әлем балалары үйір бола бастаған бұл ермек «квадробика» (quattuor – латынша «төрт», aerobics – ағылшынша «аэробика») деп аталады екен. Балаларды қойып, қазір ересек ұл-қыздардың өзі ит, мысық, түлкі, қасқыр және басқа да хайуанаттар кейпіне еніп суретке түсуді, енді біреулері тіпті күнделікті өмірде де сондай маскалар киіп жүруді сәнге айналдыруға көшкен. Қарапайым тұтынушының қызығушылығын қалт жібермейтін тауар өндірушілер осыны пайдаланып, түрлі маска, киіліп-шешілетін құлақ, құйрық, тырнақ атаулының түр-түрін шығарып та үлгерді.
Жақында ғана киім-кешек алуға базарға барған бір көршіміздің: «Балама дені дұрыс бас киім таппадым. Бәрінің төбесінде – құлақ: біреуінде – аюдыкі, біреуінде – қояндыкі, біреуінде – тағы бірдеңе. Салбырап, жалбырап жаман көрінеді. Не сән екен сол?! Киім-кешектің көбі қазір біртүрлі өзі. Баяғыдағыдай қарапайым, артық ештеңесі жоқ, жып-жинақы ғып неге шығармайды екен?!» деп кейіп отырғаны бар еді.
Ойлап қарасақ, бұл ешқандай да сән емес, бар болғаны – сұранысқа сай ұсыныс екен. Ал адамдар әртүрлі. Біреуге ерсі көрінетін нәрсе келесі біреуге қалыпты жайт болып көрінеді. Ненің құлағы екенінде шаруасы жоқ, бас киім болса болды – ала салады, мүмкін, «онда тұрған не бар?» деп ойлайды. Бірақ кішкентайынан соны көріп өскен, соған көзі үйренген бала күні ертең өсе келе, нағыз «квадробер» болып шықпасына кім кепіл?!
Негізі, түптеп келгенде, квадробика аспаннан түскен нәрсе емес. Бейресми спорт түріне жататын бұл құбылыс желаяқтардың кәдімгі хайуанаттар сияқты төртаяқтап жүгіруімен ерекшеленетін көрінеді. Ең алғаш 2008 жылы жапониялық Кеничи Ито 100 метрді 18,58 секундта төртаяқтап жүгіріп өтсе, алдыңғы жылы ғана америкалық Колин Маклур осы қашықтықты одан да жылдам бағындырып, рекорд жаңартыпты. Дегенмен, бұрынғы квадроберлер бұған тек спорттық сайыс ретінде қараса, бүгінгі әуесқойлар – өзін бір мезетке болса да хайуанат бейнесінде көруге және соған еліктеуге тырысатындар болып тұр. Балалардың бұл ермегіне қатысты көпшілік пікірі де екіұдай. Яғни «онда тұрған ештеңе жоқ, өсе келе өздері-ақ қояды» дейтіндер де, сондай-ақ «бұл бара-бара әдетке айналып кетеді және оның соңы жақсылыққа апармайды» деп есептейтіндер де бар.
Жалпы, қауіптенуге негіз жоқ емес. Еліктеудің де жөні бар. Әсіресе бала табиғатына ол онсыз да тән нәрсе. Оң-солын әлі танып үлгермеген бала айналасындағылардың іс-әрекетін қайталауға, соған еліктеуге бейім. Ол жақсы нәрсе болса бір сәрі. Ал аңның аты – аң. Тағының бейнесіне енуге тырысу мен оның жабайы әрекетін қайталаудан не қайыр?! Бала құдды сорғыш сияқты. Жақсылыққа үйретіп, жамандықтан жирендірмеген жағдайда нені болса да бойына сіңіре береді. Қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстау, мәдениет, адами мінез-құлық туралы теріс түсінік қалыптасады. Онсыз да қоғам қатыгезденіп, адамзат атаулы аңнан бетер аяусыз, мейірімсіз болып бара жатқанда балаларды бұлай бетімен қоя беруге болмайтыны түсінікті.
Жаман әдет те вирус сияқты: тез таралады, тез жұғады. Бүгін қоянның құлағын тағып, мысықтың маскасын киіп, төртаяқтап жүгіріп жүргендер ертең қасқырдың терісін жамылып, аюдың тырнағын жапсырып, небір сорақы, небір сұмдық әрекеттерге бармасына кім кепіл?..