Дін – тұтасымен тәрбие бесігі

Дін – тұтасымен тәрбие бесігі Сурет ЖИ көмегімен салынды

Қазақстан Президенті наурыз айында Бурабайда өткен Құрылтайда  қоғамның барлық мүшелерінің бастамашылдығы мен іскерлігіне  ерекше маңыз берді.  Ал бастамашылық қасиет  дін саласына да аса маңызды. Бұл бастама экономикалық және саяси бағыттағы іс-қимылымызда ғана емес, діни ортада да өз ұстанымымызды өзгеге ұсынудың тәрбиелік жолы болмақ.

Дін – тұтасымен тәрбие бесігі. Бүгінгі таңда күллі қоғамның мәдени-тәрбиелік бірлікте бірін-бірі қолдап  жүруі қажеттілікке айналып отыр.  Діннің де  қоғамның ілгерілеу жүйесіне  кірігіп, ықпал ету механизмнің бір саласы ретінде  қызмет ететін кезеңі келді.   

Ұлттың болашағын қа­лыптастыратын ең маңыз­ды құнды­лық­тар­дың бірі – ұрпақ тәрбиесі. Ұлағатты ұрпақ тәрбие­леу – баршамыздың ор­тақ асыл міндетіміз. Өйт­кені өскелең жас буын­ның бойындағы рухани дағдарысты болдыр­мау – бүгінгі күннің өзек­ті мәселесінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Бу­рабайда өт­кен Ұлттық құрылтай­да осы ұрпақ тәрбиесіне ерекше тоқталды.

Президент ұлттық бас­қосуда: «Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабыл­дау – істің басы ғана. Енді жаңар­ған құжатты еліміздегі барлық мем­лекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жеке­меншік мектептер де басшы­лыққа алуға тиіс. Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қам­туы қажет. Сонда ғана бұл бас­тама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер», деді.

Осыған орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамда отбасы құндылығын арттыруға ерек­ше мән беріп отыр. Бастама өте құптарлық.  Өйт­кені әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Өкінішке қарай, қазіргі жаһандану заманында қоғамға қауіпті жағымсыз әрекеттер көрініс тауып отыр. Жаман әдет қашанда  тез тарайды. Ал оған бір еліткен адамның  таяу арада одан арылуы қиын. Демек,  кез келген тәуелділіктің  жолы кесілуі керек.  Бүгінгі таңда тәуелділік дерті жас ұрпақтың жан-дүниесін тұмшалап барады.  Мемлекет басшысы  осы мәселелерді  Ұлттық құрылтайда жан-жақты айтқан болатын.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазіргі таңда қоғамда осы мәселенің өзектілігін еске­ріп, отбасындағы өзара мейірімді­лік, ізгілік, адамгершілік сынды құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында 2025 жылды  «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Бұл идеяны бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек. Қоғамда – отбасы мен құндылық шекарасы ажыратылмаған біртұтас ұғым. Еліміз Діни басқармасының дер кезінде көтеріп отырған ұсынысын әрбір ауылда, әрбір қалада, әрбір отбасында қолдау табуы тиіс. Олай болмаған жағдайда қалың бұқараны таңдау функциясынан айырып, тек тұтынушы ретінде қалдырамыз. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы  Тағанұлы өзінің  2025 жылғы  18 сәуірдегі «ЕGEMEN QAZAQSTAN» газетінде жарияланған «Ұрпақ тәрбиесі һәм ұлттық құндылық» мақаласында жан-жақты мақаласында атап өтті. 

