БЖЗҚ-мен бір күн
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының басты миссиясы – зейнетақы жинақтарын сенімді есепке алу және әрбір салымшыға қолжетімді, сапалы зейнетақы қызметтерін көрсету. Қор ең бірінші кезекте әр адамның, яғни БЖЗҚ салымшыларының мүддесін көздейді. Сол салымшылардың қаражатына шашау шығармай ие болып отырған, тиісті қаржылық қызметтер көрсетіп келе жатқан «БЖЗҚ» АҚ-ның Алматы қаласындағы филиалының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Кейінгі жылдары қандай тың жаңалықтар орын алды? Біз филиал жұмысымен жақын танысу үшін аталған іргелі мекемеге ат басын бұрдық.
Ең танымал қызмет түрі
«БЖЗҚ» АҚ-ның Алматы қалалық филиалында күнделікті жұмыс күні таңертеңгілік лездемеден басталады. Онда филиал директоры Әміренов Нұрлан Слямбекұлы қызметкерлеріне әрбір тұтынушыға сапалы қызмет көрсете отырып, зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістерді, жаңа қызметтерді жан-жақты түсіндіруді міндеттейді. Сәйкесінше әрбір қызметкер келушілерді жылы жүзбен қарсы алып, қажетті қызметтерді көрсетіп, сұрақтарына жауап береді және зейнетақы жүйесінде болып жатқан өзгерістермен таныстырады. Яғни филиал қызметкерлерінің әдеттегі жұмыс күні Қор кеңселерінде және олардан тыс жерде Қордың салымшыларына (алушыларына) жинақтаушы зейнетақы жүйесі аясында білікті және сапалы қызмет көрсетуден басталады.
Биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша Қордағы ең танымал қызмет – жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жай-күйі туралы ақпарат алу. Жалпы, БЖЗҚ қызметтерінің 93 пайыздан астамы онлайн форматта көрсетіледі.
Бізде бәрі қолжетімді
– Біздің филиал қызметкерлері қаладағы Әуезов, Түрксіб және Алмалы аудандарының аумағында орналасқан 3 операциялық бөлімшеде еңбек етеді. Операторларымыз күн сайын 600-ден астам қызмет көрсетеді. Мұнда 28 маман, ал барып қызмет көрсететін бөлімде 11 адам өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Біздің Қордың қызметі мегаполистен тыс аймақтарға да қолжетімді. Нақтырақ айтсақ, Есік, Қаскелең, Талғар, Қонаев қалаларындағы, Өтеген батыр, Ұзынағаш, Шонжы, Кеген ауылдарындағы салымшыларымызға арналған қызмет көрсету орталықтарында дербес қызмет көрсетіледі, – дейді филиал басшысы Нұрлан Слямбекұлы.
Шалғайдағы елді мекендерде тұратын салымшыларға БЖЗҚ қызметтерін «Қазпошта» арқылы алуға да жағдай жасалған. Мәселен, 2021 жылдың желтоқсанынан бері Қарасай ауданы Шамалған станциясының және Іле ауданы Жетіген кентінің тұрғындары зейнетақы жинағы туралы мәліметтерді білу үшін жергілікті «Қазпошта» бөлімшесіне жүгіне алады.
– Биылғы сәуір айынан бастап Жамбыл ауданының Қарғалы, Райымбек ауданының Нарынқол, Еңбекшіқазақ ауданының Бәйдібек би және Балқаш ауданының Бақанас ауылдарында «Қазпоштаның» тағы төрт нүктесі іске қосылды. Ұлттық пошта операторымен бірлескен жобаның нәтижесінде Қор салымшылары шалғайда тұрып та жеке деректемелеріне өзгерістер немесе толықтырулар енгізе алады, – дейді Нұрлан Әміренов.
Әлеуметке жақынбыз
Иә, Қор салымшылардың өз жинақтары туралы ақпаратты жылдам алуы үшін барынша жағдай жасап келеді. БЖЗҚ қызметтері тәулік бойына, кез-келген жерде қолжетімді болуы үшін 2021 жылдың жазынан бастап Қор мамандары Алматыдағы Достық даңғылы, 85 мекенжайында орналасқан «Әлеуметтік қызметтер үйінде» де салымшыларға (алушыларға) қызмет көрсете бастады. Онда да зейнетақы жүйесінің барлық бағыты бойынша толыққанды қызметтер көрсетіледі.
БЖЗҚ Алматы филиалының барып қызмет көрсету бөлімінің бастығы Айгүл Бимурзаева бізге Қордың «Мобильді агент» қызметі туралы айтып берді. Бұл қызмет Қордың кеңсесіне денсаулығына байланысты өздігінен келе алмайтын тұтынушыларға, яғни І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған. Барлық қажетті техникалық құралдармен жарақталған «Мобильді агент» арқылы барып қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері жыл басынан бері 6 мыңнан астам операция жүргізген.
