ffin.kz

Азаматтық қарсылығын экранда айшықтаған суреткер

Азаматтық қарсылығын экранда айшықтаған суреткер Сурет: ашық дереккөз

Бүгінгі ұрпақ Абдолла ағаны көрген жоқ. Бірақ өзі болмағанымен, «Менің атым – Қожа», «Алпамыс мектепке барады», «Жүйрік болсаң, озып көр», «Балалық шаққа саяхат», «Балалық шақтың кермек дәмі» сынды классикалық фильмдері көрермен қауымның талай буынымен бірге жасасып келеді. 

«Балалар киносының атасы» деп білгенімізбен, Абдолла Қарсақбаев үлкендерге арнап та бірқатар дүниелер түсірді және олар күні бүгінге дейін өзінің көркемдігін, мән-маңызын жойған жоқ. Бұған режиссердің «Даладағы қуғын», «Біздің Ғани», «Қилы  кезең» тәрізді фильмдері дәлел. Сонымен қатар Абдолла Қарсақбаев – «Қазақ халқының қолөнері», «Торғай шегі», «Черқасск қорғаны»,  «Ақтөбе» сынды басқа да бірқатар деректі дүниелерді жарыққа шығарған  әмбебап суреткер. Әйтсе де режиссердің шынайы шеберлігі балаларға арнап түсірген фильмдерінен кереметтей айқын көрінді. Бұл ретте, айрықша тұлғаға айналғаны соншалық, осы жанр бойынша Абдолла Қарсақбаевқа теңесетін режиссер бізде әзірге бой көрсеткен емес...

Өмірбаян беттеріне үңілсек, Абдолла аға осыдан 98 жыл бұрын, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан жастай айырылып, тұрмыс тауқыметін ерте тартқан. Сүйінбай мен  Жамбыл, Үмбетейлер жыр төккен қасиетті өңірдің зерделі өрені бала кезінен ақын, жыршы, жырау бабаларының жыр-дастандарымен сусындап, өнерді сүйіп өседі. 1943-1947 жылдары Алматы киностудиясының жанындағы кино актерлері мектебiнде оқиды. Одан соң біраз жыл хроникалық журналдар мен дубляжда, аударма бөлiмiнде ассистент, актер, режиссер болып жұмыс iстейдi. 1956 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық кино институтының режиссерлік факультетін бітіріп, «Қазақфильмге» оралады. Өмірлік тәжірибесі молайып, кәсіби білімі толыққан режиссер содан былайғы уақытта төл студиямызда аянбай тер төкті. Камал Смайыловтың сөзімен айтсақ, сол кездегі қазақ киносы Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев тәрізді төрт киттің арқасында ерекше қарыштап дамыды.

         Қазақ киносының алтын қорына қосылған бірегей фильмдері өз алдына, Абдолла Қарсақбаев қазіргі уақытта өнерде оза шауып жүрген Нұржұман Ықтымбаев, Досхан Жолжақсынов, Болат Қалымбетов, Гүлнара Досматова, Нұрлан Санжар, қырғызстандық белгілі актер Әшірбек Шоқыбаев сынды таланттардың жұлдызын жақты. Кино өнеріне Абдолла аға арқылы келіп, өз арналарын адаспай тапқан сол тарландардың барлығы ол кісіні «өнердегі өкіл әкеміз» деп есептейді. Режиссердің адамды тануы, өзгеге беймәлім талантты тамыршыдай тап басып көре білуі шын мәнісінде ғажап! Мысалы, «Даладағы қуғынға» дейін радиоға бір, теледидарға бір жүгіріп, өзін қай салада көрсетерін білмей жүрген Досхан Жолжақсынов қызыләскер Хамит бейнесі арқылы нағыз киноға сұранып тұрған, дарынды актер ретінде танылып шыға келді. Ал Гүлнар Досматова сол фильмде Әйгерім қызды кейіптеу арқылы 12 жасында-ақ болашағын кино өнерімен байланыстырып үлгерді.

