ffin.kz

Ел туризмі дамып келеді

Ел туризмі дамып келеді Сурет: Рobedarf.ru

Экономиканың бір тынысы – туризм!


Туризм әлемдік экономиканың қозғаушы күшіне айналғалы көп болды. Бүгінде АҚШ, Түркия, Араб елдері туризмді экономиканың бір тынысы еткелі қашан?! Статистикаға сүйенсек,  дүние жүзінде бұл салада еңбек ететін жандардың саны 75 миллионнан асқан.


Еліміздегі  дамушы сала – туризм. Аталмыш салаға мемлекет тарапынан қолдау да аз емес. Қазақ еліне саяхаттаушылардың басым бөлігі жабайы табиғат пен тарихи орындарды көруге құштар. Көкшетау, Баянауыл, Бурабай, Жоңғар Алатауы, Қатын Қарағай, Түркістан, Маңғыстау т.б.  Мәселен, Түркістанға жылына шамамен 1 миллион  адам зиярат жасайды екен.  Бұл – жетістік.  Ал сырттан келушілерге қызмет көрсету  жайы қалай? Міне, бүгінгінің мәселесі. Мәселен, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы сынды туристік әл-ауқаты дамыған  мемлекеттерде бірінші кезекте қызмет көрсету саласына басымдық берілген. Әуелгі ұшақтан түскеннен бастап қайда, қалай орналастыру, т.б мәселелер күні бұрын шешілген. Қонақ үйлердегі нөмір, одан кейін сізге қызықты маршруттар ұйымдастырады.  Бәлкім, сіз жағажайға барып суға шомылғанды ұнатасыз, жәдігерлерлер, киім дүкендерін аралағанды жақсы көрсеңіз, сол бойынша барлық мүмкіншілікті жасап қойған. Көбіне Еуропа мен Америка құрлығынан келетіндерге ортаазиялықтардың өмір салты қызық болып келеді. Орта Азияда тарихи ескерткіштер көп. Соның ішінде Ұлы Жібек жолындағы байырғы сауда-саттық жасалған қалалар, тарихи-мәдени ескерткіштердің едәуір бөлігі сақталған. Осындай тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһарлар, көне жәдігерлер шетелдік туристерді қызықтырмай қоймайды. Көпшілігі Сайран, Сауран, Отырар, Сығанақ, Тараз, Сарайшықты көргісі келеді. Осындай бай тарихи өлкелердің жай-күйі әлі күнге дейін назардан тыс қалуда. Ол жерлерде жол, қонақ үй, тағы басқа мәселелер  шешімін таппаған.


Жаһан елдерді 1970 жылдардан кейін туризм класстерін дамытуды қолға ала бастады. Сарапшылар мұнай мен газ немесе бір ғана саламен күнелту экономикалық дағдарыс тудыратынын нақты дәлелдермен айтуда. Бұл ескертуге зер салғандар да бар. Олар - Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Мальдив, Багам аралдары сындылар. Олар сырттан инвестиция тарта бастады. Біртіндеп  ірі холдингтер, компаниялар, корпорациялар келді. Олар сол жерлердегі инфрақұрылымды жақсартты. Жаңадан жасанды арал құрды. Қонақ үйлер салды. Жергілікті халыққа жұмыс берді. Бюджетке ақша құйды. Ең бастысы, шеттен келетін саяхатшыларға қолайлы жағдай жасады.


Статистикалық  деректерге көз жүгіртсек, біздікілер шетке барып демалуға жылына 400 АҚШ долларын жұмсайды екен. Өткен жылдары бүкіл жер шарынан туыстас Түркия еліне 37 миллион турист саяхаттаған. Ал бізден 450 мыңға жуық қазақстандықтар бауырластарда қонақ болған. Әрине, әркімнің өз қалауы.


Қазақстанның табиғаты әсемдікке толы. Тіпті кейбір өлкелердің сұлулығын сөзбен айтып жеткізе алмайсыз. Ақын Сәкен Сейфуллин атамыз Көкшенің сұлулығын былайша суреттепті:


Сексен көл Көкшетаудың саясында,
Әрқайсы алтын кесе аясында.
Ауасы дертке дауа, жұпар иісті
Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?


Расында қазақ даласының, өзен-көлі мен тау-тасы, әрбір саясының өзіндік қасиеттері бар. Қандай ғажап көріністер! Қызыға һәм сүйсіне қараймыз. Мәселен, Америка Құрама Штаттарында «Колорадо каньоны» деп аталатын жер бар. Әлемдік ғалымдардың топшылауынша, бұл жердің тарихы сонау эралар қойнауында жатыр. Жер бетінен мұз еріп, көп су тартылғаннан қалған деседі. Міне, тау шатқалдарындағы су тартылғаннан қалған көріністер бүгінде туристерді тартуда. Ол жерге әлемнің түкпір-түкпірінен көруге келеді. Арнайы жағдай мен айналасында түнеуге, сервистік қызмет көрсетуге негізделген қонақ үйлер салынған. Яғни мұнда мақсатты турлар қарастырылған. Дәп солай бізде де жасауға болады. Алматы облысында «Шарын шатқалы» деп аталатын жерді көпшілігіміз білеміз. Міне, соған қызығып барушылар саны артуда. Мұның тарихы да, пайда болуы да нақ «Колорадо» сияқты. Сондықтан назарды мейлінше сол аймақтарға бұрған абзал. Өткен жылы «Қайыңды-Көлсай» аймағында болдық. Нағыз қазақы ауыл. Саты елді мекеніне аялдадық. Айнала тау-тас, арша мен қарағай толы орман. Көрсең, көзің тояды. Бір ғажап көрініс. Рахаттанып демалып, келесіз. Ал «Көлсайға» барсаңыз, тіпті керемет! Табиғат мұнша сұлу болар ма?! Құдды Сәкен ақынның жырларындағы көріністерге куә боласыз. Ғажап! Сол арада біртіндеп қонақ үйлер мен аялдайтын орындар қаз-қатар салынып жатыр. Алматыдан Шарынға дейінгі жолардың жөнделіп жатқанын байқадық. Біздің ойымызша, жоғарыда айтқанымыздай, инфрақұрылымды дамыта берген жөн. Айтпақшы, Шарын мен Колорадо әлемде екеу ғана. Сондықтан дүние жүзі халықтары үшін тарихи мекен болып табылады.


