Дүние жүзінде шырайлы шаһарлар көп. Бір-бірінен әсемдігі де, ғажаптығы да асып тұр. Біздің Елордамыз Токио, Париж, Лондон, Вашингтоннан еш кем емес.
Әлемде мегаполиске айналған қалалар жетерлік. Олардың бәрі бірден дамып кетпеген. Негізі, көбі белгілі бір оқиғаларға байланысты орталыққа айналған. Бұндай тарихи шақтар бір мемлекеттің екіншісінен бөлініп шығуына қатысты болып келеді.
Қазақ мемлекетінің егеменді ел болуына байланысты көптеген өзгерістер орнады. Тарихтың алтын парақтары ашылды. Оған алтын қаламмен жаңа шежірелер жазылуда
Алтын көпірге айналды
Қазақстанның астанасы Еуразия жүрегінде орналасқан. Бірі білсе, бірі білмес, Ғұн империясының бір кездердегі орталығы осы маңда қоныс тепкен. Былайша айтқанда, бәрі бір-бірімен астасып жатыр.
Бабаларымыз арман еткен ғажайып шаһар 1997 жылы Арқа төрінде салына бастады. Міне, содан бастап ең үздік стильдегі ғимараттар бой көтеруде. Еуропа мен Азия, Қытай, Арабия, Ежелгі Римдіктер және өзіміздің түп-тамырымыз көшпенділер мәдениеті үлгісін анық аңғара аламыз. ХХІ ғасырда астана салған бірден-бір ел біз екенбіз. Бұл жағынан келгенде, өзгелерден оқ бойы озық тұрмыз.
Елорда болғанның көптеген артықшылықтары бар. Оны құр мадақтау деп түсінбеген абзал. Осыған орай, бірнеше ерекшеліктерін келтірейік.
Дәлірек:
- Мемлекеттіліктің белгісі;
- Асқақтық символы;
- Айбынымыз;
- Абыройымыз.
Қазақ мемлекетінің орталығы Елордамыз мәңгі тыныштық, бейбітшілік, татулықтың ордасына айналып келеді. Дүниежүзілік саяси аренада өз орны бар. Осыған дейін бұл шаһарда көптеген айшықты оқиғалар өтті.
Ғасырлар асуы
Ғажап сөзі қай уақытта құнды бола түседі? Ол үшін өткенді еске түсіріп, бүгінмен өмір сүріп, болашаққа бағдар жасай алу қажет. Сонда алдағы істердің жобасы көрінеді. Сенімділік артады.
Жаһанға аты шыққан баһадүрлер қала салған. Шаһарлардың шырайын келтірген. Мәдениет пен өркениеттің сара жолын салған. Тастан сарай салып, жан-жағын құлпыртып, барша жұртқа танымал еткен. Бұл жөнінде, жиһанкездер В.Рубрук, Ибн Баттутта, Әл Идриси, тағы да басқалары сахарамыз туралы түрлі қолжазбалар жазып қалдырған. Тіпті, біздер туралы айтқанда, бір ғана сүттен 7 түрлі тағам әзірлейтініне таңқалған. Жалпы мәдениет бағытында Орталық Азияның өзіндік ерекшелігі болған. Ол жағы әліге дейін сақталуда. Бір жағынан қарап тұрсаңыз, мұның өзі сол елде өмір кешетін халықтың руханиятынан хабар береді. Сонымен бірге, ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, әшекей бұйымдар, жәдігерлер – бәрі-бәрі ерекшеліктің белгісіндей.
Әр ұлттың ерекшеліктерін астаналарынан да аңғарамыз. Мысалы, Жапонияның Токиясында жапондықтардың стилін байқайсыз. Қытайдың Бейжіңі қытайдың сан мыңдаған жылдар тарихынан сыр шертеді. Ұлыбританияның Лондон қаласы Еуропадағы ең ғажап ордалардың бірегейі саналады. Осылардың баршасы әлемнің кереметіне жатады.
5 қызықты дерек
Дүниеде сұлулығы мен ғажаптығына көз тоймайтын, суреттеуге сөз жетпейтін шаһарлар көп. Ондай қалалар әлемнің гүлі іспетті саналады.
Астана – қазақ мемлекеттілігінің алтын тәжі. Көшпенділер арманының жемісі елорда туралы 5 қызықты мәліметпен бөлісеміз.
Археологтар біздің жыл санауымызға дейінгі Бозоқ шаһарын тапқан. Арысы ғұн, берісі түркілердің әкімшілік-саяси ордасы болған деседі. Бұл көне қалашық бүгінгі елорда локациясында орналасқан. Ғалымдар тарихи сабақтастықпен байланыстырады.
ХХI ғасырда дүние жүзі бойынша тұңғыш әрі қазірге дейін салынған бірден-бір айрықша нысан.
Астана – әлемдегі Ұлан-Батырдан кейінгі ең суық астана болып саналады. Тіпті, Канаданың Оттавасынан да тым суық.
Бас шаһардың алып жатқан аумағы 800 шаршы шақырымнан асады. Ол жаһандағы Бахрейн, Андорра, Крибити сынды мемлекеттердің жер көлемінен де үлкен.
Еуразия жүрегі, қазақ елінің орталығында Құранның ежелгі қолжазбасы бар. Қасиетті кітап Әзірет Сұлтан мешітінде сақтаулы тұр. Құнды жәдігер VIII ғасырда таза күмістен құйылған.
Астана – арман қала
Астана – ертегілер шаһары. Еліміздің жүрегі. Бұл – қиял-ғажайып емес, жер жүзіндегі ғажап бейне. Қолда бар құндылықты қадірлеу, бағалау, өркендету бәрінен маңызды деп білеміз.
