ffin.kz

Бүлінген тарихи сананы қалпына келтіретін уақыт жетті

Бүлінген тарихи сананы қалпына келтіретін уақыт жетті almaty-akshamy.kz

    ЖОШЫ ҰЛЫСЫНА – 800 ЖЫЛ:


    Бүгінде билік буыны жаңаланып, өз тарихының бетбұрысты кезеңін бастан кешіп жатқан мемлекетіміздің алдында тұрған бірқатар маңызды бағдарлар бар. Кәдуілгі саяси-экономикалық түбір реформаларды жүзеге асырудан тыс, ұлттық сананы жаңғыртып, жаңа ұлттық сапаға көтерілу сынды ауқымды міндет тұр. Ол үшін отарлық кезеңде ұлт санасына күштеп таңылған тарихи сананы жаңартуға тура келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында бұл бағдарға  айрықша маңыз берді. Биыл елімізде атқарылуға тиісті айтулы істердің қатарында Жошы ұлысына қатысты ғылыми-зерттеулердің  де жүргізілетінін атап өтті.  


    «...Жошы ұлысы­ның іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мем­лекет­­тілігі­міз­дің тамыры тым терең­де жатқанын әйгі­лейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеу­лер қолға алынады. Биыл Қазақстан тари­хының көптом­дығын әзірлеу жұмыс­тарын да аяқ­таймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмыл­дырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа» деген еді Президент.    


    Мемлекеттілік пен ұлттық идентификациямыздың тамырын тереңге бойлататын мұндай алқаулы іс қоғам тарапынан, әсіресе, ақпарат кеңістігі жағынан мүлде елеусіз қалмауға тиіс. Сондықтан да Жошы ұлысы, Алтын Орда сынды даңқты тарих парақтары мен қазіргі Қазақ елінің заңды байланысы ақпарат құралдары арқылы қоғам өкілдеріне ұдайы жеткізілуі тиіс. Бүгін біздің тараптан айтылар әңгіме де осы бағытта өрбімек.


    Ішкі «МЕН»-і бүлінген жеке тұлға неге болса да қабілетсіз


    Біз отарлық тарихты бастан өткерген халықпыз. Бұл отарлау халқымызға тиесілі территория мен ресурстардан тыс, санаға да бағытталды. Бодандық қамытынан құтылып, ел аумағы мен табиғи байлықтарымызды басқарудың «екі тізгін, бір шылбырын» өз қолымызға алдық. Алайда, санаға бағытталған отарлаудың зардаптарынан әрі құтыла алмай келеміз. Мұның өзі біздің сана- сырқанымыздың қаншалықты уланғанын, бодандық табының қаншалықты ауыр екенін түсіндірсе керек.


    Бір халықты түбегейлі отарлау, әлбетте, оның тарихи санасын бүлдірмей тұрып жүзеге аспайтыны да белгілі. Сондықтан да өткен ғасырда қалың жұртымызға өз тарихымызға қатысты тек бұрмаланған, өзгертілген немесе жарым-жартылай мәліметтер ғана берілді. Жалпыға ортақ білімді кең таратумен бірге жеткізілген бұл теріс мәліметтер тұтас халықтың өз тарихына қатысты кемтар түсінікте қалуына ықпал етті.



    Тарихи санасы бүлінбеген халықты билеп-төстеу мүмкін де емес. Ал тарихи санасы бүлінген ұлт өзінің кім екенін толық танымаудан өзіне деген мақтаныш пен құрметтен, ең бастысы сенімнен айырылады. Былайша айтқанда, ұлттың ішкі «МЕН»-і бүлінеді. Ішкі «МЕН»-і бүлінген жеке тұлға неге болса да қабілетсіз, неге болса да дәрменсіз тарта түседі. Былайша айтқанда, өзін жете бағаламаудан жатқа жалтақшыл, бөтенге бүгежекшіл болып келеді.