Дәстүрлі мәдениет сырттан келетін  сырты жылтырақ жағымсыз мәдениетке төтеп беру үшін  елдің рухы, санасы жоғары болумен қатар,  күнделікті ақпарат беретін теледидар, радио, газет-журналдар теріс әсерді арттыратын жарнамалардан да таза болғаны шарт.  Ұлт тіліндегі хабарлар, дәстүрлі мәдениетіміздің озық үлгілері жүйелі түрде әрі өзге тілділерден молырақ  жасалуы көзделмесе, ұл рухының әлсіреуі, әсіресе, жас буынның басқа бағытқа көшіп кетуі жылдамдайды. Мұндайда руханиаттың басты саласы теледидар дұрыс бағыт бере алмаса, халық тобырға айналады. Жастарымыздың тағдыры ақпарат құралына тәуелді. Егер ақпарат ұлттық негізде күшті болса, кісі емес кісі – кісі болу мүмкіндігін алады. Мәдениетіміздің өркендеуі адамдар санасындағы өзгерістерге байланысты десек те, қоғамды жайлап алған көп кеселдің өршіп кетуіне ықпал етеміз. Дәстүр бұзушылықтың кез келген көрінісі мәдениетіміздің деңгейін төмендетіп, ұяттың да, ар-намыстың да белінен басып, ұлт дидарына дақ түсіретін болады.

ХХІ ғасырда гуманизм азайып, қатыгездік көбейіп барады. Бұрын көлігің жолда қалса, өзге жүргізушілер тоқтап жәрдем беруге асығатын. Бүгін оны көрмейсің. Бүгінде қатыгездік  көбейіп барады. Қарап тұрсаң, ол азаюы керек еді.  Осының бәрі дүниетанымның азаюынан болып отыр.  Адамның жаратылысына ізгілік пен зұлымдық қатар егілген.  Ал соның қайсысы алдымен көрінеді, ол – адамды қоршаған ортаға, адамның тағдырына, санасына байланысты. Адамгершілік  қағидалары елде қандай билік тұрғанына байланысты емес. Олар тұрақты және мақсаттың өсуіне  ғана тәуелді. Сондай-ақ, Мемлекеттің ұлылығын тек жер көлемімен санауға да болмайды. Ұлылықты ортақ іске жұдырықтай жұмылған халықтың жігері мен бірлігі, табандылығы мен тәртібі және сол мемлекетті құтты мекенге айналдыруға  ұмтылған ұлтжанды адамдарға байланысты. Демек, біздің қоғамға  бүгін өзінің, ертең болса, болашақ  ұрпағының   бақуатты болуы үшін бүгін өліп кетуге бар ұлтжанды адамдар керек болып тұр. Мемлекет басшысының  үндеуі де осыған саяды.     

Бүгінгі ұлттық сана, оның қоғамға тигізер ықпалы туралы соңғы жылдары  жүйелі ой түзіліп, рухани сөз айтыла бастады.  Оған да шүкір. Себебі, осыдан оншақты жыл бұрын қазақ қауымының қарны ашып тұрған шақта дүниені байлау  қарынды тойдыру мен баюдың бағаналы жолын табу болып еді.  Қазір де қоғамның негізгі бөлігі осы мақсат төңірегінде тырбанып жатыр. Алайда ол үндеу еститін құлаққа, саңылауы бар санаға ғана жетіп тұр.  Елдің рухани келбеті ұлттық идеология мен ұлттық намыстың негізінде дамиды. Бұл ретте ұлттың зиялысын іздеуіміз керек болып тұр.  Қазіргі кезеңде зиялының міндеті қара басының күйбеңін қоя тұрып, ұлттық  рухты ояту,  қоғамға  қозғау салу, ұлттық нигилизммен күресу. Ұлттың рухының күштілігіне ұлттың өзін сендіру. Кеше болса тарихын тәлкекке салып, бүгін болса,  алтын арқалап жүрген біздің жұртқа «Сен ұлы ұлтсың»  деп көзін жеткізу – қиынның қиыны болып тұр.

Бүгінде қоғам «Материалдық өркениет тығырыққа  тірелді» деп  дабыл қағып тұр.   Жапондар әлемді шарпыған  қаржы дағдарысы  қауіпті емес, рухани дағдарыстан  қорқу керек, дегенді айтуда.  Ал әлеуметтанушылар қазіргі  қоғам рухани  кедейленіп барады, деп отыр.  Материалдық  тұрғыдан  бай бола тұра рухани азғын  һәм  тойымсыз болса, нағыз бейшара сол болар еді. Ал  қарапайым тіршілік етіп рухани жағынан бай болса,  бақытты жан деп  соны айтуға болатыны айқындалған.  Қазіргі жапон жастары  дәстүрлі мәдениет пен әдеп-ғұрыпты ұмытып, ұлттық санадан  ажырап барады.  Осыған  сай қоғам  материалдық өнім  көлемін ұлғайтып, соның есесінен  адами құндылықтардан айрылуда.  Қоршаған ортаға орасаң зиян келіп, жалпы қоғамның күйреу процесі жүріп жатыр.  Адамгершілік парыз, туысқандық мейірім, ата-ана алдындағы  жауапкершілік сезімдері жойылып барады. Ата-бабалары қалыптастырған рухани тіршілікке  оралу қажеттігі де ұмыт қалуда.  Одан  тойымсыздық пен рухани кедейлікті жеңу басты ұстаным болып тұр.  