Оларды осындай күрделі рөлдерге маңайындағылардың қарсы болғанына қарамастан таңдаған режиссер қателеспепті, екі актер де өз рөлдерін мейлінше шынайы алып шықты. Әрине, Абдолла ағаның көмегімен. Бұл жөнінде Досхан Жолжақсынов: «Әбекең бәрін шемішке шаққандай етіп түсіндіретін. Гүлнардың 7 сыныпта оқитын кезі ғой. Құшақтап, өзіме қарай тартсам, ұялып, жылайтын», – деп еске алса, Гүлнар Досматова: «Менің кейіпкерімнің қалай күліп, қалай секіруі керектігін көрсете отырып, Абдолла ағаның өзі құдды 12 жастағы қызға айналып кеткендей болатын. Қазіргідей емес, ол кезде жасөспірім қыздың үлкен жігітке сезімін көрсету «жабық тақырып» саналатын. Бірақ Абдолла аға өз дегенінде тұрды. Оның үстіне Әйгерімде әдеттегідей бұрым болған жоқ, шашы жайылған, тек екі шетінің бірнеше жерінен ғана өрілген болды. Мұның өзі де батыл шешім еді, өйткені қазақ қыздары олай жүрмеген ғой. Алайда Абдолла аға өз кейіпкерінің әдеттегіден тыс, ерекше болғанын қалады. Сөйтіп, мен алғашқы махаббат сезімін ең бірінші рет өмірде емес, кинода бастан кешірдім», – дейді ағынан жарылып. Ал бүгінде қазақ киноөнерінің ардагер ақсақалына айналған Нұржұман Ықтымбаев Абдолла ағасына кездескенге дейін «киноға түсем», «актер болам» деп ойлаған адам емес екен. Жаркент педучилищесін бітіріп, сонда қызметке қалған мұғалім жігіт түсіру алаңына кездейсоқ тап болған және ең алғаш 25 жасында ойламаған жерден «Қилы кезеңдегі» Қапан рөліне бекітіліп шыға келген. Өнерлі жігіттің ә дегеннен-ақ қамшы салдырмағанына көңілі толған Әбекең, оны өзінің  «Балалық шаққа саяхат», «Біздің Ғани», «Алпамыс мектепке барады» атты кейінгі картиналарынан да сырт қалдырмаған.  

Бір анығы, дебюттік фильмі «Менің атым – Қожадан» бастап-ақ Абдолла Қарсақбаев суреткер ретіндегі өз танымынан, өз қолтаңбасынан танбаған. Сол фильмде Қожа бейнесінде көрінген Нұрлан Санжар бұл ретте: «Бес жүздей үміткердің ішінен ақсары, сүйкімді бала таңдалып, ата-анасымен келісімшарт жасалып қойылған екен. Бірақ режиссер киноны түсіруге асыға қоймайды. Ақырында киностудияда шу шығады: Абдолла Қарсақбаев көркемдік жетекші Шәкен Аймановпен келіспей, басты рөлде ойнауға лайықты баланы іздеуді әлі де жалғастыруды талап етеді. Көмекшісі М.Ибраев мектебімізге тағы бір келген сәтінде аяқ астынан мені көріп қалады. Өзім сабаққа кешігіп келе жатқам, көзімнің алды көкпеңбек, жейдем жыртылған... Тура сол бойда шап беріп ұстап алып, режиссерге алып барды. Абдолла Қарсақбаев мені көрген бойда бірден: «Болды, аламыз» деді», – дейді өз естелігінде. Яғни Абдолла аға қазақ баласына еуропалық көзқарас тұрғысынан қарап, оны бір сызықтың бойымен жүргізіп-тұрғызғысы келген көркемдік жетекшілерге көнбей, ақылды тентек Қожаны шынайы бейнесінде көрсетуге күш салған. Бұл бір есептен, суреткердің бүкіл қоғамды құрсаулап, үлкеннің де, кішінің де ақыл-ойын, еркін бұғаулап ұстағысы келген тоталитарлық режимге деген азаматтық қарсылығы болатын. Ашаршылық тауқыметі мен қуғын-сүргін зұлматын бала кезінен сезініп өскен, іле-шала сұрапыл соғыс тақсыретін көріп, жүрегі шайлыққан, тағдырдың талай теперішін басынан өткерген Абдолла аға, бәлкім, ұлт ұланының еңсесін ешкімге еңсесін бастырмастай өжет, еркін ойлы, ер мінезді болғанын жан-жүрегімен қалаған болар... Содан да Қожа мен Сұлтан, Гуля мен Ұзынтөре, Алпамыс пен Қалихан сияқты өзінше дара, көп ішінен суырылып шыққан бірегей бейнелерді айрықша даралаған шығар...

