Бұл жолда Еуропаның озық тәжірибесін үлгі етілмек.
Қазірдің өзінде қажетті жабдықтарды алу бойынша келісімдер басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Әуежай талай кездесу мен қоштасудың куәсі. Мұндағы әрбір жанды қуаныш, толқыныс, кейде біртүрлі өкініш билейді. Тәтті сезімдерді барынша сезіну үшін асығып-аптығудың қажеті шамалы. Әттеген-айы, көбіне жолаушы мәдениеті ұмытылып, шыдамсыздыққа бой алдырып жатамыз. Әсіресе тексеру орындарында.
«Тексеру қызметінен тексеруден өткен кезде көп жолаушылар айтады, біздің аяқ киімімізді не үшін тексереді? Бізде қаулыда жазылған, бүкіл жолаушылар өткен әр рейске 10%-тен артығын біз қолмен тексеруіміз керек. Рандомчек дейді ағылшынша, қазақша кездейсоқ цифрмен белгіленеді. Сондай адам белгіленгенде, біздің жұмысшылар оның денесін қолмен тексереді. Аяқ киімін сұрайды. Қондырғы арқылы тексереді. Қол жүгін де қолмен тексереді.», - дейді әуежайдағы тексеру қызметі бөлімшесінің бастығы Ғабит Сүлеев.
Елорда әуежайындағы тексеру бекетінен күніне 5000-нан аса жолаушы өтеді. Еліміздің авиациялық әкімшілігі олардың саны арта береріне сенімді. Осы орайда республикадағы барлық әуежайда мемлекеттік бірыңғай авиациялық қауіпсіздік ұйымын құру көзделеді.
«Еуропа стандарт 4, стандарт 5-ке көшіп жатыр. Олардың техникалық жабдықтары «бодисканерлер» деп аталады. Біздің әуежайларда осы бодисканерлер тек Астанада қолданылады. Енді ақырындап 2027 жылға дейін осы техникалық жабдықтарды бүкіл Қазақстанның аэропорттарында қамтамасыз етіледі», - «Қазақстан авиациялық әкімшілігі» АҚ Авиациялық қауіпсіздік департаментінің директоры Дархан Қатышев.
Кемедегінің жаны бір. Ендеше қауіпсіздік басты орында. Әзірге жолаушыларды тексеру әуежай қызметшілерінің мойнында. Еуропада бұл міндетті бірыңғай оператор атқарады. Сол арқылы әуежайлардың антитеррорлық деңгейі көтерілген. Мұның маңызы зор. Өкінішке қарай, тыйым салынған заттарды тасып, «қол жүгімде жарылғыш зат бар» деп жалған шу шығаратын қиқар жолаушылар да кездеседі.
«Тексеріс пунктінде тұрған мамандардың өзінің қағидалары бар, сол қағидалары негізінде әзіл ретінде «менің қолжүгімді бомба бар» деп айтылған сөздер орынсыз. Сол мамандар өз қағидаларына сәйкес өз шараларын қолдайды. Кейбір жолаушылар полиция пунктіне тапсырады. Кейбір жолаушыларды рейстен шешуі мүмкін. Ал бірыңғай операторды алғашқы жылдары мемлекет қаржыландырады. Кейінгі шығындар авиациялық алым есебінен өтеледі. Бұл билет бағасына еш әсер етпейді. Айтпақшы, келешекте Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейстер ашылуы мүмкін», - дейді «Қазақстан авиациялық әкімшілігі» АҚ Авиациялық қауіпсіздік департаментінің директоры Дархан Қатышев.
Еліміздің географиялық аясы кеңейе береді. Мемлекеттік бірыңғай авиациялық қауіпсіздік ұйымы бұл мүмкіндікті еселей түсетіні сөзсіз.
Тіркеуден өту үшін әуежайға ертерек келу керек. Асыққанда ұзаққа созылатындай көрінетін тексеру жұмыстары сіз бен біздің сақтығымыз үшін екенін естен шығармаған жөн.