Жылда шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күнін тойлаймыз. Биыл бұл мереке 7 шілдеге тұспаса-тұс келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл күннің маңыздылығын: «Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс», – деп ерекше атап өткен еді. Осынау айтулы күн қарсаңында мегаполистегі Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының жетекшісі Роза Жүнісқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Роза Жүнісқызы, өзіңіз жетекшілік етіп отырған Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында 80-ке жуық жәдігер сақталғанынан хабардармыз. Олардың басым көпшілігі домбыра аспабы. Алдымен осы «Домбыралар үйінің» мақсат-міндеті туралы айтып кетсеңіз.
– Біздің орталық Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматының 1000 жылдығына орай ашылған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға келген кезекті іссапарында бізге арнайы ат басын бұрып, құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап, жастарға насихаттап жүрген өнер өкілдеріне алғысын білдірген еді.
Иә, Ләззат Құдайбергенқызы басшылық етіп отырған Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарайтын біздің орталық төрінен қазақ халқының ән, күй, ақын-жыраулық өнерін жасаушы және бүгінге жеткізуші өнер тұлғаларының аспаптары орын алған. Орталықтың ашылу мақсатының бір себебі – заманауи 3D озық технологиясын музей саласына енгізу арқылы қазақтың байрағы биік бағзы да бай һәм көркем дәстүрлі музыка өнерін халыққа және келешек ұрпаққа насихаттау, қазақ мәдениетімен танысуға келген шетел туристерінің қызығушылығын арттыру. Орталықтың дәл ортасында орналасқан голограммадан төрт өңірдің (Жетісудың; Оңтүстік Қазақстан мен Сырдың; Батыс Қазақстанның; Арқаның) белгілі өкілдерінің орындауындағы танымал ән-күйлер мен жырларды тыңдай аласыз. Музейді тамашалауға келген үлкен-кішіні әсем күй әуені жетелеп, елітіп отырады.
Иә, дұрыс айтасыз, дәстүрлі музыка орталығында көбіне домбыралар тұр. Сондай-ақ, белгілі өнер өкілдерінің қолының табы қалған сыбызғы, қобыз, дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, асатаяқ, шың, сылдырмақ, жетіген, адырна да бар.
– Байқауымызша, мөлдір шынылар ішіне әрқайсысы жеке-жеке, ерекше құрметпен қойылған домбыралардың пішіні әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Бірі ұзынша, сопақша келген, ал екіншісінің мойны қысқа. Осының сырын түсіндірсеңіз?
– Иә, пішіні мен дыбысы және атауына байланысты домбыраның әр өңірде өзіндік дәстүрлі үлгілері қалыптасқан. Мәселен, қазақ жерінің күйшілік мектебі мықты дамыған батыс аймақта пішіні кесілген алмұртқа ұқсас қауақ домбыра кең тараған. Оның перне саны 12-16 болып келеді. Бұл өңірге тән дәстүрлі кең тынысты төкпе күйлер осы домбырамен орындалған. Екінші түрі – қазақ жерінің орталығы мен шығысына тән, шанағы үлкен күрек пішіндес, мойны қысқа, 7-11 пернеден тұрған қалақ домбыра. Келесі бір түрі – оңтүстік пен Жетісуда кең таралған мойны қысқа, бұрыштары тік, 7-9 пернелі болып келетін домбыра. ХХ ғасырдың орта шенінде қалыптасқан қоғамдық мәдени үдерістерге байланысты қауақ домбыраны Жамбыл домбыра, ал қалақша домбыраны Абай домбыра деп атау ел арасында қолданысқа еніп кірігіп кетті.
Біз осынау қасиетті жәдігерлерді жастарға насихаттаудан жалықпаймыз. Яғни бұл аспаптарды біз тек қана музей сөресіне жайғастырып қана қоймай, сол аспаптардың тікелей ұрпақтарымен шағын концерттік залымызда шығармашылық кештер ұйымдастырамыз. Авторлар туралы тың мағлұматтар жинап ұсынып отырамыз.
