Осыдан ширек ғасыр бұрын атауы мен мазмұны көпшілікке бейтаныс болған цифрлық технологиялар бүгінде барлық салаға терең еніп, сол саланың қарыштап дамуына өз септігін тигізіп жатыр. Мемлекеттегі цифрландыру деңгейі мен оның азаматтарының мұндай технологиялар туралы сауаттылық көрсеткіші елдің әлемдік аренадағы бәсекелік қабілетін, халықтың әл‑ауқатын айқындайтын факторлардың қатарына енді.
Осыған орай, қараша айында Алматы қаласы Жетісу ауданының №129 жалпы білім беретін мектебінде «Цифрландыру дәуіріндегі құндылықтар: инновациялар біздің басымдықтарымыз баға жүйесіне қалай әсер етеді» тақырыбында біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру бойынша қалалық семинар ұйымдастырылды.
Оған аудандық білім бөлімдерінің басшылары, бірқатар мектеп директорлары мен олардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Семинар барысында қазіргі цифрландыру дәуірі қоғамымыздың барлық саласына әсерін тигізу барысы талқыланды. Инновациялар өмірімізді жеңілдетіп, жаңа мүмкіндіктер ашып жатқаны сөзсіз. Дегенмен, бұл процестер біздің құндылықтарымыз бен басымдықтарымызға да ықпал етуде.
Семинардың негізгі мақсаты – жастар арасында рухани құндылықтардың әлсіреуі, ақпараттың шектен тыс көптігі олардың дұрыс бағытты таңдауда қиналуына әкелуі. Сондықтан мектептер мен қоғамның міндеті – ұлттық және адамгершілік құндылықтарды сақтай отырып, заманауи технологияларды дұрыс пайдалана білуді үйрету болып табылмақ.
Біздің басымдықтарымыз – білім мен тәрбие арқылы саналы ұрпақ қалыптастыру. Семинардың нәтижесі инновациялар тек техникалық прогресс емес, адамгершілік пен рухани дамуға да қызмет етуі тиіс. Сонымен қатар, заманауи технологияларды тиімді пайдалану бағытында жаңа ұсыныстар айтылды. Бұл-болашаққа бағытталған басты қадам.
Жаңа жүйеге педагогтардың көзқарасы қалай? Бағдарлама ұстаздардың өміріне қандай өзгеріс әкелді. Педагогтардың пікірін тыңдадық.
Дидар Серикова, Алматы қаласы Жетісу ауданы білім бөлімінің жетекшісі:
– Цифрлық технологияларға кең мағынада электронды құрылғылар, жүйелер мен мәліметтерді өңдейтін бағдарламалар жатады. Мұндай жағдайда компьютер мен смартфондар, әлеуметтік желілер, жасанды интеллект, түрлі бағдарламалар осы түсініктің ішіне енеді. Цифрлық сауаттылық дегеніміз осы технологияларды меңгеру және қолдана білу. Цифрлық технологиялардың аз мерзім ішінде өмірімізді трансформациялап, күнделікті тіршілігіміздің бір бөлігіне айналғаны жасырын емес. Олар еңбек нарығын да өзгертіп, бірқатар мамандықтарды жойып, орнына жаңа қызмет түрлерінің пайда болуына әкелді. Сол себепті жаңа шарттарға бейімді болу мен оған қажетті дағдыларды білу ең керекті қасиеттердің қатарында қарастырылады.
Бүгінде ғылым мен технология қарқынды даму жолында көптеген жұмыс орындарына барлық салаларда жаңа технологияны жетік қолдана алатын тұлғалар шақырылады. Сондықтан, бұл мәселелерді шешу үшін білім беру жүйесін жаңа форматта, цифрлық технологияларды қолдану жолымен дамыту маңызды. Білім беру ұйымдарын жаппай цифрландырудың маңызы болашақ ұрпақтың кез келген салада ақпараттық сауаттылығын арттырып, шеберліктерін шыңдап, жан-жақты іскерлігін дамытып, бәсекеге қабілетті етіп, білім кеңістігінде өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Сонымен қатар, бұл – білім сапасын арттыру, оқыту үдерісін қолжетімді ету, мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың байланыстарын жеңілдету тұрғысынан да өзекті. Осы мақсатта білім саласын цифрландыру жұмыстары кең қанат жайып келеді. Атап айтсақ, орта мектептерді жаппай компьютерлендіру, соңғы модельдегі техникалармен жабдықтау, ақпаратты тасымалдаудың ыңғайлы жолдарын дамыту болып саналады. Бұл контекстте қашықтан оқытудың да осы цифрлық жүйеге жататынын айтып өткен дұрыс.
Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Білім және ғылым министрлігі бірқатар маңызды жұмыстар жасағанын айтып өткен дұрыс. Республикамызда мұғалімдердің цифрлы сауаттылық бойынша білімдерін кеңейту және арнайы оқыту курстарынан өтуі жолға қойылған. Бұл курстарда ұстаздар білім саласындағы соңғы жаңалықтармен, технологиялармен танысып, біліктілігін арттырады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бірнеше салаға серпін бергенін айтып өткен жөн.
«Заман ағымы бір орында тұрмайды, әрқашан өзгеріп, жаңарып отырады. Онымен бірге адамдардың тұрмыс‑тіршілігі мен қажеттіліктері де өзгереді. Жаңа қажеттіліктерге сай мамандар даярлау үшін білім жүйесі де трансформацияланып, уақыт ағымына ілесіп отырады. Осы жағдайда білім беру технологияларының, форматтарының уақыт өткен сайын жаңарып, жаңғыруы қалыпты құбылыс. Бүгін өзекті болған кейбір құралдар мен нормалар, ертең маңыздылығын жояды. Мысалы, бүгін біртіндеп дамып келе жатқан виртуалды шындықтың білім беру жүйесіне енуі, басқа шарттарды талап етеді. Осындай өзгермелі әлемде мемлекеттегі білім саласына жауапты шешім қабылдаушылардың міндеті өзектілігі артып келе жатқан технологияларды ерте аңғарып, оны басқалардан бір саты бұрын енгізе білу. Бұл азаматтардың да, мемлекеттің де бәсекелік қабілетін күшейтеді», - дейді бізге берген сұқбатында Жетісу ауданы білім бөлімінің әдіскері Гүлшарат Койшыбайқызы.
Жалпы, заман талабына сай, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін білім беру жүйесін цифрландыру өте өзекті деген тұжырым жасауға болады. Сол себепті әлемнің көптеген елдері арнайы бағдарламалар қабылдап, заманауи технологиялардың білім саласында қолданылуын кеңейтуге ұмтылып отыр. Қазақстан да бұл салада жағымды өзгерістердің жүргізіліп жатқандығы, мемлекеттік қолдау мен инвестицияның жоғарылығы, еліміздің осы бағытта әлемнің кез келген елімен бөлісе аларлық тәжірибесі барлығы анықталды. Бұдан отандық білім жүйесі заманауи технологияларды меңгерген, сапалы кадрлар даярлауға қабілетті деген ой түйіндеуге болады.