Бітпестей көрінген жазғы демалыс та түгесілуге таяу. Енді бірер күннен соң бала біткен қайтадан білім ордаларына оралады. Ал демалыс кезінде кім не істеді, уақытты тиімді пайдалана алды ма, ол – басқа әңгіме.
Бір анығы, өткен ғасырдағы ұрпақтай біреулері жаз бойы далада ойынның туын тіккен, енді бірі әдеби шығармалардан бас алмай, жата-жастана кітап оқыған бала кемде-кем. Есесіне барлығының аңсары ғаламторға ауған. Жас жеткіншектердің әдебиетке құштарлығы күн өткен сайын азайып бара жатқандығы жасырын емес. Ертеректегі: «Балалар теледидардан көз алмайтын болды» дегеніміз жай нәрсе екен. Жас өркеннің санасын жаулаған көк жәшікке енді әлеуметтік желілер мен ұялы телефон қосылды.
Балалардың интеллектуалдық деңгейі төмендеп қана қоймай, рухани жандүниесі де жұтаңдану үстінде. Егер байқаған болсаңыз, бастауыш сынып оқушыларының дені белгілі бір мәтін бойынша өз түсінігін айтып бере алмайды. Ал оқуын оқиды, тіпті мүдірмей, желдіртіп оқып шығады. Өйткені мектепте 1-сыныптан бастап-ақ баланың «техникалық оқу жылдамдығы» тексеріледі және әр сыныпқа бекітілген норма бар. Былайша айтқанда, мектеп баланы кітапты ойланып оқуға үйретпейді.
Осы орайда, Экзюперидің: «Тек жүрек қана – шын мәнісінде көреген. Ең негізгі нәрсені көзбен көре алмайсың» деген бір сөзі ойға оралады. Яғни кітап оқуға үйретудегі мақсат – баланы кез келген шығармаға жүрекпен бойлауға баулу болса керек-ті.
Ертеректе шетелдік бір жазушы әйелдің өзінің әдебиетке қалай келгендігі туралы естелігін оқығаным есімде. Соғыс кезі болса керек. Әлгі кісі – ол кезде кішкентай қыз. Бір күні үлкен жолдың бойымен кітап тиелген арбаның өтіп бара жатқандығын көріп, арбакештен кітаптарды қайда апара жатқанын сұрайды. Сөйтсе, арбакеш оларды өртенген кітапханадан алып шығыпты, «жойылып кетпесін» деп, қауіпсіздеу бір жерге апара жатқан беті екен. Осы жайттан ерекше әсерленген қыз бала, қиылып сұрап, бірнеше кітапты алып қалады. Ішінде Андерсен ертегілерінің толық жинағы да бар болып шығады. Түрлі-түсті мұқабамен шыққан 5 томдықта бір де бір сурет болмайды. Бірақ әлдебір ғажайып күшке ие сол кітаптарды түнімен жата-жастана оқуды сүйікті ісіне айналдырған балауса қыз, бара-бара өзінің қараңғылықтан, түнектен қорқатын әдетін де ұмытып кетеді. Оқыған әрбір ертегісі ата-анасы оққа ұшқан қорғансыз бүлдіршінге келер күн, атар таңға деген кішкентай болса да үміт сәулесін сыйлап, жүрегін жылытады, басын жастыққа қойып, бір мезет болса да алаңсыз ұйқыға кетуіне жәрдемдеседі...
Міне, кітаптың құдіреті! Осы ретте, баланы кітап оқуға үйретудегі басты мақсат – көркем шығарманы жалаң, жадағай қабылдамай, ләззат алып оқуға машықтандыру болса, қанеки! Шын мәнісінде, кітапты, жалпы, әдебиет әлемін – түнгі аспандағы жұлдыздарға теңеуге болады. Ол әркімнің көкірек көзін ашады, санаға сәуле түсіреді, түнектің ішінен жол табуға жетелейді.
Шетелдік психологтер өз кеңестеріне жүгінетін жасөспірімдерден: «Не үшін келдің? Нені үйренгің келеді?» деп сұрағанда, көпшілігі: «Өз ойымды еркін жеткізе білуге үйренсем...» деп жауап береді екен. «Неге бұлай? Неге олар өз ойын жеткізіп айта алмайды?» дегенде мамандардың айтатыны: «Оларды бала кезінен «Дұрыс жауап – жақсы, ал қате жауап – жаман» деп үйреткен. Соның салдарынан баланың ой-өрісі бұғауланған, ал интуициясына мүлде «тыйым салынған»...
Демек балғын жастың ой еркіндігін дамытып, ішкі түйсігін арттырудың бірден-бір жолы – оны кітаппен достастыру болса керек.