ffin.kz

Білімі  көп адам – құралы сай ұста секілді: не  істесе де келістіріп істейді

Білімі  көп адам – құралы сай ұста секілді: не  істесе де келістіріп істейді odessamedia.net

Еңбек  адамы


Қазақ  даласы   металлургтардың  бірнеше  ұрпағын  дайындап  шығарды.  Олардың  қатарында  әлемдік геология  саласында  аса  танымалдыққа  ие  болған қайраткер  тұлғалар  да  бар.  Ықылым  замандардан  бермен  қарай қоғамның  дамуына  өз  үлесін  қосқан  терең ойлы   еңбегі  адал,  елдіктің  туын  тік  көтерген азаматтар қай  кезеңде  де аз болған  жоқ. Кең байтақ  қазақ  топырағының  қай  өлкесін алсаң  да елім  деп жүрген  даңқты  металлургтар бар.  Халқының  мүддесі  үшін аянбай  еңбек  етіп  жүрген  сондай  металлург ғалымдардың  бірі – техника ғылымының  докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі КСРО  Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты  Сұлтанбек  Қожахметов. 



–Сұлтанбек  Мырзахметұлы, еліміздің металлургиясының даму деңгейі  қандай деңгейде.  Шикізатқа бай елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына  сала еңбеккерлері  қандай  үлес  қосып  отыр.   Әңгімемізді осы тұрғыдан бастасақ?


–Ең алдымен, әр елдің экономикасының дамуы және келешегі оның  табиғи байлығының мүмкіндігіне байланысты. Оның ішінде металлургия,  мұнай, газ, уран т.б. шикізаттарына   байланысты  дамитыны  анық. Шикізаттардың көлемі жеткілікті болса, ол ел басқаларға қарағанда бақуатты жағдайда болады. Сол  мүмкіндікті тиімді пайдаланса, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейіне әсер етері сөзсіз. Еліміз   Кеңес Одағы кезінде алпауыт империяның  негізгі   шикізат қоймасы болғанын жақсы білеміз.  Өкінішке қарай, сол  бағыттан әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Біз органикалық шикізаттың бүгін болмаса ертең таусылатынын естен шығармауымыз керек.


Әзірге еліміз экономикасы даму үстіндегі, бағдары белгіленген, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, табиғи шикізаттар жағынан бай елдің бірі десек қателеспейміз. Біз жердің асты-үстіндегі барлық шикізатты өндіруді үйрендік. Сол өнімнің негізгі көлемі экспортқа шығарылады және ең төменгі бағамен. Ал шикізаттың бәрінен дайын өнім шықса бағасы жоғары болады. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғалы экономиканың бір-екі бағытында болмаса, біз ауыз толтырып айтатын үлкен өндірісті іске қоса алмадық. Жақсы мазмұнды стратегиялық, қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді үкіметтің бағдарламалары, өкінішке қарай, өз деңгейінде толық орындалмады. Оған біраз қаржы да кетті. Дегенмен уақыты келген кезде тиісті экономиканың дамуына жауапты кісілер жаңа технологияның келмегеніне, инновацияның дамымағанына жауап  беретін  болады.  Өйткені өзімізде табиғи шикізат  қорының   молдығын  біле тұрып,  экономикамыздың деңгейін жаңа инновациялық тиімді  жолға  мақсатты  түрде  қоя  алмағанымызды  ескерсек, бұл бағыттағы  жұмысымыздың  ақсап  тұрғанын  бағамдауға  болады. 



Металлургия  өнеркәсібінің дамуымен  халық  шаруашылығы  мен экономиканың барлық бағыттарында мүмкіндіктердің зор екенін білеміз. Қазіргі заманауи технологиялардың деңгейі  оның тиісті барлық халықаралық талаптарға сай,  қажетті міндеттелген стандарттарын қолданып,  тиісті шараларын орындап отырса, оның  мүмкіндіктері  зор  болар  еді. Өткен бағыттар біздің экономикамыздың барлық салаларын қамтыды. 



Бюджеттік мекемелер, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп өндірістері, құрылыс, транспорттың барлық түрлерінде тиісті шикізатпен өнімді тиімді пайдалануды көздеді. Ол нарықтың заңы. Әрине, мемлекет деңгейіндегі экономиканы әртараптандыру, осы бағыттағы технологиялық, инновациялық үдемелі қадамдардың керегі, өңірлік саясат жүргізу, кадр дайындау шаралары бүгінгі күні кезек күттірмейтін күрделі мәселелер. Ал, жалпы  металлургия саласы келешекте Қазақстан экономикасын, заманауи жоғарғы технологиялық әлем алпауыттарымен терезесі тең болуын  қамтамасыз  ете  алатынын  көрсетіп  отыр.