Негізі, Абдолла ағаның кино түсірген жылдары – цензураның өз қайратына мініп тұрған шағы болатын. Мұндай жағдайда ол кісінің әрбір кадр үшін қаншалықты егеске түскенін іштей бағамдау қиын емес. Мәселен, «Менің атым – Қожадағы» Сұлтанның «Қара көжеге» шылым шегуді үйрететіні, одан екеуінің кішкентай Дәуренді алдап соғып, шопан үйінің қымызын ішіп, етін жеп, елтірісін үптеп кететіні сол кездегі кеңестік моральға мүлде қарама-қайшы көрініс болатын. Алайда өмірден алшақ кетпей, оның көлеңкелі-күнгейлі тұстарын арқау еткені үшін де бұл фильмді үлкен-кіші бірдей жанына жақын қабылдады. Тіпті Абдолла ағаның осынау дебюттік картинасы Орта Азия мен Қазақстан кинематографистерінің 1964 жылғы байқауының және 1967 жылы Канн қаласында өткен халықаралық кинофестивальдің жүлдегері атанды. Алайда төл туындысының Канн фестивалінде жоғары бағаланғанын Абдолла ағаның өзі радиодан естіпті. Ал осыған орай «енді не дер екен» деп, сыр суыртпақтап көргендерге ол кісі құдды ештеңе болмағандай: «Мен өз халқымды әлемдегі ең үздік халық деп есептеймін, сол үздік халықтың ұл-қыздары үздік шығармалар туындатпауы мүмкін емес. Көп болса, мен де соның бірі шығармын. Ең алдымен қазағым аман болсын» дегенді айтыпты. Одан кейінгі «Жүйрік болсаң, озып көр» ГДР кинофестиваліне жіберілгенде де фильмді өзі емес, «Қазақфильм» редакторларының бірі алып барыпты. Яғни фильмдері қаншама халықаралық байқаулардан оза шауып, бәйге алып жатқанымен, Абдолла ағаның өзі бірде-бір рет шетелге шықпаған. Уәлихан Қалижанның сөзіне сүйенсек, ұлы суреткердің соңғы фильмдерінің бірі «Алты жасар Алпамыс» Бүкілодақтық 10 кинофестивальдің жүлдегері атанған екен. Сондай-ақ жарыққа шығысымен, бір жыл бойы Мәскеу кинотеатрларында үзбей көрсетілген.