Адам  дүние үшін емес, дүние – адам үшін ұраны көтерілгенде ғана алға басатыны анық. Ал қоғам адамнан тұрады.  Исмаил әл-жауһари мен әл- Фараби айтқан «Адамның  күні адаммен», деген сөзді талай ойшыл қайталаған. Адамның жетілуі әлеумет арқылы мүмкін» деген Конфуций. Ал Рим ойшылы Марк Аврелий: «Адамды сүй, Құдайдың заңдарына бағын» дейді.

Қазақ қоғамында  дінімізге оралу, тілімізді жаңғырту, салт-дәстүрді ұстану тұрғысынан көптеген істер  көрініс беруде, оны жоққа шығаруға болмас.         

           Енді бастапқы мәселе – ұлттық тәрбиеге қайта оралсақ. Бала – біз­дің айнамыз. Платон: Ұлды тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қызды тәрбиелей отырып,  ұлтты тәрбиелейміз» - деп бекер айтпаса керек. Демек,  жастарды  қалай исек, жас шыбық солай өсіп шығады. Жас адамның білім алып шығуы үшін нендей жағдай туғызуымыз керек?  Бұл өмір бойы мектеп партасында  немесе студенттік аудиторияда отыру керек,  деген сөз емес. Бұл – білімнің қажеттілігін әркім  өз жадымен үнемі сезініп жүруі керектігіне жасалған сілтеме.  Ал білім тек оқулықтарда ғана көрініс тапқан ба? Ал көркем әдебиет беретін ойлантқыш-танымдық  білім ше? Жақсы кітап оқу – өткен заманның ең жақсы адамдарымен әңгімелесу.  Ол – ғасырларға сапарға шыққан ақыл ескерткіші. Ал Құран ең көне кітап. Демек, Құранды оқу керек, ол тұла бойы тұнып тұрған құндылық. Біз қос бірдей құнды кітап ұстаған елміз. Қолымызда қасиетті Құран кітабы бар, Абайдың кітабы бар. Бұлардың екеуі де тұнып тұрған тәрбие кітабы.

Оқулықтардағы экономикалық та, саяси да, техникалық та теориялар адамға білімнің алғашқы сатысын  ғана береді. Ал соған сүйене отырып, тың жаңалықтарға  ұмтылдыратын – адамның қиялы. Ал қиялдың ресурсы – шығармашылық адамдарында болатынын естен шығармаған жөн. Ал шығармашылықпен айналысатын адамдар қоғамдық дамуға ықпал ететінін де ескерген абзал.  Экономикада болсын, саясатта болсын дамып кеткен елдерде болашақтағы даму жөнінде ақылға қонымды  болжамдар мен сын-пікірлер айтатын және оны іске асыруға алғашқы болып көмекке келетін де шығармалықпен айналысатын адамдар екен. Сондықтан ірі корпорациялар мен мемлекеттік аппараттар қалам қайраткерлерін  кеңесшілер ретінде  жұмысқа шақыратынын көріп жүрміз.  Бүгінгі жаһандану бәсекесінде қоғамды ілгері жетелеуші қуатты интеллектуалдық  күш екеніне  көздері жеткен. Өркениетті елдердің іскер адамдары жаһандану заманының бір қарағанда  адам сенгісіз болып көрінетін бүгінгі таңдағы осындай утопиялық идеяларға мұқтаж екендіктерін айтуда.  Утопия деген ұғымды  біз жағымсыз мағынасында ғана қабылдап үйреніп кеткен сияқтымыз.  Бүгінгі жаһандану заманында, утопия дегеніміз – ертеңгі күнді және алыс болашақты  қалай құру керектігі туралы сан қилы ұсыныс пен адам ақылы барып көрмеген жерлерге дейін  ойды жетелеп апару.  Сондықтан көркем әдебиетпен сусындаған ел – идеялар отанына айналады.  

