Джинсы алғашында жұмысшылар үшін тігілген екен. Иә, шалбардың да «туған» күні бар. Яғни, 20 мамыр – Халықаралық джинсы күні. Бұл күнді әлемде арнайы, ресми түрде атап өтетін мемлекет жетіп артылады. Дұрыс та шығар. Яғни бізге сән беріп тұрған джинсы да біреудің ой-қиялы, идеясынан туындаған.
ТОЗБАЙТЫН КЕНЕП
Бүгінгі күні кез-келген үйдің гардеробынан табылатын джинсыды алғаш рет 1850 жылы америкалық кәсіпкер Ливай Страусс алтын іздеуші бір ауқатты кісінің тапсырысымен ойлап тапқан екен. Бұл киім тау-тасты кезетін, от-суды кешетін адамға қолайлы болуы, тез жыртылып, тозып қалмас үшін алғашында кенептен, екі қатар тігіспен тігіледі. Және түрлі құрал-саймандар салып жүруге қолайлы болу үшін оның қалтасы да көп болады. Оны Ливай тапсырыс берушіге 1 доллар 46 центке сатады.
Бертін келе джинсы жұмысшылардың, теңізшілердің, қарапайым шаруалардың үстінен тастамай киетін киіміне айналып шыға келеді. Ливай Страусс өнертабысын 1853 жылдың 20 мамырында патенттеп алады. Арада аз уақыт өтпестен ол Сан-Францискода жұмыс киімдерін тігу үшін «Levi Strauss & Co» фирмасын ұйымдастырды. Сөйтіп көп қалталы, берік джинсы шалбарын өндірудің жалғыз құқығына ие болады, яғни лицензия беріледі. Джинсы шығаратын әйгілі «Levi's» бренді осылай пайда болған.
ӘЙЕЛДЕР КИМЕЙДІ
«Levi's» 1981 жылы алғаш рет әйелдерге арналған джинсы шығарды.
Индонезияның кейбір провинцияларында әйелдерге джинсы киюге тыйым салынған. Ол жақта қыз-келіншектерге арналған джинсы сатпайды.
Джинсы өндірушілер оларды тігуге және әрлейтін тастары үшін жылына 2 миллион АҚШ долларын жұмсайды. 2009 жылы «Levi Strauss & Co» фирмасы қалтасында құлаққа қыстыратыны, компьютерге жалғағышы қоса тігілген джинсы шалбарлар ойлап тапты. Ал бүгінде джинсы нарығын «Calvin Klein», «Diesel», «Gap», «Guess», «Mustang», «Polo», «Tommy hilfinger», «Zara» сияқты компаниялар да жаулап алған.
ГАУҺАРМЕН ӘРЛЕНГЕН
Әлемдегі ең қымбат джинсы «Secret Circus» брендінің моделі. Ол аукционда 1,3 миллион АҚШ долларына сатылған. Осыншалықты аспандаған бағаға сатылған себебі, шалбардың артқы оң қалтасы 15 гауһар таспен әрленген көрінеді.
Дегенмен де, ең құнды джинсы 1879 жылы шығарылған түпнұсқа «Levi's» шалбары болып саналады. Ол өткен ғасырдың 90-жылдарында Невададағы қараусыз қалған шахталардың бірінен табылған. Содан бері ескі джинсы бірнеше рет жеке коллекциянерлердің қолынан өтіп жүріп, одан «Levi's» мұражайына тұрақтаған болатын. Бірақ 2005 жылы онлайн-аукционда оны атын құпия қалдырған жапон коллекционері бірегей модельді 60 мың АҚШ долларына сатып алады. Бұл оқиға Гиннестің рекордтар кітабында аукционда онлайн сатылған ең қымбат джинсы ретінде ресми тіркеледі.
БЕСІКТЕГІ БАЛА ДА КИЕДІ
Джинсыды қазір қара жұмыс үшін емес, сән үшін киетін болғанбыз. Оны үлкендер тұрмақ, бесіктегі балаға да кигізіп қоямыз. Демек, әдемі. Иә, дүниежүзінде бірде-бір тұрғыны джинсы кимейтін ел жоқ. Айтпақшы, тарихта әлемдегі ең кішкентай джинсылар Барби мен Кена қуыршақтарына арнап тігілген классикалық үлгідегі киімдер болып қалды.
Чилидегі «Paris» әмбебап дүкендер желісі 2019 жылы «Kansas» сән брендімен әлемдегі ең үлкен джинсыды тікті. Шалбардың ұзындығы 65,5 метр, ені 42,6 метр. 22 қабатты үйдің көлеміндей болатын джинсыды жарты жыл бойы 50 адамнан тұратын команда тіккен көрінеді. Айтпақшы, Гиннестің рекордтар кітабына тіркелгеннен кейін, ең дәу шалбарды ешкім кимейді ғой, әрине, сондықтан ол қайта өңдеуге жіберіледі. Одан экологияға зиян полиэтилен пакеттердің орнынан пайдалану үшін мыңдаған сөмке тігілген екен.
БИЫЛҒЫ ТРЕНД
Джинсы 1960 жылдары әлемнің түкпір-түкпірінде сәнге айнала бастағанда оның қатты материалы мақтаға ауысқан екен. Бұл шалбарды бояуға әлі күнге ең берік бояу – индиго пайдаланылады.
Джинсыды аса ыстық суға жууға болмайды. Оны жууға 40°С жылылықтағы су жеткілікті. Жуған кезде сірке суын қоссаңыз артық етпейді. Күн көзіне кептірмеген дұрыс. Кеппеген, дымқыл джинсыды киуге болмайды, тізесі мен бөксе тұсы созылып кетеді.
Шенді-шекпенділер де үнемі тікесінен тік жүруге тура келетін классикалық шалбардан жалығатыны хақ, олар да адам. Сондықтан болар, 2009 жылы литвалық министрліктердің кейбірінде «джинсы жұмасы» атты заң шыққан екен. Бұл күні мемлекеттік қызметкерлерге жұмысқа джинсымен келуге рұқсат етілген. Иә, қатқан шалбарды да әдісін тауып асқан талғаммен жұмыс орныңызға да киіп келуге болады.
Айтпақшы, биыл денеге жабысып тұратын емес, кең балақты джинсы трендте. Сәннен қалып қоймайық.