Әр қазақ - батыр
Халқымыз «Батырлық - білекте емес, жүректе» депті. Қазақ даласы батырға да, ақынға да, данаға да кенде емес. Дүниенің төрт бұрышына біздің топырақтан талай дүлділ аттаған. Арысы Азия түбегі, ендігі шеті Еуропаға табан тіреді. Араб түбегі мен Мысырды билеген Сұлтан Бейбарыстың жөні бір бөлек. Жер жүзінде найзағайдай ойнап өткен Ақсақ Темірдің даңқына сөз жетпейді. Жарты әлемді жаулаған, атынан ат үркетін Шыңғысханның атағы мен айбыны күллі дүниенің азында әліге дейін айтылады. Кешегі 1941-1942 жылғы қан майданда кеудесін оққа тосқан қаһармандар аз болмады. Бауыржан атамыз текті елдің жалғасы екенін дәлелдеді. Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен ерлігі аңызға бергісіз болып сақталды. Сол соғыста кіші Бауыржан Момышұлы атанған, гвардия майоры, 20 жасында комбат басқарған Ратай Сұлтанбековтің қайсарлығы, айбындылығы бір төбе. Осыған байланысты батырдың өмір тарихын кеңірек білмек мақсатта жас ұрпаққа насихаттау жолында туысы Кенішбек ақсақалды әңгімеге тартқан едік.
– Кенішбек Пәрімбекұлы, Ратай қандай адам болған. Әлқиссаны осыдан бастасақ?
– Ее, қарағым. Сұрақты төтесінен қойдың. Орынды-ақ. Әкемізден естуіміз бойынша, өте өжет қайратты кісі болыпты. Жастайынан таршылық, ашаршылықты көп көріпті. Өзі балалар үйінде тәрбиеленген. Қиын кезде дүние есігін ашты. Үлкендерден естуіміз бойынша, әлгінде айтқанымдай, жанары жанып тұрған жан екен. Дінмұхамед Қонаев атамыз айтқандай, «Рухты адам» екен. Алғыр білімді. Екі тілге де жүйрік. Айналасына шуағын шашып жүріпті. Енді былай қарасаңыз, ешқандай демеушісі жоқ, қарапайым ауыл баласы әскери оқуды оқып, сондай биік дәрежеге жетіпті. Бұл анау-мынау адамның қолынан келе бермейді.
– Қаһарман ұғымын қалай түсінесіз?
– Бұл өте философиялық сауал. Біздің ұғымда еліне, халқына пайдасы тиген, адал азаматты қаһарман деп санаймыз. Бұл дүниеге келгеннен соң, құр жүрмей бір адамның кәдесіне жараса, озғаны. Ал ағамыз Ратай сондай адам. Ол қаншама жанның өмірін сақтады. Ерлік көрсетті. Елін шексіз сүйді. Бұл турасында жазушы Әбу Сәрсенбаев ақсақал жазып қалдырған. Ол кісінің үйінде үш рет қонақта болдым. Сол кезде осы әңгімелерді ерекше ықыласпен айтатын. Міне, осының бәрі - бір тарих, мың деректің бір парасы.
– Сіз атқарылып жатқан шаруаны аға алдындағы парыз деп білесіз бе?
– Парыз ба әлде борыш па, арысын ойланбаған екенмін. Десе де, бір нәрсе анық. Ол – ерлік. Ағамыз небәрі 24 жыл ғұмыр кешті. Соғыс біткен соң, әскери саланы жалғастырмақ болыпты. Өзі аздап әнге әуестеніпті. Былайша айтқанда, өнерден құр алақан емес. Мені кейде ағамыздың аруағы қысады. Бұл дегеніміз, тек жақсы жағынан. Бәлкім, істеп жатқан шаруаларымызға разы да болып жатқан шығар деп тебіреніп қоямын.
– Қазір насихаттау жолында нендей шаруалар атқарудасыз?
– Бұл жолда біршама жұмыстар жүруде. Ауылда ас бердік. Қаратауда көше бар. Баспасөз бетінде жазылып жатыр. Өткенде мектеп оқушыларымен кездесу өтті. Ол жерде де патриоттық кештің куәсі болдық. Қысқаша айтқанда, бірқатар тірліктер жасалуда. Ендігі мақсат - осы жолдан таймау. Өскелең ұрпақ білуі керек. Қаншама батырларымыз бар. Біздер болашақты өздеріңе табыстап бара жатқандаймыз. Бұрынғылар «Келешекке қадам басамын десең, артыңа бұрылып қара» депті. Сөз соңында айтарым, ерлік ешқашан өшпейді!
– Сұхбатыңызға үлкен рақмет!