–Қуғын-сүргін ақиқаты там-тұмдап ашылуда. Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалғанымыз ғасырлар барысында қалыптасқан бәсекелік қабілеттің, ұлттық кодтың құрыштай беріктігін паш етіп тұр. Саяси  қуғын-сүргінге   саясаткерлер  ғана  емес,  дала  кезіп  жүрген  геологтар да  ұшырады  емес пе?


–Тоталитаризмнің сұмдықтарын түсіну үшін Қазақстандағы социализм дәуірін ми қазанында қорыту барысында үш ұстанымға басымдық берген жөн тәрізді.  Бұлар Ұлы даланың дархандығынан, мұндағы адам мен табиғат арасындағы жарасымды қарым-қатынастан туындаған. Ол азаттық пен еркіндікті бәрінен қымбат санаған ортада сана мен өмір салтының құрамдас бөлігіне айналған.



Индустрилизация, коллективизация қазақ қожалықтарын  отырықшыландыру, мәдени  революция  қоғамдық дамудың алғышарты  ретінде ұсынылды.   Аталған  шараларға  күмән  келтіру,  тіпті  оларды  жүзеге  асыру  әдісі  мен  құралдарын  сынға  алудың  өзі  де  қауіпті  саналды.  Ол  адам    сөзсіз  прогреске  қарсы,  күні  өткен  қоғамдық  қатынастарды  жақтаушы  консерватор,  ретоград  қатарында  қуғындалды.  Оны  жасырудың  қажеті  жоқ.



Қазақ халқының қанына, сүйегіне, менталитетіне сіңген жасампаздық пен құлшыныс социалистік  құрылыстың мазмұнын, нәтижесін,  ерекшелігін анықтады. Стахановшы шахтер Т.Күзембаевты, геология  саласының  туы, академик  Қ. Сәтбаевты,  күрішші Ы.Жақаевты, малшы Ж.Қуанышбаевты ерен еңбекке жетелеген құдірет үздіксіз қуғын-сүргін, үрей мен қорқыныш емес, партияның идеологиялық, кадрлық   жұмыстарындағы кемеңгерлігі де емес  еді. Олар табиғат берген қабілет  қарымын риясыз жұмсады, үздік нәтижемен көмкерді, елінің, халқының ертеңіне сенді. Жасампаздық халқымызға ежелден тән қасиет екенін Ұлы даланың жеті қыры, адамзат өркениетіне олжа салған тұлғаларымыз, ән-күйіміз, бабалар сөзі айғақтап тұр. XX ғасырда жалғасын тауып, ұлт тарихын бұрынғыдай гуманизммен, оптимизммен, сеніммен әрлендірді. Социалистік жасампаздық ұстанымы салтанат құрған тұстағы адамдар жақсы мен жаманды айырмады демейміз. Қазақстандағы кеңестік билік алғашқы күннен зорлық-зомбылыққа, заңсыздыққа, шовинистік өктемдікке сүйенді. Заманауи ілгерілеуге азды-көпті мұрындық болғанын да мойындаймыз. Халық осының бәрін көріп, біліп отырды. Дегенмен тоталитаризмнің адамгершілікке жатпайтын үш қылмысын ұмытуға болмайды: бірі әр жылдардағы ашаршылықтар, екіншісі саяси қуғын-сүргін. Бұлар қанша миллион адамның өмірін қиғанын ешкім дәлме-дәл айта алмайда. Ең ауыр шығынға ұшырағандар  қатарында   геологтардың  да, металлургтардың  да  болғаны    ақиқат.


–Халық  суретшісі  Әбілхан  Қастеевтен  сурет  салуды  қайдан  үйрендіңіз, -деп  сұрағанда: «Таудың  бұлағынан,  қойдың  құлағынан,  апамның  киізінен,  ешкінің  мүйізінен  үйрендім, -деп жауап  беріпті.  Сіз металлург    кәсіпті  кімнен  үйрендіңіз?


–Қызық  екен. Иә  менің  өмірдегі  жақсы  ұстаздарым – қазақ геологтарының  атасы  саналған  Қаныш  Сәтбаев,  Мемлекет  және  қоғам  қайраткері,  ақын  Кәкімбек  Салықов  ағаларым  болды.  Бұл  екі  ұстазым өмірде  менің  азамат  болып  қалыптасуымда  өзіндік  орындары  бар.



