Астана десе еске жапон сәулетшісі Кисе Курокава түседі. Халқының саны 800 мың адамнан аспайтын, Есілдің екі жағына үйлесіммен жайғасқан қаланы жоспарлаған ғалымның жобасы кейінгі 23 жылда бірнеше рет өзгерді. Тіпті, оның шешімін Астанаға жарамсыз деп танып, түбегейлі бас тартуға оқталған кезеңдер де болған екен. Almaty-akshamy.kz Астана күні мерекесінің қарсаңында осы оқиғалардың тізбегіне шолу жасады.
1997 жылдан 2000 жылға дейін
Қаланы дамытудың 2030 жылға дейінгі эскиз-идеясын әзірлеу конкурсында «Ақ-Орда» жобалау-құрылыс фирмасы жеңіске жетеді. Қазақстандық сәулетшілерден құралған топ алдағы 4 жылдың Бас жоспарын әзірлейді. Топ жетекшісі – КСРО халық сәулетшісі Қалдыбай Монтахаев еді.
2000 жылдан 2001 жылдың күзіне дейін
«Сауд Бен Ладен Групп» араб компаниясының бастамасымен Еуропа мен Америкадан шақырылған сәулетшілер тобы Бас жоспар әзірледі.
2001 жылдан 2005 жылға дейін
Бұған дейін экология мен технологияны қала құрылысында шебер пайдаланатын сәулетші ретінде танылған Кисе Курокава Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің зерттеу тобымен біргеқазіргі Астананың өзегіне айналған бас жоспар әзірледі. Қаланың тұжырымдамасына арналған халықаралық конкурста осы эскиз жеңіске жеткен еді.
Жапон сәулетшісіне жаңа Астананы ұлттық дәстүрлер мен тарихтан хабар беріп тұратын және осындай тарихи мазмұн жас мемлекеттің болашаққа деген амбициясымен үйлесетін жоспар әзірлеу тапсырылды.
Жапон сарапшылары елорданың Астана қаласына көшуін экономикалық тұрғыдан тиімді бизнес-жоспар ретінде ұсына білді. Уақыт өте келе осынау ұтымды жоспардың жемісі мемлекет басшылығының көреген шешімі ретінде дәріптелді. Шын мәнінде, Астананың елдегі ең ірі үш мегаполистің бірі болып қалыптасуында жапон мамандарының үлесі зор.
Курокава ұсынған жоспардың негізгі қағидалары «симбиоз», «метаболизм» дейтін ұғымдарға негізделді. Қарапайымдап айтсақ, елорда дамыған сайын табиғатқа, тарихқа, көшпелі халықтың дәстүріне жақындай түсуі керек болған. Бұл қағидалардың өзегі Есіл өзені болады деп межеленді.
Есілдің оңтүстік жағында теміржол вокзалының маңына шоғырланған транзиттік-іскерлік торап бой көтеріп, ол орманды алқапқа ұласуы керек болды. Орманды алқап саябаққа тіреліп, әрі қарай Үкімет қалашығы менмұндалап тұруы керек деп жоспарланды. Үкімет қалашығының аумағында тұрғын үйлер, бизнес, мәдениет, демалыс және білім беру нысандары бой көтеруге тиіс еді.
Қазір Есілдің сол жағалауын «суық», «жансыз» ғимараттар шеруі ретінде сынайтындар бар. Қаланың мұндай сипат алуына Кисе Курокава да қарсы еді. Жапон сәулетшісі қаланың негізгі өзегі болу керек деген қағидадан бас тартты. Негізгі өзектің маңына қала шоғырландырудан алдын ала кесіп-пішілген эскиз бойынша бірнеше бөлікке бөлінген сәулет оңтайлы деп есептеді. Мұндай сызбадағы әр бөліктің маңызды функциясы болуы керек еді. Сызба қала аудандарының қандай да бір бизнес-мүдденің немесе заманауи тенденцияның жетегінде кетпей, ұзақ мерзімге межеленген жоспар бойынша дамуына септігін тигізуге тиіс болды.
Жапон сәулетшісі ұсынған «абстрактілі символизм» қағидаты қазіргі Мәжіліс пен Сенаттың, Үкімет үйі мен Жоғары сот ғимаратының, Ақорданың кескініннен көрініс тапты. Осылайша, қазақтың қолданбалы көркем өнерін сәулет өнеріне өте икемді қолдануға болатынын іс жүзінде дәлелденді.
2005 жылдан 2006 жылға дейін
Бас жоспарды түзету идеясының эскизіне жарияланған республикалық байқауда Нұрмахан Тоқаев әзірлеген тұжырымдама жеңіске жетті. Жалпы, 2005 жылға қарай Кисе Курокаваның қағидасы елдегі жетекші сәулетшілер тарапынан сынға ұшырап жүрді. Жапон тобы ұсынған Бас жоспар философиялық тұрғыдан мінсіз болғанымен, Астананың нақты жағдайына, шынайы өмірге «сәйкеспейтіні» айтылды.
