ffin.kz

Буккроссинг үрдісі Қазақстанға да келіп жетті

Буккроссинг үрдісі Қазақстанға да келіп жетті Сурет: Ecoclubua.com

Кітап пішіндес «Кітапхана». 


Алматыға буккроссинг үрдісі жетіп, қала тұрғындары саябақтарда кітап оқуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 


Қазір әлеуметтік желі деген «құдірет» құстың сүтінен басқаның бәрін сол мезетте көз алдыңызға әкеп беріп тұрады. Мәселен, өткенде Facebook бетінен көп қабатты үйлердің қоқыс тастайтын темір жәшіктеріне лақтырылып тасталған лықа толы кітаптарды көріп, кітап оқып өскен кешегі аға буын «обал-ай, кітаптың да қадірі кеткен бе» деп мұңайып қалып едік. Ал қазіргі жас буынның кітап оқымайтыны жасырын емес. Бүгінде ақпараттық технологияның ен ортасында шалқып жүрген оларға кітаптың да рухани дос бола алатынын қалай түсіндіреміз сонда? 


Буккроссинг қағидасы


Оқылған кітаптарыңыз жиналған сөрелердің шаңын сүртуден, жинаудан шаршасаңыз немесе лақтыруға қимасаңыз, одан да шығатын жол бар. Иә, шет елдің барлық өнімін бірыңғай жаман дей беру жарамас, жақсысы болса, неге алмасқа?! Мәселен, батыста смартфонға еліткен жастардың мойнын бір сәт кітапқа бұру үшін  буккроссинг деген жоба енгізілді.


Буккроссинг – ағылшын тілінен аударғанда «кітаптың айналыста жүруі немесе кітап алмасу» деген мағына береді. Яғни «том-том кітаптарды бостандыққа шығару» және «кітап оқу» идеясын насихаттау. «Өзің оқып болсаң, басқаға бергін» қағидасына негізделген бұл рухани жоба – адам және кітап арасын жақындатуды мұрат еткен, үлкенді де, кішіні де кітап оқуға шақыратын қоғамдық қозғалыстардың бірі. Буккроссингтің ережесі бойынша кез-келген адам өзі оқып бітірген бір кітабын адам аяғы көп жүретін қоғамдық-көпшілік орындарға (саябақ, кафе, кітапхана, метро және т.б.) қойып кете алады. Кейін бұл кітапты тауып алған басқа адам оқиды, оқып болған соң ол да сол кітапты орнына тастап кетеді, дәл осылай ол кітапты басқа оқырман оқи алады. Бұл қоғамдық қозғалысқа қатысушыларды  «буккроссерлер» деп атайды.


Иә, «буккроссингтің» басты мақсаты − үйімізде шаң басып тұрған немесе оқылған кітаптарға «екінші өмір сыйлау», оқырмандар арасында «кітап алмастыру» акциясын жүргізу, кітапханаға оқырмандарды тарту, күнделікті өмірдегі әр оқырманның кітап оқу әрекетін танымал етуге өз үлесін қосу, әлемді үлкен кітапханаға айналдыру. Бұл идеяны ең алғаш АҚШ-та интернет-технология маманы Рон Хорнбакер деген кісі 2001 жылы ұсынған. Ол қоғамдық орында мынадай жазуы бар кітап қалдырады: «Бұл жоғалып кеткен кітап емес, мына сайтқа кіріп, оның бұрынғы иесін біле аласыз». Жарты жылдан кейін оның сайтында екінші рет дүниеге келген кітаптың жолын жалғастырған 300 белсенді пайдаланушы тіркеледі. Ал 2004 жылдан бастап «Bookcrossing» сөзі Оксфорд сөздігіне ресми түрде енгізіледі. Бүгінгі күні бұл қозғалыс халықаралық буккроссинг қоғамдастығы деңгейіне дейін көтеріліп, құрамына 132 елден 2 миллионға жуық мүше жинаған, олар бір-біріне 13,5 миллионға жуық кітапты сыйға тартқан. Бұл туралы  Рон Хорнбакердің өзі: «Менің жобам дүниежүзілік кітапхананың негізін қалады. Буккроссинг – географиялық шекараны білмейтін кітапхана түрі», – деген пікір білдірген. 


Ашық аспан астында


Осы буккроссинг үрдісі енді біздің Қазақстанға да келіп жетті. Және ол ең алғаш мәдениеттің, руханияттың ошағы болып саналатын біздің Алматыдан басталды. Дәлірек айтсақ, 2014 жылдың күзінде Алматы қаласында өткен «Кітапфест» деп аталатын кітап жәрмеңкесінде ұйымдастырылған болатын. Әлем бойынша кітап оқу жағынан кенжелеп тұрған біз үшін бұл уақытты тиімді өткізудің құралына айнала бастады. Бүгінде шаһарда бірнеше жерде осындай үйшік тәріздес буккроссинг нүктелер бар. Солардың бірі – былтыр маусым айында Алматы қаласы Мәдениет басқармасы мен Алмалы ауданы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Орталықтандырылған кітапхана жүйесі кітапханашыларының ұйымдастыруымен Мұқағали Мақатаев атындағы саябақта ашылған буккроссинг. Мақсаты, әрине, белгілі – жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру және балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптарды жан-жақты насихаттау, оларды сол арқылы коммуникативті шығармашылыққа баулу, бос уақытын тиімді пайдалануына дәнекер болу.


Сыртына Мұқағали ақынның бейнесі салынған, пішіні кітапқа ұқсас, ашылып жабылатын, ішінде сөрелері және түрлі тақырыптағы кітаптарға толы бұл буккроссинг қазір де жұмыс істеп тұр. Шаһардағы А.П.Чехов атындағы кітапхананың кітапханашылары ашық аспан астында дүйсенбі – сенбі аралығында сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін кезектесіп жұмыс істейді. Мұнда жасы үлкен қариялардан бастап, студенттер, мектеп оқушыларына дейін келетін көрінеді. Тіпті, Чехов кітапханашылары буккроссингтің жанында елге белгілі ақын-жазушылармен кездесулер, әдеби кештер ұйымдастырып тұрады. Әрине, қас қарайған сәтте буккроссингтің аузына құлып салынады. Ондағы кітаптар бейберекет шашылып, қадірсіз қалмауы керек, ертең келіп оқитын оқырмандарын осында күтеді. Мұнда әлемдік классиктердің шығармаларынан бастап, отандық әдебиеттің мүйізі қарағайдай жазушыларының туындыларын таба аласыз.



« Бұл жерге кез келген оқырман кез келген уақытта келіп, өзіне қалаған кітаптарды алып кетіп, оқи алады. Ақысыз. Егер ұнатса, өзіне қалдырады. Ал оның орнына өзінің оқыған кітаптарын немесе газет-журналдарын әкеліп қоя алады. Сондай-ақ, буккроссингтің жанында отырып та оқуға мүмкіндік бар. Мұнда оқырман билеті толтырылмайды. Мұны ашық аспан астындағы бейне бір жанды кітапхана деуге болады. Біздің мақсатымыз – кітаптарға екінші өмір сыйлау. Олардың парақтарын шаң баспағанын қалаймыз. Алматылықтар мен қала қонақтарына рухани азық болса екен дейміз», – дейді А.П.Чехов атындағы кітапхананың кітапханашысы Айнұр.



P.S. Кітапханаларға арнайы баруға ерінсеңіз немесе уақыт таппай жүрген болсаңыз, тым болмаса саябаққа отбасыңызбен, әлде достарыңызбен, әріптесіңізбен, әлде сүйіктіңізбен серуендеуге келесіз ғой. Сонда, «Жақсыны – көрмекке» деген, осы «кітапханаға» кіре кетіңіз, өкінбейсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04