Әр адамның бала күнгі арманы болады. Оған жетуді әр уақытта қиялдайды. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, ойлағанымның сәті түсті. Шүкір! Бірде редакция басшылығы игі ниет танытып, Елордаға жіберуді ұйғарды. Қажетті құжаттарды жинап, іштей қуанып жүрміз. Бірақ онша сыр алдырмауға тырысамын. Екі қабатты ғимаратқа қуанышым сыймай, бухгалтерлер кабинеті мен кадр бөліміне қайта-қайта бас сұқтым. Өйтіп-бүйтіп құжат жағын реттедім. Пойызға билет алдым.
Сөйтіп, кешкісін «Тұлпар-Тальгоға» отырдық. Алматыдан Астанаға жол тарттық. Жолда үш кісімен таныстым. Арнайы асхана бөлігіне ойыстық. Менен басқасының жастары 30–40 шамасында. Олар кәсіппен айналысады екен. Байқасам, интернет байланысын орнататын кісілер сияқты. Орысша, қазақша сөйлестік. Әлгілер сусын алып, әртүрлі тақырыпты қыздыра түсті. Өздерінің осы бағытта шағын кәсібі бар көрінеді. Арасындағы жастауы бөлек адам екен. Ол бір генералдың көмекшісі болып шықты. Түннің бір уағына дейін әңгіме соқтық. Көбіне мен тыңдаумен шектелдім. Ара-арасында әңгіменің көркін қыздыруға тырысып қоямын. Сөз арасында жүрдек пойыздарға WiFi орнату қажеттігін айттық. Қанша дегенмен мамандар ғой, бұл қымбатқа түсетінін айтып өтті. Бірақ жасауға болатын көрінеді. Осылайша отырғанда түннің жарымы болды. Әлгі кісілер таңертең Қарағандыдан түсіп қалды. Ал біздің бағыт – Елорда.
Қазақтың даласы керемет екен. Тағы бір мәрте көз жетті. Жердің бәрі ақұлпа. Орталық өңірден асып, солтүстікке бет алған сайын ағаштар көбейе береді. Қыр, жазық, ұсақ шоқы – баршасы жарасымды көріністі бейнелейді. Дархан һәм Ұлы дала, Сарыарқа төсіне де келдік. Үскірік аяз бет қаратпайды. Алайда, көңілді қуаныш кернейді. Өйткені, бұл тұңғыш рет еліміздің ордасына табан тіреуім еді.
Бұрын-соңды тек телеарна, интернет, газет-журналдардан оқып, көріп өстік. Барып келгендер де аузынан суы құрып айтады. Шіркін, қашан барамыз деп ойлайтынмын. Интернет арқылы вокзалдан шықпастан такси шақырттым. Сыртқа шықсам, суық желден қататынымды сеземін. Сәл аяңдадым. Сөйтіп, таксиге отырдым. Іштей құдды фильм көріп отырғандайсыз. Терезеден аспанмен таласқан, биік әрі бірінен-бірі әсем ғимаратқа қарап көзім тоймауда. Алыстан «Бәйтерек», одан әрі «Хан шатыр», бір тұсынан еңселі «Ақорда» резиденциясы көрінді. Такси жүргізушісі гид болды десем, артық айтпаған болармын. Діттеген мекен – «Қазмедиа» орталығына жеткізді. Оған рахмет!
Еліміздегі ақпарат саласы өкілдерінің басы бір қосылып, түрлі тақырып талқыланды. Әртүрлі ұсыныс айтылды. Мәселенің дені журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында болды. Қызылкеңірдек болып, жанайқайын айтып жатқандар жетерлік. Осы ой-талқы алаңына біз де үн қостық. Осылайша көзіміз ашылып, тәжірибе алмастық.
Екі күндік іссапарда түнгі қаланы көруге тырыстым. Жарқыраған шамдар, қызылды- жасылды, әдемі зәулім үйлер сондай тамаша үйлесім тапқан. «Нұржол» бульварында серуен құрған сайын жүре бергің келеді. Голливуд, Болливуд фильмдері ойға оралады. Дубай, New York, Абу - Дабиде жүрге н сықылдымыз. Бәрі үйлесімді әрі тұрғындарға қолайлы етіп ойластырылған. Бір сөзбен айтқанда, арман қала!
Негізі, әріптесім екеуміз келгенбіз. Іс- шараға бірге қатынастық. Ертесіне кешкісін қайтуға беттедік. Көп кісілермен таныстық. Бір-бірлеріміздің жай-күйімізді, журналистиканың ахуалын білдік. Ең бастысы, қызықты жолсапар болды. Осы бір кезді, қызықты сәттерді қағазға түртіп қоюды ұйғардым. Бұл да естен кетпес естелік болып қалар...
Жақсы күніміз көп болғай!
ТҮЙІН: Қазақ мемлекетінің астаналары көп болған. Соның ішінде Сығанақтың, Сарайшықтың, киелі Түркістанның өзіндік орны мен шежіресі бір төбе тарих саналады. Жаһанға аты шыққан хандар, сұлтандар, билер, игі-жақсылар сол орталықтарда жасаған. Шаһарлардың қарқындап дамуы үшін, қолдарынан келген бар өнерін салған. Бұның бәрі болашаққа, келешек ұрпаққа жасалған сарабдал істер саналды. Ұзақ жылдар бойғы сәулет өнерінің сырлары мол мұрасы ретінде бізге жетті.
Негізі, астана сөзі «табалдырық» дегенді білдіреді екен. Мұның мәнісі кез келген әлемге табан тигізіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылатынын сездіреді. Қазақ мемлекеттілігі бекем болып, ел жүрегі саналатын Елордамыз қарыштап дами берсін деген тілектестік білдіреміз.