2023 жылдың 12-16 желтоқсан аралығында Алматыда XI Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі өтеді.
Фестиваль дәстүрлі түрде Tanaris Production және A-Team кинокомпанияларымен Алматы қаласы әкімдігінің және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.
12 желтоқсанда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында фестиваль салтанатты түрде режиссер Елдар Қапаровтың «Соғыс тұтқыны» тарихи драмасының премьерасымен ашылады.
Фильмдегі оқиғаның негізі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңестік тұтқында болған жапондық жас жігіт, императорлық мектептің курсанты Ахико Тецуроның шынайы тарихы мен тағдыры. Лагерьде жас жапондық соғыстың нағыз батыры, Кеңес Армиясында қызмет еткен және Берлинге шабуыл жасауға қатысқан қазақ жауынгері Ақажан кездеседі. Ол кейін Жапон соғысына жіберіліп, онда жарақат алып, тұтқынға түскен. Қайтып оралғаннан кейін Ақажан "сатқын және халық жауы" ретінде сотталған…
Фильмді продюсерлер Борис Чердабаев және Әлия Увальжанова бастаған халықаралық команда түсріген. Жапондар жақтан Сано Синдзю және Шуичи Есимура болды. Басты кейіпкерлердің рөлдерін Сырым Қашқабаев (Қазақстан) және Эйсаку Огасавара (Жапония) сомдады.
Фестивальге қатысу үшін Испания, Франция, Румыния, Польша, Иордания, Үндістан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден 700-ден астам өтінім келіп түсті.
Биылғы жылы Bastau DEBUTS дебюттік толықметражды көркем фильмдерінің халықаралық байқауы ерекше қызығушылық тудырады, оған бүкіл әлем бойынша "А" класындағы ірі кинофестивальдерге қатысқан 10 картина кірді. Мұнда Берлин кинофестивалінде жүлделі болған испандық «20 тысяч пород пчёл» картинасы және 2023 жылғы Канн фестивалінің қатысушылары - «Если бы только я мог впасть в спячку» (Моңғолия, Франция, Швейцария, Катар) және "Иншаллах мальчик" (Иордания, Катар, Сауд Арабиясы, Франция) фильмдері бар. Сонымен бірге әлемдік премьерасы Берлиналеде өткен ресейлік «Клетка ищет птицу» фильмі, Өзбекстаннан режиссер Шокир Холиковтың көптеген халықаралық кинофестивальдердің жеңімпазы атанған «Жексенбі» киносы да қатысады. Ал Қазақстан атынан бірден екі туынды – Максим Акбаровтың «Степь» және Дәулетжан Махмұттың "Глобус" атты фильмдері сынға түседі.
Барлық көрсетілімдер «Арман» киноорталығында өтеді. Кіру тегін.
Конкурстан тыс бағдарламалар да қызықтарға толы. Фестиваль кезінде қысқаметражды көркем және деректі фильм жобалары режиссерлеріне арналған Almaty Film Lab шеберханасы өтеді. Онда жеңімпаздарды ақшалай сыйлықтар күтеді (барлығы 7 млн теңге).
Фестиваль қонақтарының бірі – әйгілі британдық продюсер Пол Бретт болмақ. Ол 30-дан астам түрлі жанрдағы толықметражды фильмдердің өндірісіне қатысқан. Олардың ішіндегі ең танымалы – режиссер Том Хупердің «Оскар» сыйлығын жеңіп алған «Король говорит!» картинасы, онда Пол атқарушы продюсер болып жұмыс істеген. Пол фестиваль аясында «Фильміңізді әлемге қалай танытуға болады» тақырыбында шеберлік сабағын өткізеді.
Сонымен қатар фестиваль аясында әйгілі американдық сценарист, продюсер және жазушы Джеймс В. Харттың сценарий шеберлігі бойынша онлайн шеберлік сабағы өтеді. Өзінің ұзақ мансабында 76 жасқа келген Джеймс Стивен Спилбергтің «Капитан Крюк» (1991), Фрэнсиса Форда Копполаның «Дракула» (1992), Роберт Земекистің «Контакт» (1997), Ян де Бонттың «Лара Крофт: Расхитительница гробниц 2 — Колыбель жизни» (2003), Брек Эйснердің «Сахара» (2005), Керстен Шериданның «Август Раш» (2007) және тағы басқа белгілі фильмдердің сценарийлерін жазған.
Сондай-ақ, биыл фестивальді алғаш рет Францияның Қазақстандағы елшілігі қолдап отыр. Осы ынтымақтастық шеңберінде la CinéFabrique киномектебінің және DOCMONDE қауымдастығының бірқатар шеберлік сыныптары мен тұсаукесерлері, RUBIKA анимациялық мектебі (Франция) мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы және «Қазанимация» арасында меморандумға қол қойылады.