Алаш қайраткері ақиық ақын Мағжан Жұмабаев «Түркістан - екі дүние есігі» деп текке айтпаған. Бүгінде киелі өңір қарқынды дамып келді. Туризм елдің негізгі экономикалық драйверіне айналып келеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі - түркі әлеміне ортақ мұра. Сондықтан болар келушілер, зиярат жасаушылар саны жылдан-жылға артуда. Сол өңірде қастерлі мекендер мен орындар көптеп кезігеді. Келушілердің басым көпшілігі зиярат жасу үшін барады. Әсіресе, алыс-жақын көрші мемлекеттерден келушілер саны артқан. Түркістан - түгел түркінің ортақ мекені. Бәлкім, сол себепті де саяхаттаушылар легі көбейіп келеді. Қалада арнайы туристер мен саяхаттаушыларға арналған қонақ үйлер бой көтеруде. Субұрқақтар мен түрлі ойын-сауық отаулары да салынуда. Жалпы айтқанда, киелі шаһар туристер ең көп саяхаттайтын орталыққа айналған.


Еліміздің батысы да - керемет сұлу өңір. Қарт Каспийдің маңайы мен салқын самал лебі қандай ғажап! Ақтау жағалауы күз бен көктемде шағалаға толады. Бүгін саяхаттаушылардың дені батыс аймаққа баруды жөн санайды. Осы аталған көріністер мен Маңғыстаудың қыраттарын көруге асық. Бозжыра жерлері сакралды ұғымнан сыр шертеді. Дәлірек айтсақ, шетелдіктер көп қызығатын орын болып табылады. Бекет ата - қасиетті орын. Исі қазақ үшін мұнда келіп, тәу етіп, зиярат жасау игі іс ретінде ұғынылады. Сарапшылардың айтуынша, көрші елдерден де келушілер көбейген. Осының бәрі тузимнің дамып келе жатқанының айқын көрінісі.


Өзге өңірлерде де көрсе көз тоятын көрікті мекендер жетерлік. Бір ғана Түлкібастағы Машаттың бойы қандай ғажап! Баянауыл, Қызылжар, түгел түркінің пірі - Қорқыт атаның елі тұнған тарих. Осындай әсем табиғат пен көрікті мекендерді шетелдік туристерге паш ететін күн туды. Егер біз туризмді дамытуға 10 теңге салсақ, олар бізге 100 теңге алып келетінін ойлайық демекпін.


Осыншама ұлан-ғайыр атырапты батыр бабалар найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалды. Жан алысып, жан берісті. Нәтижесінде қазаққа кең-байтақ өлке мен көркем жазира дала, өзен-көлдер мен аспанмен таласқан таулар қалды. Мың рақмет! Осы күндері қастерлі қазақ топырағы туризм аймағына айналуда. Барша әлем таңдана қарайтын, сұлу жерлеріміз баршылық. Тек қана құр даланың өзі неге тұрады десеңізші! Бірінен бірі өткен әсем, бірінен бірі өткен келбетті. Кей кейде тамсану мен таңданысты жасыра алмайсың. Соңғы уақыттары АҚШ, Еуропа, Түркия, Ресей сынды елдерден келушілер көбейген. Олар да біздің табиғатымызға таңданыс білдіріп жатыр. Әлгінде айқанымыздай, әрбір саяхаттаушыға жағдай жасап, сервистік қызметтерді арттырсақ, көп нәрсе ұтар едік. Бұл жағынан келгенде, елімізде атқарылып жатқан шаралар көңіл қуантады. Әр нәрсе өз ретімен дегендей, жаймен істелуде. Тек осыны үдете берген жөн. Сонда ғана өркендеудің даңғыл жолына түсеміз. Қазақ елінің даму жолы айқын. Ең бастысы, туризм жолға қойылып, біртіндеп өркендеуде.


Түйіндей келе, бір ғана ойдың шоғыры ойға оралады. Біріккен Араб Әмірліктері, Дубай, Түркия сияқты туризді дамытқан елдер қатарына енуге талпыныс жасап жақанымыз қуантады. Болашақта саяхаттаушыларға жағдай жасаған, туризді дамытқан мемлекеттер қатарына қосылатынымызға сенеміз. Елдің ертеңі жарық әрі кемел болсын!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:23

09:04

08:36

08:21

08:12

20:00

19:12

18:45

18:15

17:59

17:55

17:48

17:38

17:20

17:10

16:45

16:42

16:42

16:36

16:17

16:09

15:38

15:02

15:00

14:53