– Тақырыпқа орай домбыраның тарихи тамыры және оның қазақ мәдениетіндегі маңызы туралы да тарқата отырсаңыз?
– Ертеде домбыраға ұқсас екі-үш ішекті «таңбура» деп аталатын саз аспабын Əбу Насыр əл-Фараби жасаған деген деректер бар. Оның пернелерінің саны бесеу болған, басының бір жағында екі құлағы, төменде ішектер үшін кетігі бар тиек орналасқан деп суреттеледі. Таңбура жетілдіріліп, бертін келе домбыраларға ұласқан дейді кейбір музыкатанушылар. «Домбыра» сөзінің шығу тегі жайында да көптеген пікір бар. Музыка өнерінің тарихын зерттеген академик А.Жұбанов: «Домбыра» сөзі «қозы құйрық» дегенді білдіретін «дунбаһ» жəне «бурра» деген араб сөздерінің тіркесінен пайда болған», – деген болатын. Яғни ғалым домбыраның атауын оның шанағының қозының құйрығы сияқты пішінмен байланыстырады.
Иә, домбыра – ең көне аспаптардың бірі және екі мың жылдан асатын бай тарихы бар. 2014 жылы бұл аспап ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енді. 2018 жылы бекітілген Ұлттық домбыра күні – елді біріктіретін маңызды мерекелердің бірі, сондықтан оның әлеуетін толыққанды пайдалана білуіміз қажет деп ойлаймын.
– Домбыра дегенде, қазақ өнерінде егіз ұғымға айналып кеткен қандай тұлғаларды ең бірінші атар едіңіз?
– Қазақ халқының музыкалық мәдениетінің дамуына үлкен ықпалын тигізген ұлы домбырашылардың бірі – Құрманғазы. Оның «Сарыарқа» мен «Адай» секілді мәңгі өлмес туындылары қазір де баршаға белгілі. Керемет музыкант әрі композитор жазған 60-қа жуық күй осы күнге дейін сақталған. Музыкалық мәдениетте өшпес ізін қалдырған тағы да бір домбырашы – Қазанғап. Ол да жастайынан музыкаға қызығушылық танытқан. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, ол 120-дан аса күйдің авторы болған. Күйші өз шығармаларында қоғамда орын алатын өзгерістер, адами қасиеттер, жануарлар әлемі тақырыптарын қозғаған.
Қазақ музыкасының тарихындағы жаңа кезең ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы болды. Ол 500-ге жуық еңбек жазған, оның ішінде опера, балет, ән-күйлер, романстар, увертюралар және т.б. бар. Ал ең танымалдары «Аққу», «Арман», «Махамбет» күйлері, Куддус Кужамьяровпен бірге жазған «Алтын таулар» операсы. Мұнымен қоса, ұлы композитор қазақ балеті мен операсының қалыптасуына да көп еңбек еткен.
Ерекше қазақ халық музыкасын сақтауға және дамытуға елеулі үлес қосқан жандардың бірі композитор, дирижер, күйші, домбырашы – Қаршыға Ахмедьяров. Әмбебап музыкант ретінде белгілі болған ол қазақ мәдениетінің байлығын барша әлемге паш еткен. Жоғары оқу орындарына арналған көптеген кітаптар мен оқу құралдарының авторы, «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш» күйлерін жазған.
Домбыра музыкасы бүгін де белсенді дамып келеді. Қазіргі заманда танымал күйшілердің бірі – Секен Тұрысбек. Ол жазған 21 ән мен 14 күйді білмейтін музыкант жоқ шығар. Автордың шығармалары Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ таяу және қиыр шетелдердің үлкен концерттік алаңдарында орындалып жүр. Ең танымал күйлері «Көңіл толқыны», «Ақ жауын», «Өкініш», «Ару ана». Қазіргі заманның домбырашылары туралы айтқанда композитор-күйші Әбдімомын Желдібаевті де ұмытпағанымыз жөн. Ол 70-тен аса ән мен күйдің авторы. Солардың ішінде «Ерке сылқым», «Арман құс», «Абай арманын» білмейтін қазақ жоқ.
