Соңғы он жылда Азияда, соның ішінде Шығыс, Оңтүстік- Шығыс және Оңтүстік Азия елдерінде қарулы күштерін жаппай кеңейту үрдісі бар. Көптен бері сарапшылар Азиядағы қару-жарақ бәсекесінің ықтимал қатеріне қатысты алаңдаушылық білдіріп келеді. Олар бұл бәсеке қыза келе, бақылаудан шығып кете ме деп алаңдайды. Тура мәнінде, бұны ықтимал қақтығыс қатері ретінде болжайтын сарапшылар да бар. Аталған аймақтағы үрдісте өткен ғасырдағы «Қырғиқабақ соғысының» кейбір белгілері бар.
Айталық, Қытайдың қарқынды кеңейген әскери қуатына қарсы Үндістан және өзге елдердің қайтарма жауаптары. Үнді-Тынық мұхит аймағына тән бұл жағдайға АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке түпкі себеп болғанын көреміз. Бұл үрдіс дами келе, ұлы құрлық кіндігіндегі біздің аймаққа да өз әсерін беруі мүмкін. Әне, сондықтан да аталмыш жағдайға ұдайы назар аударуға тура келеді.
ҚЫТАЙ ФАКТОРЫ
Қытай алып Үнді-Тынық мұхит аймағында талассыз әскери көшбасшы. Оның соңғы екі жылдағы қорғаныс шығындарына бөлген бюджеті қарқынды өсімге ие (2021 жылы 214 млрд АҚШ долларын құраса, 2022 жылы 242 млрд долларға дейін жетті). Оның қорғаныс күшіне Үндістан, Жапония, Австралия секілді балама күштер тек Құрама Штаттар арқылы теңгерімділік сақтауға тырысады. Алайда, аймақтағы шағын елдердің өзінде қазір әскери қуатты арттыру тенденциясы қарқынды. Бұның өзін сарапшылар Қытай факторымен қарастыруға бейім.
Қытайдың жалпы әскери қуатынан бөлек, ядролық арсеналын арттырудағы белсенділігі де аймақ елдерін, АҚШ секілді державаларды да алаңдатады. Қазір бұл елде 400-ден астам ядролық оқтұмсық бар, ал оны жыл сайын көбейтуде. Болжамға сенсек, Бейжің өз ядролық арсеналдарын осы қарқынмен кеңейте берсе, 12 жылда Құрама Штаттармен теңеседі. Яғни 1500 ядролық қаруға ие болады (АҚШ-та қазір 1770 дана ядролық оқтұмсық бар делінеді, Қытай аталған шамаға жетсе, стратегиялық тұрғыда теңескен саналады).
Қытайдың қарқынды кеңейіп бара жатқан ядролық қуаты Үндістан секілді елдерге үлкен қиындықтар алып келуде. Жаңа Делидің әу баста ядролық қаруға ие болуға деген құлшынысын оятқан да Қытай болатын. Үндістан өзінің ядролық қаруға ие болу қажеттілігіне басты себеп ретінде Қытайды атаған. Қазір Үндістан да өзінің ядролық қуатын кеңейтуге үміткер, дәлірек айтсақ мәжбүр болып отыр. Тікелей, ядролық оқтұмсықтарын көбейтпесе де 200 немесе одан да көп атом бомбасын жасауға қажетті плутонийін шығаруға дайындық жасап отыр. Бұған қоса, Үндістан алыс аралықты зымырандарын барынша дамытты. Мысалы, қазірдің өзінде Agni-V секілді үнділік зымырандар Қытайдың кез келген нүктесіне дәл соққы жасай алады.
Өткенді және қазіргі жағдайды қарастырсақ, Азиядағы жаппай қарулану бәсекесінде Қытай факторы толқынды эфект жасағанын көреміз. Былайша айтқанда, Қытайдың ядролық қуатқа ие болуы Үндістанға, Үндістанның ядролық қару жасауы Пәкістанға қозғаушы болған. Дәл сол секілді, қазіргі жаппай қарулану да осыған ұқсас әсер беруде.
ӘСКЕРИ БӘСЕКЕНІҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ
Егер, Азиядағы аталған үрдіске масштабты түрде көз жүгіртсек, әскери бәсекелестік бірнеше бағытта өрбіп жатқанын көреміз. Оның біріншісі – манағы айтып өткен ядролық қару бәсекесі. Ал ядролық қаруға ие емес елдер үшін өзге бағыттарда қарқынды бәсеке бар. Атап айтсақ мыналар: Кибер-соғыс техникасын дамыту (Солтүстік Корея кибер-соғыс мүмкіндігін де жоғарылатып келеді, Жапония, Оңтүстік Корея да оған қарсы әрекет етуде); Зымыран түрлерін жетілдіру (орта-шағын елдерге тиесілі бағыт); Баллистикалық зымырандарын дамыту; Әскери-әуе және теңіз күштерін жетілдіру;
Ядролық қару жарысындағы ең қауіпті сценарий – жаңа ядролық елдердің пайда болуы. Шамалауымызша, қазір сондай ықтималдық бар. Айталық, Солтүстік Кореяның ядролық қаруға ие болуы және баллистикалық зымырандарын қарқынды дамытуы Оңтүстік Кореяны бұл бағыттағы шектеуін қайта қарастыруға итермелеп отыр. Өткен айда Оңтүстік Корея тарабынан «ядролық қаруға ие бола аламыз» деген сыңайлы мәлімдеменің жасалуы осыны білдіргендей. Үрдіс онымен тоқтап қалмайтыны белгілі. Оңтүстік Корея шындап ядролық қаруға ие болса, онда бұл Жапонияға да жол ашады дегенді білдіреді. Ал бұдан бөлек, Азияда Иран, Сауд Арабиясы секілді жаңа үміткерлер жетерлік.
Азиядағы қару-жарақ бәсекесі зымыран саласынан анық байқалады. Ең қызығы, бұл бәсекеде Филиппин, Индонезия, Малайзия, Вьетнам, Тайланд, Мьянма, Сингапур секілді шағын елдер белсенді. Осы елдердің бәрінде дерлік әскери теңіз күштерінің мүмкіндігін арттыруға деген ынта жоғары. Судан әуеге, әуеден суға, құрлықтан суға атылатын зымыран түрлерін жетілдіруге де белсенді.
ҮРДІСТІҢ ЕКІ ҚЫРЫ
Азиядағы қару-жарақ бәсекесі қайда бастайды дегенде шетелдік сарапшылар түрлі болжамдар жасайды. Бірқатары бұл үрдіс тікелей қақтығысқа жетелейді, себебі, қару- жараққа ие болу деңгейі әртүрлі болғандықтан оларға ортақ шектеу қою қиын деп санайды. Енді біреулері қару-жарақ жарысы «Қырғиқабақ соғысы» кезіндегідей эфект беруі мүмкін деген болжам айтады. Мысалы, қуатты қырып-жойғыш қаруға ие болған екі алып держава ақыры тікелей қақтығысуға батпай, дипломатиялық шарпысумен шектелгеніндей.
Бірақ біз адамзат тарихынан бұдан да жаман мысалдарды таба аламыз. Көп жағдайда қару-жарақпен жарысудың соңы қақтығысқа барып тірелген. Бірінші жаһан соғысы алдында ағылшын мен неміс ортасындағы теңізге үстемдік бәсекесі ақыры шынайы соғысқа қару-жарақ дайындады. Сондықтан қауіпті үрдіске қатысты сергек бақылау жүргізуге тура келеді.
«Аlmaty-akshamу», №92, 3 тамыз, 2023 жыл