Бүгінгі таңда баспалар­дан шығып жатқан кітаптарға деген сұраныс күн санап артып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Осы орайда «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында балаларға арнал­ған «Менің сүйік­ті отбасым» кітабын шыға­руды қолға алу өте құптарлық. Әр отбасы­ның бақытты болуы маңызды болғандықтан «Отбасы бақыты» тақырыбындағы еңбекті барлық еңбек ұжымы мен барлық мектептерде оқытудың кешенді жоспарын жасау абзал болған болар еді.

       Президент Ұлттық құрыл­тайда мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ ірі компа­нияларда ұлттық киімге мән беріле бастағанын ерекше атап өтті.  Ұлттық киімнің дініміз бен дәстүрімізге сай заманауи үлгісі қоғам тарапынан қол­дауға ие болды. Діни басқарма қызметкер­лері жамағат арасында ұлт­тық киімімізді, ұлттық құнды­лықтарымызды насихаттауға айшықты үлес қосып келеді.  Осы ретте жастарға қатысты тағы бір өзекті мәселеге тоқталып өтсек.  Халықтың діни сауатын ашып, әсіресе дінге бет бұрған жастарды деструк­тивті діни ағымдардың идеологиясынан сақтандыру – аса маңызды жұмыстардың бірі. Бұл мәселеге де Мемлекет басшысы Ұлт­тық құрылтайда айрықша назар аудар­ды.

Құрылтай отырысында Пре­зи­дент: «Теріс ағымдарға, қа­зақ­тың болмысына жат идеоло­гияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік бе­ріл­ген. Бірақ жүгенсіздікке, тәр­тіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру», деді. Президент айтпақшы, жалпы қоғамның бірлігі мен ынтымақтастығының  негізі индивид пен ұжымдар арасындағы тепе-теңдік орнату арқылы өзара әрекеттестікке ұмтылумен байланысты.  Бірлік пен ынтымақтастық қалыптасқан қоғамда жеке адамдар мен ұжымдардың  бастамалары қолдау тауып, мемлекет қоғамдағы әділдік пен сабақтастықтың, ұжымдық талқылаудың кепілі ретінде әрекет етпек. Сондықтан қазіргі жаһандану заманында бірлік пен ынтымақтастықта болуымыз керектігін бүгінгі уақыт көрсетіп отыр.  Жастардың гуманистік бағыт-бағдардан және өзін-өзі  бағалаудан тыс өсуі қоғамның, адамның  мүдделеріне қайшы келіп, қорқынышты  құбылысқа айналады. Бұл жерде де діннің ықпалы зор.  

Шын мәнінде, асыл дініміз сан ғасырдан бері ұлтымызды ынтымаққа ұйыстырып, халқы­мыз­дың рухани тірегіне айналды. Имандылыққа бет бұрған жас­тар қашан да жақсылық жасауға құштар. Алайда діни үкімдердің түпкі мәніне терең үңілмейтін кейбір жас буын өкілдерінің деструктивті діни ағымдардың арбауында кетіп жатқаны жасырын емес. Біз аз халықпыз.  Түзу жолдан тайған әрбір қазақ бізді ортайтып кетеді. Сондықтан мәдениеттің, діннің терең дәстүрлерін көкірек-көзі ашық, білімді адамдардан  тұратын қоғамда ғана толыққанды  түрде қалыптаса алады.  Ал одан хабары жоқ білімсіздік адамды әлемдік саясаттың қазіргі аласапыранында  жалған демократияның қолжаулығына айналдырады.  Оны алғашқы болып дін қайраткерлері байқай  алады. Қиялдың ресурсы – діни ортада қалыптасқан.  Олар көрініп тұрғанды ғана емес, көрінбей тұрғанды да  көре алатын қасиетке ие. Демек, дін адамының көргіштігін дамуымыздың әр саласына  пайдалана білуіміз керек.

      Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – халықты жат діни ағымдардан сақтандыру. Бұл ретте Діни басқарма қыз­меткерлері кешенді жұмыс­тарды жүзеге асырып келеді.

Мүфтияттың діни оңалтуға жауапты мамандары былтыр жамағат арасында түрлі кез­десулер өткізген. Дінге қызығушылық білдірген жастардың қандай діни әдебиет­тен мәлімет алатыны өте маңыз­ды. Сондықтан мүфтият осы ба­ғыт­та өткен жылдың өзінде  «Бабалар ізімен: Қазақ даласын­дағы мұсылмандық мектеп», «Ислам энциклопедиясы», «Қалып», «Ой салар оқиғалар», «Иман­ды­лық әліппесі» сынды маңыз­ды еңбектер халықтың талғамына жеткізіліпті. Бұл аз құндылық болмаса керек.

Аллаға шүкір, қазір елімізде Діни басқарманың қызмет жүйе­сінде жұмыс зайырлы қоғамның талаптарына сай құрылған. Жастарды бас­қару­ды, олардың әрбір әре­кетін бақы­лауды өз қолдарына алуға тырысады.

Жас­тар­ға дұрыс тәрбие беру ең басты ұстаным болғаны абзал. Олар  қай кезде де қоғамның негізгі қозғаушы күші болған. Ежелгі антикалық құл иеленуші  Грек-Рим империясы билігінің өзі жас ұрпақтың дене бітімінің және ақыл-ойының түзу болып өсуі мәдениетімен  тұрақты айналысқан. Кезінде Сталин, Мао Цзедун мен Гитлердің өзі жастармен жұмыс істеуді өз назарларынан тыс қалдырмаған.  Африкада Буркино Фасо деген ел бар.  Ол елдің атын аударғанда – «Адал адамдар елі» деген мағынаны береді екен.  Сол ел жастарды тәрбиелеуде адалдық танытуда барлық тәрбиені дінмен қабыстырып отырады екен. Одан олардың зиян шегіп жатқаны жоқ. Ал жерінде тас пен құмнан басқа табиғи ресурсы жоқ Израиль өздерін «Біз Құдайдың  ықыласы түскен елміз!» деп атайды. Халықты сол идея аясында тәрбиелейді. Дәстүр-салт демекші, «Түркімендер бала дүниеге келген сәттен бастап, оған арнап, кілем тоқи бастайды екен. Оның алғашқы қаз басқан қадамын да сол кілем үстінде атқарып, оны баланың аяғын астына төсейді екен. Қандай жарасымды! Бізге де осындай бір жарасымды әдемі дәстүрді қалыптастыру керек сияқты. Гректер бала дүниеге келген күні, зәйтүн ағашын отырғызып, оны сәбидің алақанымен суарады екен.

Бүгінде Украина халқының жанкештілігі туралы көп айтамыз. Неге? Оны мынадан іздеген дұрыс сияқты. Себебі,  бұл елде жалпы  білім беретін мектептерде «Отанды қорғау» атты сабақтар өткізіледі.  Ал біз құр мақтанға бойымызды үйретіп алғанбыз.  Содан келіп,  ұлттық тәрбие беруде осалмыз. Әйтеуір,  баламыз бірдеңе бүлдіріп қоймаса дегенге мәзбіз. Олай болмайды.  Мәселен, фин халқында  «сису» деге сөз бар. Осы «сису» сөзі финдерді ғасыр басындағы алапат дағдырыстан алып шыққан болатын. Ол біздіңше, «еңсең жығылмасын», деген сөзге саяды.  Міне, бұл да тәрбиенің бір саласы. Бізге де – біз мықтымыз, біз күштіміз, біз біріксек, әлемді таңқалдырамыз! -деген отты сөздер керек болып тұр. 

 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:32

15:18

15:07

14:32

14:15

14:02

12:59

12:56

12:46

12:39

12:28

12:13

11:57

11:52

11:50

11:46

11:42

11:34

11:31

11:25

11:14

10:57

10:54

10:37

10:13