    Осындай рухани шабуылдың салдарынан кейін жұртымыздың санасында өз өткеніне күмәнмен, күдікпен қарайтын тоғышар пиғылдар терең орнықты. Кез келген мәселеде алдымен «шетелдік тәжірибе», «дамыған елдердің үлгісі», «пәлен мемлекеттің даму жолы», «түгеннің сөзі» басшылыққа алынды, «меніңше былай болуы керек», «бізше бұл былай болуға тиіс», «қазақша былай болады» деген егемен, тәуелсіз ой тұсалды. Тіпті, солай айта және ойлай білетіндер керісінше кемқалушы, өгей боп танылды. Міне, осының бәрі өткен ұлы тарихтың ұмытылуынан немесе тарихи сананың бүлінуінен келіп шыққан кесепаттар болатын.


    Дегенмен, біз тағдырымыздағы ең басты мүмкіндікке қол жеткіздік – егемендігімізді еншілеп,  тәуелсіздігімізді тұғырлаттық. Бодандық пиғылдан арылу үшін кемтар сана сырқатын жүйелі емдеуге берілген ең басты мүмкіндік те осы. Мемлекет басшысының қазақ мемлекеттілігінің тамырын тереңге бойлата алатын маңызды тақырыпқа қатысты зерттеу жүргізілетінін сөз етуінің, сапалы ұлт ретінде болашаққа сеніммен қарауды дәріптеуінің бір себебі де осында жатса керек.



    Ұмытылған ұлысты зерттеудің маңызы


    Жоғарыда айтып өткеніміздей, бүлінген тарихи сананы қалпына келтіру тарихи ақтаңдақтарды анықтап, бұрмаланған тарихты, ұлттық жадыны қалпына келтіруден басталады. Халқымыздың шынайы тәуелсіз ойлайтын, тәуелсіз іс жүргізетін әрі бәсекеге қабілетті жаңа сападағы ұлт болуы үшін оның мемлекеттілігінің түп тамырларын аша зерттеудің маңызы зор. Әсіресе, даламызда салтанат құрған, өзге емес, өз бабаларымыз құрған даңқты ұлыс-ордалар мен хандықтардың, қуатты мемлекеттердің тарихын зерттеудің орны бөлек.


    Көпшілікке мәлім, Шыңғыс хан десе, Алтын Орда десе өткен дәуір «жылнамалары» оларды жаулаушы «моңғолдар», «моңғол шапқыншылығы», «мына далаға жат, бөтендердің жорығы», солардың құрған мемлекеті етіп көрсетіп келді. Тұма тарих мүлде олай емес-ті. Сонау мың жырым жылдар бұрын дүниені дүбірлеткен Түрік қағанатының шығысы қайта дүр сілкініп, жаңа ордаға бірігіп, Шығыстың бастауында тұтас Тұранды қамтыған Ұлы далада байырғы салтанатын қайта тірілтті. Осылайша Жошы ұлысы, кейін дербес Алтын Орда болып, біз бүгін жасап отырған далада мемлекеттер құрды. Тек құрылып қана қоймай, айналасына айбарлы, төрт құбылаға бірдей ықпалды болды.


    Қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығы түрлі сындарға қатар тап болатыны шын. Кейбір тараптан Қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты керенау пікір, сумақы сөздер де ұдайы шығып жатады. Тұма тарихты қасақана жоққа шығарып, егемендік пен территориялық тұтастыққа қатысты мысықтілеулі пікір айтудың астарында ұлттық санамызға бағытталған кезекті шабуылды да аңғарамыз.


    Міне, осындай тұста Жошы ұлысын, Жошы құрған алып мемлекеттің, кейінгі Алтын Орда империясының қазіргі Қазақ елімен тарихи сабақтастығын терең ашып көрсету аса маңызды. Бұл ел ішінде ұлттық идеологияның беріктігін бекемдеп, ауызбіршілікті арттырса, ел сыртындағы сумақы сөзге үлкен тосқауыл болмақ.


    Ең маңыздысы – ұлттық сананың сырқатына дауа беріп, ұлттық «МЕН»-нің шыңдалуына жол ашары анық.



     


    Жошы ұлысының құрылуына қатысты, сондай-ақ, оның тарихи ізі, өз заманында атқарған геосаяси рөлі турасында тарихшы ғалымдар не дейді?