Біздің  кезімізде  Мәскеуде  «Түсті  металдар  университеті»  деген  жоғары  оқу  орны  болды.  1930-1931 жылдары ол «Тау-кен  академиясы»  аталды. Мен  алғашында  сол  академиясында  оқыдым. Осы  оқу  орны  кейін  5-6 институтқа  бөлінді. 1953 жылы  сонымен Тау-кен  институтын  оқып  бітіріп  шықтым. Кәкімбек  ағамыз да  осы  институтта  оқитын.   Біз  жатқан  институт  жатақханасының  қабырғасында  Д. Қонаевтың  суреті  ілініп  тұратын.  Оның  бауыры  Асқар  Қонаев та  осы  институтта  оқыды.  Айтпақшы,  көпшілік  біле  бермейді,  Кәкімбек  ағамыз  сол  тұста  Мәскеу  қаласы  бойынша  самбо  күресінен  чемпион  болатын.  Оны  ол  ешуақытта  дәріптеген  емес.  Институт  қабырғасында  жүргенде  ағамыз  қолынан  домбырасын  тастамайтын.



1958  жылы Мәскеуде  Қаныш  Сәтбаевпен  кездестік. Ол кісіні  бұрын есіткенім болса да,  жақын  көрмеген  болатынмын.  Ағамыз атына  заты  сай, алып  кісі  екен. Бізбен  кездесуде  ол  қазақша  сөйледі.  Атағы  жер  жарып  тұрған   ағамыз   бізбен    жеке-жеке  сөйлесіп,  болашақ  мақсаттарымыз  туралы  сұрап  танысып  алды. Маған берілген  жолдама  бойынша  мен   Балқаш  қаласына  баруым  керек  болатын.  Қаныш  ағай,  менің  ойымды  өзгертіп,  нақты  практикалық  жұмыстан,  ғылымға  келуімі  тура  ықпал  етті. Қолыма  берілген  жолдаманы  көріп, сол жерде  Қазақстанның  Мәскеудегі  тұрақты  өкілі  Исағали  Шәріповке  хат  жазып,  болашағынан  үміт  күттіретін  маман  ретінде  мені  Алматыдағы  Металлургия  институтына  баруыма  ықпал  етуін  сұрады.  Ол  хат  мен де  әлі  де  сақталуда. Міне,  65 жылдан  бері  осы  институтта  қызмет  атқарып  келемін.  Осы  иститут  қабырғасында  жүріп,  кандидаттық,  докторлық  диссертация  қорғадым.  КСРО   Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты  атандым. Бар  өмір  жолым  осыған  саяды.  Өткен  өмір  – тарихтың  бір  пұшпағы.  Оны  сараптай  қарасаң,  үлкен  эпопея  шығады.   Әйтсе  де,  Қаныш  ағам  туралы  бір  әдемі  эссе  жазсам  ба  деп  ойлаймын.  Түбі  азғана  дайындықтан  кейін  жазуға  отырармын  деген  дайындық  үстіндемін. 


–Сұлтанбек  аға,  қарап  отырсам, Сіздің   әдебиетке  деген  аңсарыңыздың  бары  байқалады. Ұстазыңыз  Кәкімбек  ағамыздың да өмірдегі  бар  сүйгені  әдебиет  болғанын  білесіз.  Осындайда  бір мысал  келтіре кетсем  деймін.  Парсы  жұртында бір  әдемі   дәстүр бар. Ол – жоғары оқу орындарында – физика, математика, химия мамандықтарында да,  парсы әдебиетінің  тарихын  оқыту дәстүрі.  Осыған сай, Иран зиялыларының арасында: «Егер  парсы халқының тарихын білмесең,  онда сенің  физикаң, химияң кімге қызмет  етеді!?» дейтін қанатты сөз бар...


–Бұл  енді  керемет  идеология. Иә,  әдебиетке  жақынмын,  одан  рухани ләззат  аламын. Кез  келген  адам  ұлттың  рухани  дүниесінен  хабары  болуы  тиіс.  Қоғам  санасын жаңғыртудың негізгі  элементтері  мен әр  қазақстандықтың  бәсекелестікке қабілеттілік  пен прагматизм секілді  негіздері  ұлттық  болмыс,  мәдениет,  білім  салаларын  қамтып, Қазақстанның  дамыған  елдер  қатарына  қосылып,  халықтың  бақытты  болуының  факторы  ретінде  саналады.  Заманауи  технологиялық  құралдар мен  ғылыми  орта  арқылы  халықтың  жетістігін  насихаттап,  ұлттық  болмыс пен мәдени  кодын  сақтап  қалуға  мүмкіндік  бар.  Бұл – жаһандану  мен  компьютерлік  ғасырда  дамудың  жоғары   сатысына  шығуға  жағдай  жасайтын  уақтылы  геосаяси  шешім.


