«Қасбеттен қасбетке дейін» тазалық пен жаңару: Алматыда кешенді көріктендіру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды aqshamnews.kz
«Таза Қазақстан»: Алматыда «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жүргізілетін көріктендіру коммуналдық қызмет пен бизнесті біріктіреді
Алматыда «Таза Қазақстан» атты қаланы көркейту бойынша ауқымды бастама жалғасып жатыр. Биылғы жұмыс «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жүргізіліп, тек тазалау емес, бүкіл қалалық ортаны жаңартуды қамтиды.
Көріктендіру жұмысына 1000 арнайы техника және шамамен 1500 жұмысшы тартылған. Олар қаладан 2400 текше метрден астам қоқыс шығарған. 28 сәуірде «Таза Қазақстан» акциясының үшінші кезеңі басталды. Тротуарларды толық тазалау, ағаштарды санитарлық мақсатта кесу, көше шамдарын қалпына келтіру және көгалдандыру жоспарланған.
Науқанның мақсаты – мегаполистің барлық сегіз ауданындағы жалпы ұзындығы шамамен 355 км болатын 142 көшені жаңарту. Кешенді тазалау аясында тротуарларды қалпына келтіру, шұңқырлы жөндеу, ағаштарды санитарлық мақсатта кесу, көше шамдарын жөндеу және көгалдандыру көзделген.
Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов биылғы бағдарламаға бірқатар өзгеріс енгізілгенін атап өтті – енді акцияға ғимарат иелерін тарту көзделген. Ол қаланы тазалауды ғана емес, сонымен қатар көшелердің сыртқы келбетін жақсартуды да қамтиды.
«Барлық үй иелері мен бизнесмендер көріктендіру төлқұжатын алғаннан кейін аумағына жауапты болады. Олар аймағының келбетін – бағаналарды, маңдайшаларды, кіреберіс сатыны ретке келтіруге тиіс. Акция аясында 158 көріктендіру төлқұжаты беріліп, 43 әкімшілік айыппұл салынды. Әр көше бөліміне әртүрлі құрылым жауапты – мысалы, бағаналарға аудан әкімдігі, жол мен бағдаршамдарға – қалалық мобильділік басқармасы жауапты. Осы жұмыстың нәтижесінде қаламыз таза әрі көрікті бола түседі», – деді Бейбіт Шаханов.
Қалалық инфрақұрылымды жақсартудағы маңызды қадамның бірі – көлемі ұлғайтылған 12 мыңнан астам қоқыс жәшігін орнату болды. Сонымен қатар, көгалдардағы топырақты өңдеу жұмыстары жүргізілуде: жердің тығыздалған жоғарғы қабаты алынып, ауа мен ылғалдың тамырларға жетуі жақсартылуда. Мұндай жұмыс көгалды аймақтардың қыс мезгілінен кейін тезірек қалпына келуіне көмектеседі.
«Таза Қазақстан» акциясының өту барысы туралы қала тұрғындары мен коммуналдық қызмет өкілдері де пікір білдірді.
«Мен бұл жерде ұзақ жылдан бері тұрамын, жыл өткен сайын ауданның тазарып, жайлы бола бастағанын байқаймын. Қыста көшелер үнемі қардан тазартылып, тайғақ болмас үшін құм себілді. Қазір көктемде қоқыс жиналып, сырлау, ағаштарды кесу, ғимараттардың қасбетін жуу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстың кешенді түрде жүргізіліп жатқаны көрініп тұр. Дегенмен, тазалық коммуналдық қызметкк ғана емес, өзімізге де байланысты», – дейді Медеу ауданының тұрғыны Асылжан Әбдумуталиев.
Өз кезегінде коммуналдық қызметкерлер үшін тұрғындардың қолдауы маңызды.
«Аудан таза әрі күтімді болуы үшін таңнан кешке дейін аяғымыздан тік тұрып, сыпырамыз, қоқыс жинаймыз, арықтарды тазалаймыз. Адамдардың алғысы мен жылы сөзі жұмысымыздың маңызын сезіндіреді. Қарапайым қоқыс тастамау – бұл да біз үшін үлкен қолдау мен мамандығымызға деген құрметтің белгісі», – дейді «Алматы Тазалық» қызметкері Анаргүл Бейсенбек.