Жалпы, қай санаттағы адам болмасын, барлық салымшы БЖЗҚ сайтынан және ұялы қосымшасынан тәулік бойына кез-келген жерде отырып, жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алып, деректемелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, болашақ зейнетақысының мөлшерін шамалап есептеуіне болады. Яғни бұл қызметтің бәрі ашық, әрдайым қолжетімді деген сөз.
Бүгінгі күні БЖЗҚ-ның Алматы қаласы филиалында міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылған 1 740 070 жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) бар. Бұл көрсеткіш МЗЖ аударатын Қор салымшыларының жалпы үлесінің 16% астамын құрайды. Жеке шоттарда шамамен 3 триллион теңге жинақталған.
Бұдан басқа, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен ашылған 36 238 ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының көлемі 18 миллиард теңгеден асты. Сондай-ақ, қазіргі күні ерікті зейнетақы жарналарын тарту бойынша да жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бұл бағытта филиал қорында бүгінде 80 мыңға жуық ЖЗШ бар, олардағы жинақ сомасы 903 миллион теңгеден асады.
Әлеуметтік кодекс мүмкіндігі
Баршамызға мәлім, биылғы 1 шілдеден бастап елімізде мүлдем тың жаңа жоба – Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Бұл құжат адамды туғанынан бастап таяққа сүйенген шағына дейін әлеуметтік қолдау, жұмысқа орналасу, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру, өмірлік қиын жағдайлар туындаған кездегі көмек сынды бірқатар мәселені қамтиды. Ал бұл құқықтық актіде зейнетақы жүйесіне қатысушы салымшыларға қандай мүмкіндіктер берілген?
– Әлеуметтік кодекс зейнетақы жүйесіне қатысушы салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктерін арттырады. Сол мүмкіндіктердің бір бөлігі – салымшылар өз активтерін басқару құқығын кеңейте алады. Нақтырақ айтсақ, енді салымшылардың міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының 50% аспайтын бөлігін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігі бар. Ол үшін ең төменгі жеткіліктілік шегі ескерілмейді, басқарушы компанияны салымшы өз бетінше таңдай алады. Ал ерікті зейнетақы жинақтары бар салымшылар зейнетақы жинақтарының 100% дейін ИПБ-ға бере алады, – дейді «БЖЗҚ» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Нұрлан Әміренов.
Бұл ретте мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталу кепілдігін жинақтардың ҚР Ұлттық Банкінің қарамағындағы бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн. Ал жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және олардың табыстылығына салымшы таңдаған компания жауапты болады. Сондықтан, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға аудармас бұрын, нарықтағы басқарушы компаниялардың қолданыстағы тізбесін қарап, олардың БЖЗҚ сайтындағы инвестициялық декларацияларын, инвестициялық қызметтеріне жасалған шолуларды зерделеп, таңдалған жеке компанияның тәжірибесі және жұмыс нәтижелерімен танысып, ықтимал тәуекелдерді мұқият ескерген жөн. Бұл жөнінде БЖЗҚ сайтынан толығырақ танысуға болады.
Жаңа міндеттер жүктелді
Жаңа кодексте ұсынылған іс-шаралар әлеуметтік қорғау жүйесін қайта жүктеуге, оны халықаралық стандарттарға сәйкес етіп оңтайландыруға мүмкіндік береді. Зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан азаматтар емделу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін өз жинақтарын толық көлемде пайдалана алады. Бұл санатқа әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері жатады. Қалған зейнеткерлер, егер олардың зейнетақы төлемдерінің мөлшері 40% төмен емес деңгейдегі табысты алмастыру коэффициентін қамтамасыз етсе, жоғарыда аталған мақсаттарға міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 50% дейін пайдалану құқығын сақтайды.
Осы кодексте БЖЗҚ-ның міндеттеріне жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын тарту қосымша жүктелгенінен хабардармыз. Бұл туралы филиал басшысы Н.Әміренов:
– Иә, Әлеуметтік кодекстегі тағы бір жаңалық – 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-ның міндеттеріне қосымша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) тарту жүктеліп отыр. ЖМЗЖ тек 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған жұмыскерлер үшін жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады және жұмыскердің ай сайынғы табысынан: 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5% мөлшерінде белгіленіп, 2028 жылы 5% жеткенге дейін жыл сайын 1% ұлғайып отырады. ЖМЗЖ-ны осылай кезең-кезеңмен енгізу жұмыс берушіге түсетін жүктемені жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деді.
ТҮЙІН.
Міне, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бүгінде сенімді қаржы институтына айналғанын көріп отырмыз. БЖЗҚ басшылығы мен қызметкерлері салымшылар және зейнетақы жинақтарын алушылар алдында Қор қызметін үнемі жетілдіріп отыруға, ресурстарды үнемді әрі ұтымды пайдалануға жауапты. 2022 жылы БЖЗҚ жаңа Корпоративтік даму стратегиясын қабылдаған болатын. Осы стратегия шеңберінде сервистерді одан әрі автоматтандыру, қызмет көрсетудің белсенді форматын дамыту бойынша жұмыстар қарқынды жалғасуда.