Курокава ұсынған бас жоспарда қала халқы 2030 жылы 800 мың адамға жетеді деп көрсетілген. Бұл жерде астанасын ауыстырған Түркия, Аустралия сияқты елдердегі демографиялық статистика негізге алынған. Бірақ, бұл елдердегі сценарий қазақ даласында жарамсыз болып шықты. Астана халқының саны 2005 жылы 500 мың, 2008 жылы 615 мың болса, 2017 жылы бір миллионнан асты.
Курокаваның бас жоспарын сынаушылар осыны алға тартып, 2030 жылға дейін қабылданған жоспар ескірген деп танылды. Бұдан кейін жаңа демографиялық болжам жасалып, соның негізінде Бас жоспар әзірлеуге конкурс жарияланды. Оны Нұрмахан Тоқаев бастаған қазақстандық сәулетшілер тобы ұтты.
Жапондар ұсынған линиялық сызбаның орнына негізгі өзектің маңайына шоғырланатын радиустық жоба таңдап алынды. Мұндай эскиздің қазақтың ауыл болып топтасып қоныстану дәстүріне ұқсайтыны дәріптелді. Жаңа нұсқада қаланың іскерлік аумақтары мен тұрғын аудандары «К-2» екінші айналма жолының ішіндегі шеңберден орын тебуі керек болды, яғни қаланың сәулеті мен кеңістіктігі жолдарға қарап бой түзеуі шарт еді. Осылайша, қаланың орталық бөлігінде радиусы 8,3 шақырым болатын шеңбер пайда болды. Ал, қаланың тұрғын үй аумағы 18 мың гектардан аспауы керек еді. Шеңбердің сыртында жеке тұрғын үйлердің бой көтеруіне жол берілді. Бірақ, бұл үйлер жылу-электр орталықтарының маңынан бой көтергендіктен, экологиясы бүлінген бөлікте өмір сүретін халықтың үлесі көбейді. Бұл жоспар Курокаваның жобасына қарағанда экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып шықты. Ал, Назарбаев Университеті қаланың негізгі өзегінен тысқары қалатын болды.
2007 жылы Астана қаласын дамытудың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Бас жоспарының тұжырымдамасына халықаралық сараптама жүргізу тапсырылды.
Жүргізілген сараптама бойынша Нұрмахан Тоқаев әзірлеген Бас жоспар тұжырымдамасынан бас тарту ұсынылды. Сарапшылар Астананың бірнеше орталығы болу керек деген тоқтамға келді. Осылайша, К. Курокаваның бас жоспарына алғаш ресми түзету бекітілді. Дегенмен, оның негізгі қағидалары сақталды. Тек демографиялық болжам қазақстандық басқару, экономика және стратегиялық жоспарлау институтының зерттеу тобы жасаған зерттеу негізінде өзгертілді.
2011 жылы Үкімет қаулысымен бас жоспарға тағы бір түзету енгізілді. Бұл жолғы өзгеріске «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» мен Үкіметтің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы түрткі болды.
Ақырғы түзету 2016 жылы енгізілді. Бұл түзету ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен өткізу себебінен туындаған еді.
Жалпы, Кисе Курокава ұсынған «симбиоз» және «метаболизм» қағидаларын қазақстандық сарапшылар көп сынағанымен, 25 жыл ішінде бірталай өзгеріске ұшырағанымен, 2009, 2011 және 2016 жылғы ресми түзетулер кезінде бас жоспардың ең құнды, әрі жан-жақты пысықталған, келешекті бағамдай білген тұжырым екені мойындалды.
Ресми Астананың басты мекемелерінен көрініс тапқан «абстрактілі символизмнен» бас тарту тәжірибесі Бейбітшілік және келісім сарайы (Манфреди Николетти), «Ханшатыр» (Норман Фостер) сауда кешені мен «Бәйтерек» (Ақмырза Рүстембеков) сияқты нысандарды өмірге әкелді.
Қаланың қазіргі бас жоспарында 10 мыңға жуық халқы бар 148 жоспарлау секторына бөлу көзделген.
№ |
Жоспарлау ауданы |
Жоспарлау ауданының аумағы, га |
Жоспалау секторларының саны |
1 |
Шығыс аудан (Алматы ауданы) |
15 471 |
51 |
2 |
Оңтүстік аудан (Есіл ауданы) |
20 022 |
27 |
3 |
Батыс аудан (Нұра ауданы) |
19 336 |
28 |
4 |
Солтүстік-батыс аудан (Сарыарқа ауданы) |
6 775 |
23 |
5 |
Солтүстік аудан (Байқоңыр ауданы) |
18 129 |
19 |
Жиыны: |
79 733 |
148 |