    Жомарт ЖЕҢІС, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.к:


    Отарлық кезеңде Ресей жағынан біздің тарихымыз бұрмаланды



    Жошы ұлысының құрылуымен ұзақ тарихи кезеңде бытырап кеткен шаруашылығы, дүниетанымы бірдей киіз-туырлықты түркі халықтары бір мемлекетке бірікті. Ал оның тарихи ең маңызды рөлі ретінде өз дәуірінде осынша алып аймақтағы геосаяси тұрақтылықты қалыптастыруын атауға болады. Саяси қарым-қатынастар мен сауда-экономикалық байланыстар ретке келді. Жошы ұлысында түрлі елдер мен әртүрлі мәдениеттердің мүддесі тоғысты. Құрамында бір ғана түркі халықтары емес, финн-угор, шығыс славян және Солтүстік Кавказ халықтары сынды өзге мәдениет өкілдері де ұйысты. Бұл – алып аумақтағы мәдени бірыңғайлықтың қалыптасуына ықпал етті. Айталық, қазіргі Солтүстік Кавказда қыпшақ тілінде сөйлейтін көптеген кавказ халықтары бар. Міне, бұл құбылыс сол Алтын Орда дәуірінде қалыптасқан үрдіс еді.



    Қазір Президентіміздің тапсырмасымен Астанада  Жошы ұлысын зерттеу институты құрылып, ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Бұл істің біздің сыртқы саясатымызға үлкен мәні бар. Өздеріңіз білесіздер, солтүстік көршіміз жағынан, тіпті олардың ықпалды саясаткерлері жағынан да біздің территориялық тұтастығымызға қатысты теріс пікірлер, өз тарихын білмеуден қате көзқарастардың айтылып қалатыны бар. Әне, соларға жауап ретінде, аталған институтта үлкен жұмыстар қолға алынды. Әсіресе, Жошы ұлысының басқа мемлекеттерге, басқа мәдениеттерге ықпалына қатысты терең зерттеулер жүргізілуде. Осының өзі Жошы ұлысын зерттеудің қазіргі Қазақ елі үшін мәні айрықша екенін көрсетеді.



    Егер біз Қазақ хандығымен шектеліп, Жошы ұлысын зерттемейтін болсақ, бұл біздің үлкен тарихымыздағы тарихи сабақтастықты үзіп тастар еді. Болашақта Дешті Қыпшақ, оның алдында тұрған Оғыз мемлекеттері, одан арғы Түрік қағанаты мен Ғұн мемлекеті жаңа концепция бойынша зерттелуі керек. Сонда ғана тарихымыз түгенделді деуге болады.


    Отарлық кезеңде Ресей жағынан біздің тарихымыз бұрмаланды. Мысалы, шығыстың көне тілдерін білетін ғалымдар репрессияға ұшырады. Шын тарихшылардың көзі жойылғаннан кейін өз білгендерінше бұрмалады. Ең бір үлкен бұрмалау Жошы ұлысының ықпалына қатысты болды, айталық оны тек моңғол-татарлардың езуші, қанаушы мемлекеті ретінде көрсетті. Шынтуайтында, аталмыш мемлекет төңірекке саяси-экономикалық байланыстар орнатқан ықпалды империя еді. Қазір енді шетел ғалымдары болсын, Еуропа, Жапония, АҚШ ғалымдарының өзі Жошы ұлысының үлкен мемлекет болғанын, айналасындағы елдерге ықпалы туралы көп зерттеулер жүргізіп жатыр. Былайша айтқанда, бізде ғана емес, әлем елдерінде де Жошы ұлысын зерттеп жатқан ғалымдар бар. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін осы зерттеулер де анық көрсетіп жатыр. Сондықтан  Жошы ұлысын  оның алып геосаяси аймаққа жасаған ықпалы тұрғысынан зерделеу аса маңызды болмақ.


     


     


     


     


     


     


     


     


     


                    (Дереккөз: akorda.kz)


     


     


     


             (Дереккөз: akorda.kz)


     


    (Дереккөз: akorda.kz)


     


                                                                   (Дереккөз: qaz.ulysmedia.kz)

    Сіздің реакцияңыз?
    Ұнату
    0
    Ұнамайды
    0
    Күлкілі
    0
    Шектен шыққан
    0
    Соңғы жаңалықтар

    08:05

    19:10

    18:45

    18:02

    17:43

    17:39

    17:31

    17:20

    17:17

    17:05

    16:54

    16:41

    16:15

    16:05

    15:56

    15:39

    15:21

    15:14

    14:45

    14:40

    14:34

    14:07

    13:47

    13:30

    12:58