ffin.kz

Блинкеннің Бейжің сапары

Блинкеннің Бейжің сапары Сурет: интернеттен

АҚШ пен Қытай қарым-қатынасын не күтіп тұр?


Өткен аптада Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Қытайда үш күндік сапарда болып қайтты. Блинкен сапары әлем ақпарат құралдары баса назар аударған тақырыптың бірі болды. Шамалауымызша, бұл дипломатиялық алмасу және ондағы келіссөздер ауаны белгілі тарихи сипатқа ие. Тіпті, алдағы бірер жылдың жүзіндегі АҚШ – Қытай қарым-қатынасына және жаһанның геосаяси бет-бейнесіне де өз бедерін салуы мүмкін. Өзімізбен іргелес шығыс көршіміздегі және әлемдегі көшбасшы держава ортасындағы мұндай елеулі оқиғалардан біз де назарды бөліп әкете алмаймыз. Өйткені, атап өткеніміздей, бұл оқиға алдағы жаһандық жағдайға, соның ішінде бізге де өз әсерімен қатысты болмақ.


 Келісімсіз аяқталған келіссөз


Ақ үйдің бас дипломатының сапары кезінде Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Сыртқы істер министрі Ван Имен  жоғары деңгейдегі кездесулер өткізді. Әр елдің сарапшылары бұл жоғары деңгейдегі келіссөз кездесулерінің мәні мен нәтижесін өздерінше түсіндіріп жатыр. Қалай деген күнде де, Америка Құрама Штаттары мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ең негізгі мәселелер сол күйінде келісімсіз қалып қойды. Осыдан Бейжің мен Вашингтонның бұл келіспеушіліктерді шешуі мүлде қиындап кеткенін байқаймыз.


Блинкен сапарының соңында өткізген баспасөз мәлімдемесінде келіспеушіліктер туралы анығырақ айтты. Оның сөзінше, АҚШ-тың басты алаңдаушылықтары мыналар: Қытайдың артық қуатқа ұмтылысы жаһандық экономикаға әсер етуі мүмкін, сонымен қоса қос тарап Оңтүстік Қытай теңізі мен Тайвань бұғазына қатысты даулар бойынша пікір бірлігінде емес. Бұның сыртында АҚШ Ресейдің қорғаныс өнеркәсіптік базасын Қытай толықтырып отыр деп санайды. Былайша айтқанда, әскери және азаматтық мақсатта қолданылатын өнімдерді молынан экспорт етуі Вашингтон үшін Украиндағы соғыста Ресейге қолдау білдіргені деп қабылдануда.


Сондай-ақ, Блинкен өз ықпалын пайдаланып, Қытайды Иран мен Солтүстік Кореяны келіссөзге тартуда  араағайындық жасауға да шақырған. Әсіресе, Пиоңяңның (Пхеньян) қауіпті зымыран сынақтарын тоқтатып, келіссөз үстеліне келуге делдалдық етуге шақырған. Бірақ бұған қатысты тараптардың келісімге келгені туралы мәлімет жоқ. Тараптар Қытайдың төмен бағадағы экспорттық өнімдері, Тайвань бұғазы мен Оңтүстік Қытай теңізінің қауіпсіздігі сияқты даулы мәселелерде мүлде келісе алмады.


 Бейжіңнің позициясы


Турасында Блинкен сапары қарсаңында Қытай – АҚШ қарым-қатынасы Қытай ақпарат кеңістігінде де көптеп талқыланды. Қытайлық көптеген сарапшылардың мәселеге қатысты пікірі ұдайы жарияланып отырды. Кейбірі келісімге келуді жақтаса, кейбірі қытайлық мүддені табанды қорғап, «өз орнын бекемдеу керек» деген көзқарастарды да ұсынды. Тіпті, бұдан жарты ғасыр бұрын Мао Цзэдунның АҚШ-пен мәмілеге қатысты ұстанымы да сол елдің интернет кеңістігін кең шарлады. Онда «АҚШ-пен қарым-қатынас жасағанда, жол беруге мүмкіндік болса немесе жол бермеуге мүмкіндік болмаса, оңтайлы сәтті игеру керек. АҚШ үстемдік жасап, орынсыздық танытқан кезде жол беруге болмайды. Құр бопсалап, дөң айбат көрсеткен кезде жол беруге болмайды. Еш нәтиже бермейтін жағдайда жол беруге болмайды. Егер жол беретін жағдайда түбегейлі оң өзгеріс әкелетін болуы керек», – деген Мао.


Кезекті келіссөз кезінде Бейжің ұстанымы бұдан тым алшақ болмағанын көруге болады. Қытайдың ресми ақпарат құралдары хабарлағандай, кезекті келіссөз кезінде Қытай төрағасы Си Цзиньпин «АҚШ пен Қытай өзара табысты байланысқа қол жеткізуі керек», «Бір-біріне зиян тигізбеу негізінде, қатал бәсекелестіктен гөрі айырмашылықтарды сақтап отырып, ортақ тіл табысуы тиіс» деген көзқарасын ортаға салған. Бұған қоса, «Бір нәрсені айтып, басқа нәрсені істемей сөз бен істе табанды болуы тиіс» деген ұстанымын білдірген.


Тарихи таңдау жасау кезеңі


Блинкен сапарынан кейінгі АҚШ – Қытай арасындағы белгісіздік бір қырынан 1970 жылдардағы тарихи кезеңге ұқсайтынын аңғарамыз. Ол кезде социалистік лагердің көш басындағы Кеңес Одағымен «қырғиқабақ соғысында» тұрған АҚШ Қытаймен мәмілені жақсартты. Бұған Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы кейбір келіспеушіліктер де мүмкіндік бергені бар. Сол кездегі Қытай тарабының таңдауы социалистік лагердің белгілі деңгейде жарылуына және Мәскеудің оқшаулана түсуіне өзіндік ықпалы болды. Бейжің үшін қазір де таразының бір басында Мәскеу, енді бір басында Вашингтон тұрғандай. Әрі ҚКП-ның ендігі таңдауы алдағы уақыттағы ауқымды геосаяси кеңістікке өз ықпалын жасауы мүмкін. Себебі, АҚШ дипломаты Қытайдың Ресейді табанды қолдауынан бас тартпаған жағдайда қатаң экономикалық санкциялардың қабылдануы мүмкін екенін өз мәлімдемесінде ашық білдірді.


Әрине, АҚШ пен Қытай сынды ірі державалар арасында қазір сақталып отырған келіспеушіліктер көп. Шешуге келмейтін мәселелері де жетерлік. Бірақ оларда қарым-қатынастың осындай құбылмалы кезеңдеріне қатысты өзара түсінік те бар. Сондықтан бұл келіспеушілік екі елдің толық жауласуға аяқ басуынан хабар бермейді. Байқағанымыздай, қос тарап бір-біріне қатаң ұстанымдарын ашық білдіріп отырса да байланысты тұрақтандыруды негізгі мақсат етуде.


Ақиқатын айтсақ, Тайвань мәселесі, сауда соғысының қайшылықтары, Оңтүстік Қытай теңізі, жаңа технология сынды мәселелерде тараптар әзірге келісе алмайтынын анық түсінеді. Дәл соған ұқсас нәтижесі болса да жоғары деңгейде келіссөз алмасуларын жүргізіп отыруы қажет екенін де жақсы түсінеді. Былайша айтқанда, ортадағы келіспеушіліктер асқынып, соңы ауқымды жанжалға ұласуынан қос тарап та бірдей қаймығады. Бұған қарап Блинкеннің сәтсіз сапары АҚШ – Қытай арасындағы шешуші келіссөз емес дей аламыз. Алдағы уақытта қос тараптың қандай қарым-қатынас күйіне өтуі Вашингтон мен Бейжің қадамдарынан тыс Ресей, Еуропа, Иран, Солтүстік Корея, НАТО сынды елдер мен ұйымдардың іс-әрекеттеріне де байланысты болуы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:25

19:56

19:43

19:29

19:10

18:45

18:38

18:29

18:09

17:45

17:44

17:30

17:22

17:19

17:09

16:37

16:27

16:08

16:01

15:50

15:49

15:28

14:35

14:06

13:35