– Бүгінде заманауи әндер де домбырамен сүйемелденетін болған. Тіпті оның шанағынан төгілетін қоңыр үн төрткүл дүниені де тербеп жүр десек қателеспеспіз. Осы тұрғыда қандай әндер мен композицияларды атар едіңіз?
– Қазақтың ұлттық брендіне айналған домбыраны төрткүл дүниеге танытқан қазақ дегенде, ең алдымен ойға Әміре Қашаубаев оралады. Әнші 1925 жылы Париж сахнасын «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Қос балапан» сынды әндерімен әуелеткен. Сондай-ақ, 1927 жылы ән мен күйдің дүниежүзілік байқауына Германияның Франкфурт қаласына барып, онда да екінші орын алып қайтқан.
Қазақтың әйгілі күйші-композиторы Дина Нұрпейісова да 1937 жылы 75 жасында Мәскеуде Халық өнерпаздарының республикалық байқауына қатысқан. 1944 жылы 83 жасында Ташкенттегі онкүндікте тағы да жүлделі орындарды жеңіп алған. Есімі қазақ музыкасының жылнамасына алтын әріптермен жазылған Дина әжеміз бала күнінде-ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш сынды күйшілердің күйін нақышына келтіре тартып, «домбырашы қыз» атанған. Оны әйгілі Құрманғазы өзі арнайы іздеп келген және батасын берген. Дина әжеміздің «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма» сынды төл күйлері төгілген домбырасы да біздің орталықта сақталған.
XXI ғасырда киелі аспапты әлемге танытып жүрген талантты қазақтың бірі – Асылбек Еңсепов. Ол Франция, Қырғызстан, Түркия елдерінде өткен байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінді. 2011 жылы Беларусьте оның жеке концерті өтті. Айтпақшы, Асылбек Еңсеповтің Дубай қаласында домбыра мектебін ашқаны үлкен жаңалық болды. Себебі, шетел азаматтары да домбыра үйренуге ынталы бүгінде.
Күміскөмей Димаш Құдайберген ұлымыз туралы әңгіме тіпті бөлек. Ол шетелдіктер алдына міндетті түрде домбырасымен шығады. Әлемдік сахналарда «Дайдидай-ау» әнін орындамас бұрын Құрманғазының «Адай» күйін тартады. Димаштың бұл жетістіктері шетелдіктердің домбыраға деген құрметін арттыра түскендей. Себебі, бір кездері шетелдіктер Димаштың арқасында қазақ тілі мен домбыра курстарына жазыла бастаған болатын.
Қазір жастар да талаптанып, талпынып, мұхит асып, киелі аспабымызды дәріптеп жүр. Мәселен, шаһардағы «Әлқисса» домбыра мектебінің (жетекшісі ҚР мәдениет қайраткері Қанат Сәден) оқушылары алыс-жақын шет елдерден гран-примен оралуда. Жақында Американың Нью-Йорк штатына барып қайтты. Біздің музейде өтетін кез-келген іс-шараның басы-қасында, ұлттық аспапты насихаттап жүрген де осы жас таланттар. Осындай дарынды өрендер барда ұлттық өнер өлмейді. Қазақ халқы үшін домбыра ұлттық аспап қана емес, оның ары мен бары, қасиеті мен киесі. Біздің бабамыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген. Күйші, жыршыларды төредей күтіп, төбесіне көтерген. Сондықтан біздің елімізде осындай Ұлттық домбыра күні деген мерекенің болғаны – үлкен мақтаныш.
Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШЕВА.