ffin.kz

Біз дұрыс тамақтана білеміз бе?

Біз дұрыс тамақтана білеміз бе? almaty-akshamy.kz

пайдалы тағамдар мен сусындарға сұранысты арттыру керек



Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) дерегі бойынша халық денсаулығының 20%-ы тұқым қуалайтын кеселдерге, тағы 20%-ы әлеуметтік жағдайға, 10%-ы денсаулық сақтау деңгейіне және 50%-ы әр адамның өмір сүру салтына байланысты болады. Ал салауатты өмір салтына – еңбек ету мен күн режимін сақтау, жеке бастың тазалығы, ең бастысы – тамақтану мен қимыл-қозғалыс кіреді. ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылы Қазақстанда халықтың 34,2%-ы спортпен айналысқан, бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 31,6% болған. Яғни спортқа халықтың қызығушылығы артып келеді. Ал Денсаулық сақтау министрлігі елімізде жалпы алғанда 23,2% адам салауатты өмір салтын ұстанатынын анықтаған.


Дені сау ұлттың сыры – спорт пен дұрыс тамақтану. Еліміздегі бұқаралық спорттың жағдайына қысқаша тоқталып өттік. Ал дұрыс тамақтану мәселесіне келсек, біздің халық не ішіп, не жейді? Әйгілі халықаралық нарықтық зерттеулер агенттігі Euromonitor International 2022 жылдың қараша айы мен 2023 жылдың наурыз айында Қазақстандағы азық-түліктің құрамын зерттеп көрді. Сарапшылар нарықта азық-түлік туралы деректердің жетіспейтіндігін және халықтың қанша калория мен қант тұтынатыны жөнінде сенімді статистика жоқтығын атап көрсетті. Сондықтан Euromonitor International Қазақстандағы әртүрлі бөлшек сауда нүктелеріндегі азық-түлік пен сусын өнімдерінің тағамдық құнарын қарастырған. Зерттеу барысында тек оралған азық-түлік есепке алынғанын ескеру керек. Оған жұмыртқа, ет, балық және теңіз өнімдері, сондай-ақ жаңғақтар, бұршақ және балаларға арналған (сүттен жасалған) тағамдары кірмейді.


Euromonitor мәліметі бойынша, 2022 жылы Қазақстанда барлығы 764 миллион литрден астам алкогольді және 3 миллиард литрден астам алкогольсіз сусындар, 2,9 миллион тонна әртүрлі оралған азық-түлік өнімдері, 3,2 миллион тоннаға жуық көкөністер мен жемістер (оның ішінде 2,2 млн тонна картоп) сатылған.


Бір қызығы, коронавирус пандемиясынан кейін азаматтар денсаулыққа көбірек көңіл бөліп, қазақстандықтар жеміс-жидек пен көкөністерді көбірек тұтына бастаған. Бұл санаттағы тағамдарды сатып алу көрсеткіші күрт өсіп, өткен жылмен салыстырғанда, көкөністердің сатылымы 11%-ға, жемістердің сатылымы 7,5%-ға артқан.



Осы уақыт аралығында гүлді қырыққабат пен брокколи тек 1,2 мың тонна ғана сатылыпты. Euromonitor International зерттеуінше, микроэлементтер мен витаминдерге бай спаржа, батат, сельдерейдің бағасы қымбат болғандықтан, азаматтарымыз кабачки, асқабақ, қызылша, сәбіз, кәдімгі қырыққабат сынды көкөністердің арзандауын көбірек таңдаған.



Сондай-ақ, Euromonitor сарапшылары пандемия кезінде денсаулығы мен иммундық жүйесіне алаңдаған көпшілік қантты көп мөлшерде тұтынуды азайтқысы келгенін анықтаған. Алайда, әлеуметтік шектеулер алынып тасталған соң, пандемия кезінде сақталған диеталық тәртіптер бұзылған. Ұн және кондитерлік өнімдер жан басына шаққанда бір күнде тұтынатын калория мен қант мөлшері бойынша әлі де алда келеді. «Азық-түлік пен сусындарды таңдауда ең басты фактор тағамның дәміне тірелетіндіктен, кондитерлік өнімдер, күлше, тәтті тоқаш, ұннан жасалған тағамдар әлі де алда келеді», – дейді сарапшылар.


Құрамында қанты бар ең көп тұтынылатын үшінші ірі азық-түлік санаты – алкогольсіз сусындар. Олардың ішінде кола сияқты құрамында қанты бар сусындар бірінші орында (барлық алкогольсіз сусындар сатылымының 26%), ал газдалған қанты бар сусындардың басқа түрлері екінші орында (18%). Алкогольсіз сусындар нарығының 10%-ын ішуге дайын шай, ал бөтелкедегі су 22%-ын құрайды.



Жалпы, 2022 жылы ең көп сатылған жеміс-жидектің «бестігі» келесідей болды:


– алма – 85,6 мың тонна;


– банан – 32 мың тонна;


– алмұрт пен айва – 30 мың тонна;


– мүкжидек, көкжидек, қаражидек – 28 мың тонна;


– апельсин мен мандарин – 23,4 мың тонна.


Сондай-ақ, қазақстандықтар сатып алған басты көкөністер қатарында мына өнімдер болды:


– картоп – 2,2 млн тонна;


– қызанақ – 100 мың тонна;


– пияз – 74 мың тонна.



Сарапшылар бірнеше жылдың бедерінде қазақстандықтар үшін қант аз қосылған сусындар мен шырындардың маңызы артатынына сенімді. Қазақстанда күні бойы, көбіне тәтті-мәтті қойып, қант қосылған шәй ішу әдеті кең тараған. Ол қант пен қант қосылған тағамдардың көп сатылуына ықпал етеді. Дегенмен, тұтынушылардың денсаулық сақтауға жіті назар аударуы өзге де денсаулыққа пайдалы тағамдар мен сусындарға сұранысты арттырады деп сарапшылар болжайды.


Алкогольді сусындардың ішінде сатылымның 84%-ы сыраға, 10%-ы шарапқа, 5%-ы араққа, ал қалған шағын үлесі дайын коктейльдер, ликерлер мен күшті алкогольге тиесілі. Euromonitor мәліметі бойынша, 2022 жылы алкоголь сату – өткен жылмен салыстырғанда, 4 пайызға, яғни шамамен 32 миллион литрге азайған.


Сонымен қатар, агенттік сарапшылары Қазақстан үкіметінің семіздік мәселесіне қатты көңіл бөлуінен нәтиже шықты дейді. ДДҰ-ның мәліметіне сәйкес, 2016 жылы осы мәселеге тап болған адамдар саны 33%-ды құраса, 2022 жылы 24%-ға дейін азайыпты. Оған тек салауатты өмір салтын қалыптастыру үрдісі ғана емес, тамақтану стандарттарын енгізу де едәуір ықпал етті.




Онда бірқатар мақсаттар қойылған:


– салауатты өмір салтын қалыптастыру;


– медициналық қызметтердің сапасын арттыру;


– ғылыми медицина мен кадрлық әлеуетті дамыту;


– денсаулық сақтауда бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастыру.



 


2022 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өлімге жиі душар ететін сырқаттарға қан айналым жүйесі аурулары, тыныс алу жүйесінің ісіктері мен аурулары, уланулар, жарақаттар мен ас қорыту жүйесінің аурулары кірді. Бір қызығы, қант диабеті бұл қатарға кірмеген. Қант диабетіне қарсы қабылданған ұлттық бағдарлама мен түрлі науқандар халық арасында қант диабеті туралы мәліметтің көп таралуына жол ашып, осы сырқаттан көз жұматындар санын азайтты. Кейінгі жылдары қант диабетіне шалдыққандар саны азайып келеді. Халықаралық Диабет федерациясынының мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 20–79 жас аралығындағы адамдар арасында қант диабетінің таралуы 2016 жылы 6,7%-ға, 2021 жылы 6,3%-ға төмендеген. Бұған қоса, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі 2021–2025 жылдарға арнап «Дені сау ұлт» жобасын жасады.


Ол жүзеге асқан соң елдегі азаматтардың өмір сүру сапасы артып, орташа жас 75-ке жетеді деген үміт бар.


«Аlmaty-akshamy», №137, 16 қараша, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32