Жалпы  алғанда,  қоғамдық  сананы жетілдіру  әр ел  үшін кез  келген сәтте  маңызға  ие  болуы тиіс.  Адамдар өз мәдениетін,  тарихын,  өз қаласын сүюі  керек.  Мемлекет  деңгейін  көтеруде,  адамдар маңызды  рөл  атқарады.  Әлбетте, бұл жерде  басты  ресурс адам болуы  тиіс. Мәселен,  Жапон  елі  өзіндегі  табиғи  байлығын  адам  ресурсын  дамыту  арқылы  жетістікке  жетті.  Нәтижесінде  түрлі  табиғи  катаклизм  жағдайда  еш  зардап  шекпеді.  Олар  елдегі  ең  басты  ресурс  адам  екенін  ерте  түсінді.  Ең  алғаш өткен  ғасырдың орта  шенінде  америкалық  экономистер «Адам  капиталы»  деген  ұғымға  теориялық   тұрғыдан анықтама  беріп,  оның  мән-маңызын,  дамытудың   жолдарын  көрсеткен екен.   Содан  бергі  аралықта  адам  капиталы  кез келген  мемлекеттің,  қоғамның   экономиканың  негізгі   мызғымас  тұғыры  екені  дәлелденді. Атақты  Адам  Смит: «Алғашқы  жол  күйреуге  апарады,  ал кейінгісі  дамуға жетелейді»  дегенде  осыны  айтса  керек.  



Бүгінде  виртуалды  әлем мен шынайы өмірдің арақатынасы  жойылып, зат пен бейне,  ғылым мен фантастика арасындағы шекара  мөлдірлене түскен.  Адами қатынастар да виртуалды шындыққа  көшіріліп, мұндай қарым-қатынас өміріміздің қалыпты көрінісіне айналғаны мәлім. Дегенмен, біздің  қоғамда постмодерндік мәдениет белгілері дәстүрлі  мәдени  үлгілермен  қатар  өмір сүруде. Дәстүрлі  рухани құндылықтарға  мұқтаж   топ әлі де  өз қажеттіліктерімен  қауышарына  үмітті. Қазақстан  Президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаев Қазақстан мен  оның  халқының  жарқын  болашағын нақты  болжап  берді.  Ол өркендеуге,  өзгеріске,  білім саласын  дамытуға,  мәдениетті,  тарих пен  қоршаған  ортаны  қорғауға  және ең бастысы,  рухани бірлікті  сақтап  қалуға  мүдделі. Қазақстан  басшысының  барлық  бастамаларына  қолдау  білдіруіміз  керек.  Мемлекет  басшысының  Стратегиялық  мақсаттары елімізді дамыған  елдер  қатарына  қосатын бірден-бір бастама.



–Барлық  жақсы  қасиеттің  алтын діңгегі әдептілік, білімділік  десек, егемен  еліміздің  білімі мен ғылымын  дамытуда  металлургиялық  білім ортасының   жағдайы  қандай?


–Қазіргі  уақытта сәт сайын өзгеріп жатқан алмағайып заманда адам баласы   үшін  еш өзгермейтін  құндылықтар  болса, соның ең бастысы – білім. Ұлт келешегі, қауіпсіздігі – елдегі  білім беру  ісімен тікелей  байланысты  дейтін болсақ, ұрпақ болашағын  ойлаған әрбір  ұстаз, әрбір оқу орны  білім беру саласындағы бүгінгі  өзгерістерден қалмай, жаңашылдық  танытып, ізденіп,  замана  көшіне  ілесе  отырып,  уақыттан  озық  жүруі керек.


Мен  қоғамды жаңғырту  ең әуелі білім саласына  көңіл бөлуден басталатынына  толықтай  қосыламын.  Мемлекет  басшысы  Қасым –Жомарт  Тоқаевтың аталған  салаға  қойған талаптары  қоғамды қалай дамытудың,  білім мен тәжірибені  ұштастырудың, әлемнің озық университеттеріне  жол ашудың  жарқын үлгісі.  «Ғылым мен  өнер  көбейген  сайын бейнет  кемиді. Білімі  көп адам – құралы сай ұста секілді: не  істесе де келістіріп істейді. Білімді болуға – оқу, бай болуға – кәсіп,  күшті болуға бірлік керек! –деген Ахмет Байтұрсынов.  Олай болса, осының бәрі бүгін де керек! Өзінің  даму сатысында  талай сындарлы  сыннан  абыроймен  өтіп  әлемдік озық  тәжірибелерді  қолдана отырып, кәсіптік  білім беру  жүйесін  жаңғырта  білген ұжымның  бүгінгісі – байыпты, келешегі – кемел.


–Әңгімеңізге  рахмет!


Әңгімелескен  – Ермек  Жұмахметұлы.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04