Ең бір әділетсіздігі, «Қазақфильмнің» халықаралық деңгейде мойындалған, танылған осындай тұңғыш фильмдерінің режиссері бола тұра, Абдолла Қарсақбаев бар болғаны, қайтыс боларынан сәл бұрын ғана берілген «Еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағымен өмірден өтті. Күні бүгінге дейін ұлы режиссердің бірде-бір мерейтойы республикалық деңгейде, лайықты аталып өткен емес. Ары кетсе, кішігірім еске алу кеші ұйымдастырылады. Көзкөрген әріптестері, киногерлер қауымы естеліктер айтады. Бар болған-біткені сол ғана. Суреткердің 100 жылдық мерейтойына да екі жыл қалды. Мысалы, соған орай телеарналар мен еліміздің ірі қалаларындағы кинотеатрлардан киноларын көрсетіп, Абдолла Қарсақбаев фильмдерінің апталығын өткізуге, ол туралы деректі фильмдер түсіріп, есімін есте қалдыратындай басқа шаралар ұйымдастыруға не кедергі?!

Топ жарған таланттың өзінен артықшылығын көре алмау, жетістігін қызғану, көпе-көрнеу қысастық жасау қай кезде де болған. Мысалы, өз жұмысына өзі иегершілік жасап, зейнетін көру, шығармашылығының қуанышына бөлену бақытынан қағылғаны өз алдына, Абдолла аға түсірсем деп армандаған талай дүниесін түсіре алмай кетті. Және ол қандай дүниелер еді десеңізші! Абай, Шоқан, Құлагер!.. тағысын-тағылар... Осы орайда, режиссердің кинодағы өкіл баласының бірі, актер, режиссер Болат Қалымбетовтің «Абдолла аға туралы естелік кітап жазсам деген ойым бар. Уақыты келгенде мен ол кісі туралы басқа да көптеген шындықты айтамын» де ара-тұра құлшынып қоятыны бар.

Бір анығы, дара дарын, қолтаңбасы айқын қайталанбас суреткер бола тұра, ол кісінің ара-арасында жай ғана дубляжбен айналысып немесе жас режиссерлерге көмектесіп жүріп қалған кездері көп болған. Өзіндік «менін» дәлелдей отырып, Абдолла ағаның маңайындағылармен көп пікірталасқа түскенін, қайшылықтарға барғанын Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков те кезінде растаған. Ғани-Құманның айтуынша, шен-шекпенділер Абдолла ағадан қатты тайсалған көрінеді. Өйткені ол кісі қаншама адамның, қандай жиынның ортасынан болсын суырылып шығып, бетің бар, жүзің бар деместен, ақты – ақ, қараны – қара деп, турасын айтқан.

Осындай тік мінезді, бірбеткей, бірақ ішкі жандүниесі соншалықты қорғансыз, бала көңілді Абдолла ағаның шенеуніктермен қаншалықты пікірі үйлеспесе, қарапайым халықпен, кішкентай балалармен соншалықты сөзі жарасып жүре беретін. Туған халқының тарихын, әдет-ғұрпын, дәстүрін, мәдениетін терең білетін ол, кино түсіре барған жерінде ауыл ақсақалдарымен етене жақын туысындай араласатын, сыйласатын. Ал өз әріптестерінің ішінен Абдолла аға Кененбай Қожабеков пен Нұрмұхан Жантөринді және Нұрғиса Тілендиевті ерекше дос тұтқан, құрметтеген. Білетіндер Абдолла ағаның өмірден өтерінен екі күн бұрын «Қилы кезеңнің» жаңа редакциясымен жан-жақты жұмыс істегенін, ал тура қайтыс болатын күнінде Кененбай досына қонаққа барғанын айтады. Үйіне келген соң кешке қарай далаға шыққан. Сөйтіп, үй алдындағы орындықта отырған күйі... жүріп кеткен... Небәрі 56 жасында. Жұбайы Клара Абдолла ағаның кей-кейде «басым киноға толып кетті...» деп, біраз уақыт ештеңе ойламауға, демалуға тырысатын кездері болатынын айтқан-ды.

Шындығында, Абдолла аға өмірден де басы киноға толы күйінде өткен секілді болып көрінеді. Қалай дегенмен де, осынау ғажап суреткерді бүгінде бүкіл Алаш баласы, жалпы, Алаш жұрты сағынып жүргені анық.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49

08:05