Алматыда өткен «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» тақырыбына VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумында өңірлік қауіпсіздік тақырыбындағы жиында медиа саласының маңызы ерекше атап өтілді. Германиядағы Түрік медиасы ассоциациясының маманы Аднан Өзтүрктің айтуынша, медиа – тек ақпарат тарататын құрал емес, халықтар арасындағы сенім мен түсіністі қалыптастыратын, кейде тіпті шиеленісті күшейтуі де мүмкін болатын ықпалды күш.
Сарапшы пікірінше, «медиа – жүректер арасындағы көпір». Ол соңғы жылдардағы оқиғаларды мысалға келтіре отырып, ақпарат құралдарының бейбітшілікке қосатын үлесін түсіндірді.
Кавказ тәжірибесі де осыны дәлелдейді. 2020 жылғы қақтығыс кезінде әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпарат түрлі этностар арасындағы қорқыныш пен өшпенділікті күшейткен. Алайда оның айтуынша, «кейбір медиа ресурстары тексерілген ақпарат пен прагматикалық көзқарасты ұсына отырып, жағдайды жұмсартуға көмектесті».
«Таяу Шығыстағы диалогтық жобалар мысалға алуға болады. Бір телеарна жас буынды ортақ студияға жинап, ашық пікір алмасу ұйымдастырған. Жастар бір-біріне қарсы тарап өкілдері ретінде емес, ортақ аймақтың балалары ретінде сөйлесті. Бұл миллиондаған көрерменнің санасындағы көптеген стереотиптерді бұзды, – деді Аднан Өзтүрк.
Мамандардың пікірінше, медиа – ақпарат таратушы ғана емес, жауапкершілік иесі. Хабар тілінің ыңғайы, кадр таңдауы, тақырып қоюдың өзі қоғамдағы ахуалға тікелей әсер етеді.
«Медиа қорқынышты емес, эмпатия мен түсіністі күшейтуі керек. Нағыз қауіпсіздік – ананың көз жасын, баланың қорқынышын, жастың үмітін шынайы көрсету арқылы қалыптасады. Шынайы журналист – тек дерек жазатын адам емес, адамды қорғаушы. Ал шынайы медиа – қорқыныстың емес, адамзаттың жағында тұратын медиа», – дейді сарапшы.
Айта кетейік, медиа форумға Қазақстан, Орталық Азия, Түркия, Еуропа елдерінен БАҚ басшылары, журналистер, депутаттар, медиа саласындағы ҮЕҰ басшылары, Қоғам қайраткерлері, PR менеджерлер, баспасөз хатшылары, журналистика факультетінің мұғалімдері мен студенттері т.б. қатысты.