ffin.kz

Державалар бәсекесі қай салаларда байқалады?

Державалар бәсекесі қай салаларда байқалады? sb.by

Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары қыркүйектің қарбалас геосаяси жүрістерін Германияда қорытындылады. Берлинде өткен «5+1» саммиті бізді қамтыған аймақта державалар бәсекесі қызып тұрғанын толық әйгіледі. Газетіміз өткен аптадағы №115 санында Берлиндегі бас қосудың ауқымды мәнін, ондағы тараптар мүддесі жайында алдын ала сараптамалық материал жариялаған болатын. Дегенмен, ұдайы айтатын державалар бәсекесі нақты қай салаларда анық байқалып жатқаны көпшілік оқырман үшін қызық болары анық. «Орталық АзияГермания» саммитіндегі кейбір маңызды түйіндер бұған жауап табуға мүмкіндік бергендей.


ШАРТАРАПТЫ ЖАЛҒАЙТЫН ТРАНЗИТТІК АЙМАҚ


Орта Азияның географиялық орнала­суындағы артықшылығы державалар үшін басты назарда тұрады. Қазір Батыс пен Шы­ғыс арасында белгілі деңгейде геосаяси үйектену (поляризация) үрдісі жүріп жатыр. Бұның бір тарапында демократиялық Батыс әлемі тұрса, екінші тарапында біздің ықпал­ды екі көршіміз және олардың айналасына топтасқан бір қауым ел бар. Әрине, өткен ғасырмен салыстырғанда саяси үйектену то­лық қалыптасқан картина емес, бірақ биыл G20 саммиті мен БРЕКС кездесулерінде үрдіс айқын байқалды. Ал енді Орталық Азияға қайта оралсақ, аймақ осы «екі үйектің» ортасында қалып отыр. Аймақ ел­дерінің егемендік жылдарында батыл қорға­ған көпвекторлы сыртқы саясаты осы кезде бізге оң ықпалын берді. Біз қандай да бір та­рапты таңдаудан бас тартып, кикілжіңге бастайтын жолдан бойымызды аулақ тартып келеміз. Дегенмен, айналамыздағы күн са­йын өршіген шиеленіс бізге барған сайын сын салмағын арттыруда.



Бұның сыртында өңір Ресей, Қытай, Еу­ропа, Оңтүстік Азия (Ауғанстан, Пәкістан және Үндістан) мен ислам әлемінің ортасын­да жатқаны да оның транзиттік аймақ ретінде маңызын көрсетеді. Аймақтағы қазір жүріп жатқан державалар бәсекесі ең алдымен осы артықшылығымызға бағытталған. Бұл, әсіре­се, көлік-логитикалық, сауда-транзиттік ба­ғыттары жағынан анық байқалады. Мысалы, Қытай үшін Орта Азия «Бір белдеу, бір жол» жобасындағы маңызды аймақ саналады. Бұ­ның дәл керісінше, Ресей Батысқа тәуелсіз Оңтүстік-Солтүстік экономикалық дәлізді біз арқылы дамытуды көздейді. Бұған Үндістан мен Иранның да белгілі деңгейде тоқайлас­қан мүдделері бар. Еуропа бұл жағында ай­мақ елдерінің Ресей мен Қытайға тәуелді жобалардан айналып шығып, Орта дәліз ба­ғытында өзіне тікелей энергия тасымалын қамтамасыз етсе дейді.



Бұл жолы Германия тарапы аймақ елдері­не Ресейді айналып өтетін транспорттық дәліздерді дамытуды ұсынуын осы қырынан түсінген абзал. Бұның төркінінде аймақ ел­дерін бір тарапқа инвестициялық тәуелділік­тен шығарып, әр тарап өзіне қарай бейімдеу сынды әрекеттер жатыр. Өйткені, аймақтан өтетін экономикалық дәліздердің бәрі дерлік коммуникация саласына салынатын қыруар инвестициялармен жүзеге асады. Бір тарап­тың инвестициясы артқан сайын, аймақта сол тараптың сөзі де өтімді бола түсетіні белгілі. Шартарапты тұтастыратын аймақ­тың географиялық артықшылығына деген күрес біз күшін көпбағытты инвестиция қайнарына айналып тұр. Бірақ бұның бәрі біз ойлағандай тым оңтайлы бола бермейтіні тағы анық.


ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ


Қыркүйектің орта шенінде АҚШ прези­денті Джо Байден Орта Азия елдерінің бас­шыларымен 5+1 форматында кездесті. Бұл АҚШ-тың аймаққа қаратқан стратегиясының жаңарғанын, әрі аймақты маңызды деп тани бастағанын білдірді. Дәл соған ұқсас Берлин­дегі түскі ас та Германия мен ЕО-ның аймақ­қа қаратқан көзқарасы жаңа қалыпқа ауысқа­нын түсіндірді. Құрама Штаттардың жағдайы өз алдына, Еуропа үшін ОА аймағы балама энергияның көзі қатарында айрықша мәнге ие. Ресейдің энергия экспортына тәуелділікті бірден қысқарту айтпаққа оңай болғанымен, практикада қатпарлы көп қиыншылыққа кеп­телуде. Қазірдің өзінде ЕО құрамындағы бірқатар ел біздің елден және аймақтан ала­тын мұнай-газ көлемін өсірді. Бірақ бұл еуро­палық тұтыну деңгейі үшін мүлде жеткіліксіз.


Әр қырынан көз жүгіртсек, Берлин сам­митінде сөз болған энергетика саласындағы терең ынтымақтастық мәселесі қос тарап үшін де маңызды. Германия немесе ЕО-ның біздің аймақпен ынтымақтасудағы басты ба­ғытының бірі – жасыл экономика. Осы салаға еуропалық гранттардың, төмен өсімді несие­лердің, ауқымды инвестициялардың көбе­йетіні болжануда. Ал тау-кен байлығын бар­лау мен өндіруде қазір аймақтың ынтымақ құрған тараптары мейлінше кеңейді, бұл са­лада аймаққа неміс, жапон, ағылшын, корей және Канада мен америкалық компаниялар да ағылуда. Тау-кен өнімдерін барлау мен өндіруде ынтымақтастықтың түрлі елдерге қарай өрбуіне әуелі біз де мүдделіміз. Бер­линдегі федералды үкімет жетекшілерінің осы бағытта аймақ елдерінің оң жамбасына түсетін ұсыныстарға басымдық бергені де тегін емес. Яғни қазіргі халықаралық жағ­дайға байланысты аймақтың геосаяси салма­ғы артқанымен, біздің әлі де табиғи ресурс­тарымызбен бағаланып тұрғанымыз бізді де ойландыруы керек.


ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ӨЗ ҮНІ МЕН ҰСТАНЫМЫ БАР


Әрине, біз өзіміздің тікелей көршілес елдердің мүддесіне кері жұмыс істеуден ау­лақпыз. Бұл, ең алдымен, біздің ұлттық қауіпсіздігімізге саятын аса сезімтал мәселе­лер. Орталық Азия елдерінің сыртқы саясаты негізінен Қазақстанның сыртқы саяси ұста­нымын үлгі етеді. Былайша айтқанда, біз барлық тараппен сауда-экономика, энергети­ка, мәдени-гуманитарлық бағытта қос тарап­қа ортақ тиімді ынтымақ құрып, оны дамыту­ға белсендіміз. Маңыздысы – бұл қарым-қатынастар бізбен шекаралас елдерге қарсы бағытталмауы тиіс. Ондай қадамдар­дан барынша сақ тұратынымызды барлық тарап та өзінше түсінеді. Нью-Йорктен тар­тып, Берлинге дейінгі кездесулерде біз Ук­раина мәселесін талқы тақырыбы еткен жоқпыз. Соған қарамастан аймақта елеулі әрі елеусіз күйде саяси бәсекенің болып жатқа­нын мойындамай тұра алмаймыз. Держава­лар өзінің инвестициясы, сауда-экономика­лық салмағы арқылы ортазиялық саяси ұстанымды көздеулі тарапқа аударуға тыры­сады. Әрі саяси бәсекелер бізге таңдау жасау­ды ұсынғысы келеді, бірақ Орталық Азияның өзіндік үні әрі ұстанымы бар. Біз тараптар­дың келіспеушілігін өз есебімізден шешуден аулақпыз, әрі барлық тараппен де тек игілікті іскерлік орнатқымыз келеді. Міне, бұл – ай­мақтың күннен-күнге айқындалып келе жат­қан ортақ ұстанымы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32